Қазақстан Республикасы Мемлекеттік тәуелсіздігінің жиырма жылдығы декларациясы туралы

Актінің түрі
Декларация
Қаулы
Қабылдау күні
10.12.2011
Өзгерту күні
10.12.2011
Актіні қабылдаған орган
Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты

      «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңы 13-бабының 2-тармағына, 25-бабы 2-тармағының 4) тармақшасына және Сенат Регламентінің 26-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты қаулы етеді:
      Қазақстан Республикасы Мемлекеттік тәуелсіздігінің жиырма жылдығы декларациясы қабылдансын.

      Қазақстан Республикасы
      Парламенті Сенатының
      Төрағасы                                   Қ. МӘМИ

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ МЕМЛЕКЕТТІК ТӘУЕЛСІЗДІГІНІҢ
ЖИЫРМА ЖЫЛДЫҒЫ ДЕКЛАРАЦИЯСЫ КІРІСПЕ

Қазақстан Республикасының Парламенті, мемлекеттіліктің ойдағыдай орнығып, нығаюы жолында ел тәуелсіздігінің тарихи маңызын сезіне отырып,
конституциялық құндылықтарға, республикамыздың Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың халық игілігін көздеген сарабдал саясатына адалдық таныта отырып,
Қазақ елі мемлекеттілігін құру мен оның негіздерін жетілдіру ісінде қазіргі және болашақ ұрпақтар алдында жауапкершілікті бөлісе отырып, Қазақстанды демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырудың конституциялық міндетін негізге ала отырып,
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ МЕМЛЕКЕТТІК ТӘУЕЛСІЗДІГІНІҢ ЖИЫРМА ЖЫЛДЫҒЫ ДЕКЛАРАЦИЯСЫН
салтанатты түрде қабылдайды.

      1991 жылғы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылданғаннан бергі кезең ішінде Қазақстан демократиялық саяси-құқықтық жүйесі бар, экономикасы тұрақты, халқының әл-ауқаты жоғары, ұдайы даму үстіндегі мемлекет ретінде қалыптасты.
      Этносаралық, конфессияаралық келісім мен төзімділікті қамтамасыз етудің өзіндік үлгісін іске асыру нәтижесінде және халқымыздың ұлтжандылығының арқасында елдің ішкі саяси тұрақтылығы мен қалыпты әлеуметтік-экономикалық өсуіне қол жеткізілді.
      Халықаралық ынтымақтастықтың жалпыға ортақ қағидаттарына адалдық, жаппай қырып-жоятын қарудан бас тарту, ықпалдастық байланыстарды тереңдету қадамдары еліміздің әлемдік қоғамдастықта жоғары беделге ие болуына септігін тигізді.
      Ата-бабамыздың ғасырлар бойы асыл арманы болып келген егемен Қазақстанды құру жөніндегі тарихи аманаты 1991 жылғы 1 желтоқсанда бірауыздан Мемлекет басшысы болып сайланған Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың басшылығымен іске асты.
      Республика Президентінің жетекшілігімен кең ауқымды экономикалық, саяси және әлеуметтік реформалар жүзеге асырылды.
      Қазақстан мемлекеттілігінің негізін қалаушы – еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев халықты жарқын істерге жұмылдыру, қоғамдағы татулық пен келісімді нығайту, бүкіл халықаралық қоғамдастықтың ризашылығы мен құрметіне ие болған жаһандық және өңірлік бейбіт бастамалардың авторы ретінде елдің сыртқы саяси бағытын дәл айқындау ісіне орасан зор үлес қосты.
      Мемлекет басшысының жан-жақты сараланған ішкі және сыртқы саясатының арқасында еліміз саяси және әлеуметтік-экономикалық сілкіністерге ұшырамай, дербес дамудың өтпелі кезеңіндегі қиындықтар мен сынақтарды еңсеріп, ілгерілеу мен өркендеу жолына шықты.

