Қазақстан Республикасында мереке күндеріне дайындық пен оларды өткізу тұжырымдамасы

Актінің түрі
Тәртіп
Қабылдау күні
01.01.1970
Өзгерту күні
01.01.2001
Актіні қабылдаған орган
Қазақстан Республикасының Президенті

Тұжырымдаманың паспорты

      Атауы. Қазақстан Республикасында мереке күндерiне дайындық пен оларды өткiзудiң тұжырымдамасы
      Әзiрлеуге негiздеме. Қазақстан Республикасы Президентi Әкiмшiлiгi Басшысының 2001 жылғы 13 қаңтардағы N 20-5/1 тапсырмасы
      Yйлестiрушiсi. Қазақстан Республикасы Президентiнiң Әкiмшiлiгi
      Негiзгi әзiрлеушiлер. Президент Әкiмшiлiгiнiң Қоғамдық-саяси, Мемлекеттiк-құқық, Ұйымдастыру-бақылау бөлiмдерi, Қауiпсiздiк Кеңесiнiң Талдау орталығы, Мемлекеттiк хатшының Хатшылығы, Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келiсiм министрлiгi, облыстардың, Астана, Алматы қалалары әкiмдерiнiң аппараттары
      Iске асыру мерзiмi. 2001-2005 жж.
      Қаржыландыру көздерi. Республикалық және жергiлiктi бюджет қаржысы, демеушi ұйымдардың ресурстары

1. Кiрiспе

      Қазiргi уақытта Қазақстанда қолданылып жүрген заңнамаға сәйкес мерекелердiң мынадай жүйесi белгiленген: "Қазақстан Республикасындағы мереке күндерi туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1995 жылғы 18 қазандағы N 2534 заң күшi бар Жарлығына   сәйкес жалпыхалықтық мерекелер: ұлттық мереке - Республика күні -25 қазан, мереке күндерi: Жаңа жыл - 1-2 қаңтар, Халықаралық әйелдер күнi - 8 наурыз, Наурыз мейрамы - 22 наурыз, Қазақстан халқының бiрлiгi мерекесi - 1 мамыр, Жеңiс күнi - 9 мамыр, Қазақстан Республикасының Конституциясы күнi - 30 тамыз, Тәуелсiздiк күнi - 16 желтоқсан.
      "Қазақстан Республикасындағы кәсiптiк мерекелер мен атаулы күндер туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1998 жылғы 20 қаңтардағы N 3827 Жарлығына сәйкес кәсiби мерекелер мен атаулы күндер. Отан қорғаушылар күнi - 7 мамыр, Саяси қуғын-сүргiн құрбандарын еске алу күнi - 31 мамыр, Баспасөз күнi - 28 маусым, Спорт күнi - 13 тамыз, Бiлiм күнi - 1 қыркүйек, Қазақстан Республикасы халықтарының тiлдерi күнi - 22 қыркүйек, Ұлттық валюта - теңге күнi - 15 қараша.
      Атаулы және мерейтой даталары Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулыларына сәйкес белгiленген.
      Қоғамда сол сияқты бейресми мерекелер де аталып жүр (дiни, аймақтық, ұлттық мәдени және т.б.).
      Олардың iшiнен өзiнiң ауқымдылығы да, мазмұны да бойынша неғұрлым елеулiлерi "Қазақстан Республикасындағы мереке күндерi туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1995 жылғы 18 қазандағы N 2534 заң күшi бар Жарлығымен бекiтiлген ұлттық мерекелер мен мерекелiк күндер болып табылады. Алайда, практика көрсетiп отырғандай, олардың басым көпшiлiгi нақты мазмұнға ие болмай, қоғамдық санада өзiнiң тиiстi орнын алмаған. Әсiресе бұл республиканың егемендi даму жылдары пайда болған мерекелерге тән. Адамдар кейде олардың нақты күнiн де, немен байланысты екенiн де және бiр-бiрiнен қандай айырмашылығы бар екенiн де бiлмейдi. Халық мерекелердi тек қосымша демалыс күнiмен ғана байланыстырады. Мұның үстiне, олардың атүстiлiгi мен даңғазалығы қоғамда орынды наразылық тудырады, ал оның бiр ұшығы билiк институттарына және тұтастай алғанда мемлекетке келiп тиедi. Ерекшелiк ретiнде Жаңа жыл мен Халықаралық әйелдер күнiн ғана атауға болады, мұның өзi олардың бейсаясаттылығымен, бүкiл халықтың жаппай қатысуымен, ұрпақтан-ұрпаққа ауысып отыратын тұрақты дәстүрлермен байланысты екенi белгiлi.
      Қалыптасқан ахуалдың себебi мерекелердiң идеологиялық мазмұны мен өткiзу нысанының көбiне бүгiнгi күннiң болмысына сай келмейтiндiгiнде. Айқын идеологияның жоқтығы мерекелердi ұйымдастырудың қазiргi заманғы нысандарының жетiспеушiлiгiне және олардың ақпараттық-идеологиялық қамтылуының әлсiздiгiне әкеп соғады. Сонымен бiрге қоғам өзiнiң азаматтық тұтастығын, жалпыұлттық бiрлiк пен ынтымақтастық сезiмiн нығайтуға өте мұқтаж.
      Мерекелер халықтың рухани-мәдени топтасуын, өскелең ұрпақтың қоғамдануын, рухани және адамгершiлiк-имандылық құндылықтарды өрiстету мен ұластыруды қамтамасыз ететiн ұлттың идеялық топтасуының қуатты факторы екенін, қазiргi болмысты және мемлекеттiң стратегиялық даму басымдықтарын ескере отырып, жалпымемлекеттiк мерекелерге дайындық пен оларды өткiзудiң күллi жүйесiн тұжырымдамалық деңгейде қайта қараған жөн.

2. Тұжырымдаманың мақсаты мен мiндеттерi

      Осы Тұжырымдаманы әзiрлеу мен iске асырудың мақсаты республиканың қазiргi заманғы болмысын, күллi қоғам мен жеке алғанда әрбiр азамат үшiн мән-маңызы бар құндылықтарды бейнелейтiн әрi әлемдiк қоғамдастыққа мәдени кiрiгудi қамтамасыз ететiн мереке күндерiне дайындық пен оларды өткiзудiң бiрыңғай жүйесiн құру болып табылады.
      Тұжырымдамаға қойылған мақсатқа сәйкес мынадай түбiрлi мiндеттердi шешу көзделедi:
      Қазақстан Республикасында мереке күндерiне дайындық пен оларды өткiзудiң бiрыңғай қағидаттарын әзiрлеу;
      мереке күндерiнiң мазмұны мен өткiзу нысанын оңтайландыру;
      қазiргi заманғы РК-технологиялары негiзiнде мерекелердi ақпараттық-насихаттық қамтамасыз етудiң нысандары мен әдiстерiн әзiрлеу;
      мерекелердi материалдық-техникалық және қаржылай-бюджеттiк қамтамасыз ету схемасын айқындау.

3. Мереке күндерiне дайындық пен оларды өткiзудiң
негiзгi қағидаттары

      Әлемдiк практика көрсетіп отырғандай, ұлттық мереке мәртебесi мынадай өлшемдерге сәйкес келедi:
      ұлтына және дiнiне қарамастан, қоғамның барлық мүшелерi қолдайтын құндылықтар мен бағдарларға ерекше мән беретiн жалпыұлттық сипаты;
      осы этномәдени бiрлiкте қалыптасқан мерекенiң тарихи себептiлiгi;
      осы мерекенiң пайда болуын және ресми салтанатты мәжiлiстердiң тиiстi өрiсiн айқындаған уақиғаның жалпыұлттық ауқымы;
      мемлекеттiң тарихи дамуының шынайы ерекшелiгiн көрсетуi;
      мерекелерге жалпыұлттық сипат беру үшiн халықтың барлық әлеуметтiк, этникалық, конфессиялық және басқа да топтарының мүдделерiн ескеруi;
      ұлттық мереке мәртебесiнiң заңды ресiмделуi.
      Әлем елдерiнiң көпшiлiгiнде ұлттық мерекелердiң мынадай функциялар атқаратыны белгiлi:
      жалпыұлттық сананы, жалпыұлттық мұраттар жүйесi мен ұлттың өмiр сүру салтын қалыптастыруға, сондай-ақ қоғамның жалпыадамзаттық, либералдық-демократиялық құндылықтар негiзiнде топтасуына жәрдемдеседi;
      қоғамның өзiндiк мәдени бiрлiк ретiнде бiрiздендiрiлу процесiне мүмкiндiк туғызады;
      қоғамның әлемдiк мәдени кеңiстiкке кiрiгуiне мүмкiндiк жасайды.

      Қазақстанның тарихи даму кезеңiнiң ерекшелiгiн ескере отырып, мерекелер мынадай принциптерге сай келуге тиiс:
      Қазақстанның мемлекеттiлiгiн нығайтуға;
      қоғамның топтасуына, iшкi саяси тұрақтылықты, азаматтық татулық пен ұлтаралық келiсiмдi қамтамасыз етуге;
      қоғамның демократиялануына және ымырашылдығына;
      қоғамда қолайлы әлеуметтiк-психологиялық жағдай туғызуға, әлеуметтiк серiктестiк қарым-қатынастарын қалыптастыруға;
      әлемдiк қоғамдастықта Қазақстанның оң бет-бейнесiн нығайтуға, оның әлемдiк экономикалық кеңiстiкке кiрiгуiне;
      қоғамды "Қазақстан-2030" Стратегиясының мiндеттерiн орындауға жұмылдыру.

      "Ұлттық" терминiнiң мағынасы мерекенiң қоғам үшiн ерекшелiгiн бейнелеп қана қоймайды, ол қоғамдық даму мұқтаждары мен құндылықтарына сай келедi және қоғамды осы дамудың мiндеттерiн iске асыруға жұмылдыруға ықпал етедi деп тұжырымдауға болады.
      Мереке (мереке күнi) ұлттық мерекеден өзгеше, жоғарыда аталған өлшемдердiң кейбiрiне ғана сай келiп, жекелеген функцияларды ғана атқара алады. Оның тарихи дамудың нақты кезеңi үшiн өзектi, мазмұны қоғам өмiрiнiң өткiнші, неғұрлым субъективтi жақтарымен байланысты қосымша өзiндiк белгiлерi мен ерекшелiктерi болуы мүмкiн.
      Атаулы күн белгiленген өлшемдер мен функциялардың көбiне сәйкес келе отырып, қоғамның мүшелерiнiң басым көпшiлiгi үшiн өзектi болады. Бiрақ мереке мәнiнiң ерекшелiгiне қарай не мерекеге тән белгiлерi жоққа тән, не өзi қалыптасу және даму процесiн бастан кешу үстiндегi және де ықтималында ғана мерекеге айналар атаулы күн сөзсiз мереке болып танылмайды. Сонымен, атаулы күн мереке мәртебесiне (белгiлерiне) жалаң сәйкес келгенiмен объективтi себептермен осы деңгейдiң мазмұндық әлеуетiне ие емес.
      Кәсiби мереке де жекелеген өлшемдерге сәйкес келiп, жоғарыда аталған кейбiр функцияларды кәсiптiң сипаты мен ерекшелiгi арқылы айқындалатын неғұрлым шағын әлеуметтiк топта ғана атқара алады. Бұл мерекелердi дайындау мен өткiзу осы Тұжырымдаманың талаптары ескерiле отырып жүзеге асырылады.
      Бейресми (дiни) мереке осы Тұжырымдаманың өлшемдерi мен мiндеттерiне толық жауап бермеуi мүмкiн, бiрақ ол оларға қайшы келмеуге тиiс.
      Барлық аталған мерекелер санаттары жоғарыда көрсетілген принциптерге сай болуға тиiс.
      Осы орайда мерекелердiң жаңа құрылымын олардың сатылылығы мен типологиясын мынадай басым бағыттар шеңберiнде айқындаған жөн:

      жүйелі сипатты:
      ұлттық мереке мәртебесiн Тәуелсiздiк күнiне және Қазақстан халқының бiрлiгi мерекесiне беру ұсынылады. Тәуелсiздiкке 10 жыл толу жылында Тәуелсiздiк күнiне ұлттық мереке мәртебесiн беру және мұны Қазақстан Республикасы Президентiнiң арнайы Жарлығымен бекiту қисынды болар едi. Мұндай қадам мерекелiк салтанатқа ерекше салмақ пен мәндiлiк бередi;
      Қазақстан халықтары Ассамблеясының қоғамдық-саяси рөлiнiң жоғарылауына, жаңа дәуiр жағдайында азаматтық татулық пен ұлтаралық келiсiмдi сақтау мәселелерiнiң зор өзектiлiгіне және реформалардың жалғасуына байланысты Қазақстан халықтарының бiрлiгi мерекесiне ұлттық мәртебе берген жөн. Осы қадам мемлекеттiң жалпыадамзаттық және демократиялық құндылықтарды, азаматтық қоғам мұраттарына бейiлдiлiгiн көрсетедi;
      1989 жылғы 22 қыркүйектегi "Қазақ КСР-iндегi Тiлдер туралы заңының" қабылдануына негiзделген Қазақстан халықтарының тiлдерi күнiн Қазақстан халықтарының бiрлiгi мерекесiнiң құрамды бiр бөлiгi ретiнде өткiзген жөн;
      Республика күнi мерекесiне оны өткiзу мерзiмi мен идеологиясын өзгерiссiз қалдыра отырып, мереке күнi мәртебесiн берген жөн;

      мазмұндық сипатты:
      Мерекелердiң идеологиялық мазмұнын жаңарту (толығырақ "Қазақстан Республикасында мереке күндерiн дайындау мен өткiзу стратегиясы" атты 4-бөлiмдi қараңыз);

