Қазақстан Республикасы мен Литва Республикасы арасындағы достық қатынастар мен ынтымақтастықты одан әрi дамыту туралы БIРЛЕСКЕН МӘЛIМДЕМЕ

Актінің түрі
Мәлімдеме
Қабылдау күні
11.05.2000
Өзгерту күні
11.05.2000
Актіні қабылдаған орган
Халықаралық органдар мен ұйымдар

      Бiздер, Қазақстан Республикасының Президентi мен Литва Республикасының Президентi,
      жаңа мыңжылдық қарсаңында, Қазақстан Республикасы мен Литва Республикасы арасындағы, оның iшiнде халықаралық тұрғыдағы, қарым-қатынастардың дамуының жәй-күйi мен келешегiне қатысты болған пайдалы әрi жан-жақты пiкiр алмасуды атап өтiп,
      Литва Республикасының Президентi Валдас Адамкустың 2000 жылғы 10-12 мамырдағы Қазақстан Республикасына мемлекеттiк сапары барысында болған келiссөздердiң нәтижелерiн қорытындылай отырып,
      1993 жылғы 7 қарашада Алматы қаласында жасалған, Қазақстан Республикасы мен Литва Республикасы арасындағы Өзара түсiнiстiк пен ынтымақтастық туралы шарттың P941336_ ережелерiн басшылыққа ала отырып, сондай-ақ бұрын қол жеткiзiлген екi жақты уағдаластықтарды негiзге ала отырып,
      өзара мүдделiлiк бiлдiрiлетiн салаларда тең құқықты және өзара тиiмдi ынтымақтастық рухында достық қатынастарды одан әрi дамытуға және тереңдетуге ұмтыла отырып,
      жалпы жұрт таныған халықаралық құқық нормаларына, Бiрiккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының мақсаттары мен принциптерiне, Хельсинки Қорытынды актiсiнiң ережелерiне және Еуропадағы қауiпсiздiк пен ынтымақтастық жөнiндегi ұйымның басқа да құжаттарына өздерiнiң адалдығын қуаттай отырып,
      төмендегiлер туралы мәлiмдеймiз:
      саяси, экономикалық, мәдени, гуманитарлық және басқа да салаларда елеулi әлеуетi бар, екi мемлекет арасындағы достық қатынастардың маңызды, басымдықты сипатын атап көрсетемiз;
      екi жақты ынтымақтастықтың дамуын аймақтық және ғаламдық тұрғыда бейбiтшiлiк пен тұрақтылықты одан әрi нығайтудың кепiлдiгi ретiнде қараймыз;
      әлемдiк қауымдастық елдерiнiң тұрақты дамуы мен экономикалық гүлденуiн негiзге алатын халықаралық ұйымдардың шеңберiнде анағұрлым тығыз өзара iс-қимылдың өсе түсiп отырған қажеттiлiгiн атап өтемiз;
      жетекшi еуропалық бiрлестiктермен және ұйымдармен, атап айтқанда Еуропалық Одақпен, Еуропалық Кеңеспен ынтымақтастықты дамытуға және жақындасуға ұмтылысты қуаттаймыз, сондай-ақ осы салада бiр-бiрiмiзге жәрдем көрсетуге дайын екендiгiмiздi бiлдiремiз;
      екi жақты қатынастардың шарттық-құқықтық базасының елеулi әлеуетiн атап өтемiз және оны барынша пайдалану қажеттiгiне назар аударамыз;
      екі жақты негізде де, сондай-ақ халықаралық және аймақтық ұйымдар шеңберінде де халықаралық терроризмге, ұйымдасқан қылмысқа, есірткі құралдары мен психотроптық заттардың заңсыз айналымына, заңсыз көші-қонға қарсы күресте ынтымақтастықты кеңейту мен күш-жігерді үйлестіру туралы уағдаластықтарға қол жеткіздік;
      Қазақстан Республикасының Президенті Литва Республикасының Еуропалық Одаққа мүше болуы туралы келіссөздердің басталуын қолдайды, бұл орайда Литваның Еуропалық Одаққа келешекте мүше болуы екі мемлекет арасындағы, сондай-ақ Қазақстан мен Еуропалық Одақ елдері арасындағы түрлі салалардағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және тереңдетуге жәрдемдесетін болады деп сенім білдіреді;