* * *

      Тәуелсіздікке ие болған жиырма жыл ішінде Қазақстан жаңа ғасырдағы бәсекеге қабілетті экономикаға негіз болатын айшықты табыстарға жетті.
      1995 жылғы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы мемлекетіміздің ойдағыдай дамуының құқықтық іргетасы болып табылады.
      Ата Заңымызда адамды, оның өмірін, құқықтары мен бостандықтарын ең жоғары құндылықтар деп тануға тұғыр болатын мемлекеттік егемендіктің саяси-құқықтық негіздері қаланды, қоғамның материалдық және рухани өмірін жаңғыртудың стратегиялық мақсаттары мен міндеттерін жүзеге асыруға мүмкіндік беретін басты қағидаттар бекітілді.
      Қазақстан ұлттық мүдделерді және әлемдік даму үрдістерін ескеретін саяси құрылыстың өзіндік үлгісін жасады.
      Конституциялық эволюция мен құқықтық жүйені сатылап реформалау нәтижесінде елімізде мемлекеттік биліктің теңгерімді де тиімді жүйесі қалыптастырылды.
      Республикада мемлекеттік билік заң шығару, атқару және сот тармақтарына бөліну қағидатына сәйкес жүзеге асырылады. Мемлекетті басқарудағы жүйе түзуші рөлді президенттік институт атқарады. Республика Президенті Конституцияның сенімді кепілі, елді жаңғыртудың бастамашысы және іске асырушысы болып табылады.
      Қазақстанның дамуы стратегиялық жоспарлар мен бағдарламалардың негізінде жүзеге асырылып келеді, олардың ішінде барлық қазақстандықтардың өсіп-өркендеуін, қауіпсіздігін және әл-ауқатының артуын көздейтін «Қазақстан-2030» президенттік стратегиясы басты орын алады.
      Республиканың негізгі бағдарламалық құжаттарында және Президенттің жыл сайынғы Қазақстан халқына жолдауларында ел дамуының алға қойылған мақсаттарына жетуге мүмкіндік беретін бағыттар көрініс тапқан.
      Қазақстан адам құқықтары саласындағы халықаралық стандарттарға қол жеткізуге және оларды сақтауға жүйелі әрі дәйекті түрде ұмтылып келеді.
      Республикада адам мен азаматты қорғау жүйесі қалыптастырылып, тиімді жұмыс істеуде. Олардың іргелі құқықтары мен бостандықтарын айқындайтын негізгі халықаралық шарттар ратификацияланды.
      Конституцияда шығу тегіне, әлеуметтік жағдайына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына қарамастан адам және азамат құқықтарының теңдігіне кепілдік берілген.
      Мемлекеттің басты қоғамдық байлығы ішкі саяси тұрақтылығы мен халқымыздың бірлігі болып табылады.
      Біздің жас тәуелсіз мемлекетіміз дербес дамудың жиырма жылында әлеуметтік және этностық қақтығыстарға соқтықпай өте алды.
      Республикамызда азаматтық қоғам институттары мен жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту үшін қолайлы жағдай жасалып, саяси партиялардың, қоғамдық бірлестіктердің жұмыс істеуінің құқықтық негіздері кезең-кезеңмен жетілдірілуде.
      Біздің қоғамда отаншылдық идеологиясы барынша қолдау тауып отыр.
      Азаматтарымыз еліміздің жетістіктерін, оның аса бай тарихи дәстүрлерін, көп этносты халқының достығы мен бірлігін орынды мақтан етеді.
      Қазақстан халқы Ассамблеясы елдің көп этносты халқының мүдделерін білдіретін бірегей институт ретінде танылып отыр, оның қызметі елімізді мекен еткен барлық этностарды азаматтық және рухани-мәдени тұтастық негізінде топтастыруға, қазақстандық жарасымдылықты қалыптастыруға бағытталған. Республикада қазақтардың шетелдерден тарихи отанына оралуы үшін жағдай жасалған.
      Тәуелсіздік кезеңі қазақ тілінің қайта түлеп, одан әрі дами түсуімен ерекшеленеді. Мемлекеттік тіл Қазақстан халқын ұйыстырудың аса маңызды факторы болып табылады.
      Мемлекет елімізді мекендейтін этностардың алуан түрлі мәдениеті мен тілдерінің сақталуына және дамуына жан-жақты қолдау көрсетіп келеді.
