Қазақстан Республикасы Үкіметінің және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің экономикалық саясаттың 2012 жылға арналған негізгі бағыттары туралы мәлімдемесі туралы

Актінің түрі
Мәлімдеме
Қаулы
Қабылдау күні
29.02.2012
Өзгерту күні
29.02.2012
Актіні қабылдаған орган
Қазақстан Республикасының Үкіметі (Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі)

      Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің экономикалық саясаты туралы елдің қалың жұртшылығын хабардар ету мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Үкіметінің және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің экономикалық саясаттың 2012 жылға арналған негізгі бағыттары туралы мәлімдемесі мақұлдансын.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                  К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің   
2012 жылғы 29 ақпандағы
№ 272 қаулысымен 
мақұлданған  

Қазақстан Республикасы Үкіметінің және Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкінің экономикалық саясаттың 2012 жылға
арналған негізгі бағыттары туралы мәлімдемесі

      Қазақстан Республикасының Үкіметі (бұдан әрі - Үкімет) мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің (бұдан әрі - Ұлттық Банк) 2011 жылы үйлестірілген макроэкономикалық және ақша-кредит саясатын жүргізуінің нәтижесінде елде макроэкономикалық, қаржылық және әлеуметтік тұрақтылық қамтамасыз етілді.
      Өткен жылы дамыған елдерде дағдарыстың тереңдеуіне қарамастан, Қазақстан экономикасы жоғары қарқынмен дамыды. Алдын ала деректер бойынша нақты Жалпы ішкі өнім (бұдан әрі - ЖІӨ) 2011 жылы 7,5% өсті.
      Экономиканың өсіміне ішкі сұраныстың кеңеюі мен жыл бойы экспорттық өнімдерге қолайлы конъюнктураның сақталуы әсер етті.
      Ең көп өсім қарқыны ауыл шаруашылығында - 26,7%, саудада 14,5%, байланыста - 18,7% белгіленді. Өнеркәсіп өндірісінің өсімі 3,5%, құрылыста -2,7 % құрады.
      Алдын ала бағалау бойынша еңбек өнімділігі 2011 жылы 104,3%-ды құрады.
      Экономика салаларындағы өсім ел халқының әл-ауқатының жақсаруымен қатар жүреді. Халық табысы өсуде және еңбек нарығындағы жағдайдың жақсарғаны байқалды. Бағалау бойынша 2011 жылы жан басына шаққанда ЖІӨ 11 мың АҚШ долларынан асты. 2011 жылғы нақты ақшалай табыс 7,4%,-ға нақты жалақы - 7,2%-ға өсті. Жұмыссыздық деңгейі 2011 жылдың соңында 5,4%-ға дейін төмендеді.
      Үкімет пен Ұлттық Банктің бағаны тұрақтандыру бойынша тиімді әрекеті жылдық инфляция деңгейін жоспарланған 6-8% дәлізде ұстап тұруға мүмкіндік берді. 2001 жылдың соңында инфляция деңгейі 7,4 % құрады, бұл 2010 жылмен салыстырғанда 0,4 % төмен.
      Елдің қаржылық тұрақтылығы алтын-валюта резерві мен Ұлттық қордағы елеулі жинақтармен қамтамасыз етіледі. 2011 жылы елдің халықаралық резерві 73 млрд. АҚШ долларын құрады және бір жылда 23,2 %-ға өсті, оның ішінде шетел валютасындағы Ұлттық қор активтері 41%-дан 43,7 млрд. АҚШ долларына дейін өсті.
      Банк секторының позитивті даму серпіні белгіленді, бұл банктердің кредиттік белсенділігінің біртіндеп қалпына келуімен қатар болады. 2011 жылғы қыркүйек айының қорытындысы бойынша банк секторының борышы 2007 жылы 45,9 млрд. АҚШ долларынан 16,5 млрд. АҚШ долларына дейін қысқарды.
      Мемлекеттік бюджеттің тапшылығы төмендеді және ЖІӨ-ге 2,2%-ды құрады.
      2011 жыл ішінде экономикадағы банк кредиттерінің жалпы көлемі 15,7 %-ға артты, банк жүйесіндегі депозиттер көлемі 14,3 %-ға, оның ішінде тұрғындар депозиті 24,1 %-ға өсті.