      ұйымдық сипатты:
      әрбiр мереке салтанатын iске асыру жөнiндегi шаралар республикалық, аймақтық және жеке-азаматтық деңгейде өтуге тиiс. Оларды өткiзу мереке күнi өтетiн салтанатты мәжiлiстермен шектелмейдi. Мереке қарсаңындағы жұмыс күндерi мереке алдындағы күндер болып табылады және мереке алдындағы соңғы күннiң жұмыс уақыты бiр сағатқа қысқарады деп белгiленсiн. Бұл күнi кәсiпорындар мен мекемелерде мерекенiң тақырыбына сәйкес ресми iс-шаралар мен салтанатты мәжiлiстер өткiзудi, сыйақылармен, бағалы сыйлықтармен марапаттауды, алғыс жариялауды практикаға енгiзу қажет. Мереке қарсаңында жәрмеңкелер өткiзудi; табысы төмен және әлеуметтiк қорғансыз топтар үшiн медициналық қызмет көрсету, қоғамдық көлiкте жүру жөнiнде жеңiлдiктердi; шығармашылық ұжымдардың, дәрiгерлердiң, заңгерлердiң алыс және қатынас қиын аудандарға баруын көздеген жөн;
      барлық мектепке дейiнгi, орта, жоғары бiлiм беру мекемелерiнде, тәрбие беру мекемелерiнде Қазақстан Республикасының алдағы мерекесiнiң тарихына, мазмұнына және идеологиясына арнап мереке қарсаңындағы күндерi дәрiс өткiзу;
      iс-шараларды өткiзiлетiн мерзiмдерi бойынша бiр-бiрiмен қабаттаспайтындай етiп, кезең-кезеңмен өткiзу қажет. Аймақтық iс-шаралар жалпы республикалық iс-шараларды тұтастай қайталамай, оларды толықтыра түсiп, мазмұнын жергiлiктi деңгейде ашуға тиiс;
      олардың артық саясатшылдығынан, қасаңдығынан, әсiре ресмилiгi мен даңғазалығынан көрiнiс табатын мерекелердi өткiзу нысандарының идеяшылдығын, оларды неғұрлым демократияландыру, адамдарға жуықтату жағына қарай азайту қажет;
      мерекелердiң нышандары мен эмблемаларын жоғары көркемдiк деңгейде ғылым және өнер қайраткерлерi iшiнен сарапшыларды тарта отырып, жасау қажет, авторлар және дизайнерлер мен суретшiлер ұжымдары жұмыстарына республикалық деңгейде логотиптердi мiндеттi түрде бекiте отырып, конкурстық таңдаулар өткiзу;
      iс-шаралардың халықтың белгiлi бiр әлеуметтiк жiктерiне айқын бағытталуы олардың тиiмдiлiгiнiң аса маңызды шарты болып табылады. Мерекелiк салтанатта денi басым, өздерi үшiн (соғыс және еңбек ардагерлерi, балалар, әйелдер және т.б.) осы мереке мейлiнше маңызды әлеуметтiк топты айқындау және оған бiрқатар iс-шараларды атаулы түрде арнау қажет;
      негiзгi назарды практикалық iстерге аудару (халықтың табысы төмен топтарына атаулы материалдық қолдау көрсету; нақты әлеуметтiк мәселелердi шешуге бағытталған бұқаралық шаралар және т.б.);
      мерекелердi дайындау мен өткiзу процесiне халықтың жаппай тартылуын қамтамасыз ету;
      мерекелердi коммерциялық тұрғыда тиiмдi немесе, ең болмағанда, өзiн-өзi өтейтiн мерекелерге айналдыру мүмкiндiгiн қарастыру. Мысалы, туристер тарту есебiнен.
      Тұжырымдаманың тиiмдiлiгiн арттыру мақсатында оны екi бағытта: осы Тұжырымдаманың iске асырылуын мемлекеттiк саясаттың басқа бағыттарымен үйлестiруге және байланыстыруға мүмкiндiк беретiн ұйымдық бағытта; өзгермелi қоғамдық-саяси жағдайларға сәйкес дер кезiнде Тұжырымдамаға түзету енгiзiп отыруға мүмкiндiк беретiн ақпараттық-талдау бағытында жүзеге асырған жөн.

4. Қазақстан Республикасында мереке күндерiне
дайындық пен оларды өткiзудiң стратегиясы

ЖАҢА ЖЫЛ

      "Қазақстан Республикасындағы мереке күндерi туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1995 жылғы 18 қазандағы N 2534 Жарлығымен 1 және 2 қаңтар мереке күндерi болып жарияланған.
      Жаңа жыл григориан жыл санауды қабылдаған мемлекеттерде дәстүрлi аталып өтiледi. Ресейде бұл мерекені I Петр 1700 жылы Жаңа жылды тойлауды "басқа еуропа халықтарымен келiсiмге" келтiру мақсатында енгiздi. Соңғы ғасырда мереке зайырлы сипатқа ие болды.
      КСРО пайда болғаннан кейiн мемлекеттiк мереке ретiнде Одақтың бүкiл аумағында және Еуропаның көптеген социалистiк елдерiне тарады. Еуропа, Америка және Австралия елдерiнде рождество мерекелерiнiң үлкен мәнi бар, Шығыс және Азия елдерiнде Жаңа жыл ай немесе күн күнтiзбелерi бойынша аталып өтiледi және әр түрлi айларға сәйкес келедi.
      1-2 қаңтарда сол сияқты басқа да халықаралық және ұлттық мерекелер атап өтiледi: Дүниежүзiлік бейбiтшiлiк күнi (VI Павел папа енгiзген, 1968 жылдан берi аталып өтiледi), Тәуелсiздiк күнi (Гаити Республикасы, Судан Республикасы), Азаттық алу күнi (Куба Республикасы) және т.б.
      Қазақстанда Жаңа жыл 1-2 қаңтарда атап өтiледi және халықтың ең сүйiктi мерекелерiнiң бiрi болып табылады.
      Тұтастай алғанда, Қазақстанда осы мерекеге тән мынадай негiзгi белгiлердi атап өтуге болады:
      мерекемен өткен кезеңнiң қоғам қызметiнiң барлық саласындағы қорытындысы және жаңа мiндеттер мен мақсаттардың мемлекет ауқымында да, сондай-ақ жеке алғанда, отбасы мен әрбiр адам деңгейiнде де iске асырылуының басталуы байланыстырылады;
      Жаңа жыл ең бұқаралық мерекелердiң бiрi болып табылады. Осы кезеңде қатысушылар санының көптiгiне арналған iс-шаралардың елеулi бөлiгi өткiзiледi (балалар мерекелерi, жастар балы және т.б.). Сонымен бiрге Жаңа жыл отбасы мерекелерiнiң санатына жатады.
      Сөйтiп, Жаңа жыл мерекесi ұлты мен дiнiне қарамастан, барлық адамның өмiрiндегi маңызды оқиға болып табылады. Онда жалпыадамзаттық, демократиялық құндылықтар түрiнде топтастыру әлеуетi бар. Бұл орайда ол қайырымдылыққа, халықтың табысы төмен топтарына, балаларға, мүгедектерге мемлекеттік қамқорлық көрсету үшін зор мүмкiндiктер туғызады.

      Мерекенiң мақсаты мен мiндеттерi
      Мерекенiң мақсаты - қоғамда әлеуметтiк сенiмдiлiк сезiмiн қалыптастыру, қоғамды имандылық, қоғамдық келiсiм және қазақстандық отансүйгiш идеялары төңiрегiнде топтастыру.

      Мiндеттер
      Жалпыдемократиялық және жалпыадамзаттық құндылықтарға негiзделген қоғамды топтастыру.
      Халықтың әлеуметтiк қорғансыз топтарына атаулы көмек көрсету, қайырымдылық пен демеушiлiк институтын қалыптастыру.
      Салауатты өмiр салтын қалыптастыру, мерекенi халықты спорттың қысқы түрлерiмен шұғылдануға тарту үшiн пайдалану.
      Мемлекеттiң өткен жылдағы оң жетiстiктерiн насихаттауға және жаңа жылда көзделген мақсаттарды түсiндiруге бағытталған мерекенi ақпараттық-идеологиялық тұрғыдан қолдау.
      Қоғамда жалпыадамзаттық құндылықтарға негiзделген дәстүрлерді одан әрі қалыптастыру.
      Отбасының бос уақытын ұйымдастыру, отандық жаңа жылдық ойын-сауық телерадио бағдарламаларын жасау.
      Жаңа жылды тойлаудың мақсаты мен мiндеттерiне қол жеткiзу мынадай негiзгi бағыттарда жүзеге асырылуға тиiс: ақпараттық-насихаттық; мәдени-бұқаралық; атаулы қайырымдылық көмек көрсету және мемлекеттiк, аймақтық және жергiлiктi деңгейде атап өтiлуге тиiс.
      Жаңа жылдық мерекенiң эмблемасы мен нышаны алдымен отбасылық құндылықтарды, мейiрiмдiлiктi, Жаңа жылда жаңа жетiстiктерге қол жеткiзу сенімiн бейнелеуге тиiс. Нышандар жасаудың көп жылғы тәжiрибесi бар, сондықтан аймақтарға негiзгi тақырыпты дербес әзiрлеуге мүмкiндiк беріп, тек саяси сәттердi бейнелейтiн жетекшi тақырыптарды айқындаған жөн.
      Мереке эмблемасының бейнеленуi адамдарды қуантатындай, ашық, үйлесiмдi, көзге жылы болуға тиiс. Әрбiр үйде тұратын мереке эмблемасы бар бұйымдар (шарлар, жапсырмалар, ойыншықтар және т.б.) жасау үшiн эмблеманы жобалау мереке басталғанға дейiн аяқталуға тиiс. Эмблемамен бiрге 12 жылдық циклды негiзге ала отырып, ұлттық бояумен мерекелiк бойтұмарды жасаған жөн.
      Жаңа жылдың түр-түс үйлесiмi көк түстiң спектрiне (ақшыл-көгiлдiр, көгiлдiр, көк, қара көк) және қызыл түске - от түсiне негiзделiп ақ сұр түсте жасалуға тиiс.

      Мерекелiк идеялық көркемдiк тұжырымдамасы
      Қазақстан Республикасы Президентiнiң күллi мемлекеттiк электрондық БАҚ бойынша өтiп бара жатқан жылдың соңғы минуттарында берiлетiн жыл сайынғы құттықтауы. Құттықтаудың негiзгi идеясы - өткен жылдың негiзгi қорытындыларын көрсету және мемлекет дамуының алдағы жылдағы басым бағыттарын жария ету.
      Президенттiң Жаңа жыл қарсаңындағы сөз сөйлеуi қазақстандық отансүйгiштiктi қалыптастырудың ең әсерлi компоненттерiнiң бiрi болып табылады, халық оны мемлекеттiң саяси тұрақтылығының белгiсi ретiнде қабылдайды. Президент сөз сөйлеген сәтiнде өзiнiң Мемлекет басшысы, оның жоғары лауазымды тұлғасы, халық пен мемлекеттiк билiк бiрлiгiнiң нышаны әрi кепiлi (Қазақстан Республикасы Конституциясының 40-бабы) ретiндегi мiндеттерiн неғұрлым айқын iске асырады.
      Жаңа жылдық iс-шараларды ел басшылығының қатысуымен ұйымдастыру мен өткiзу жөнiндегi жұмыс маңыздылығы бойынша келесi бағыт болып табылады.

      Президенттiң жаңа жылдық шыршасы
      Президенттiң жаңа жылдық шыршасы Қазақстанда 1991 жылдан бастап жетiм балалар, мектеп-интернаттар тәрбиеленушiлерi, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар мен табысы аз көпбалалы отбасы балалары үшiн өткiзiледi. Мерекенің мазмұны ағымдағы жылдың тақырыбымен айқындалады. Шырша жыл сайын Қазақстанның бір облыс орталығында өткiзiледi. Мерекенiң теледидарда көрсетiлетiн нұсқасы жасалады, оны "Хабар" компаниясы дәстүрлi түрде 1 қаңтарда берiп отырады. Бұл iс-шараның тәрбиелiк мәнiн едәуiр кеңейтедi әрi оның дайындығына да талапты күшейтедi.
      Алғашқы мерекенi атап өткен күннен берi 10 жыл iшiнде осындай iс-шараларды тиiмдi тәрбие құралы ретiнде пайдалану жөнiнде едәуiр тәжiрибе қалыптасқан.
      Жыл сайын, соның iшiнде жергiлiктi жаңа жылдық балалар мерекесi үшiн:
      балалар үшiн отансүйгiштiк бағыттағы жаңа поэзиялық және музыкалық шығармаларды, әсiресе оларды мемлекеттiк тiлде жасау жөнiндегi жұмысты жүргiзу;
      мерекенi балалар үшiн әсерлi деңгейде, белгiлi жас тобына түсiнiктi етiп ұйымдастыруға мүмкiндiк беретiн сценарий материалының дайындалуын қамтамасыз ету;
      осындай шыршатойды өткiзудiң сценарий жоспары осы iс-шараға шақырылған әрбiр баланың белсендi қатысуы ескерiле отырып, қайта қаралуға және жаңалануға тиiс;
      мерекелерге дайындық жасау кезiнде ағымдағы және жаңа жылдың тақырыбын ескеру;
      республикалық және аймақтық (облыстық, аудандық) мерекелер үшiн сценарийлер жасаудың конкурстық тетiгiн қамтамасыз ету қажет.
      Жаңа жылдық жастар балы 1994-1997 жылдары өткiзiлдi. Iс-шараға Қазақстан Республикасының Президентi Н.Ә.Назарбаев және оның отбасы қатысатын. Кездесуге жас ғалымдар, шығармашылық жастар, ең үздiк спортшылар шақырылатын. Жаңа жылдық жастар балын өткiзудi қайта жаңғырту мүмкiндiгiн қарастырған жөн.
      Балалар үшiн аймақтық деңгейде әкiмдердiң жаңа жылдық шыршалары өткiзiледi. Соңғы кезде түрлi ұйымдардың халық үшiн сан жағынан да едәуiр көп, сапасы жағынан да жеткiлiктi жақсы, ақылы жаңа жылдық iс-шараларды өткiзетiнiн ескере отырып, жергiлiктi органдар халықтың әлеуметтiк қорғансыз топтары: жетiм балалар мен ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар, мүгедектер, жалғызiлiктi зейнеткерлер және т.б. үшiн қайырымдылық іс-шараларын ұйымдастыруға ерекше көңiл бөлуi қажет.
      Қалыптасқан iзгiлiк дәстүрлерiн пайдалана отырып, жергiлiктi деңгейде халықтың ұйымдасқан топтарына жаңа жылдық мерекелердi, бұқаралық iс-шараларға қатыса алмай үйде қалатын мүгедек балалар үшiн атаулы құттықтауларды (Аяз Ата мен Ақшақардың келуiн), табысы аз азаматтар үшiн қайырымдылық ас ұйымдастыруға болады. Осы жұмысқа қоғамдық институттарды және халықты кеңiнен тарту қажет. Халықтың қайырымдылық iзгiлiк қызметке деген ұмтылысын қалыптастыру үшiн БАҚ-тың белсендi және мақсатты бағытталған жұмысының маңызы зор.
      Бұқаралық іс-шараларды үй-жайлардан тыс ұйымдастыру қажеттiгiне көңiл бөлген жөн. Мұз қалашықтарының бүкiл жергiлiктi тұрғындар үшiн қысқы ойын-сауық орталықтары ретiнде қолжетiмдi болуы өздерiн жақсы жағынан танытты.
      Салауатты өмiр салтын насихаттау үшiн әуесқой аула командалары арасындағы спорттың қысқы түрлерi бойынша жарыстар, өткен жылдан жаңа жылға өтудiң бұқаралық эстафеталары (мысалы, 1999 жылдан 2000 жылға) және т.б. (осындай жарыстарды өткiзу үшiн жергiлiктi органдар мемлекеттiк спорт бағдарламасына сәйкес қарапайым спорт құрылыстарын: хоккей алаңдары, шаңғы жолдарын, сырғанақтарды және т.б. салуы қажет) сияқты таза ауада өткiзiлетiн бұқаралық iс-шаралардың мүмкiндiгi зор.
      Елдi мекендердiң қазiргi заманға сай безендiрiлуi де үлкен рөл атқарады. Қалыптасқан дәстүрлерден басқа (электрлi әшекейлердi, мұз бен қардан жасалған мүсiндердi, ұрандарды және т.б. пайдалану), мынадай принциптер ескерiлуге тиiс:
      безендiрудiң қауiпсiздiгi;
      безендiрудiң композициялық тұтастығы (дизайнерлiк әзiрлемелер жыл сайын Интернетте, арнайы және бұқаралық БАҚ-та берiледi);
      ұрандар мазмұнының жаңа жыл тақырыбына сәйкестiгi.