      Тәуелсіздік жылдарында ел экономикасы серпінді дами түсті, соның нәтижесінде әлемдік шаруашылық жүйесіне үйлесімді кірігіп, сыртқы экономикалық дағдарыстардың салдарларына лайықты қарсы тұруға мүмкіндік берген қомақты тұрақтылық қорын жинақтады.
      Қазақстанда нарықтық экономикаға көшу бағдарламасы ойдағыдай іске асырылды, қаржы және банк жүйесі, даму және экономиканы басқару институттары құрылып, тиімді жұмыс істеуде. Тәуелсіздік жылдарында ішкі жалпы өнімнің көлемі ондаған есе артып, жоғары деңгейге жетті.
      Кәсіпкерлік қызмет үшін қажетті жағдайлар жасалып, бизнестің мемлекет алдындағы әлеуметтік жауапкершілігін арттырумен қатар оның мүдделерінің құқықтық тұрғыдан сенімді қорғалуына кепілдік беріліп отыр.
      Республикамызда шетелдік күрделі қаржының едәуір көлемін тартуға және бірлескен экономикалық жобаларды іске асыруға ықпал ететін қолайлы инвестициялық ахуал қамтамасыз етілген.
      Елдің көліктік-транзиттік әлеуетін дамыту, осы заманғы ақпараттық-коммуникациялық технологияларды жер-жерде енгізу жөніндегі жобалар сәтті іске асырылуда. Аграрлық сектор қарышты қадаммен дамып келеді. Қазақстан энергетика мен азық-түлік бойынша әлемдік қауіпсіздікті қамтамасыз ететін жетекші елдер тобына кіріп отыр.
      Қазіргі кезде экономиканы әртараптандыру және оны шикізаттық емес, жоғары технологиялық жолға қайта бағдарлау жөнінде жаңа міндеттер алға қойылды, үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі мемлекеттік бағдарлама қарқын алып келеді.
      Тәуелсіздік жылдары елдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту мен тұрмыс деңгейін жақсарту жөніндегі іс-шаралар жүзеге асырылды.
      Қазақстан халықтың әл-ауқаты жағынан жаһандық рейтингте әлемнің алғашқы елу мемлекетінің қатарына кіріп, дүние жүзіндегі тез өсіп келе жатқан экономикалар үштігіне еніп отыр.
      Экономикадағы тұрақтылықтың арқасында жалақының, зейнетақының, шәкіртақының және мемлекеттік жәрдемақының тұрақты өсуі қамтамасыз етілуде. Мемлекеттік бюджеттің әлеуметтік инфрақұрылым, денсаулық сақтау, білім беру, ғылым, мәдениет және спорт салаларындағы көрсетілетін қызметтерді дамытуға жұмсалатын шығыс көлемі жыл сайын ұлғайтылуда. Жастар саясаты нысаналы түрде жүзеге асырылуда.
      Республикамыз жиырма жыл ішінде ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. Елді қорғауға қабілетті Қарулы Күштер құрылды, құқықтық тәртіпті сақтау және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету органдары қалыптастырылды.
      Қазақстан өзінің мемлекеттік шекарасын заңдық тұрғыдан ресімдеу мен межелеу жөніндегі мәселелерді түпкілікті шешті, кең байтақ жерінің шекаралық шеңбері бойында тату көршілік белдеуін қалыптастырды.
      Шекарамыздың шегенделуі мемлекетіміздің дұрыс бағыттағы халықаралық саясатының және Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың тікелей жеке беделі мен күш-жігерінің арқасында мүмкін болды. Мұның өзі тәуелсіздік жылдарында қол жеткізілген ел тарихындағы баға жетпес жетістіктердің бірегейі болып табылады.
      Республикамыз қауіпсіздік пен ынтымақтастық жөніндегі жаһандық және өңірлік халықаралық ұйымдардың жұмысына белсене қатысуда, әлемнің алдыңғы қатарлы елдерімен үйлесімді стратегиялық әріптестік қарым-қатынас орнатуда.
      Қазақстанның бастамасымен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің шақырылуы жаһандық және өңірлік қауіпсіздікті нығайтуға қосылған елеулі үлес болып табылады.
