Айдар парағына өту

ҚР ҚМ «Жас ұлан» республикалық мектептеріне қалай түсуге болады Баспаға шығару нұсқасы

Cоңғы өзгеріс: 07.04.2023
Жас ұлан

ҚР Қорғаныс министрлігінің қарамағына «Жас ұлан» республикалық үш мектебі кіреді:

1)  Бауыржан Момышұлы атындағы Алматы «Жас ұлан» республикалық мектебі;

2) Екі мәрте Кеңес Одағының батыры Т.Я. Бигелдинов атындағы Қарағанды «Жас ұлан» республикалық мектебі;

3) Кеңес Одағының Батыры Сабыр Рахимов атындағы Шымкент «Жас ұлан» республикалық мектебі.

ҚР Үкіметінің 2015 жылғы 26 қыркүйектегі № 789 Қаулысымен Алматы, Қарағанды, Шымкент қалаларының республикалық әскери мектеп-интернаттары ҚР Білім және ғылым министрлігінің қарамағынан ҚР Қорғаныс министрлігінің қарамағына берілді және атауы ҚР ҚМ «Жас ұлан» республикалық мектептері болып өзгертілді.

Бауыржан Момышұлы атындағы Алматы «Жас ұлан» республикалық мектебі

Алматы республикалық әскери мектеп-интернаты 1983 жылы құрылған. Қазақ ССР Министрлер Кабинетінің 1991 жылғы 26 наурыздағы № 189 Қаулысымен мектепке Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының есімі берілді.

 Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Т. Я. Бегельдинов атындағы Қарағанды «Жас ұлан» республикалық мектебі Қарағанды республикалық әскери мектеп-интернаты Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің 1984 жылғы 27 маусымдағы № 278-20 шешімімен құрылды. Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің 1992 жылғы 4 тамыздағы № 653 шешімімен Қарағанды республикалық әскери мектеп-интернатына екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Т. Я. Бигелдиновтың есімі берілді.

Кеңес Одағының Батыры Сабыр Рахимов атындағы Шымкент Республикалық «Жас ұлан» мектебі

Шымкент республикалық әскери мектеп-интернаты КОКП ОК мен КСРО Министрлер Кеңесінің 1983 жылғы 26 мамырдағы № 473 қаулысына, КСРО Қорғаныс министрінің 1984 жылғы 29 мамырдағы № 108/3 бұйрығына сәйкес құрылды. ҚР Үкіметінің 2003 жылғы 30 мамырдағы № 497 қаулысымен оған Кеңес Одағының Батыры, генерал-майор Сабир Рахимовтың есімі берілді.

«Жас ұлан» республикалық мектептері мемлекеттік және шетел тілдерін, әскери пәндерді тереңдетіп оқытуға және күшейтілген дене шынықтыру даярлығына арналған жалпы орта білім беретін оқу орны болып табылады.

Алматы, Қарағанды, Шымкент қалаларындағы «Жас ұлан» республикалық мектептерінің 10-11 сыныптарында 1000-ға жуық тәрбиеленуші білім алуда.

Мектептің күнделікті тыныс-тіршілігі интернаттық жүйеде ұйымдастырылған, тәрбиеленуші оқушыларды тәулік бойы орналастырылып жатады және олар белгіленген нормаға сәйкес бюджеттік қаражат есебінен толық қамтамасыз етілген.

«Жас ұлан» РМ негізгі міндеттері:

1. Әскери оқу орындарында оқыту үшін тәрбиеленушілердің жалпы орта білім алуы үшін қажетті жағдайлар жасау;

2. Ұлттық және жалпы адами қасиеттер негізінде тұлғаның қалыптасуына, дамуына және кәсіби қалыптасуына, ғылым мен практиканың жетістіктеріне бағытталған мемлекеттік және шетел тілдерін тереңдете оқыту, күшейтілген әскери, сондай-ақ дене шынықтыру даярлығы;

3. Қазақстандық патриотизмге, Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздеріне құрметпен қарауға тәрбиелеу;

4. Тәрбиеленушілерде жоғары адамгершілік, моральді-еріктік және психологиялық қасиеттерді дарыту;

5. Тәрбиеленушілерді әскери оқу орындарында оқуға даярлау мақсатында әскери-кәсіптік бейімдеу.

«Жас ұлан» республикалық мектептері орта білім беру мазмұны саласындағы озық тәжірибені тарату шеңберінде, мұғалімдердің кәсіби дамуының оқу-тәрбие процесіне оқыту мен тәрбиелеудің жаңа әдістемелерін енгізу бойынша, педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру, жаңа тәсілдерге, әдістемелерге және инновацияларға оқыту бойынша «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымымен тығыз ынтымақтастық жасайды.

