Асыраушысынан айырылу жағдайына арналған әлеуметтiк төлем қайтыс болған (сот хабарсыз кетті деп таныған немесе қайтыс болды деп жариялаған) асыраушының – міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушының асырауында болған мына отбасы мүшелеріне тағайындалады.
Кімге тағайындалады
- 18 жасқа толмаған және егер 18 жасқа толғанға дейiн мүгедек болып қалса, осы жастан асқан балаларының, оның iшiнде асырап алған балаларының, аға-інілерінің, апа-сіңлілерінің (қарындастарының) және немерелерінің асыраушысынан айырылу жағдайына арналған әлеуметтік төлемдерді тағайындатуға және алуға құқығы бар.
Бұл ретте, аға-інілерінің, апа-сіңлілерінің (қарындастарының) және немерелерінің, егер олардың еңбекке қабілетті ата-анасы болмаған немесе егер олар ата-анасынан алименттер алмаған жағдайда құқығы бар. Осы тармақшада көрсетілген, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатын немесе білім алған, он сегіз жастан асқан адамдардың оқуды бітіретін уақытқа дейін, бірақ жиырма үш жасқа толғанға дейін әлеуметтік төлемдерді тағайындатуға және алуға құқығы бар.
- Егер қайтыс болған (сот хабарсыз кеттi деп таныған немесе қайтыс болды деп жариялаған) асыраушының 3 жасқа толмаған балаларының, аға-iнiлерiнің, апа-сiңлiлерiнің (қарындастарының) немесе немерелерiнің күтiмімен айналысатын болса, жасына және еңбекке қабiлеттiлiгiне қарамастан, ата-анасының немесе ерлі-зайыптының бiреуiнің не атасының, әжесінің, аға-iнiсiнің немесе апа-сіңлісінің (қарындасының) асыраушысынан айырылу жағдайына арналған әлеуметтiк төлемдерді тағайындатуға және алуға құқығы бар.
Төлем үшін қайда баруға болады
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына.
Төлем мөлшері
Асыраушысынан айырылу жағдайына арналған ай сайынғы әлеуметтiк төлемнің мөлшерi әлеуметтік төлемге құқық туындаған күнге республикалық бюджет туралы заңда белгiленген ең төмен жалақы мөлшерінің 55% шегерілген, әлеуметтiк аударымдар есептелетін объект ретiнде есепке алынған кірістің орташа айлық мөлшерiн кірісті ауыстырудың, асырауындағылар санының және қатысу өтілінің тиiстi коэффициенттерiне көбейту жолымен айқындалады.
Әлеуметтiк аударымдар есептелетін объект ретiнде есепке алынған кірістің орташа айлық мөлшері әлеуметтік төлемге құқық басталған айдың алдындағы соңғы күнтізбелік 24 ай ішінде (осы кезеңде әлеуметтік аударымдарда үзілістердің болу-болмауына қарамастан) әлеуметтік аударымдар жүргізілген кірістер сомасын 24 бөлу жолымен айқындалады.
Осы тармақтың төртінші бөлігінде көзделген жағдайды қоспағанда, «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 774-бабына сәйкес бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер болып табылатын жеке тұлғалар үшін өзінен әлеуметтiк аударымдар жүргізілген әрбір айдағы кіріс тиiстi қаржы жылына республикалық бюджет туралы заңда белгiленген бiр ең төмен жалақы мөлшерінің деңгейiнде қабылданады.
Сол бір кезең үшін жұмыс берушіден және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 774-бабына сәйкес бірыңғай жиынтық төлемді төлеуші болып табылатын жеке тұлғадан әлеуметтік аударымдар келіп түскен жағдайда, асыраушысынан айырылу жағдайына арналған әлеуметтік төлемді есептеу кезінде «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 774-бабына сәйкес бірыңғай жиынтық төлемді төлеуші болып табылатын жеке тұлғаның кірісі қорға әлеуметтік аударымдар жүргізілген кіріс деңгейінде қабылданады.
Жыл сайын асыраушысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемнің мөлшері республикалық бюджеттен төленетін осыған ұқсас төлемді индекстеуге сәйкес келетін деңгейге индекстеледі.
Асырауындағылар санының коэффициенті
Асырауындағылар санының коэффициенті қайтыс болғанға дейін міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы асыраушының асырауында болған адамдардың санына байланысты айқындалады және бір асырауындағы адам кезінде - 0,5; екі асырауындағы адам - 0,65; үш асырауындағы адам - 0,8; төрт және одан көп асырауындағы адам - 1,0 құрайды.
Бұл ретте табысты ауыстыру коэффициенті және қатысу өтілінің коэффициенті "Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы" Қазақстан Республикасының 2019 жылғы 26 желтоқсандағы № 286-VІ ҚРЗ Заңы 20-бабының 4-тармағына сәйкес айқындалады.