      Республиканың көп векторлы сыртқы саясаты өзінің тиімділігін дәлелдеді. Алыс-жақын шет мемлекеттермен, әлемдік қаржы институттарымен тең құқықтық және өзара тиімді ынтымақтастық жолға қойылды. Қазақстанның өңірлік және өңіраралық байланыстары тереңдеп келеді. Республика өркениеттер арасындағы келіссөздерге дәнекер буын бола отырып, Батыс пен Ислам әлемі арасындағы үнқатысуға игі ықпалын тигізуде.
      Осы заманның аса ықпалды халықаралық ұйымдарына – Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) мен Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына (ИЫҰ) еліміздің төрағалық етуі – Қазақстанның жоғары беделінің айғағы.
      ЕҚЫҰ Саммитінің ұзақ үзілістен кейін өткізілуі – Қазақстанның осы ұйымға төрағалығының айтулы нәтижесі болып табылады.
      Форумның қорытындысы бойынша қабылданған Астана декларациясы әлемдік саясатқа «еуразиялық қауіпсіздік» және «Астана рухы» ұғымдарында көрініс тапқан қауіпсіздік пен ынтымақтастықтың жаңа түсінігін енгізді.
      Қазақстан әлемдік конфессияаралық үнқатысулардың бастамашысы және ұйымдастырушысы ретінде танылды.
      Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездері елдер мен өркениеттер арасындағы бейбітшілік пен ынтымақтастықты нығайтудың маңызды буынына айналып отыр.
      Тәуелсіз Қазақстан ядролық қаруға қарсы жаһандық қозғалыстың көшбасшылары қатарына енді.
      Елбасының бастамасымен дүние жүзіндегі ең ірі Семей ядролық полигоны біржолата жабылып, ядролық қарудың әлемдегі төртінші арсеналы жойылды. Қазақстан әлем тарихында ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан бірінші ел болды.
      Мемлекетіміз ядролық қаруды таратпау тәртібін мүлтіксіз сақтай отырып, жер жүзінде жаппай қырып-жоятын қаруға жалпыға бірдей тыйым салу, бейбіт атомды қауіпсіз пайдалану, халықаралық ядролық терроризм қатеріне жол бермеу жөніндегі жаһандық бастамаларды ұсынып келеді.
      Президентіміздің кеңестік дәуірден кейінгі кеңістікте ықпалдасудың қажеттігін негіздейтін еуразиялық идеясы өзінің тарихи тұрғыдан дұрыстығын дәлелдеп берді.
      Кейіннен Біртұтас экономикалық кеңістікке ұласатын Кеден одағының құрылуы бәсекеге қабілетті экономиканы қалыптастыру жөніндегі міндеттерді неғұрлым тиімді шешуге септігін тигізуде.
      Республикамыз Орталық Азиядағы ықпалдасу үдерістерінің алғы шебінде тұр, өңірдегі елдерге экономикалық және саяси жәрдем көрсетіп келеді, сонымен қатар, жалпыөңірлік мүдделерді қолдау ісінде өзінің халықаралық ұйымдардағы ықпалын белсенді түрде пайдалануда.
      Қазақстанның жаңа бас қаласының орасан зор құрылысы – ауқымы мен батылдығы жағынан Республикамыздың Тұңғыш Президентінің теңдесі жоқ ғаламат жобасы.
      Жылдан жылға көркейіп, қарқынды дамып келе жатқан Астана Тәуелсіз Қазақстанның мақтанышы болып табылады.
      Еуразияның жүрегіндегі жаңа шаһар Қазақстанның жарқын да баянды болашағын айшықтайды. Астана – барша халқымызды Қазақстанның көк байрағы астына біріктіріп, оның өз бойындағы жасампаздық әлеуетіне деген сенімін арттыра түскен ұлттық идеяның жүзеге асуының нақты көрінісі.

* * *

      Тәуелсіздіктің алғашқы 20 жылы Қазақ елінің өсіп-өркендеуі мен игілігі жолында заманымыздың аса көрнекті мемлекет қайраткері Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен, қазақстандықтардың ерен еңбегінің арқасында республиканың қол жеткізген толағай табыстарын бүкіл әлемге паш етіп отыр.
      Елдің қазіргі жетістіктері – болашақ ұрпаққа арналған мұра, ХХІ ғасырда Қазақстанның тұғырлы, бақуатты, бейбіт ел ретінде серпінді дамуының берік негізі.

Көмек
Көмек
Ай бойы келгендердің барлығы:
Кеше келгендердің барлығы:
Қазір порталда:
URL:
Қате:
Пікір:

Спасибо, информация об ошибке принята.

Извините, в данный момент информация об ошибке не может быть обработана.
Попробуйте позже.