Тәрбиеленушілерді жан-жақты дамыту, олардың дене шынықтыру даярлығы мен моральдық-психологиялық қасиеттерін арттыру мақсатында жыл сайын «Жас ұлан» республикалық мектептері мен мамандандырылған лицейлердің тәрбиеленушілері арасында әскери-спорттық ойындар өткізіледі. «Жас ұлан» республикалық мектептерінің КТК құрама командалары Қазақстан Республикасының орта оқу орындары арасында республикалық (облыстық) жарыстарға белсенді қатысады.

«Жас ұлан» республикалық мектебіне қалай түсуге болады

«Жас ұлан» республикалық мектептеріне (бұдан әрі-Мектеп) он бес жасқа дейінгі, оқуға түсетін жылы он алты жастан аспаған, орта білім беру ұйымының 9 (12 жылдық оқу бағдарламасы бойынша 10 сынып) сыныбын оқуға түсетін жылы бітірген және негізгі орта білімі туралы куәлік алған Қазақстан Республикасының жасөспірім азаматтары қабылданады.

Денсаулық жағдайы оқуға жарамды оқуға түсушілер оқуға қабылдайтын жылы 1 тамыз бен 5 тамызда (қоса алғанда) Мектепке ата-анасымен (заңды өкілдерімен) келеді және осы Қағидаларға 1-қосымшада көрсетілген құжаттарды қоса тіркей отырып, Мектепке қабылдау туралы өтініш береді.

Қабылдау комиссиясына құжаттарды толық ұсынбаған оқуға түсушілер қабылдауға жіберілмейді.

Қабылдау комиссиясына құжаттарды толық ұсынбаған оқуға түсушілер оқуға қабылдауға жіберілмейді.

Мектепке қабылдау жылының 6 тамыз бен 20 тамызын қоса алғанда, конкурстық негізде 5 (бес) кезеңде жүзеге асырылады:

I кезең - кәсіби-психологиялық іріктеу;

II кезең - негізгі орта білім беру бағдарламасы бойынша математика және оқитын тілінен тестілеуден өтеді;

III кезең – «Әскери-дәрігерлік сараптама жүргізу қағидаларын және Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріндегі әскери-дәрігерлік сараптама комиссиялары туралы ережені бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2020 жылғы 21 желтоқсандағы № 716 бұйрығына (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21869 болып тіркелген) (бұдан әрі – Әскери-дәрігерлік сараптама жүргізу қағидалары) сәйкес түпкілікті медициналық куәландыру;

IV кезең - осы Қағидаларға 2-1-қосымшаға сәйкес нормативтер бойынша дене шынықтыру даярлығын тексеру.

V кезең - конкурстық іріктеу және оқуға қабылдау.

Оқуға түсушілерді қабылдаудың әрбір кезеңінде бір рет қана таапсырады. Алдыңғы кезеңнен өтпеген оқуға түсуші келесі кезеңге жіберілмейді.

Оқуға түсушілерді кәсіби-психологиялық іріктеу уәждемелілік, күйзеліске төзімділік, сыншылдық және логикалық ойлау деңгейін тексеруді қамтиды және оны қабылдау комиссиясы Құрылымдық бөлімшенің келісімі бойынша мектептің тәрбие және идеологиялық жұмыс бөлімімен бірлесіп жүргізеді. Кәсіби-психологиялық тестілеу нәтижелері бойынша ұсынылмаған оқуға түсушілер кезеңнен өтпеген болып саналады.

Математика және оқыту тілі бойынша тестілеу түсушілердің білім деңгейін анықтау үшін жүргізіледі.

Математика және оқыту тілі бойынша тест сұрақтары үлгілік бағдарламаларда көзделген негізгі орта білім беруге арналған бағдарламаны ескере отырып жасалады және әрқайсысы 20 сұрақтан тұрады. Тест тапсырмасындағы 1 сұрақ 1 баллға тең.

Келесі кезеңге өту үшін әр пәннен 5 баллдан кем болмауы керек.

Оқуға түсушілерді түпкілікті медициналық куәландыру денсаулық жағдайы бойынша мектепте оқуға жарамдылығын айқындайды.

Оқуға түсушілердің дене шынықтыру дайындығын тексеруге осы Қағидаларға 2-1-қосымшаға сәйкес негізгі орта білім беруде қарастырылған дене шынықтыру нормативтері жатады. Барлық жаттығу бойынша 60 баллдан төмен жинаса және екі норматив бойынша ең төмен балл жинамаған оқуға түсушілер кезеңнен өтпеген болып саналады.

Конкурстық іріктеуге оқуға түсушілердің ең жоғары және ең төменгі рейтингілік балының рейтингісін жасау кіреді де, қабылдау комиссиясы оны оқуға қабылдау жылының 20 тамызында жүргізеді.

