
Азаматтарды әскери қызметке шақыру – бұл әскери міндеттілік негізінде Қарулы Күштерді жеке құраммен жасақтауға бағытталған мемлекеттік органдар жүргізетін iс-шаралар кешенi.
Азаматтарды әскери қызметке шақыру:
- азаматтарды мерзiмдi әскери қызметке шақыруды;
- запастағы офицерлердi әскери қызметке шақыруды;
- әскери жиындарға шақыруды;
- жұмылдыру бойынша, соғыс жағдайы кезінде және соғыс уақытында әскерге шақыруды қамтиды
Азаматтарды әскери қызметке шақыруды жергіліктi атқарушы органдар ұйымдастырады және қамтамасыз етеді.
Жергілікті атқарушы органдар әскери басқару органдарын жабдықталған әскерге шақыру (жиын) пункттерімен, оларды күтіп-ұстауды, дәрі-дәрмектермен, керек-жарақтармен, өртке қарсы, медициналық және шаруашылық мүлкімен, автомобиль көлігімен, сондай-ақ байланыс және күзет құралдарымен қамтамасыз етед
Азаматтарды әскери қызметке шақыру үшін "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" ҚР Заңына сәйкес әскерге шақыру комиссиялары құрылады.
Азаматтарды әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру мен жүргiзу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметi айқындайды..
Ұйымдардың басшылары әскерге шақырылуға жататын азаматтарды iссапарлардан шақыртып алуға, оларды хабардар етуді және азаматтарды, олар әскери қызметке шақырылған кезде медициналық куәландырудан өткізу үшін әскерге шақыру пунктіне уақтылы келуiн ұйымдастыруға міндетті.
Уақытша шетелде тұрып жатқан Қазақстан Республикасының азаматтарын әскери қызметке шақыру олар Қазақстан Республикасына тұрақты тұрғылықты жеріне қайтып келгеннен кейін әскерге шақыруды кейінге қалдыру немесе одан босату құқығы болмаса, "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" ҚР Заңы бойынша белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
Азамат облыстың (республикалық маңызы бар қаланың немесе астананың) жергiлiктi әскери басқару органы бастығының оны әскери қызметке шақыру туралы бұйрығы шыққан сәттен бастап әскери қызметке шақырылды деп есептеледi.
Азаматтарды мерзімдік әскери қызметке шақыру
Азаматтарды мерзiмдi әскери қызметке шақыру Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулысы негiзiнде жылына екi рет жүргiзіледi.
Он сегіз жастан жиырма жеті жасқа дейінгі, әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе әскерге шақырылудан босатылуға құқығы жоқ азаматтар Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін, өзге әкерлері мен әскери құрылымдарын жасақтау үшін қажетті санында мерзiмдi әскери қызметке шақырылуға жатады
Запастағы офицерлерді әскери қызметке шақыру
Жиырма тоғыз жасқа дейінгi, әскери қызметке жарамды запастағы офицерлер уәкілеттi органдардың өтiнiмдерi бойынша Қазақстан Республикасы Үкiметінің қаулысы негiзінде бейбiт уақытта офицерлер құрамының лауазымдарында әскери қызмет өткеру үшін әскерге шақырылады.
Әскери мiндеттілердi әскери жиындарға шақыру
Әскери мiндеттiлер:
1. Орталық атқарушы органдар жүргізетін жұмылдыру дайындығы жөніндегі республикалық іс-шаралар шеңберінде – Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі бұйрығының негізiнде әскери жиындарға шақырылады.
2. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары жүргізетін жұмылдыру дайындығы, аумақтық қорғаныс дайындығы жөніндегі іс-шаралар шеңберінде – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Бас штабымен келісу бойынша облыс, республикалық маңызы бар қала, астана əкімдігінің қаулысы негізінде əскери жиындарға шақырылады
Азаматтарды жұмылдыру бойынша, соғыс жағдайы кезінде және соғыс уақытында әскерге шақыру
Азаматтарды жұмылдыру бойынша, соғыс жағдайы кезінде және соғыс уақытында әскери қызметке шақыру Қазақстан Республикасы Президентiнің Жарлығы негiзiнде және "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" ҚР Заңы бойынша белгiленген тәртіппен жүргiзiледi.
Жұмылдыру бойынша, соғыс жағдайы кезінде және соғыс уақытында әскери қызметке шақырылған әскери міндеттiлер мен әскерге шақырылушыларға жұмыс (қызмет) орны бойынша толық есеп айырысу жүргізiледі, нақты жұмыс iстеген уақыты үшін жалақы, жұмыстан шығу жәрдемақысы және пайдаланылмаған демалысы үшін өтемақы төлемдері төленеді. Жұмылдыру бойынша, соғыс жағдайы кезінде және соғыс уақытында шақырылған азаматтардың өздерi тұрған тұрғын алаңы сақталады. Жұмылдыру бойынша, соғыс жағдайы кезінде және соғыс уақытында әскери қызметке шақырылған азаматтардың отбасыларын мемлекеттік қамсыздандыру (жәрдемақылар, зейнетақылар) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргiзiледi
Жергіліктi атқарушы органдар, ұйымдар жұмылдыруды жүргiзу кезiнде, соғыс жағдайы енгізілген және соғыс уақыты кезінде әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушыларды уақтылы хабардар етуді және оларды шақыру пункттеріне немесе әскери бөлiмдерге жеткiзуді қамтамасыз етуге міндеттi..