      Қазақстан Республикасының Президенті Литва Республикасының Солтүстік Атлантика Шарты Ұйымына кірігу құқығын таниды;
      Литва Республикасының Президенті Қазақстан Республикасының аймақтық тұрақтылық пен бейбітшілікті нығайту жөніндегі сындарлы күш-жігерін қолдайды, оның Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім білдіру шаралары жөніндегі кеңесті шақыруға қатысты бастамасын қолдайды, аталған Кеңес халықаралық қауіпсіздік жүйесінде жаңа маңызды буын, мемлекетаралық өзара қатынастарды үйлестіру құралы ретінде қызмет етеді;
      Литва Республикасының Президенті үшінші мыңжылдықтың әлемдік қауымдастығындағы өзінің орнын, даму перспективалары мен бағдарларын Қазақстан Республикасының терең әрі жаңаша сипатта пайымдауға ұмтылысына үлкен назар аударады;
      сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық Қазақстан-Литва комиссиясы жұмысының басталуын қолдаймыз және комиссияның осы саладағы екі жақты байланыстарды нығайту мен дамытуды көтермелеуге арналған тиімді жұмысының маңыздылығын атап көрсетеміз;
      Қазақстан Республикасы мен Литва Республикасының өзара тиімді экономикалық ынтымақтастықты дамытуға мүдделілігін және екі мемлекеттің мұнай өнеркәсібі әлеуетін ескере отырып, Қазақстан мен Литваның мұнай компаниялары арасындағы басталған диалогты қолдаймыз. Осы компаниялар арасында коммерциялық тұрғыдан негізделген ұзақ мерзімді сауда байланыстарын орнатуды қолдаймыз және екі мемлекет үкіметтерін осындай байланыстарды дамыту үшін қолайлы жағдайлар туғызуға шақырамыз;
      екі жақты ынтымақтастықтың басымдықты бағыттарының бірі - көлік коммуникацияларын дамыту, екі мемлекет арасындағы көлік қозғалысын ұлғайтуға жәрдемдесу және осы салада жасалған келісімдерді іс жүзінде жүзеге асыруды қамтамасыз ету болып табылатындығын атап көрсетеміз;
      екi мемлекет Парламенттерi арасындағы байланыстардың одан әрi дамуына және тәжiрибе алмасуына жәрдем көрсету ниетiн растаймыз;
      ғылым мен техника, мәдениет, өнер, бiлiм, туризм және спорт саласында ынтымақтастықты одан әрi дамыту қажеттiлiгiн қуаттаймыз;
      экологиялық қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге басымдықты мән бере отырып, қоршаған ортаны қорғау мен табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану саласында тығыз ынтымақтастықты дамытуға келiстiк;
      Литва Республикасының Президентi әлемдiк қоғамдастықты, халықаралық ұйымдар мен қаржылық институттарды Арал теңiзi өңiрi мен бұрынғы Семей ядролық полигоны аймағындағы экологиялық және әлеуметтiк проблемаларды шешуге, сондай-ақ халықтың денсаулығын оңалтуға тарту жөнiндегi Қазақстан Республикасының күш-жiгерiн қолдайды.

      Астанада 2000 жылғы 11 мамырда, әрқайсысы қазақ, литва және орыс тiлдерiнде екi дана болып жасалды.

          (Қолдары)

      Мамандар:
      Қасымбеков Б.А.
      Багарова Ж.А.

Көмек
Көмек
Ай бойы келгендердің барлығы:
Кеше келгендердің барлығы:
Қазір порталда:
URL:
Қате:
Пікір:

Спасибо, информация об ошибке принята.

Извините, в данный момент информация об ошибке не может быть обработана.
Попробуйте позже.