      Мерекені ақпараттық-идеологиялық тұрғыдан қолдау
      БАҚ-та Жаңа жылды жария етуде республиканың дамуының өткен жылғы қорытындысына баса назар аударып, алдағы жылдың мiндеттерi мен болашағын ашу қажет.
      Қазіргi заманғы технологияларды пайдалана отырып, мемлекеттiң оң бет-бейнесiн жақсарта түсу маңызды болып табылады.
      Жаңа жыл қазақстандықтардың санасында әлеуметтік сенiмдiлiкпен, қорғаны барын сезiнумен, мемлекет пен оның экономикасының тұрақтылығын ғана емес, өзiнiң де отбасындағы орнықтылықты сезiнумен байланысты болуға тиiс.
      Насихаттау неғұрлым демократиялық тәсiлдермен, бейресми түрде байыпты жүзеге асырылуға тиіс.

      Қаржы және ресурстар
      Республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң қаржысын, салалар мен ведомстволар бойынша бөлiнген қаржысын, демеушiлiк қаржысын, қайырымдылық қорлар қаржысын Жаңа жылды өткiзудiң материалдық ресурстары деп айқындаған жөн.
      Еңбекшiлерге, жалданып жұмыс iстейтiндерге еңбекақыны толық төлеуге, сондай-ақ әртүрлi сыйлықақыларды төлеуге көңiл бөлу қажет.
      Мемлекеттiк республикалық комиссияны, аймақтық комиссияларды, Қазақстан халықтары ассамблеясын, қоғамдық ұйымдармен қозғалыстарды, саяси партияларды, ҒӨБ-дi, (ғылыми-өндiрiстiк бiрлестiктердi), ғылым және мәдениет қайраткерлерiн, әртүрлi конфессияларды және т.б. жаңа жылдық салтанатты мәжiлiстердi өткiзудiң ұйымдық ресурстары деп санауға болады.

      Күтiлетiн нәтижелер
      Жаңа жылдық мерекелердiң Тұжырымдамасын iске асырудың нәтижелерi ретiнде Қазақстан халқының достығы мен ынтымақтастығын нығайту, олардың болашақтағы айқын бағдарының болуы, реформаларды, демократияландыруды жүргізу, азаматтық татулық пен ұлтаралық келісімді қамтамасыз ету жүргiзiлiп отырған мемлекеттiк саясатқа байланысты қоғамда әлеуметтiк сенiмдiлiктi, жағдайдың одан әрi жақсарта беретiнiне сенiмiн қалыптастыру деп болжауға болады.

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘЙЕЛДЕР КYНI

      8 наурыз - Халықаралық әйелдер күнi әйелдердiң бейбiтшiлiк, демократия үшiн, әйелдердiң экономикалық, әлеуметтiк және саяси тең құқықтылығы үшiн күрестегi халықаралық ынтымақтастық күнi ретiнде пайда болып, тұңғыш рет 1911 жылы атап өтiлдi.
      Тарихи эволюция барысында әйелдердiң қоғамдық санада ана, әйел, адамзаттың тамаша екiншi жартысы ретiнде салтанат құруымен ол бiрте-бiрте өзiнiң өткiр саяси және төңкерiсшiл мәнiн жоғалта бастады. Мереке қоғамның бұқаралық санасында барған сайын неғұрлым азаматтық, бейбiтшiл сипатқа ие болып келедi.
      Қазақстанда бұл мереке демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет құру тұрғысында, сондай-ақ көпұлтты әрi көп конфессиялы қоғам болуына байланысты айрықша маңызға ие. Оның мазмұнында қоғамды әлеуметтiк және азаматтық салада қуатты топтастыру факторы болуға қабiлеттi және жеке тұлғалық, этникалық, жалпымәдени әрi жалпыадамзаттық компоненттер (негiздер) тоғысқан. Ол дербес, отбасылық-топтық, жалпы мемлекеттiк деңгейлерде атап өтiлiп, күллi халықты жан-жақты қамтиды.
      Сонымен қатар оның демократиялық бағыттылығы мен атаулылығы Қазақстанның гендерлiк болмыс негiзiнде дүниежүзiлiк қоғамдастыққа тереңiрек кiрiгуiне мүмкiндiк бередi.
      Аталмыш мерекенiң атауы мен өткiзу мерзiмiн өзгерту жөнсiз.
      Тұжырымдама, оның мақсаты мен мiндеттерi, сондай-ақ 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күнiнiң мазмұны қоғамды демократияландыру мен либерализациялау жөнiндегi мемлекеттiк саясат жүйесiндегi оның орны мен рөлiн айқындайды.

      Мерекенiң мақсаты мен мiндеттерi
      Мерекенi өткiзудiң негiзгi мақсаты қоғамдық өмiрдегi әйелдердiң даму үстiндегi әлеуметтiк рөлiн көрсету мен нығайту, саяси тұрақтылықты, азаматтық татулық пен ұлтаралық келiсiмдi қамтамасыз етудегi оның қызметiн жандандыру болып табылады. Сонымен қатар мынадай мақсаттарды бөлiп айту керек:
      әйелдердiң азаматтық құқықтарын iске асыру негiзiнде қоғамдық келiсiмдi, iшкi саяси тұрақтылықты нығайту;
      әйелдердiң ана ретiнде отбасындағы рөлiн нығайту, қазақстандықтардың отбасыларында қолайлы психологиялық жағдай туғызу;
      әйелдерге мемлекеттiк қамқорлық саясатын қалыптастыру;
      елде демографиялық ахуалды жақсарту;
      өскелең ұрпақты ата-ананы құрметтеу, олар үшiн жауапкершiлiк сезiмiне баулу, ұрпақтар арасындағы байланысты нығайту;
      салауатты өмiр салтын қалыптастыру;
      балаларды оқумен жаппай қамту үшiн күресу.

      Мiндеттерi
      Әйелдердiң мемлекеттiк және қоғамдық өмiрге тең құқылы қатысуының көрсетілуін қамтамасыз ету.
      Мемлекеттiң еңбек нарығында, халықтың этникалық шашыраңқы топтары арасында әйелдердiң құқықтарын қорғауды, әйелдердiң денсаулығын қорғауды, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа жол бермеуге бейiлдiлiгiн қуаттау.
      Табысы төмен отбасылар мен жалғыз басты аналарға атаулы көмек көрсету.
      Қоғамда, әсiресе жастар арасында, әйелге құрмет сезiмiн қалыптастыру. Ана болу, неке, отбасы құндылықтары мен қуанышын насихаттау және қолдау.
      Салауатты өмiр салтын насихаттау.
      Отбасының бойтұмардай сақтаушысы ретiнде әйелдердiң Қазақстан жерiнде бейбiтшiлiк пен тыныштықты сақтаудағы рөлiн аша түсу.

      Тұтас алғанда эмблемасы мен нышандары
      Мереке эмблемасы етiп, жергiлiктi жерлерде таралымын көбейту үшiн оларды графикалық дизайн жолымен айшықтай отырып, Әйел-Ананы, сондай-ақ "8" цифрын бейнелейтiн кескiндi таңдау керек. Бұл үшiн не бүкiл әлемге әйгiлi көркем бейненi (картинаны, портреттi, мүсiндi), не ұлттық автордың Қазақстанның этникалық және тарихи ерекшелiктерiн көрсететiн сол тәрiздi шығармасын таңдап алып, эмблеманың көркемдiк негiзiн айқындау ұсынылады. Мерекенiң түр-түс үйлесiмi көктемнiң тууы мен табиғаттың оянуын бейнелейтiн нәзiк пастель түстерде (нәзiк-жасыл, күңгiрт-сары, жұмсақ-көгiлдiр және ашық қызғылт көрiнiс) табады.

      Іс-шаралардың идеялық-көркемдiк тұжырымдамасы
      iс-шараны атаулы, жоғары деңгейде, бiрiншi басшыларды қатыстыра отырып жүргiзу;
      әйелдердiң әлеуметтiк қорғансыз топтарына (мүгедектерге, қарияларға, жалғыз басты әйелдерге, үй шаруасындағы әйелдерге, жұмыссыздарға) айрықша назар аудару;
      көшелер мен мереке өтетiн орындарды, бұл ретте жарнаманың қазiргi заманғы құралдарын пайдалана отырып, мерекелiк безендiрудi ұйымдастыру қажет;
      әйелдердiң қоғам өмiрiндегi рөлiн, отбасылық құндылықтарды, аналық мұратын баса көрсететiн сыйлықтар мiндеттi;
      әйелдердi "Алтын алқа", "Күмiс алқа" алқаларымен, "Құрмет" орденiмен, "Ерен еңбегi үшiн" медалiмен марапаттауды осы мерекеге орайластыру керек;
      әйелдердiң мерей-мәртебесiн асыруға бағытталған, әйелдердi қолдау жөнiндегi мемлекет саясатын баса көрсетуге және жандандыруға жәрдемдесетiн аймақаралық, салалар, кәсiпорындар және сол сияқтылар бойынша конкурстар;
      Көп балалы аналарды, әсiресе ана тәрбиесiнiң арқасында балалары қоғамда табысқа қол жеткiзгендерiн ардақтау;
      теледидар бағдарламаларын, баспасөз материалдарын мүмкiндiгiнше отбасылық көру мен оқуға бағдарлау;
      iс-шараларды, ұлттық дәстүрлер мен қазiргi заманғы болмысты үйлестiре отырып, этномәдени ерекшелiктерге, байланысты бұқаралық қоғамдық өмiрге жеткiлiктi араласа алмаған әйелдердi неғұрлым толық қамту үшiн өткізу қажет.
      Халықаралық әйелдер күнiн мерекелеуге байланысты салтанаттың шырқау биiгi махаббат, ана болу бақытын, от басылық құндылықтарды бейнелейтiн Бiрiншi ханымның қамқорлығымен өтетiн "Шолпан" (көктемгi зеңгiр аспандағы ең жарық жұлдыз) көктемгi балы болуы мүмкiн Қысқы Президенттiк Жаңа жыл балы сияқты "Шолпан" көктемгi балы да, елдегi көпке аты белгiлi әйелдер қатыстырыла отырып, жоғары идеялық-көркемдiк деңгейде ұйымдастырылуға тиiс. Бұл Бал мемлекеттiң ашықтығы мен демократиялылығын, оның жалпыадамзаттық құндылықтарға бейiлдiлiгiн Қазақстан қоғамындағы әйелдердiң биiк мәртебесiнiң танылуын, анаға, отбасына деген қадiр-құрметтi паш етуге тиiс.

      "Шолпан" көктемгi балы:
      Қазақстан өнер шеберлерiнiң және ұлттық, фольклорлық шығармашылық ұжымдардың бiрлескен концертiн;
      бал бағдарламасында сән үлгiлерiн көрсетудi, атақты әйелдермен сұхбат жүргiзудi, қоғамдық-саяси өмiрдегi әйелдердiң жетiстiктерiн көрсетудi көздеу маңызды;
      мысалға, жыл сайынғы "Қазақстан аруы" республикалық сұлулық байқауының бiр кезеңi тәрiздi, сұлулық байқауын;
      бүлдiршiн және жасөспiрiм жастағы қыз балалар арасындағы шығармашылық байқауды;
      Қазақстан қоғамындағы әйелдердiң мәртебесi мен рөлiн көтеру үшiн жағдай туғызу жөнiндегi мемлекеттiң күш-жiгерiн көрсетудi;
      Балға "Бөбек" қоры балалар ауылдарынан балаларды, көп балалы аналарды қатысуға тарту арқылы iске асырылатын ана тақырыбын қамтуға тиiс.
      Мынадай жарқын дәстүрдi енгiзу ұсынылады. "Шолпан" Көктемгi Балы елдiң Бiрiншi ханымының күллi қазақстандық отбасыларына Халықаралық әйелдер күнi игiлiк пен молшылық, жақсылық пен жасампаздық, денсаулық пен қуаныш тiлей отырып, сөз арнауымен аяқталады.

      Мерекенi ақпараттық-идеологиялық тұрғыдан қолдау
      Мерекені ақпараттық тұрғыдан қолдау теледидарда, радиода, баспасөзде осы мерекенiң тарихын оның бағыттылығын нақты баяндауды да, Қазақстан дамуының проблемаларымен әрi бағыттарымен байланыстыра қаралған адамзат тарихындағы неғұрлым белгiлi әйелдер туралы ақпаратты да қамтуға тиiс. Елдiң қоғамдық-саяси өмiрiндегi әйелдердiң рөлiн жария етудi, әйелдердiң әлеуметтiк және қоғамдық мәртебесiн көтеруге бағытталған мемлекет саясатының нәтижелерiн жарқын үлгiлермен өрнектей отырып, оған айрықша назар аударуды ақпараттық науқанның басты тақырыбы ету қажет. Республикалық және аймақтық басылымдарда құттықтау материалдарын әйелдерге арнап жазылған немесе арналған көркем шығармалар жариялау, күллi бұқаралық ақпарат құралдарында арнаулы айдарлар ашу маңызды.

      Қаржы және ресурстар
      Iс-шараны өткiзудiң материалдық негiзi:
      республикалық және жергiлiктi бюджеттерден салалық кәсiпорындардан, кәсiподақтардан және сол сияқтылардан арнаулы мақсатты қаржы бөлу;
      қайырымдылық қорлары;
      демеушiлiк қаржылары;
      халықаралық және қазақстандық әйелдер ұйымдарының гранттары болуға тиiс.

      Салтанатты өткiзудiң ұйымдық ресурстары:
      Қазақстан Республикасы Президентi жанындағы Отбасы және әйелдер iстерi жөнiндегi ұлттық комиссия, аймақтардағы, салалардағы және барлық деңгейдегi ведомстволардағы осыған ұқсас құрылымдар;
      Қазақстан халықтарының ассамблеясы, ұлттық-мәдени орталықтар;
      қоғамдық, бейүкiметтiк, халықаралық гендерлiк ұйымдар, қайырымдылық қорлары, бұқаралық ақпарат құралдары;
      ғылым мен мәдениет қайраткерлерi, конфессияларды рухани жетекшiлерi.

