Дін немесе наным-сенім негізіндегі шыдамсыздықтар мен кемсітушіліктердің барлық түрлерін жою туралы Декларация

Актінің түрі
Декларация
Ұсынымдар
Қабылдау күні
01.01.1970
Өзгерту күні
25.11.1981
Актіні қабылдаған орган
Халықаралық органдар мен ұйымдар

      Бас Ассамблея,
      Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарлығының негізгі принциптерінің біріне сәйкес, әрбір адам абырой мен теңдік қасиеттеріне ие екенін және барлық мүше мемлекеттер нәсілі, жынысы, тілі немесе дініне қарамастан, барлық адамдардың құқықтары мен негізгі бостандықтарын жалпыға ортақ құрметі мен сақталуына көмектесу және мадақтау мақсатында Біріккен Ұлттар Ұйымымен ынтымақтастықта бірлескен және өз бетінше іс-әрекеттер жасауға міндеттелгенін ескере отырып,
      Адам құқықтарының жалпыға ортақ декларациясында және Адам құқықтары туралы Халықаралық пактілерде заң алдындағы кемсітушілікке жол бермеу және теңдік принциптері, сонымен қатар ой, ұят, дін немесе намым-сенім бостандығының құқықтары жария етілгенін назарға алып,
      адам құқықтарын, соның ішінде ой, ұят, кез келген сипаттағы дін немесе наным-сенім құқықтарын елемеу және бұзу соғыстар мен адамзаттың ауыр қасіреттерінің, әсіресе олар өзге мемлекеттердің ішкі мәселелеріне шетелдердің араласуының құралы және халықтар мен мемлекеттер арасындағы жеккөрініске әкелетін, тікелей немесе жанама түрдегі себеп болып табылатынын назарға алып,
      дін немесе наным-сенімді ұстанатын әрбір адам үшін ол өз өмірінің мәні деп түсінетін негізгі элементтерінің бірі болып табылатынын және дін немесе наным-сенім бостандығын толық сақтап, оған кепіл беруді ескере отырып,
      дін немесе наным-сенім бостандығы мәселесіндегі түсіністік, шыдамдылық және құрметтеуге жәрдемдесуді, дін немесе наным-сенімді Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарлығына, өзге тиісті құжаттарына және осы Декларацияның мақсаттары мен принциптеріне сәйкес келмейтін мақсаттарда пайдалануға жол бермеуге тырысуды маңызды деп санай отырып,
      дін немесе наным-сенім бостандығы жаппай бейбітшілік, әлеуметтік әділеттілік және халықтар арасындағы достық мақсаттарына жету үшін, сонымен қатар отаршылдық пен нәсілдік кемсітушіліктің идеологиялары мен тәжірибелерін жоюға жәрдемдесуі керектігіне көзін жеткізіп,
      Біріккен Ұлттар Ұйымы және мамандандырылған мекемелердің бастамасымен, кемсітушіліктің әр алуан түрлерін жою туралы бірнеше конвенциялар қабылданып, бірнешесі күшіне енгенін ризашылықпен атап айта отырып, дін немесе наным-сенім мәселесінде дүниежүзінің кейбір аудандарында әлі күнге дейін сақталған шыдамсыздық көріністеріне және кемсітушіліктің барына алаңдап,
      осындай шыдамсыздықтың барлық түрлері мен көріністерін тез арада жою үшін барлық қажетті шараларды қабылдауға және дін немесе наным-сенім негізіндегі кемсітушіліктің алдын алуға және онымен күресуге бел байлай отырып,
      дін немесе наным-сенім негізіндегі шыдамсыздық пен кемсітушіліктің барлық түрлерін жою туралы Декларацияны жариялайды:

1 Бап

      1. Әрбір адамның ой, ұят және дін бостандығына құқығы бар. Бұл құқық өз таңдау бойынша кез келген сипаттағы дінге немесе наным-сенімге ие болу бостандығын және өз дінін тұту бостандығын және дін ғұрыптарын ұстануда, діни және салттық дәстүрлер мен оқуларды орындауда жария түрде немесе жеке тәртіпте дербес немесе өзгелермен бірігіп, наным-сенімін білдіру құқығын қамтиды.
      2. Ешбір адам өз қалауы бойынша дінді немесе наным-сенімді ұстану бостандығын кемсітетін зорлыққа душар болмауы тиіс.
      3. Дінді ұстану немесе наным-сенімді білдіру бостандығы заңмен бекітілген және өзге адамдардың негізгі құқықтары мен бостандықтарын қоса алғанда, қоғамдық қауіпсіздікті, тәртіпті, денсаулық пен моральді қорғау үшін қажетті шектеулерге ғана жатады.

2 Бап

      1. Ешбір адам кез келген мемлекет, мекеме, адам топтары немесе жеке тұлға тарапынан дін немесе наным-сенім негізінде кемсітушілікке душар болмауы тиіс.
      2. Осы Декларация мақсаттарында «дін немесе наным-сенім негізіндегі шыдамсыздық пен кемсітушілік» сөйлемі дін немесе наным-сенімге негізделген және адам құқықтары мен негізгі бостандықтардың теңдігі негізіндегі мойындаудың, пайдаланудың немесе жүзеге асырудың көзін жою немесе кеміту мақсаты немесе салдары болған кез келген айырмашылықты, жоққа шығаруды, шектеуді немесе артықшылықты білдіреді.

