Азаматтардың негізгі құқықтарының бірі олардың құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерін іске асыру және қорғау мақсатында мемлекеттік органдарға және жергілікті өзін өзі басқару органдарына жеке өтініш беру құқығы болып табылады
Өтініш өтініште қойылған мәселелерді шешу оның құзыретіне кіретін субъектіге немесе лауазымды тұлғаға жіберілуге тиіс. Жеке тұлғаның өтінішінде оның тегі, аты, сондай-ақ қалауы бойынша әкесінің аты, почталық мекен-жайы, заңды тұлғаның өтінішінде - оның атауы, почталық мекен-жайы, шығыс нөмірі мен күні көрсетіледі. Өтінішке арыз иесі қол қоюы не ол электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылуға тиіс.
Шағым жасалған кезде іс-әрекетіне шағым жасалып отырған субъектінің атауы немесе лауазымды тұлғалардың лауазымы, тегі және аты-жөні, өтініш жасау себептері мен талаптары көрсетіледі.
Субъектіге тікелей жазбаша өтініш жасаған арыз берушіге тіркелген күні мен уақыты, өтінішті қабылдаған адамның тегі мен аты-жөні көрсетілген талон беріледі.
Берілген өтініштер міндетті түрде қабылдануға, тіркелуге, есепке алынуға және қаралуға тиіс. Өтінішті қабылдаудан бас тартуға тыйым салынады.
Мыналар қарауға жатпайды:
- мұндай өтініште дайындалып жатқан немесе жасалған қылмыстар туралы не мемлекеттік немесе қоғамдық қауіпсіздікке төнетін қауіп туралы мәліметтер бар және мемлекеттік органдардың құзыреттеріне сәйкес оларға дереу жіберілуге тиіс жағдайларды қоспағанда, иесі бүркемеленген өтініш;
- мәселенің мәні баяндалмаған өтініш.
Өтініш құзыретіне өтініште қойылған мәселелерді шешу кіретін субъектіге немесе лауазымды тұлғаға жіберілуге тиіс. Өтініште қойылған мәселелерді шешу құзыретіне кірмейтін субъектіге немесе лауазымды тұлғаға келіп түскен өтініш үш жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде бұл туралы арыз берушіге хабарланады.
Өтініштерді қарау нәтижелері бойынша мынадай шешімдердің бірі қабылданады:
- өтінішті толық немесе ішінара қанағаттандыру туралы;
- осындай шешім қабылдауды негіздей отырып, өтінішті қанағаттандырудан бас тарту туралы;
- өтініштің мәні бойынша түсінік беру туралы;
- өтінішті қарауды тоқтату туралы.
Өтініштерге берілетін жауаптар Қазақстан Республикасының заңнамасына сілтеме жасай отырып, мазмұны бойынша негізделген және дәлелді, мемлекеттік тілде немесе өтініш берілген тілде болуға, арыз берушінің қабылданған шешімге шағым жасау құқықтарын түсіндіре отырып, оның дәлелін жоққа шығаратын немесе растайтын нақты деректерді қамтуға тиіс.
Өтініштерді қарау мерзімдері
Қарау үшін өзге субъектілерден, лауазымды тұлғалардан ақпарат алу не жергілікті жерге барып тексеру талап етілмейтін жеке және (немесе) заңды тұлғаның өтініші субъектіге, лауазымды тұлғаға түскен күннен бастап күнтізбелік он бес күн ішінде қаралады
Қарау үшін өзге субъектілерден, лауазымды тұлғалардан ақпарат алу не жергілікті жерге барып тексеру талап етілетін жеке және (немесе) заңды тұлғаның өтініші субъектіге, лауазымды тұлғаға келіп түскен күнінен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде қаралады және ол бойынша шешім қабылданады.
Қосымша зерделеу немесе тексеру жүргізу қажет болған жағдайларда, қарау мерзімі күнтізбелік отыз күннен аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін, бұл туралы қарау мерзімі ұзартылған кезден бастап күнтізбелік үш күн ішінде арыз берушіге хабарланады. Өтінішті қарау мерзімін субъектінің басшысы немесе оның орынбасары ұзартады.
Егер өтініште баяндалған мәселелерді шешу ұзақ мерзімді талап етсе, онда өтініш түпкілікті орындалғанға дейін қосымша бақылауға қойылады, бұл туралы күнтізбелік үш күн ішінде арыз берушіге хабарланады.
Жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін жеке қабылдау
Мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының басшылары және олардың орынбасарлары айына кемінде бір рет тиісті мемлекеттік органның басшысы бекітетін қабылдау кестесіне сәйкес азаматтарды және заңды тұлғалардың өкілдерін, оның ішінде осы органдардың қызметкерлерін жеке қабылдауды жүргізуге міндетті. Қабылдау белгіленген әрі жеке және заңды тұлғалардың назарына жеткізілген күн мен сағатта жұмыс орны бойынша өткізілуге тиіс. Егер өтінішті лауазымды тұлға қабылдау кезінде шеше алмаса, ол жазбаша нысанда баяндалады және онымен жазбаша өтініш ретінде жұмыс жүргізіледі.
Өтініш берген жеке не заңды тұлғаның:
- өз өтінішін растау үшін қосымша құжаттар мен материалдар беруге не оларды талап ету туралы сұрауға;
- өтінішті қарайтын адамға дәлелдерін түсіндіруге;
- өзінің өтінішін қарауға байланысты материалдармен танысуға, егер бұл басқа тұлғалардың құқықтарын, бостандықтарын бұзбайтын болса, өтінішті қарауға қатысуға;
- қабылданған шешім туралы жазбаша немесе ауызша нысанда дәлелді жауап алуға;
- егер залал өтініштерді қараудың белгіленген тәртібін бұзудың салдарынан болса, оны өтеуді талап етуге;
- лауазымды тұлғалардың іс-әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) не өтініш бойынша қабылданған шешімге шағым жасауға;
- Қазақстан Республикасының салықтық және кедендік заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, өтінішті қарауды тоқтату туралы өтінішхат беруге құқығы бар.
Субъектілердің, лауазымды тұлғалардың:
- өтініштерді белгіленген тәртіппен қарау үшін қажетті ақпаратты сұратуға және алуға;
- көрінеу жалған мәліметтерден тұратын өтініштерді тексеруге байланысты тартқан шығындарды өндіріп алу туралы сотқа жүгінуге құқығы бар.
Субъектілер мен лауазымды тұлғалар:
- Заңда белгіленген тәртіппен әрі мерзімде жеке және заңды тұлғалардан өтініштер қабылдауға және оларды қарауға;
- заңды және негізделген шешімдер қабылдауға;
- қабылданған шешімдердің орындалуын бақылауды қамтамасыз етуге;
- жеке және заңды тұлғаларға қабылданған шешімдер туралы жазбаша нысанда не электрондық құжат нысанында хабарлауға;
- жеке тұлғаларды, соның ішінде заңды тұлғалардың мүддесін танытушы тұлғаларды, олардың отбасы мүшелерін субъектілерге және лауазымды тұлғаларға олардың қызметін сынап не құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында өтініш беруіне байланысты қудалаудың жолын кесуге;
- шағымдарды іс-әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым жасалып отырған лауазымды тұлғалардың қарауына жібермеуге;
- оларға қатысты мәселені объективті шешуге мүдделілік білдірмейді деп пайымдауға негіз болған адамдарға тексеру жүргізуді жүктеу жағдайларын болғызбауға;
- өтініш берген немесе оның мүддесі үшін өтініш берілген адамға жеке және заңды тұлғалардың зиян келтіретін өтінішіне жол бермеуге;
- жеке тұлғалардың, соның ішінде заңды тұлғаның мүддесін танытушы тұлғалардың келісімінсіз олардың жеке өмірі туралы мәліметтерді немесе мемлекеттік не заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді жария етпеуге; жеке тұлғаның жеке басы туралы өтінішке қатысы жоқ деректердің анықталуына жол бермеуге;
- жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін, олардағы сын ескертпелерді талдауға және қорытуға, жұмысты жетілдіру әрі жеке және заңды тұлғалардың шағымдарын туғызатын себептерді жою мақсатында қоғамдық пікірді зерделеуге;
- жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау жөніндегі жұмыстың жай-күйін жүйелі түрде тексеруге;
- құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласында өз құзыреті шегінде статистикалық қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік орган белгілеген мерзім мен көлемде келіп түскен, қаралған өтініштердің саны мен оларды қараудың нәтижелері туралы мемлекеттік құқықтық статистикалық ақпаратты беруге міндетті.
Осы тармақшаның талабы ірі кәсіпкерлік субъектілеріне таралмайды.