      Аталған тұжырымдаманы іске асырудан күтiлетiн нәтижелер:
      "Қазақстан-2030" стратегиясының мiндеттерiн шешуде әйелдердiң қоғамдық және саяси қызметiн жандандыру;
      Қазақстанда азаматтық татулық пен ұлтаралық келiсiмді нығайту;
      демократиялық құндылықтар негiзiнде қоғамды топтастыру;
      демографиялық ахуалды жақсарту, отбасын нығайту;
      мемлекеттiң қалыптасқан жағымды беделiн көтере түсу;
      әйел құқықтарын қорғау мен iске асыру, ана мен баланы қорғау саласын жақсарту;
      жұмыссыз әйелдердiң санын қысқарту;
      әйелдерге зорлық-зомбылық көрсету деңгейiн төмендету болуға тиiс.

      Осы Тұжырымдаманы iске асырудың тиiмдiлiгiн бағалауды Қазақстан Республикасының Президентi жанындағы Отбасы және әйелдер iстерi жөнiндегi ұлттық комиссия, сондай-ақ бейүкiметтiк әйелдер ұйымдарының тәуелсiз қоғамдық сараптамасы жүзеге асыруға тиiс.
      Бұл ретте мынадай жағдайларды:
      бұқаралық шараларды өткiзуге атсалысқан әйелдер саны. Өткiзiлген iс-шаралардың саны мен сапасын;
      әлеуметтiк және қайырымдылық көмек қаржысының сомасы және онымен қамтылған мұқтаж әйелдер саны, Орта есеппен бiр әйелге тиесiлi соманы;
      орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың қатысуымен өткiзiлген қайырымдылық шараларының санын;
      әйелдерге зорлық-зомбылық жасау оқиғаларын азайтудың әлеуметтiк көрсеткiштерi, мұндай оқиғалардың неғұрлым толық есебiн;
      еңбекпен қамтылған әйелдер санын бөлек, жалғыз басты аналар, зейнеталды жасындағы әйелдер санын бөлек көрсету және тұтас алғанда жұмыссыз әйелдер санын азайтуды;
      ер адамдармен салыстырғанда әйелдерге еңбекақы төлеу деңгейiн;
      балабақшалар мен бөбектер үйлерiндегi орындар санын ескеру қажет.
      Тиiмдiлiгiн бағалау тұжырымдаманы талдаумен қамтамасыз етудi жүргiзуге, оны түзетудiң мерзiмi мен параметрлерiн айқындауға мүмкiндiк бередi.

НАУРЫЗ МЕЙРАМЫ

      Наурыз мейрамы жер бетiндегi ең ежелгi мерекелердiң бiрi, ол көктем мерекесi және табиғаттың оянуы ретiнде 5 мың жылдан астам уақыттан берi аталып өтуде.
      1926 жылы тыйым салынғаннан кейiн "Наурыз мейрамы" Қазақстанда тұңғыш рет 1988 жылы мерекеленiп, кең көлемде қоғамдық сiлкiнiс тудырды. "Көктемгi халықтық мереке - Наурыз мейрамы туралы" Қазақ КСР Президентiнiң 1991 жылғы 15 наурыздағы Жарлығы шыққаннан кейiн Наурыз мейрамы ресми танылды.
      Жалпыадамзаттық құндылықтарды бекiту, республика халықтарының достығы мен туыстығын нығайту, ежелгi дәстүрлердi қайта жаңғырту, сондай-ақ табиғат пен адамның үйлесiмi, оның шынайы iзгiлiк тiнiнде рухани тазаруы мақсатында Ел Президентi көктемгi күн мен түннiң теңесу күнi 22 наурызды Көктемгi халықтық мереке күнi - Наурыз мейрамы етiп жариялады.
      Сол уақыттан берi Наурыз мейрамын бүкiл республика бойынша кеңiнен мерекелеу басталды. Мереке тек театрландырылған көрiнiстер мен салтанатты тiгiлген киiз үйлер, дәмдi дайындалған наурыз көже түрiнде ғана емес, сонымен қатар қайырымдылық шараларын өткiзу халықтық спорт ойындары, жасыл көшеттердi күту, ағаш отырғызу, саябақтар мен басқа да демалыс орындарын, көшелер мен алаңдарды тазарту түрiндегi қазiргi заманғы келбетiне ие болды.
      Қазiргi күнi Наурыз мейрамы көктемгi, жалпыхалықтық мерекеге, еңбек және бiрлiк мерекесiне айналды. Бүгiнгi күнi ол терең рухани-этикалық мағынаға ие болып, онда қазiргi заманның ең көкейкестi мәселесi - адамның табиғатпен бiрлiгi мен үндестiгi орын алған.
      Наурыз мейрамы мерекесiнiң қазiргi заманғы келбетiн беру үшiн оны iзгiлiк идеясына негiздей отырып, ұлтына және дiни нанымына қарамастан, күллi халықты адамзаттың ежелгi мұраттарын түйсiнуге тартуға қабiлеттi iс-шаралардың қазiргi заманғы нысандары мен мазмұнына назар аудару маңызды. Көктем мен жаңарудың дiни емес мерекесi ретiнде Наурыз мейрамының түпкi идеологиясын қысты шығарып салумен, Қазақстанның күллi халықтарының өмiрiндегi басқа да маңызды сәттермен тамырластыруға, ортақ желiлер табуға мүмкiндiк бередi.

      Мерекенiң мақсаты мен мiндеттерi
      Наурыз мейрамын мерекелеудiң мақсаты Қазақстан жерiнде бейбiтшiлiк пен достықты нығайту, қоршаған ортаны сақтауға адамның табиғатпен және қоғаммен үйлесiмдi өмiр сүруi үшiн қамқорлық жасау, болып табылады.

      Мiндеттерi
      Ұлтаралық қатынастар мәдениетiн тәрбиелеу, достық пен сенiмдiлiк жағдайын жасау.
      Азаматтық татулық пен ұлтаралық келiсiмдi нығайту, iшкi саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету.
      Қазақстан халықтарының мәдениетiн жақындастыру, ортақ мәдени құндылықтарды, жалпыұлттық сананы қалыптастыру.
      Қоғамда әлеуметтiк серiктестiк қатынастарын қалыптастыру, қоғамның табысы төмен әрi әлеуметтiк қорғансыз топтарына қайырымдылық көмек көрсету.
      Қазақстан табиғатының бiрегейлiгiн, ұлт денсаулығының маңызды шарты ретiнде табиғаттағы экологиялық тепе-теңдiкте сақтаудың қажеттiгiн түйсiндiру.
      Елдi мекендер аумақтарын абаттандыру оларды тәртiпте, тазалықта ұстау жөнiндегi қоғамдық бастамаларды дамыту.

      Тұтас алғанда эмблемасы мен нышандары
      Мерекенiң нышаны ұлттық рухпен қазiргi заман стилiнде топшыланған, ғасырлар тереңiнен келе жатқан адам, қоғам мен табиғаттың үйлесiмдi әлемi идеяларына негiзделуге тиiс.
      Мерекенiң түр-түс үйлесiмi табиғаттың оянуын, оның жаңаруын, жаңа өскiндердi бейнелейтiн спектрдiң жасыл түсiне (ашық жасыл, әнтек жасыл, қызыл қошқыл, қызғылт сары) негiзделген.

      Мерекенiң идеялық-көркемдiк тұжырымдамасы
      Достық пен азаматтық келiсiм идеясы. Наурыз мейрамын мерекелеудегi идеологиялық өзектердiң бiрi ұлтаралық келiсiм, достық пен өзара сыйластық болуға тиiс, соған орай бұл бағыттағы iс-шараларды халықтар арасындағы достық, құрмет және бiр-бiрiне түсiнiстiкпен қарау аясында өткiзу қажет.
      Ұлттық мәдениеттiң қазiргi заманғы жаңғыруы мен олардың жақындасуы жағдайында ең таңдаулы халықтық салт-дәстүрлер мен салт-жораларды жарқын да көңiлдi және әз Наурыз мейрамы күндерiнде сақтау мен көрсете бiлу маңызды. Бұл ретте жарқын салт-жораларды фольклорлық негiзге құрылған театрландырылған көрiнiстердi пайдалану ежелгi Наурыздың мазмұнын белгiлi бiр дәрежеде жаңартып, қазiргi заманға лайықтап қана қоймай, оның халықтық түп негiзiне, елдiң тарихы мен мәдениетiне құрметпен қарауға тәрбиелеуге жәрдемдесуге тиiс.
      Наурыз мейрамының өн бойында күллi iс-шараларда белгiлi музыканттар мен шығармашылық ұжымдар гастролiн, кәсiби орындаушылармен бiрге фольклорлық халықтық ұжымдардың бiрлесе отырып сахнаға шығуын республика бойынша ұйымдастырып, мерекелiк көңiл-күйдi сақтау маңызды. Күллi концерттiк алаңдарда халықтардың ұлттық мәдениетiн насихаттау оның сан алуандығын көрсетумен қоса жүргiзiлуге тиiс.
      Жаңару және табиғатпен үндестiк идеясы. Ол, бiр жағынан, ежелгi дәстүрлер мен бүгiнгi күннiң жастарды қоршаған ортамен үндестiк пен тепе-теңдiктi табуға шақыра отырып, ол үшiн жауапкершiлiкте болу сезiмiнде баулуға қызмет етедi. Екiншi жағынан, сабақтастық принципiн сақтай отырып, қариялар тәрбие құралдары арқылы Наурыздың игi дәстүрлерiн елдiң жас ұрпағына қалдырады. Наурызды мерекелеу таңды дәстүрлi түрде қарсы алудан, "Бұлақ көрсең көзiн аш" деген ежелгi салт-жорадан басталған. Таңды қарсы ала тұрып, бүкiл ересек адамдар, жастар мен балалар қолдарына күрек, кетпен алып, келiсiлген жерге - бұлақ басына немесе арық жағасына жиналып, оны тазартқан. Содан кейiн бәрi бiрге құрметтi ақсақалдардың басшылығымен ағаштар отырғызған.
      Наурыз мейрамын мерекелеу күндерiнде қалыптасқан дәстүрдi жалғастыра отырып, "Артыңда мал қалғанша, тал қалсын", "Бiр тал кессең, он тал ек" аясында шаралар өткiзуге болады. Осы тақырып бойынша іс-шаралар жүргiзудiң негiзгi нысандары елдi мекендерде және қалаларда, еңбек ұжымдарында аулаларды, көшелердi, саябақтарды, алаңдарды, гүлзарларды және тағы сол сияқтыларды тазалау, ағаштар мен жасыл екпелердi отырғызу, жаңа саябақтар мен аллеялар жасау Аптасын немесе Онкүндiгiн өткiзу болуы мүмкiн.
      Балабақша мен бөбектер үйi тәрбиеленушiлерiнiң, мектеп оқушыларының, студенттердiң саябақтарға танымдық экскурсия жасауын, республиканың белгiлi табиғат қорғау аймақтарына сапарлар ұйымдастыру, аймақтың өсімдіктерімен және аң-құстарымен таныстыру. Жоғары және орта оқу орындарында қоршаған ортаны қорғау проблемалары жөнiнде дәрiстер оқу да оқушыларды өз өлкесiне, өсiмдiктер мен жануарлар әлемiне сүйiспеншiлiкпен қарауға тәрбиелеуге көмектеседi.
      Мұқтаждарға адал көмек көрсету идеясы. Қайырымдылық шараларды да iзгiлiк пен бiрлiк идеялары сияқты Наурыздың таңдаулы iзгiлiк идеяларын қайта жаңғырту мен сақтауға қызмет етедi.
      Бұл бағыттағы iс-шаралар нысандарының бiрi мұқтаждарға күллi халық болып риясыз көмектесетiн бүкiл халықтық асар болуы мүмкiн. Қоғамның дәулеттi адамдары Наурыз мейрамы күндерi балалар үйлерiне, интернаттарға, қарттар үйлерiне, қамқоршысы мен сүйенерi жоқ отбасыларына, қоғамның табысы төмен және басқа да мұқтаж мүшелерiне белсендi қайырымдылық көмек көрсетуге тиiс. Республикалық және аймақтық деңгейде қайырымдылық шараларын (азық-түлiк себеттерiн тарату, қайырымдылық түскi астарын ұйымдастыру, зейнеткерлер мен табысы аз отбасыларының балаларына ақысыз медициналық қызмет көрсету және басқа да көптеген шараларды) ұйымдастыру әрi күллi қалталы азаматтарды оған қатысуға шақыру мақсатқа сай келедi.

      Мерекенi ақпараттық-идеологиялық тұрғыдан қолдау
      Бұқаралық ақпарат құралдарының насихаттау мүмкiндiктерiн пайдалануға айрықша назар аудару қажет. Бұқаралық ақпараттың күллi құралдары Наурыз мейрамын мерекелеу күндерінде өз iс-шараларының халықтың әлеуметтiк топтарының басым көпшiлiгi үшiн танымдық және қызықты болатын маңызды бөлiгiне айрықша назар аударуға тиiс. Аймақтар арасында телекөпiрлер жүргiзудiң, телемарафондар мен тақырыптық бағдарламалардың, ақпаратты берудiң басқа нысандарының да Наурыз идеясын насихаттауда маңызы зор. Республикалық "Казахстанская правда", "Егемен Қазақстан", "Ана тiлi" және "Юридическая газета", аймақтық "Астана Ақшамы", "Вечерняя Астана", "Целина", "Азия-транзит", ведомстволық "Қазақстан сарбазы" және басқа да газет беттерiнде Наурыз мейрамын жария етудiң салыстырмалы талдауы орыс тiлдi газеттер журналистерiнде Наурыз мейрамы туралы ақпарат көздерiнiң жеткiлiксiздiгiн көрсеттi. Егер қазақ тiлдi басылымдар Наурыз мейрамының тарихы мен мазмұнын кеңiнен жария етiп, тақырыпты терең игеруiн көрсетсе, ал орыс тiлдi газеттердiң көпшiлiгi өткiзiлген мерекелiк iс-шаралар туралы материалдармен немесе Наурыздың пайда болу тарихы туралы қысқа анықтамалармен ғана шектеледi.
      Жағдайды түзету үшiн Қазақстан жұртшылығының басым бөлiгiнiң Наурыз мейрамына жалпыұлттық сипат беру процесiне кiрiге түсуiн, мерекенiң бүкiлхалықтық мәнiн, iзгiлiк идеясын республикалық газет беттерiнде, теледидар мен радиода аша түсу қажеттiгiне тиiстi атқарушы құрылымдардың назарын аудару қажет.