3 Бап

      Дін немесе наным-сенім негізінде адамдарды кемсіту адами тұлғаның абыройын қорлау және Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарлығының принциптерін мойындамау болып табылады және Адам құқықтарының жалпыға ортақ Декларацисында жария етілген және Адам құқықтары туралы Халықаралық пактілерде егжей-тегжейлі мазмұндалған адам құқықтарын және негізгі бостандықтарын бұзу ретінде, сонымен қатар мемлекеттер арасындағы достық әрі бейбіт қарым-қатынастардың кедергісі ретінде кінәратталады.

4 Бап

      1. Барлық мемлекеттер азаматтық, экономикалық, саяси, әлеуметтік және мәдени өмірдің барлық салаларындағы адам құқықтарын және негізгі бостандықтарын мойындауда, жүзеге асыруда және орындауда дін немесе наным-сенім негізіндегі кемсітушіліктің алдын алу және жою үшін тиімді шаралар қабылдауы қажет.
      2. Барлық мемлекеттер, қажет болған жағдайда, кез келген осындай кемсітушілікке тыйым салу үшін сонымен қатар осы саладағы дін немесе өзге наным-сенім негізіндегі шыдамсыздыққа қарсы күрес жүргізуде тиісті шаралар қабылдау үшін заңнаманы қабылдау немесе жоққа шығаруға қатысты бар күш-жігерін салады.

5 Бап

      1. Ата-аналар немесе тиісті жағдайларда, заңдық қамқоршылар өз діні және наным-сеніміне сәйкес, сонымен қатар олардың пікірінше бала алуға тиісті өнегелі тәрбиені негізіге алып, отбасы шеңберінде баланың өмір сүру қалпын айқындауға құқылы.
      2. Әрбір бала ата-анасының немесе тиісті жағдайларда, заңдық қамқоршылардың қалауына сәйкес дін немесе наным-сенім саласында қолжетімді білім алуға құқылы және оның ата-анасы немесе заңдық қамқоршылардың қалауларына қайшы келіп, дін немесе наным-сенім саласында білім алуға мәжбүрленбейді, баланың мүддесі басшылықты принцип болып табылады.
      3. Бала дін немесе наным-сенім негізіндегі кемсітушіліктің кез келген түрінен шектетіледі. Ол түсініктік, шыдамдылық, халықтар арасындағы достық, бейбітшілік және жалпыға ортақ бауырмалдық, өзге адамдардың діні мен наным-сенімінің құқығына құрмет көрсету, сонымен қатар оның энергиясы мен қабілеттері өзге адамдардың игілігіне қызмет етуге толықтай сезіну рухында тәрбиеленуі тиіс.
      4. Егер бала өз ата-анасы немесе заңдық қамқоршылар қамқорында болмаса, онда дін немесе наным-сенім мәселесінде айқындалған оның қалауы немесе қалауының кез келген көріністері лайықты түрде назарға алынуы тиіс, баланың мүддесі басшылықты принцип болып табылады.
      5. Бала тәрбиеленіп жатқан дін немесе наным-сенім тәжірибесі осы Декларацияның 1-Бабы 3-ші тармағын ұстана отырып, оның физикалық немесе ақыл-ой денсаулығына, оның жалпы дамуына зиян келтірмеуі қажет.

6 Бап

      Осы Декларацияның 1-ші Бабына сәйкес және 1-Бабы 3-ші тармағының ережелерін сақтай отырып, ой, ұят, дін немесе наным-сенім бостандығына деген құқық келесі бостандықтарды қамтиды, соның ішінде:
      a) діни ғұрыптарды ұстану немесе дін немесе наным-сенімге байланысты жиналу және осы мақсаттар үшін орындарды құру және қамтамасыз ету;
      b) тиісті қайырымдылық және гуманитарлық мекемелерлі құру және қамтамасыз ету;
      c) діни салттар немесе дәстүрлер немесе наным-сенімдермен байланысты қажетті заттарды және материалдарды өндіру және оларды тиісті мөлшерде сатып алу мен пайдалану;
      d) осы салалардағы тиісті жарияланымдарды жазу, шығару және тарату;
      e) мақсаттарына сай келетін орындарда діни немесе наным-сенімдер мәселелері бойынша сабақ беру;
      f) жеке тұлғалар мен ұйымдардан өз еркімен қаржылық және өзге қайырымдылық қаражаттарын сұрау және алу;
      g) сол немесе өзге дін немесе наным-сенімнің қажеттіліктері мен нормаларына сәйкес тиісті басшыларды дайындау, тағайындау, сайлау немесе мұрагерлік құқық бойынша тағайындау;
      h) дін және наным-сенімнің ұйғарымына сәйкес демалыс күндерін сақтау және мерекелерді атап өту және дәстүрлерді ұстану;
      i) ұлттық және халықаралық деңгейлерде дін және наным-сенім саласындағы жеке тұлғалар және қауымдармен байланысты орнату және қарым-қатынасты үзбеу.

7 Бап

      Осы Декларацияда жария етілген құқықтар мен бостандықтар ұлттық заңнамада әрбір адам осы құқықтар мен бостандықтарды тәжірибе жүзінде қолдана алатындай етіп беріледі.

8 Бап

      Осы Декларацияда Адам құқықтарының жалпыға ортақ декларациясында және Адам құқықтары туралы Халықаралық пактілерде анықталғандай кез келген құқықтан шектелу немесе ауытқу мәнінде мазмұндалмауы тиіс.

Көмек
Көмек
Ай бойы келгендердің барлығы:
Кеше келгендердің барлығы:
Қазір порталда:
URL:
Қате:
Пікір:

Спасибо, информация об ошибке принята.

Извините, в данный момент информация об ошибке не может быть обработана.
Попробуйте позже.