Айдар парағына өту

Мемлекеттік (қазақ) тілді дамыту мен қолдану Баспаға шығару нұсқасы

Cоңғы өзгеріс: 15.05.2023

сөздік

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Қазақстан Республикасында тіл саясатын іске асырудың 2020 – 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бекітілді.

Бағдарламаның мақсаты: қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі толыққанды қызметін қамтамасыз ете отырып, латын графикалы әліпби негізінде қазақ тілін жаңғыртуға, тіл мәдениетін одан әрі арттыруға және тілдік капиталды дамытуға бағытталған үйлесімді тіл саясатын жүргізу болып табылады.

Қазақ тілін оқыту курстары

Республикада 111 мемлекеттік орталық (негізгі орталықтар – 84, филиалдар – 27) жұмыс істейді, онда ересек тұрғындарды қазақ тіліне оқыту тегін жүргізіледі. Орталықтардың тізімімен келесі сілтеме бойынша танысуға болады: https://www.gov.kz/memleket/entities/language/documents/details/443373?lang=ru

2022 жылы Ақмола, Атырау, Жамбыл облыстарында 3 жаңа орталық ашылды.

2022 жылы қазақ тілі курстарын 41325 адам тәмамдады. 2011 жылдан бастап курс арқылы қазақ тілін оқыған адамдардың жалпы саны 700 мыңнан асты.

Қазақ тілін өз бетінше үйрену үшін «Tilqural.kz», «Abai.institute», «Tilmedia.kz», «Balatili.kz», «Soyle.kz», «Bala.soyle.kz», «Qazonline», «Ana tili» қосымшалары жұмыс істейді.

Қазақ тілін меңгеру деңгейі «Қазтест» жүйесі бойынша анықталады. 2022 жылы диагностикалық тестілеуден 12000 адам өтті. «Қазтест» жүйесі енгізілген сәттен бастап (2006 жылдан бастап) тестілеуге қатысушылардың жалпы саны 452 671 адамды құрады.

Қазақ тілін білу деңгейін www.kazakhtest.kz ресми сайтына өтіп, тексеруге болады.

Мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі іс-шаралар

Мемлекеттік бағдарламаның іс-шаралар жоспарына сәйкес жыл сайын қазақ тілін қолдану аясын кеңейтуге, тіл мәдениетін арттыруға бағытталған «Мемлекеттік тіл және БАҚ», «Тіл шебері», «Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздік символы» байқаулары, «Мен қазақша сөйлеймін» акциясы және т.б. республикалық конкурстар өткізіледі.

Тілдік процестерді цифрландыру

Тіл саясатын тиімді іске асыру, оның ішінде халыққа тілдерді оқыту процесінің қолжетімдігін қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырысымен  әзірленген «Tilmedia.kz», «Balatili.kz», «Tilqural.kz», «Abai.institute», «Тermincom.kz», «Emle.kz», «Sozdikqor.kz», «Qazcorpora.kz», «Qazgramma», «Qujat.kz», «Atau.kz», «Qazlatyn.kz» электрондық ресурстары жұмыс істейді.

Тіл саясатын іске асыруға бағытталған барлық электронды қосымшалар мен өзекті ақпарат (жаңалықтар, мақалалар, орталықтарға қатысты ақпарат, әдістемелік жинақтар және т. б.) «Tilalemi.kz» сайтында орналастырылған. 

Қазақ тілінде жаңа сөздер қалай пайда болады?

2022 жылы Мемлекеттік терминологиялық комиссия заңнама, денсаулық сақтау, энергетика, ауыл шаруашылығы, экология және геология салалары бойынша 4069 термин бекітті. 1971 жылдан бастап бекітілген терминдердің саны 35 680 бірлікті құрайды.

«Тermincom.kz» сайтының негізінде терминологияның жай-күйі және термин қалыптастырудың негізгі қағидаттары туралы жұртшылықты хабардар ететін, сондай-ақ, терминдерді халықпен талқылауға мүмкіндік беретін ашық алаң жұмыс істейді. «Termincom» базасына жүктелген терминдердің жалпы саны 383 534 бірлікті құрайды.

Қазақ тілінің ұлттық корпустарын құру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Корпустар «Qаzcorpus.kz» және «Qazcorpora.kz» сайттарында қолжетімді.

2022 жылдың қорытындысы бойынша корпустардағы метабелгілердің жалпы саны 43 млн.