      Қаржы және ресурстар
      Наурыз мейрамын Қазақстанда мерекелеудi дәстүр бойынша 22-наурыздан бастап, 3 апта (21 күн) өткiзу ұсынылады. Әрбiр апта белгiлi бiр тақырып аясында өткiзiлетiн болады. Iс-шара мазмұны бойынша апта девизiне сәйкес келуге тиiс. Бұл ретте Қазақстанның ауа райы және жер жағдайын ескере отырып, оларды бiр мезгiлде екi бағытта өткiзудiң: табиғаттың көктемде оянуының Оңтүстiктен Солтүстiкке қарай ойысуын және мерекенің оңтүстiктен солтүстiк аймақтарға қарай географиялық тұрғыдан кейiндеу келетiнiн ескере отырып iске асырған жөн.
      Соңғы жылдары ел аймақтарында қалыптасқан дәстүрлердi сақтай отырып, мерекелiк iс-шараларды тақырыбы мен мазмұны бойынша белгілі бiр апталарда оңтүстiк, орталық және солтүстiк аймақтарда өткiзу ұсынылады. Бұл - iс-шараларды Наурыз мейрамын мерекелеудiң бүкiл кезеңiне тең дәрежеде бөлуге және қолда бар ресурстарды тиiмдi пайдалануға мүмкiндiк бередi. Соңғы жылдары Наурыз мейрамының белсендi әрi кеңiнен басталуы есте қаларлықтай күштi әсермен аяқталмайтындықтан, үшiншi аптаның соңында астанада республикалық деңгейде қорытынды iс-шаралар өткiзу ұсынылады.
      Салтанатты қорытындылау шегi алдыңғы үш аптаның тақырыбы мен идеологиясын, мерекенiң дәстүрлi салт-жораларын iске асыруды қамтитын, Астанадағы тарихи-мәдени iс-қимыл болуға тиiс. Осы салтанаттың сценарий жоспары мен салт-жораларды нақты әзiрлеудi мерекелердi өткiзу жоспарын әзiрлеу кезiнде Тұжырымдама бекiтiлгеннен кейiн жүзеге асырған жөн.
      Наурыз мейрамының барлық маңызды iс-шараларын үйлестiру үшiн атқарушы билiк құрылымдарында мерекенi дайындаумен және өткiзумен айналысатын комиссиялар немесе жұмыс топтарын құру мақсатқа сай келедi. Қазақстан халықтары ассамблеясын, қоғамдық бейүкiметтiк ұйымдарды, ғылым, мәдениет және өнер қайраткерлерiн тарту қажет.
      Бұл орайда мiндеттi түрде мыналарды өткiзу керек:
      шетелдiк және отандық iрi қаржы-өнеркәсiп компанияларының қайырымдылық шараларын (балалар үйлерiне, интернаттарға, балалардың бiлiм беру және медициналық мекемелерiне, қарттар үйiне көмек беру, апта, онкүндiк, ай iшiнде зейнеткерлерге және халықтың жекелеген санаттарына ақысыз медициналық, көлiк және коммуналдық қызметтер көрсету және т.с.с.);
      қайырымдылық лотереяларының ұтыс ойындары және аукциондар өткiзу, қарттар мен балалар үйлерi үшiн бiрiншi қажеттегi заттарды төмен бағамен сату. Жиналған қаржы балалар үйлерiне, қарттар үйлерiне, мектептерге, интернаттарға және басқаларға берiледi.
      Наурыз мейрамының алдыңғы нысандарын, оларға неғұрлым ауқымды сипат бере отырып әрi оларға қатысуға халықтың көпшiлiк бөлiгiн тарта отырып, тұтастай алғанда сақтауға болады.

      Күтiлетiн нәтижелер
      Жоғарыда айтқандарды негiзге ала отырып, ежелгi Наурыз мерекесi бүгiнгi күнмен үндестiк тапты, қазiргi жағдайда қоғамда саяси тұрақтылықты, достық пен келiсiмдi нығайту үшiн үлкен әлеуетi бар деп қорытындылауға болады. Наурыз мейрамын жалпыұлттық мазмұнмен барынша толықтыра түсу үшiн оны жаңа нысанмен әрi мазмұнмен үздіксіз толықтыра отырып, Наурыздың идеясын, оның Қазақстан қоғамының әрбiр мүшесiнiң өмiрiндегi рөлi мен алатын орнын түсiндiру жөнiндегi жұмысты одан әрi жалғастыра беру қажет.

ҚАЗАҚСТАН ХАЛЫҚТАРЫНЫҢ
БIРЛIГI МЕРЕКЕСI -
Қазақстан Республикасының ұлттық мерекесi

      Адамзаттық келiсiмге ұмтылу әрбiр қазақстандықтың жүрегiнде жатыр. Қазақстанда адамдар мен әлеуметтiк топтар, халықтар арасында қалыптасқан достық қатынастар қажеттiлiк және алға басудың маңызды факторы ретiнде жалпыұлттық келiсiмдi айқындайтын объективтi жағдайлар жасады. Қазақстан бүкiл әлем алдында 130 тең құқылы ұлттардың тату-тәттi отбасы ретiнде көрiндi.
      Жалпыұлттық келiсiм жаңарған қоғам адамдарының психологиясын сипаттайтын принциптерге:
      елдiң күллi озық ойлы күштерi мен халықтары iс-қимылдарының бiрлiгiне;
      жалпы мен ерекшенiң, ұлттық әрi интернационалдық мүдделердiң табиғи үйлесiмiне негiзделген.
      Экономикалық және әлеуметтiк реформалардың iлгерiлеуiне, азаматтарға жаңа бостандықтардың берiлуiне қарай ұлттық сана-сезiмнiң өсуі, өз тарихи тамырларына үңiлу, өз тарихын қайта бағамдау барған сайын неғұрлым анық байқалуда. Бүгiнгi таңдағы Қазақстанды мекен еткен этникалық топтардың ортақ тарихи тағдыры халықтың дiлiнде, оның өмірлiк көзқарасы мен мұраттарында оңынан көрiнiп, күллi этностар үшін ортақ құндылықтар мен мұраттар қалыптастырды. Бұл "Қазақстан Республикасындағы мереке күндерi туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1995 жылғы 18 қазандағы N 2534 Жарлығынан көрiнiс тапты, ол тізбеде Қазақстан халықтарының бiрлiгi мерекесi де қамтылған.
      Республикадағы татулық пен келiсiм - осында тұрып жатқан адамдардың жоғары мәдениетi мен ақыл-ойының, мемлекеттiң салмақты да көреген ұлттық саясатының жемiсi, көпұлтты Қазақстан адамдар психологиясы мен бiздiң қоғамымызды этносаралық жанжалдардан қорғап қалған айрықша берiк топтасуды қалыптастырды.
      Мiне, көпұлтты Қазақстан халықтарының теңдiгi Қазақстан Республикасының Президентi жариялаған ұлттық идеяның бiрiншi құрамдас бөлiгi болып табылуының соншалықты табиғилығы да осында жатыр.
      Сөйтiп, Қазақстан халықтарының бiрлiгi мерекесiнiң идеологиясы жалпыұлттық мәннiң құндылықтарын көрсетедi, Қазақстан халықтарының одан әрi топтаса түсуiне ықпал етедi. Аталған мерекенiң идеологиясы қазiргi кезеңде осы Тұжырымдамада белгiленген ұлттық мерекенiң өлшемдерiне, функциялары мен принциптерiне сәйкес келедi. Осыған байланысты Қазақстан халықтарының бiрлiгi мерекесi мәртебесi бойынша ұлттық мереке болып табылады.

      Мерекенiң мақсаты мен мiндеттерi
      Қазақстан халықтарының бiрлiгi мерекесiнiң мақсаты қазақстандықтардың ортақ ұлттық игiлiгi ретiнде қоғамның топтасуын, азаматтық татулық пен ұлтаралық келiсiмдi бүкiл халық болып көрсету болып табылады.

      Мiндеттерi
      Демократиялық құқықтық реформа негiзiнде ұлттық саясатты дамытуды жалғастыру мынадай принциптерге:
      егемендiк, тәуелсiздiк және белсендi интеграцияға;
      қоғамдағы тұрақтылық, келiсiм мен сындарлы шешiмдер iздестiруге;
      ақылға қонымды ұлттық өзiндiк мүдделердi iске асыруға;
      күллі ұлттар мен ұлыстар өкiлдерiнің экономикалық және мәдени даму деңгейлерiнiң теңдiгiне және теңестiрiлуiне;
      ұлтаралық келiсiм, iзгiлiк, халықтар арасындағы өзара көмек пен достыққа;
      заңның билiк құруы және ұлттар құқығы мен адам құқығының ақылға қонымды үйлесiмiне сүйенедi.

      Қазақстан халықтары ассамблеясының қоғамдық рөлi мен мәнiн одан әрi арттыру; ол ұлтаралық бiрлiк пен келiсiмді сақтауға іс жүзiнде үлес қосып, ал ел iшiндегi ұлтаралық қатынастар үйлесiмдi бола түстi.
      Қазақстан аумағын мекен еткен халықтар мәдениетiнiң бейiмделiп жұтылуы мен бөлектенуiне қарсы тұру.
      Жалпыұлттық топтасу, iшкi саяси тұрақтылық, азаматтық татулық пен ұлтаралық келiсiмнiң негiзiн салушы фактор болып табылатын қазақстандық отансүйгiштiктi нығайту.
      Қазақстан халықтарының тiлдерiн өркендету мен дамытудағы, халықтар мәдениетi мен салт-дәстүрлердiң бiрiн-бiрі байытудағы табыстарды көрсету.
      Республикада саяси және азаматтық бiрлiкке ұмтылу басымдығы болып табылатын, осы мемлекеттiң негiзiн әрі Қазақстанның бiртұтас халқы деген түсiнiктi құрайтын түрлі ұлттар азаматтарының мүдделерi мен тағдырларының ортақтығы - жаңа қазақстандық азаматтылықты қалыптастыру процесiн жалғастыру.

      Тұтас алғанда эмблемасы мен нышандары
      Мерекенiң сапалы логотипiн жасау үшiн фирмалық топтамада "эмблема қосу сөздер" деп көрсетiлген мерекенiң қоғамдық-саяси мәнi мен идеясын бiлдiретiн эмблема жасау қажет. Түр-түстiң үйлесiмi сенiм мен достықты бейнелейдi және жасыл көгiлдiр, күлгiн ақшыл көк түстерден тұрады.
      Бекiтiлген нұсқаны атқарушы билiктiң барлық құрылымдарына жеткiзiп, мерекелiк iс-шараларды көрнекi безендiруге әрi бұқаралық ақпарат құралдарында пайдалану керек.
      Ұлттық мереке күндерi күллi мемлекеттiк мекемелердiң, меншiк нысанына қарамай заңды тұлғалардың ғимараттарына, сондай-ақ салтанатты ресми іс-шаралар өтетiн үй-жайларға жалаудың ұзындығы мен енiнiң стандарттарын сақтай отырып, оның көлемi мен орналасуы эстетикалық және сәулеттiк тепе-теңдiктерi айқындалатын Қазақстан Республикасының мемлекеттiк жалауы iлiнуге тиiс.

      Мерекенiң идеялық-көркемдiк тұжырымдамасы
      Қазақстан халықтарының бiрлiгi мерекесiнiң Ұлттық мереке ретiнде негiзгi оқиғасы Қазақстан халықтары ассамблеясының кезектi жыл сайынғы сессиясын өткiзудi айқындаған жөн, ол мерекенi идеологиялық тұрғыдан қорытындылап, оның аяқталғанын бiлдiредi.
      Мерекенiң басты басымдықтары - идеялық бағыттылық, іс-шаралардың бұқаралық түрлерi мен олардың халықтық сипаты.
      Салтанатқа Қазақстан халықтарының тiлдерi тақырыбы, қазақстандықтар мәдениетiнiң жетiстiктерiн насихаттау мен көрсету, ұлттық-мәдени орталықтардың қатысуы салтанатқа табиғи түрде үйлеседі.
      Ерекше айырмашылықтары - жылдың жазғы (жылы) маусым уақыты мен мерекеге қатысушылардың бұқаралық сипаты. Бұл iс-шараларды жабық үй-жайларда емес, көшелерде, алаңдарда, стадиондарда, саябақтарда өткiзуге мүмкiндiк бередi.
      Өткiзу нысандарының басымдықтары - халықтық тойлау (көшедегi шерулер, карнавалдар, ұлттық дастархандарды көрсету), халықтар өнерiнiң фестивальдерi, спорттық жарыстар, Қазақстан халықтары фестивалiнiң қорытынды кезеңi мен гала-концерт өткiзу.
      Отан алдындағы айрықша еңбегi үшiн көзге түскен адамдарды "Барыс" және "Достық" ордендерiмен марапаттауды көздеу керек.

      Мерекенi ақпараттық-идеологиялық тұрғыдан қолдау теледидар және радио арналары арқылы Мемлекет басшысының Қазақстан халықтары ассамблеясының жыл сайынғы сессиясында сөйлеген сөздерiн тiкелей эфирден беру, оның қағидаларын бұқаралық ақпарат құралдарында түсiндiру;
      телемарафондар;
      газеттердiң, журналдардың тақырыптық нөмiрлерiн, арнайы телерадио бағдарламаларын шығару;
      Қазақстан халықтары ассамблеясының, ұлттық-мәдени орталықтардың басшыларының, ардагерлердiң, шығармашылық зиялы қауымның көпшiлiк алдында сөз сөйлеуi;
      жарнамалық-көрнекiлiк және ақпараттық-насихаттық өнiмдер дайындау мен орнату;
      тақырыптық, соның iшiнде "Тамаша адамдар өмiрiнен" сериясымен де, кiтаптар шығару.
      Күллi iс-шаралардың идеялық өзегi Қазақстан халықтарының достығы мен бiрлiгiн, көпұлтты мәдениеттiң бiрiн-бiрi өзара байытуын көрсету, республикадағы этникалық топтардың қоғамдық өмiрдiң барлық саласындағы (экономикадағы, мәдениеттегi, өнердегi және т.с.с.) жетiстiктерiн насихаттау болуға тиiс.
      Мерекені дайындау мен өткiзу кезiндегi басты шарттардың бiрi оған қатысушылар үшiн бұқаралық, еркiндiк пен мәжбүрлемеушiлiк жағдайын жасау болып табылады:
      мерекеге қатысушылардың мерекелiк ұлттық киiм киiп жүруге ұмтылуы;
      ұлттық әндердi, билердi, халықтық әдет-ғұрыптарды көпшiлiк болып орындау;
      Қазақстан Республикасының мемлекеттiк нышандарын пайдалану;
      iс-шаралардың рухани-мәдени бағытының үстем болуы.

      Қаржы және ресурстар
      Осы Тұжырымдаманың негiзгi ережелерiн ұстана отырып, орталық және жергiлiктi атқарушы билiк органдары мерекенi дайындау мен өткiзудiң жоспарын әзiрлейдi, iс-шаралардың нысандары мен оларды өткiзу орындарын айқындайды.
      Мерекенi дайындау мен өткiзудiң ұйымдастырушылары мен орындаушылары, Қазақстан халықтары ассамблеясының, оның аймақтық құрылымдары мен ұлттық мәдени орталықтардың, сондай-ақ басқа да қоғамдық бiрлестiктердiң қатысуымен, билiктiң жергiлiктi атқару органдары болуға тиiс.
      Мерекенi дайындау мен өткiзу үшiн жергiлiктi бюджеттiң қаржы ресурстары, заңды және жеке тұлғалардың демеушiлiк қаржылары пайдалануы мүмкiн.