Мектепке бірінші нөмірден бастап қабылдау жоспары бойынша бөлінген орындар санына сәйкес келетін нөмір бойынша рейтингте тұрған оқуға түсушілер қабылданады. Қабылдау жоспарын қабылдаудың жалпы саннан 10 %-ға дейін асыруға жол беріледі.

Әскери қызметшілердің балалары Заңның 52-бабының 3-тармағындағы көзделген жағдайлар болса Мектепке конкурстан тыс қабылдану құқығын пайдаланады.

Қабылдау комиссиясының шешімі қабылдауы жылының 21 тамызында сағат 10.00-ге дейін жарияланады және Мектептің интернет ресурсына орналастырылады, апелляцияға өтініштер 21 тамызда сағат 18.00-ге дейін қабылданады.

Қабылдау комиссиясының қабылдау туралы шешімі қабылдау жылының 22 тамызында Мектеп бастығының бұйрығымен бекітіледі.

Мектептерге оқуға түскендер оқуға қабылдау жылының 29 тамызына дейін келеді.

1 - қосымша

Мектепке түсушілерге ұсынылатын құжаттар тізбесі

1. Оқуға түсушінің тегі, аты және әкесінің аты (бар болса), туған күні, тұрғылықты мекенжайы, ата-анасының немесе заңды өкілдерінің байланыс деректері көрсетілген қабылдау туралы еркін нысандағы өтініш.

2. Туу туралы куәліктің көшірмесі (салыстыру үшін түпнұсқасы).

3. Негізгі орта білім туралы куәліктің көшірмесі (түпнұсқа және көшірме).

4. Көлемі 3х4 см фотосурет - 4 дана.

5. Әскери-дәрігерлік сараптама жүргізу қағидаларының 33-тармағына сәйкес медициналық құжаттар мен медициналық зерттеулердің нәтижелері.

6. Оқу орны директорының мөрі бар ұсыныс хаты.

7. Спорттық разрядын, ағымдағы жылғы республикалық немесе халықаралық жарыстарда, орындаушылар конкурстарында, жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадада, сондай-ақ ағымдағы жылғы жалпы білім беретін пәндер бойынша Президенттік не республикалық олимпиадада жүлделі орнын растайтын құжат (бар болса).

8. Жетім балалар және олардың ата-ана құқықтарының шектелуіне немесе олардан айырылуына, ата-аналарының хабарсыз кетті деп танылуына, олардың қайтыс болды деп жариялануына, әрекетке қабілетсіз (әрекет қабілеті шектеулі) деп танылуына байланысты, сондай-ақ ата-ана қамқорлығының болмауының өзге де жағдайларында ата-ана қамқорлығының болмауы фактісін растайтын мынадай құжаттардың біреуінің көшірмесін (салыстырып тексеру үшін түпнұсқасын) ұсынады:

ата-анасының қайтыс болуы туралы куәлік;

ата-ана құқықтарын шектеу немесе олардан айыру туралы сот шешімі;

ата-аналарды хабар-ошарсыз кетті деп тану, оларды қайтыс болды деп жариялау немесе әрекетке қабілетсіз (әрекет қабілеті шектеулі) деп тану туралы сот шешімі.

9. Әскери қызмет міндеттерін орындау кезінде қаза тапқан немесе мүгедектік алған, қызмет өткеру уақытында хабар-ошарсыз кеткен әскери қызметшілердің балалары тұрғылықты жері бойынша жергілікті әскери басқару органынан анықтама ұсынады.

2-1 қосымша

Белтемірге тартылу 60 метрге жүгіру 2000 метрге жүгіру балл
10 8.4 9.20 60
  8.6 9.30 55
9 8.8 9.40 50
  9.0 9.50 45
8 9.2 10.00 40
  9.4 10.15 35
  9.6 10.30 30
  9.8 10.45 25
7 10 11.00 20

Байланыс деректері:

Мекенжайы: 050042, Алматы қаласы, Пятницкий көшесі, 100, анықтама үшін телефондар: Мектеп бойынша кезекші: +7(727)309-73-53, Факс: (727)309-73-65;

Мекенжайы: 160009, Шымкент қаласы, Ш. Қалдаяқов көшесі, 3, анықтама үшін телефондар: мектеп бойынша кезекші: +7(7252) 56-33-72, Факс: (7172) 56-32-45;

Мекенжайы: 100027, Қарағанды қ., Мұстафин к-сі, 10, анықтама үшін телефондар: мектеп бойынша кезекші: +7(7212) 56-93-92, Факс: (7212) 56-11-61.

Көмек
Көмек
Ай бойы келгендердің барлығы:
Кеше келгендердің барлығы:
Қазір порталда:
URL:
Қате:
Пікір:

Спасибо, информация об ошибке принята.

Извините, в данный момент информация об ошибке не может быть обработана.
Попробуйте позже.