      Күтілетiн нәтижелер
      Аталған Тұжырымдаманы iске асырудың нәтижесiн көпұлтты қазақстандықтар ортасында ұлтаралық келiсімдi нығайту деп санау керек. Күллi қазақстандықтар елде өздерiн туысқанбыз деп сезiнуге тиiс. Ұлттық-мәдени ерекшелiктердi, тілдi, балалардың ұлттық тiлде бiлiм алу мүмкiндiгiн, ар-ұждан бостандығын сақтай отырып, күллi қазақстандықтар Қазақстанның бiртұтас халқына жататындығының, бiрыңғай құндылықтарды қалыптастырудың, елдiң тәуелсiздiк пен демократияландыру жолымен iлгерiлеуiне жәрдемдесудiң ортақтығын пайымдауға тиiс.

ЖЕҢIС КYНI

      Жеңiс күнi мерекесi 1945 жылы 8 мамырда КСРО Жоғарғы Советi Президиумының Жарлығымен фашистiк Германияға қарсы 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы жеңiстi атап өту үшiн бекiтiлген.
      Қазақстандықтар фашизмдi күйретуге орасан зор үлес қосты. Қазақстан соғыстың қиын-қыстау жылдарында ауыл шаруашылық және өнеркәсiп өнiмiн өндiрудiң iрi базасына айналды. Қазақстаннан 1 млн. 366 мың адам майданға шақырылып, олардың әрбiр екiншi ұрыс даласынан оралмады.
      Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1995 жылғы 18 қазандағы N 2534 Жарлығымен 9 мамыр Жеңiс күнi мереке күндерінің тiзбесiне енгiзiлдi.
      Алайда соңғы жылдар тәжiрибесi көрсетiп отырғандай, мерекенiң маңызын қоғамдық санада, әсiресе жас ұрпақтың санасында төмендету үрдiсi байқалады. Бiр жағынан, мұндай жағдай уақыттың өтуiмен, яғни жарты ғасыр бұрынғы соғыстың қаһарман ерлiк салтының бiрте-бiрте көмескiленiп бара жатқанымен түсiндiрiледi. КСРО құлағаннан кейiн азаматтық сәйкестiктiң өзгеруi де әртүрлi этникалық топтарда әрқилы қабылдау сезiмiн қоса туындатты. Екiншi жағынан, мерекенi өткiзудiң бұрынғы идеологиялық мазмұны мен нысандарының әбден ескiрiп, әрi уақыт болмысына сай келмеуі ахуалды күрделендiре түседi.
      Солай бола тұрса да, қоғамда сақталып отырған мерекенiң мәнi туралы қоғамдық пiкiрдi ескеретiн болсақ, сондай-ақ көршi ТМД елдерiндегi үрдiстер жағдайында атаулы күндi мерекелеудi тоқтату жағымсыз салдарларға әкелiп соқтыруы мүмкiн едi. Оның үстiне, мұндай қадам геосаяси факторлар ыңғайындағы мәселенiң саясаттануына әкелуi мүмкiн.
      Осыған байланысты мерекенi сақтай отырып, бiрақ оның нысаны мен идеологиялық мазмұнын бiршама түзету ұсынылады. Бұл мақсатта:
      мерекенiң жалпыадамзаттық маңызы жағына баса назар аудара отырып, идеологиялық мазмұнын кеңейту;
      интеграциялану идеясын елдiң ұлттық қауiпсiздiгiнiң, Қазақстанның күллi халықтары ұрпақтарының бiрлiгi мен сабақтастығын нығайту факторы ретiнде насихаттай отырып, мерекенiң отансүйгiштiк бағыттылығын күшейту, Ұлы Отан соғысындағы жеңiске қомақты үлес қосушы ретiнде республиканың тарихи жағымды бейнесiн қалыптастыру орынды болмақ.

      Мақсаты мен мiндеттерi
      Негiзгi мақсат - Екiншi дүниежүзiлiк соғыстағы халықтың өшпес ерлiгiне құрмет көрсету. Адамзат тарихындағы ең сұрапыл соғыстың жеңiспен аяқталуын ұрпақтар жадында қастерлеп сақтау. Халықтың теңдессiз ерлiгi мен жанқиярлығын насихаттау, фашизмге қарсы күрес жолындағы ұлы жеңістегi қазақстандықтардың қосқан теңдессiз үлесiн ашып көрсету.

      Мiндеттерi
      Жеңiс жолындағы ортақ күш-жiгер мен құрбандықтар туралы тарихи жадымыздың негiзiнде Қазақстан халқын топтастыру.
      Екiншi дүниежүзiлiк соғыс туралы тарихи шындықты; орасан зор құрбандықтармен келген жеңiстi қамтамасыз еткен халықтың рөлiн; Қазақстан халқының ортақ тарихи құндылықтарына деген жанашыр қарым-қатынасты насихаттау.
      Халықтың Отанға деген сүйiспеншiлiгiн, патриотизмдi, Отан қорғауға дайын болу және Отан қорғаушылар ұрпақтарының бойында тарихи сабақтастық сезiмiн баулу.
      Бейбiтшiлiктi, iзгiлiктi сақтаудың маңызын және соғыс пен зорлық-зомбылықтың кез келген көрiнiстерiн қабылдауға болмайтынын насихаттау.
      Байсалдылық, ашықтық, әлемнiң күллi мемлекеттерiн құрметтеу, тату көршiлiк қарым-қатынастар сезiмiн қалыптастыру.
      Соғыс және еңбек ардагерлерiне, Ауған соғысына қатысушы жауынгерлердiң және әскери борышын өтеу кезiнде қаза тапқан немесе зардап шеккен әскери қызметшiлердiң отбасына көмек көрсету.
      Жастарды нақты мерзiмдi әскери қызметке шақыру iс-шараларына идеологиялық тұрғыдан қолдау көрсету.

      Тұтас алғанда эмблемасы мен нышандары
      Ардагерлер мен жастарға мәлiм қазiргi таңдағы қазақстандық тақырыпқа байланыстырылған, Ұлы Отан соғысының кеңiнен белгiлi нышанына негiзделуге тиiс. Мерекенің түсi шие түстi, қызыл, қызғылт сары, алтын реңктерiне және қоңыр сары түстерге негiзделуге тиiс.
      Тарихи компоненттiң Қазақстанның қазiргi заманғы мемлекеттiк және ұлттық нышанымен үйлесуi мiндеттi түрде ескерiлуге тиiс.

      Мерекенің идеялық-көркемдік тұжырымдамасы
      Негiзгi идеялық желiлер:
      Отан үшiн қаза болғандарды жадымызда сақтау, ардагерлерге құрмет көрсету; Отанды қорғау борышының қасиеттiлігі мен Отан қорғаушылар ұрпақтарының тарихи сабақтастығы;
      мерекенiң жалпыгуманистiк қыры;
      бейбiтшiлiктi сақтаудың маңызы және соғыс пен зорлық пен зомбылықтың кез-келген көрiнiстерiн қабылдауға болмайтындығы.
      Жеңiс пен Бейбiтшiлiк күнiн мерекелеу күнiнде әскери қызметшiлер мен басқа да лайықты адамдарды жоғары дәрежелi ерекше белгiлермен: "Алтын Қыран", "Барыс" ордендерiмен, "Халық қаhарманы" атағымен марапаттау қажет.

      Мерекенi ақпараттық-идеологиялық тұрғыдан қолдау
      Мерекенiң ақпараттық-қамтамасыз етiлуi, бiр жағынан, өскелең жас ұрпақ санасының да соғыс туралы жадын жаңғыртуға бағытталған тарихи қырын, екiншi жағынан Қазақстан армиясындағы қызметтiң ерлiк салтын, республиканың тәуелсiздiгiн қорғау қажеттiгiн, қазақстандық патриотизмді насихаттауды бiлдiредi.
      Жағымды әсердi күшейте түсу үшiн әскери шерулер өткiзу, мерекелiк отшашулар беру, оларды теледидар арналары арқылы тарату орынды болмақ.

      Қаржы және ресурстар
      Материалдық ресурстары: республикалық және жергіліктi бюджеттiң, Қорғаныс министрлiгiнiң арнайы мақсатта бөлiнген қаржылары, қайырымдылық қорлары.
      Ұйымдық ресурстары: Мемлекеттiк республикалық комиссия, әкiмият жанындағы комиссиялар, Қорғаныс министрлiгi, әскери комиссариаттар; Запастағы әскери қызметшілер одағы, ардагерлердiң, ауған соғысына қатысушы жауынгерлер одақтары, Сарбаз аналарының одағы; Қазақстан халықтарының ассамблеясы, ұлттық-мәдени орталықтар; бейүкіметтiк қоғамдық ұйымдар, қайырымдылық қорлары, БАҚ.

      Күтілетiн нәтижелер:
      азаматтық татулық пен ұлтаралық келiсiмдi нығайту;
      қазақстандық патриотизмдi нығайту;
      Қазақстанның бейбiтшiл саясаты мен аймақтағы ұжымдық қауiпсiздiктi нығайту бағытын көрсету;
      Қазақстан армиясының қатарына шақыру науқанын жандандыру; аға ұрпақты құрметтеу, ұрпақтар байланысын нығайту;
      Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң беделiн нығайту.

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ
КОНСТИТУЦИЯСЫНЫҢ
КYНI

      Әлемдiк тәжiрибеде Конституцияны қабылдау күнi Тәуелсіздiк күнi, Республика күнi мерекелерiмен қатар қоғамды топтастыру идеясын iске асыруға, ұлттық патриотизмдi тәрбиелеуге, халықтың құқықтық мәдениетiн арттыруға ықпал етуге тиiс мемлекеттiк мереке болып табылады.
      1995 жылғы Қазақстан Республикасының Конституциясы тәуелсiз мемлекеттiң конституциялық құрылысы процесiн аяқтады. 1995 жылғы 30 тамыздағы бүкiлхалықтық референдумда Қазақстан халқы еркiн бiлдiру арқылы Негiзгi заңда объективтi қалыптасқан президенттiк басқару нысанын түбегейлi бекiтiп, мемлекеттiк билiктi заң шығарушылық, атқарушы және сот тармағына бөлудi аяқтады. Мемлекеттiк биліктiң пәрмендiлiгiн қамтамасыз еткен, маңызды әлеуметтiк-экономикалық өзгерiстердi жүргiзудi жеделдетудi қамтамасыз етуге мүмкiндiк берген тетiк жасалды.
      Конституция жалпыазаматтық принциптердiң негiзiнде қоғамның одан әрi топтасуын; тәуелсiз, демократиялық, құқықтық, зайырлы және әлеуметтiк мемлекеттi құруға жәрдемдестi.
      Осылайша, 1995 жылғы Конституцияның Қазақстан тәуелсiздiгiнiң алғашқы он жылының тарихындағы орны мен рөлi айқындалып, бұл күнге мереке мәртебесiн беру үшiн алғышарттар жасалды. Бұл "Қазақстан Республикасындағы мереке күндерi туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1995 жылғы 18 қазандағы N 2534 Жарлығымен iске асырылған болатын.
      Конституция күнiнiң идеологиялық мазмұны көп жағынан Республика күнi мен Тәуелсiздiк күнi мазмұнына ұқсас екенiн ескере отырып, оны мереке (мереке күнi) ретiнде атап өту орынды болмақ.
      Бұл орайда мемлекеттiк-саяси және идеологиялық реңкi айқын көрiнетiн - Тәуелсiздiк күнi мен Республика күнi мерекелерiн өткiзуге баса назар аудару керек.
      Конституция күнiнiң күнтiзбеде орналасуы 1 қыркүйек - Бiлiм күнiмен жақын тұрғанын ескеру қажет, бұл Конституцияның қабылдануына арналған салтанатқа халықтың нақты көңiл қоюына мүмкiндiк бермейдi.

      Мерекенiң мақсаты мен мiндеттерi
      Қазақстан Республикасы Конституциясының күнiн мерекелеудiң мақсаты демократияны, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғауын қамтамасыз етудегi құқықтық мемлекеттiң мәнiн қоғамның сезiнуi, қоғамда құқықтық мәдениеттi қалыптастыру деп санау керек.

      Мiндеттерi
      Конституцияның Қазақстанда демократиялық мемлекет пен азаматтық қоғам құрудағы рөлi мен маңызын жария ету.
      Конституцияның мазмұнын бiлуге ұмтылуды және оның нормаларын күнделiктi өмiрде қолдануды тәрбиелеу.
      Азаматтардың Қазақстандағы қоғамдық қатынастарды реформалауға қатыстылығын, белсендi азаматтық тұғырын сезiну.
      Патриотизм мен өз елi үшiн мақтаныш сезiмiн тәрбиелеу.
      Мемлекеттiк қызметшiлердiң өз еңбегiнiң нәтижелерi үшiн қоғам алдындағы жауапкершiлiк сезiмiн күшейту.
      Қоғам мен мемлекеттiң мақсаттарына қол жеткiзуге ықпал етушi азаматтарды марапаттау. Мерекенiң эмблемасы мен нышаны өзiнiң мазмұны жағынан басты идеяға - заңның қоғам өмiрiнде салтанат құру идеясына жауап беруге, әрі ол мемлекеттiк нышан мен Конституция мәтiнiнен алынған айқын ұран элементтерiне негiзделуге тиiс. Бұл орайда тарихи желiлердi қазақтың заң шығарушылық тарихымен қатар жүргiзiп, Конституцияны қабылдаудың маңызын көрсету қажет.
      Мерекенің түстер жиынтығы көгiлдiр, көк, қара көк және ашық сары түстен тұрады.

      Мерекенiң идеялық-көркемдiк тұжырымдамасы
      Конституция күнiн мерекелеуге арналған іс-шаралар:
      мереке қарсаңында Конституция күніне арналған салтанатты жиналыстар мен мерекелiк концерттер өткiзу;
      халықтық тойлауды ұйымдастыру (шығармашылық ұжымдардың концерттерi, спорт жарыстары, мерекелiк сауда-саттық және т.б.);
      бiрiншi рет мемлекеттiк қызметке кiрген мемлекеттiк қызметшiлердiң ант қабылдауы;
      саяси партиялардың, қоғамдық бiрлестiктердiң, ұлттық-мәдени орталықтардың өкiлдерiн мерекелiк iс-шараларға қатысуға тарту болуға тиiс.

      Iс-шаралардың мазмұнындағы негiзгi басымдықтар:
      қылмысқа (әсiресе балалар мен жасөспiрiмдердiң қылмыс жасауына) қарсы күрес;
      салауатты өмiр салты үшiн (есiрткiге, iшiмдiкке қарсы т.б.) күрес;
      қоғамда құқықтық қатынастар мәдениетiн қалыптастыру;
      мемлекеттiң қызмет етуiнiң түбегейлi принципi ретiнде заңның үстемдiгi болуға тиiс.

      Мерекені ақпараттық-идеологиялық тұрғыдан қолдау:
      бұқаралық ақпарат құралдарында Конституция күнiне арналған мақалалар жариялауды;
      теле- және радиохабарларда, газет пен журнал беттерiнде мемлекеттiк органдардың өткен кезең iшiндегi қызметiн Конституция нормаларын iске асыру аясында көрсетудi, мемлекеттiң көрнектi саяси қайраткерлерiнiң, мемлекеттiк органдардың жауапты басшыларының сөйлеген сөздерiн жария етудi;
      Конституция мәтiнiн, сондай-ақ мереке тақырыбына сәйкес келетiн төсбелгiлер, буклеттер, проспектiлер мен басқа да материалдар шығару мен таратуды;
      Қазақстанның конституциялық және мемлекеттiк-құқықтық дамуының мәселелерi, адам құқықтарының жай-күйi жөнiнде ғылыми-практикалық конференциялар, "дөңгелек үстелдер", дәрiстер өткiзудi;
      мемлекеттiк теледидар мен радио арналарында Конституция күнiне арналған мерекелiк бағдарламалар, телевикториналар ұйымдастыруды, мерекелiк iс-шараларды жария етудi;
      кiтапханаларда кiтаптардың тақырыптық көрмелерiн ұйымдастыру мен көпшiлiкке арналған дәрiстер өткiзудi;
      оқу орындарында 1 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Конституциясы сабағын өткiзудi көздейдi.

      Қаржы және ресурстар
      Аталған Тұжырымдаманы iске асырудың материалдық ресурстары республикалық және жергiлiктi бюджеттiң, құқық қорғау органдарын қолдау қорларының, қайырымдылық қорларының қаржысы, құқық қорғаушы ұйымдардың қаржысы немесе қорлары болуы мүмкiн.
      Ұйымдық ресурстары ретiнде Мемлекеттiк республикалық комиссия және аймақтардағы ұқсас құрылымдар, Әдiлет министрлiгi, Конституциялық Кеңес, прокуратура органдары, ІІМ, ҰҚК, қоғамдық-саяси партиялар мен қозғалыстар, құқық қорғаушы ұйымдар және т.б.

      Күтiлетiн нәтижелер
      Мерекелiк iс-шараларды өткiзу қоғамдық санада Конституция күнiнiң жалпы халыққа ортақтығын нығайтуға, осы негізде жалпыұлттық бiрлiк сезiмiн, әрбiр адамның қоғам өмірiндегi реформалауға қатыстылығын және оның құқық субъектiсiн нығайтуға ықпал етуге тиiс.
      Қазақстан азаматтары үшiн Конституция мемлекеттiң күллi аумағында жоғарғы заңдық күшi және тiкелей әсерi бар, мемлекеттiң iс жүзiндегi құқығының көзi ретiнде қабылдануға тиiс. Конституция нормаларын бiлу және азаматтардың өзiнiң құқық субъектiсi мен жауапкершiлiгiн сезiну халықтың күнделiктi өмiрiнде құқықтары мен бостандықтарын әрi iске асыруға ықпал етуге тиiс.

РЕСПУБЛИКА КYНI

      Республика күнi Қазақстан егемендiгi бекiтiлуiнiң басталуының тарихи атаулы күнiмен байланысты. 1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР-нiң Жоғарғы Кеңесi елiмiздiң дамуында бетбұрыс жасаған "Қазақ КСР-нiң мемлекеттiк егемендiгi туралы" Декларацияны қабылдаған болатын. Қазақстан қоғамдық-саяси құрылысты өзгертуге өз бетiнше кiрiсiп, ырықты нарықтық экономикаға негiзделген демократиялық қоғамды құруға бағыт алды. Iс жүзiнде, осы актiмен әлемнiң картасында жаңа мемлекет - болашақ Қазақстан Республикасының негiзi салынды.
      Әлемдiк практикада мұндай оқиғалар өзiнiң қоғамдық-саяси әрі тарихи маңызы жағынан әрқашан маңызды мерекелер болып қалыптасқан. Осындай оқиғаның танылуы негізінде ғана әр мемлекеттiң халқы қалыптасып, тәуелсiз мемлекеттiң рәмiздерi пайда болған, оның халқының азаматтық бірегейленуi қосарлана жүрген.
      Қазақстан қоғамының көпұлтты әрi көпконфессиялы жағдайында бұл актiнi қоғам мүшелерiнiң басым көпшiлiгiнiң қоғамдық мәнi бар құндылық деп тануы Қазақстан халқының қалыптасуы, оның саяси және мемлекеттiк құрылысының нысанын айқындау үшiн шешушi мәнге ие болып келедi.
      Сондықтан мемлекеттiлiктiң жаңа нысанының көзi болған оқиға өзiнiң ауқымы жағынан жалпыұлттық болып табылады. "Қазақстан Республикасындағы мереке күндерi туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1995 жылғы 18 қазандағы N 2534 Жарлығымен бұл күн ұлттық мереке қатарына енгiзiлдi.
      Осылайша, Республика күнi ұлттық деңгейдегi мереке болды. Алайда қазiргi уақыттың тарихи болмысында Республика күнiн мереке ретiнде атай отырып, Тәуелсiздiк күнiне ұлттық мереке мәртебесiн беру орынды болмақ.

      Мерекенiң мақсаты мен мiндеттерi
      Бұл мерекенiң мақсаты Қазақстан халқы өзiнiң азаматтық және адам құқықтары мен бостандықтарын iске асыру үшiн мемлекет пен билiктi қалыптастырудың өкiлдi сайламалы принциптерге негiзделген азаматтық демократиялық қоғам құрудың басымдығын сезiнуi болып табылады.

      Мiндеттерi
      Қазақстандықтардың санасында өркениеттi құқықтық қоғамға бейiлдiлiктi қалыптастыру.
      Қазақстандық мемлекеттiлiк идеясын экономика мен қоғамды реформалаудағы табысқа қол жеткiзудiң негiзi ретiнде қоғамдық санаға сiңiру.
      Қазақстанның жалпыадамзаттық, демократиялық және либералдық құндылықтарға бейiлдiлiгiн әлемге паш етедi.
      Ашық экономикасы және қолайлы инвестициялық климаты бар қазiргi заманғы, құқықтық мемлекет ретiнде республиканың бейнесiн асқақтату.
      "Қазақстан-2030" стратегиясын орындаудың кепiлi ретінде күштi, пәрмендi мемлекет туралы идеяның танылуын қамтамасыз ету.

      Тұтас алғанда эмблемасы мен нышандары
      Республика күнiнiң нышаны мен эмблемасы республика мемлекеттiлiгiнiң қалыптасу жолын бейнелеп, мiндеттi түрде елдiң бүгiнгi таңдағы атрибутикасын қамтиды. Нышанның идеологиялық басымдығы елiмiздiң болашаққа ұмтылысын, әлемдiк қоғамдастықта өзiндiк орны бар мемлекет құруға жұмылуын бiлдiруге тиiс.

      Бұл мерекенiң түс үйлесiмi көгiлдiр түстiң әртүрлi реңктерінен, сондай-ақ ашық сары (алтын) және сары түстен тұрады.

      Мерекенiң идеялық-көркемдiк тұжырымдамасы
      Салтанатты өткiзудiң негiзгi басымдықтары мыналар:
      Қазақстанның демократиялық таңдауының тарихи шынайылығын дәлелдеу;
      Қазақстан мемлекеттiлiгiнiң тарихи сабақтастығын сезіну;
      күллi қазақстандықтардың мемлекеттiк тетiктердi жетiлдіруге қатысуының маңыздылығы;
      халықтың жергiлiктi өзiн-өзi басқаруға қатысуын кеңейту;
      қазақстандықтардың мемлекеттiң саяси жүйесiн демократияландырғаны үшiн ұрпақтар алдындағы жауапкершiлiгi;
      мемлекеттi сақтап қалу, уақыттың қатерлерi мен сындарына қарсы тұру, ұлттық қауiпсiздiктi нығайту болуға тиiс.

      Мерекенi өткiзу халықтың саяси белсендiлiгiн жандандырумен, стратегиялық мемлекеттiк бағдарламаларды қабылдаумен, Президенттiң Қазақстан халқына Жолдау арнап сөз сөйлеу практикасын жалғастырумен қатар жүргiзiлуге тиiс. Бұл күндерi жастарды баулуға көп көңiл бөлiп, олардың бойында азаматтық борыш, елдiң тағдыры үшiн жауапкершiлiк сезiмiн қалыптастыру қажет.

      Мерекенi ақпараттық-идеологиялық тұрғыдан қолдау ел басшылығының саяси бағытын түсiндiру, қоғамды одан әрi демократияландырудың болашағын, Қазақстанның бүгiнгi таңдағы әлемдегi орны мен рөлiн тәуелсiз iшкi және сыртқы саясатты сақтай отырып, интеграцияланудың қажеттiгiн ашып көрсету жөнiндегi кешендi бағдарламаның негiзiнде құрылуы қажет.
      Мерекенiң мiндеттерiн неғұрлым толығымен iске асыру үшiн тәуелсiз БАҚ-ты, ақпараттық технологиялардың мүмкiндiгiн тарту қажет. Қазақстанның әлемдiк қоғамдастықтағы жағымды бейнесiн жасау үшiн шетелдiк БАҚ-пен жұмысты ұйымдастыру мерекенің маңызды қыры болып табылады.

      Қаржы және ресурстар республикалық және аймақтық деңгейлерде iске қосылуға тиiс. Олар жоспарланған бюджеттiк қаржыдан, халықаралық демократиялық ұйымдардың гранттарынан, қайырымдылық және демеушiлiк қолдауларынан жинақталуы мүмкiн. Артық даңғазалық пен жөнсiз шығыстардан аулақ болу маңызды.
      Мерекені ұйымдастыруға және өткiзуге саяси партиялар және қоғамдық қозғалыстар, ҒӨБ (ғылыми-өндiрiстiк бiрлестiктер), кәсiподақтар үлкен көмек көрсетуге тиiс.
      Мерекенiң iс-шараларын белгiлi бiр саяси мiндеттерге қол жеткiзуге айқын бағыттаудың маңызы бар, халықтың табысы аз тобына, мүгедектерге, жетiмдерге әлеуметтiк қолдау көрсету қажет.
      Қазақстанның көрнектi қайраткерлерiн наградтау, монументтер мен обелискiлер ашу, көшелерге, мекемелерге тарихи тұлғалардың атын беру мерекеге биiк патриотизм лебiн бередi.
      Республика күнiн мерекелеу Тұжырымдамасын iске асырудан күтiлетiн нәтижелер жүргiзiлiп отырған демократияландыру саясатындағы мемлекеттiң орны мен рөлiн түсінушiлiктi қазақстандықтардың санасына сiңiру болып табылады. Ел басшылығына деген сенiмдi нығайту, азаматтардың елдiң саяси өмiрiне белсендi әрi жауапты қатысу қажеттiгiн қалыптастыру маңызды белес болуға тиiс.

ТӘУЕЛСIЗДIК КҮНI -
Қазақстан Республикасының ұлттық мерекесi

      Тәуелсiздiк күнi бүкiл дүние жүзiнде мемлекеттiлiктiң негізі салынуын және халықты топтастыратын қоғамдық құндылықтардың негiзгi кешенiн бiлдiретiн ең басты ұлттық мерекелердiң бiрi ретiнде атап өтiледi.
      Қазақстанның Тәуелсiздiк күнi мемлекеттiк егемендiк туралы қастерлi идеяның шындыққа айналуы ретiнде тарихқа ендi. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесi 1991 жылғы 16 желтоқсанда "Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсiздiгi туралы" Конституциялық заңды қабылдады. Сол уақыттан бастап республиканың күллi аумағында бүкіл билiкке толығымен ие және сыртқы әрi iшкi саясатты өз бетінше айқындап, жүргiзетiн, тәуелсiз, демократиялық және құқықтық мемлекет мәртебесiнiң түбегейлi құқықтық ресімделуiне ие болды.
      Бұл күн халықтың сан ұрпағының тәуелсiздiк үшiн күресінiң нәтижесi едi. Қазiргi заманғы мемлекеттiң мiндеттi атрибуттарының пайда болуы осы күнмен байланысты.
      Қазақстандықтар үшiн ол уақыт өлшемiнiң жаңа нүктесiн, экономикадағы түбегейлi реформалардың басталуын, Қазақстанның ашық, демократиялық, әлеуметке бағытталған қоғам құрушы, халықаралық қатынастардағы толыққанды субъект ретiнде бағытын бейнелейдi.
      Тәуелсiздiк күнi тарихи тұрғыда туындаған негiзi бар - бүгінгі таңдағы Қазақстанның қалыптасуы мен дамуының елеулі оқиғаларына арналған күзгi мерекелердiң - Конституция күнi мен Республика күнi тiзбегiне орайлас келiп, жылдың саяси сипаттағы негiзгi мерекесi болып табылады.
      "Қазақстан Республикасындағы мереке күндерi туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1995 жылғы 18 қазандағы N 2534 Жарлығымен аталған мейрамға мереке күні мәртебесiнiң берiлуi Қазақстанды орныққан тәуелсiз мемлекет ретiнде сипаттайтын он жыл iшiнде қалыптасқан саяси болмысын бейнелейдi. Тәуелсiздiктiң 10 жылдығы жылында бұл мерекеге ұлттық мереке мәртебесiн берiп, оны Қазақстан Республикасы Президентiнiң арнайы Жарлығымен бекітудiң бейнелi мәнi болар едi. Мұндай қадам мерейтой салтанатын айрықша салмақ пен маңыз бередi.
      Бұл, ең алдымен республика халқының азаматтық-саяси бiрлiгiн, бiрегейлiгiн нығайтуға бағытталған қадам болар едi.

      Мерекенiң мақсаты мен мiндеттерi
      Осы мерекенiң мақсаты елiмiздiң тәуелсiздiгiн нығайту, халықтың күш-жiгерiн Қазақстанның экономикалық, технологиялық, саяси тәуелсiздiгiн, азаматтық татулық пен ұлтаралық келiсiмдi, саяси тұрақтылықты, республиканың демократиялық дамуының негiздерi ретiнде тәуелсiздiк құндылығын пайымдауды қамтамасыз етуге жұмылдыру болып табылады.

      Мiндеттері
      Көпұлтты Қазақстанның тәуелсiздiк алуының тарихи мәнiн насихаттау.
      Елдiң саяси басшылығының тәуелсiз мемлекеттi нығайту процесiндегi айқындаушы рөлiн анықтау.
      Бұқара халықтың санасында азаматтық татулық пен ұлтаралық келiсiмнiң, саяси тұрақтылықтың құндылықтарын бекiту.
      Тәуелсiз егемен мемлекеттiң азаматтары ретiнде қазақстандықтардың бiрегейлену процестерiн одан әрi дамыту.
      Қоғамды реформалауда және "Қазақстан-2030" стратегиясын iске асыруда қол жеткен табыстарды көрсету мен насихаттау.
      Тәуелсiздiк күнiнiң эмблемасы оқиғаның тарихи маңызы мен салтанаттылығының құрметiне лавр дестесiмен қоршалған Қазақстан Республикасының мемлекеттiк туы мен елтаңбасын негiзге ала отырып, жасалуға тиiс.
      Бұл орайда мерекенiң нышаны Қазақстан жүрiп өткен тарихи жолды, оның қазiргi таңдағы экономикалық, әлеуметтік және саяси болмысын бейнелеуге тиiс. Онда реформалардың бағытын қолдауға, елiмiздiң беделiнiң өсуiне, қол жеткен табыстардың ел iшiнде және шетелде танылуына бағытталған идеялар көрiнiс табуы қажет. Мерекенiң түстерi тудың көгiлдiр түсi басымырақ болып, алтын (ашық сары) түспен үйлесiмде алынып, мемлекеттiк тудың өлшемдерiне сәйкестiкке негiзделедi.
      Ұлттық мереке күндерi меншiк нысанына қарамастан бүкіл мемлекеттiк мекемелердiң, заңды тұлғалардың ғимараттары, сондай-ақ салтанатты ресми iс-шаралар өткiзiлетiн үй-жайлар Қазақстан Республикасының мемлекеттiк туымен безендiрiлiп, оның көлемi мен орналасуы тудың ұзындығы мен енінiң стандарттарын сақтай отырып, эстетикалық сәулет өлшемдерiмен айқындалады.

      Мерекенiң идеялық-көркемдiк тұжырымдамасы
      Салтанатты өткiзу кезiнде мынадай принциптер мен идеологиялық басымдықтарды iске асыру қамтамасыз етiлуi қажет:
      тәуелсiздiк жолындағы қол жеткен табыстарды тереңдете көрсететiн ауқымды әлеуметтiк-экономикалық шаралар өткізу;
      халықтың табысы аз жiктерiн қолдау жөнiндегi мiндеттi қайырымдылық шаралары;
      көпшiлiк халықтың тойлауын әртүрлi нысандарда ұйымдастыру;
      өткен жылдың қорытындыларын жалпымемлекеттiк аймақтық, салалық және ведомстволық деңгейде жасау;
      өткен жылдың даму қорытындыларын насихаттау жөнінде отандық және шетелдiк БАҚ-та бұқаралық насихаттау іс-шараларын ұйымдастыру;
      салтанатты қорытындылау Үкiметтiң, Конституциялық Кеңестiң, Жоғарғы Соттың, дипломатиялық корпустың мүшелерiнiң, ғылым мен мәдениет қайраткерлерiнiң, Қазақстан жұртшылығының өкiлдерiнiң қатысуымен өтетiн Парламенттiң қос палатасының ресми мерекелiк отырысы болуы мүмкін;
      күллi iс-шаралар Қазақстанның негiзгi басымдықтарын: тәуелсiздiк, азаматтық татулық және ұлтаралық келiсiм, саяси тұрақтылық, демократияландыру рухын ұстануға тиiс;
      бұл орайда артық саясаттандырудан, жалаң-жалпылама ұйымдастырудан барынша аулақ болып, қоғамдық ұйымдардың, жастардың, ҒӨБ-нiң бастамасына сүйену керек.

      Мерекенi ақпараттық-идеологиялық тұрғыдан қолдау:
      Мерекенiң ақпараттық қамтамасыз етiлуi ежелгi дәуiрден бастап, бүгiнгi күнге дейiнгi тәуелсiздiк үшiн күресті БАҚ-та жан-жақты баяндау болуға тиiс. Тәуелсiздiк алудың заңдылығын санада қалыптастыру үшiн халықты Қазақстанның көрнектi тарихи тұлғаларының идеясымен, олардың өмір жолымен таныстыру қажет. Ең бастысы, халық республиканың бүгiнгi тәуелсiздiгiнiң негiзiнде көп ғасырлық тарихи дәстүр жатқанын ұғынуға тиiс.
      Жұмысты ұйымдастыру кезiнде насихаттаудың әсерін арттыру үшiн халықтың белгiлi бiр әлеуметтiк жiктерi мен топтарына нақты бағытталған, мақсатты ақпараттық-коммуникативтiк ықпалды жүзеге асыру қажет.
      Насихаттауды ұйымдастыруға айрықша мән беру республика азаматтарының сәйкестiгiн, олардың Қазақстан қоғамының мүшесi екенiн сезiнуiн қалыптастыруға бағытталуға тиiс.
      Насихаттауды қамтамасыз ету жоспарын тұжырымдауда жастарға басты назар аударып, олар үшiн қазiргi заманғы РК-технология мен саяси жарнаманы кеңiнен қолдану орынды болмақ.

      Қаржы және ресурстар
      Тәуелсiздiк күнiн өткiзу үшiн материалдық-техникалық, сондай-ақ ұйымдық сипаттағы күллi мемлекеттiк және қоғамдық ресурстар мақсатты түрде iске қосылуы маңызды.
      Тұжырымдаманың мiндеттерiн iске асыру мақсатында іс-шаралар жоспарының жалпыреспубликалық және аймақтық компоненттерiн нақты айқындап, қаржыны үнемдеу мақсатында олардың бiрiн-бiрi қайталауына жол бермеу қажет.

      Күтілетiн нәтижелер
      Бұл Тұжырымдаманы iске асырудың нәтижесi, ең алдымен азаматтардың санасында республика тәуелсiздiгiн нығайтудың үйлесiмдi және объективтi негiзiн құрайтын демократиялық және либералдық құндылықтардың жүйесiн нығайту болуға тиiс, атап айтқанда:
      Қазақстан қоғамының өмiр сүруiнiң негiзi ретiнде мемлекеттің тәуелсiздiгi;
      қоғамды демократияландыру мен либерализациялау;
      азаматтық татулық пен ұлтаралық келiсiмдi сақтау;
      қазақстандықтардың азаматтық-құқықтық бiрлiгi мен мәдени ортақтығын дамыту;
      азаматтық бiрегейлiк. Қазақстан тәуелсiздiгiнiң тарихи сабақтастығы;
      тәуелсіздiк идеяларын iске асырудың нақты шараларының жүйесі ретiнде "Қазақстан-2030" стратегиясын iске асыру.

5. Тұжырымдаманы iске асырудың негiзгi кезеңдерi
мен бағыттары

      1-кезең - дайындық кезеңi (2001 ж. бiрiншi жартысы)
      Мереке күндерiнiң идеологиясын және оларды өткiзудiң бірыңғай тәсiлдерiн жаңа болмысқа әрi мемлекет алдында тұрған бұл мiндеттерден туындаған жағдайларға сәйкес әзірлеу.

      Әрбір мерекенi өткiзудiң тұжырымдамасын әзiрлеу. Тұжырымдаманың құрылымы мынадай түрде:
      - негіздеме;
      - мерекенің мақсаты мен міндеттері;
      - тұтас алғанда эмблемасы мен нышандары;
      - басты жарнама-ұрандары мен ұрандары;
      - мерекенің идеялық-көркемдік тұжырымдамасы: мерекенің ой-идеясы, өткізу сценарийі; нышаны (ескерткіштер, ұрандар, бейне- және фонотека, мерекелік безендіру) және рәсімдер (конкурстар, концерттер, карнавалдар, мерекелік отшашулар, көпшілік шаралары, халықтық тойлау, мәдени-көпшілік іс-шаралары және т.б.);
      - мерекені ақпараттық-идеологиялық тұрғыдан қолдау;
      - қаржы мен ресурстар;
      - күтілетін нәтижелер түрінде құрылуға тиіс.

      Мереке күндерінің нышанын (ескерткіштердің, жарнама-ұрандардың, эмблемалардың, әндердің және т.б.) әзірлеудің республикалық конкурсын ұйымдастыру.
      Мереке күндерін өткізудің мазмұны мен нысанын айқындау.
      Тұжырымдаманың негізінде жалпыреспубликалық, аймақтық және жергілікті деңгейдегі тиісті Іс-шаралар жоспарына сәйкес Қазақстан Республикасында мереке күндеріне дайындық пен оларды өткізуді әзірлеу.
      Бұқаралық ақпарат құралдарында іс-шаралар жоспарын халыққа жеткізу мен оның негізгі ережелерін насихаттау жөнінде науқан ұйымдастыру.

      2-кезең - іске асыру кезеңі (2001-2005 ж.ж. екінші жартысы)
      Қазақстан Республикасындағы мереке күндеріне дайындық пен оларды өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарын орындау.
      Іс-шаралар жоспарын және Тұжырымдаманың тұтас алғанда негізгі ережелерін іске асырудың пәрменділігіне тұрақты мониторинг жүргізу.
      Алынған деректерді ескере отырып, Тұжырымдама мен іс-шаралар жоспарына түзетулер енгізу.
      Осы Тұжырымдаманың ережелерiн iске асыру Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңдарына тиiстi өзгерiстер енгізгеннен кейiн көзделiп отыр, ол 2002 жылдың басына белгіленген.

6. Тұжырымдаманы iске асырудың тетiгi

      Тұжырымдаманың негiзiнде Қазақстан Республикасындағы мереке күндерiне жалпыреспубликалық, аймақтық және жергілікті деңгейдегi дайындық пен оларды өткiзу жөнiндегi іс-шаралар жоспарын әзiрлеу. Жоспарда орындаудың кезеңдері мен мерзiмдерi, жауапты құрылымдары, қаржыландыру көздері айқындалады.
      Бұқаралық ақпарат құралдарында iс-шаралар жоспарын халыққа жеткiзу және оның негiзгi ережелерiн насихаттау жөнінде науқан ұйымдастыру.
      Қазақстан Республикасында мереке күндерiне дайындық пен оларды өткiзу жөнiнде iс-шаралар жоспарын iске асыру.
      Іс-шаралар жоспарын iске асыруға Қазақстан Республикасы Президентi Әкiмшiлiгiнiң бақылауы.

7. Тұжырымдаманы ресурстық қамтамасыз ету

      Тұжырымдаманың iс-шараларын жүзеге асыру республикалық және жергiлiктi бюджет қаржысын, сондай-ақ бюджеттен тыс ресурстарды тарту есебiнен көзделген.
      Осы мақсатта мынадай шараларды:
      республикалық және жергiлiктi бюджет құрамында олардың әкімшiсiн нақты айқындай отырып, тиiстi бюджеттiк бағдарламалар әзiрленуге тиiс;
      бюджеттен тыс қаржының арнайы қорын құру мүмкіндігін қарап, ықтимал әкiмшi ретiнде Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келiсiм министрлiгiн айқындауды көздеу орынды болып табылады.

8. Тұжырымдаманы іске асырудан күтілетін нәтижелер

      Саяси салада:
      Қазақстан Республикасында мерекелерге дайындық пен оларды өткізудің бірыңғай тәсілдерін әзірлеу;
      мерекелерге дайындық пен оларды өткізудің нақты идеологиялық базасын жасау;
      мерекелер аясында тиімді бірыңғай мемлекеттік саясат жүргізу;
      қазіргі РК-технологиялар негізінде мерекелерді ақпараттық-идеологиялық тұрғыдан қамтамасыз ету сапасын арттыру;
      елдің әлемдік мәдени кеңістікке интеграциялануы.

      Экономикалық салада:
      мерекелерді ресурстық қамтамасыз етудің бірыңғай тәсілдерін әзірлеу;
      мерекелерді өткізуге жұмсалатын бюджеттік және бюджеттік емес қаржыны түзу мен жұмсаудың ашықтығын қамтамасыз ету.

      Әлеуметтік-мәдени салада:
      қоғамның идеялық және рухани-мәдени топтасуын тереңдету;
      елдің жалпыұлттық азаматтық бірегейлігін нығайту;
      мерекелерге дайындық пен оларды өткізу процесіне халықтың қалың жігін тарту;
      мемлекет пен оның институттарына деген қоғамның сенімін нығайту;
      "Қазақстан-2030" стратегиясының міндеттерін орындауда халықтың белсенділігін арттыру.

9. Қорытынды

      Осы Тұжырымдаманың ережелерін іске асыру мерекелерге дайындық пен оларды өткізудің негізгі қағидаттары мен стратегиясының тиімділігінің нәтижелерін олар енгізілгеннен кейін бiр жылдан соң талдауды қажет етедi. Бұл үшiн әрбір мереке бойынша Iс-шаралар жоспарын әзiрлеудi алдын ала талдауға айрықша көңiл бөлiп, тұтас алғанда олардың осы Тұжырымдамаға сәйкестiгiне және тиiстi ескертпелер мен ұсыныстарды тұжырымдауға көңiл бөлу қажет. Бұл - Тұжырымдаманың мазмұнын практикада барынша толық iске асыруға, ұйымдық және материалдық ресурстарды пайдалануға оңтайлы тұрғыдан келуге мүмкiндiк бередi.
      Мерекелердi iс жүзiнде өткiзудiң нәтижелерi Тұжырымдаманың мақсаттары мен мiндеттерiне қол жеткiзудiң тиімділігiнiң мәнiн талдауды және әрбiр мереке бойынша жеке талдауды қажет етедi. Бұл мақсатта мерекелердiң аймақтық және республикалық деңгейдегi мониторингiн жүргізу, осы талдаудың негiзiнде мерекелерге дайындық пен оларды өткізу жөнiндегі iс-шараларға түзетулер енгізу қажеттігі көзделуi қажет.
      Ақпараттық қайтарым тұрғысындағы орынды әрi оңды қадам қоғамдық ұйымдардың сарапшыларын тартудың, әлеуметтану зерттеулерiн жүргiзудiң негiзiнде тәуелсiз сараптама ұйымдастыру болар едi. Мұндай жұмыс мерекелердi өткiзу жөніндегі ықтимал ресурс резервтерiн анықтауға, ұйымдық және қаржы шығындарының оңтайлы өлшемдерiн анықтауға, әрбір мерекелiк iс-шараға барынша назар аударып, әрi мақсатқа сәйкес өткiзуге мүмкiндiк бередi.
      Осы Тұжырымдаманы және әрбiр мерекеге дайындық пен оларды өткiзу жөнiндегi Іс-шаралар жоспарын iске асыруда оларды орталық және жергiлiктi атқарушы билiк органдары жұмысының әлеуметтiк, қаржы, идеологиялық бағыттарымен ұйымдық жағынан келiсуге айрықша назар аудару қажет. Бұл артық шығыстарды болдырмауға, мемлекеттiк органдар мен қоғам жұмысының ырғағына мерекелiк iс-шаралардың үйлесiмдi қосылуына мүмкiндiк бередi.

     Сөйтiп, осы Тұжырымдаманың ережелерiн iске асыру қоғамды одан әрi демократияландыруға, оны топтастыруға және "Қазақстан-2030" Стратегиясының мiндеттерiн орындауды қамтамасыз етуге бағытталған.

Көмек
Көмек
Ай бойы келгендердің барлығы:
Кеше келгендердің барлығы:
Қазір порталда:
URL:
Қате:
Пікір:

Спасибо, информация об ошибке принята.

Извините, в данный момент информация об ошибке не может быть обработана.
Попробуйте позже.