      2011 жылы экономикалық белсенділікті арттырудың негізгі факторы Индустрияландыру картасының жобаларын іске асыру болып табылды. Өткен  жылы 1 трлн.теңге сомаға 237 жоба іске қосылып, шамамен алғанда 20 мың жұмыс орны құрылды.
      Кәсіпкерлікті, ең алдымен шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы белсенді түрде іске асырылуда. 2010 жылдан бастап бағдарламаның үш бағыты бойынша жалпы сомасы 288,3 млрд.теңге сомаға 930 жоба субсидиялауға мақұлданды.
      Бизнеске әкімшілік жүктемені азайту бойынша жүргізілген жұмыс Қазақстанның Дүниежүзілік Банкі «Doing Business» рейтингіндегі бизнес жүргізуге неғұрлым қолайлы жағдай жасалған әлемнің 50 елінің қатарына кіруіне мүмкіндік берді.
      Экономикадағы оң үрдістер, сақталып отырған макроэкономикалық тұрақтылық Standard&Poor's және Fitch агенттіктері егемен рейтингтерді тиісінше «ВВВ + » және «ВВВ» деңгейіне дейін жақсартуға мүмкіндік берді.
      Беларусьтің, Қазақстанның және Ресейдің Кеден одағы (бұдан әрі - КО) табысты жұмыс істеуде, Кеден одағының Бірыңғай кеден аумағын қалыптастыру жұмысы аяқталып, 70 халықаралық келісімді қамтитын Кеден одағының шарттық-құқықтық базасы қалыптастырылды. 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап Бірыңғай экономикалық кеңістіктің халықаралық шарттары пакеті өз күшіне енді - бұл біздің мемлекеттеріміздің неғұрлым терең интеграциясын білдіреді.
      Өткен жылы біз айтарлықтай нәтижелерге қол жеткіздік. Сонымен бірге ел экономикасына әсер етеді мүмкін сыртқы тәуекелдер де бар.
      Әлемдік экономикада қазіргі уақытта ЕО және АҚШ экономикаларында рецессияға және 2012 жылдың өзінде Қытайда өсу қарқынының күрт төмендеуіне алып келетін құлдырау үрдісі сақталып отыр. Халықаралық ұйымдар әлемдік экономиканың дамуы жөніндегі болжамын төмендеу жағына қарай қайта қарады. Халықаралық валюталық қор (бұдан әрі - ХВҚ) әлемдік экономиканың 2012 жылға арналған өсу болжамын 3,3%-ға дейін төмендетті, ал бұдан бұрын 4 % өсімі болжанған болатын, Дүниежүзілік Банк 2,5 %-ға дейін төмендетті. Fitch Ratings агенттігі 2012 жылға арналған еуроаймақтың ЖІӨ өсу болжамын қазандағы 0,8 % болжаммен салыстырғанда 0,4 %-ға төмендетті.
      Бұл жағдайларда 2012 жылы экономикалық саясаттың негізгі бағыттары мыналар болады:
      1) макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету және жоспарланған деңгейде экономикалық өсудің тұрақтылығын қамтамасыз ету;
      2) адами капиталдың бәсекеге қабілеттілігін арттыру және әлеуметтік міндеттемелерді орындау;
      3) өңірлік саясатты одан әрі дамыту;
      4) бірыңғай экономикалық кеңістік шеңберінде интеграциялық процестерді жалғастыру;
      5) мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту.
      Макроэкономикалық тұрақтылық үйлестірілген ақша-кредит және салық-бюджет саясатының және инфляцияның деңгейін жоспарлы 6-8 % дәлізде ұстау есебінен қамтамасыз етіледі.
      Салық-бюджет саясаты әзірленген мемлекеттік саясат шараларын тиімді іске асыруға және экономиканың теңгерімді өсуі қамтамасыз етуге бағытталатын болады.
      Тұрақсыздықтың ішкі факторларының экономикаға кері әсерін төмендету мақсатында контрциклды бюджет саясаты жүргізілетін болады. Экономикалық серпіліс кезеңінде экономиканың «қызып кетуіне» жол бермеу үшін бюджет шығыстарының өсімі тежелетін болады. Экономикалық құлдырау кезеңінде ішкі сұранысты қолдау үшін шығыстар ұлғайтылатын болады.
      Тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз ету үшін үдемелі индустрияландыру және индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау арқылы әртараптандыру жалғастырылатын болады. Ағымдағы жылы индустриялық-инновациялық жобаларды іске асыру басталады, оның ішінде Жезқазған-Бейнеу және Арқалық-Шұбаркөл теміржол желілері, Атырау МӨЗ-де мұнайды тереңнен өңдеу кешені, құбыр жүйелері елорданы қоса алғанда, елдің орталық өңірлерін газдандыруды қамтамасыз ететін Қарашығанақ кен орнындағы газ өңдеу зауыты бар.
      Ірі жоғары технологиялық индустриялық жобаларды іске асыру және жүйе құраушы кәсіпорындарды қолдау «Өнімділік 2020» және «Бәсекеге қабілетті кәсіпорындарды сауықтыру» бағдарламалары шеңберінде қамтамасыз етіледі.
      Лицензиялық-рұқсат беру жүйесін және мемлекеттік органдардың бақылау-қадағалау қызметін жетілдіру арқылы бизнес-ахуалды жақсарту бойынша жұмыстар жалғасады. Рұқсат беру заңнамасының жаңа принциптері енгізілетін болады.
      «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасында инновацияларды енгізу үстіндегі ісін жаңа бастаған және жас кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау көрсетудің жаңа тетіктері көзделетін болады. Аталған тетік шеңберінде 10 млн. теңгеге дейінгі мөлшерде банк кредиттерін беру көзделеді, бұл ретте 80% дейінгі кредит «Даму» қоры арқылы кепілдендірілетін болады.
      Экономиканың әлеуметтік маңызы бар секторына инвестициялауды ынталандыру мақсатында бюджет және концессия заңнамасына қажетті өзгерістер енгізу арқылы мемлекеттік-жеке меншік әріптестік тетіктерін пайдалануды жетілдіру жүзеге асырылатын болады.
      Ауыл шаруашылығын дамыту үшін бірыңғай бидай холдингі және аграрлық өндіріске жеке инвестициялар тәуекелін төмендету үшін қарызды сақтандыру мен кепілдендірудің нәрменді жүйесі құрылады.
      Тауарларды делдалсыз сататын фермерлер мен бөлшек сауда кәсіпорындарына мемлекеттік қолдау жүйесін құру мақсатында «Тұтынушылар кооперативі туралы» және «Ауылдық тұтынушылар кооперациясы» туралы заңдарға өзгерістер енгізілетін болады.
      Өңірлік даму инфрақұрылымдық және институционалдық шектеулерді еңсеруге, Қазақстан азаматтарын өздерінің әлеуметтік және экономикалық құқықтарын іске асыруға тең мүмкіндіктер құруға және адами әлеуетті дамытуға жәрдем көрсетуге, мемлекеттік басқару және жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін қалыптастыруға бағытталған.
      Кәсіпкерлікті белсенді дамыту және еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру арқылы моноқалалар мен қалалық агломерациялардың экономикасын әртараптандыруға бағытталған осы қалаларды дамытудың жаңа бағдарламалары әзірленетін болады.
      Әлеуметтік жаңғырту білім беру және денсаулық сақтау жүйесін одан әрі дамыту, зейнетақы жүйесін жетілдіру арқылы Қазақстанда адами капиталдың сапалы өсімін жалғастыруға бағытталатын болады. Жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету мақсатында кең ауқымды негізде оқытуға және жұмысқа орналастыруға көмек көрсетуге, ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға көмек көрсетуге, еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыруға бағытталған Жұмыспен қамту 2020 бағдарламасы іске қосылады.
      Қазақстандықтарды қол жетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында «Қол жетімді тұрғын үй 2020» бағдарламасы әзірленеді. Қазақстанда жыл сайын 6 миллион шаршы метр жаңа тұрғын үй пайдалануға беріледі. Перспективада жалға берілетін тұрғын алаңдарды пайдалануға беру 1 миллион шаршы метрге дейін жеткізіледі.
      Қазақстан Республикасының ДСҰ-ға кіруі жолымен жаһандық экономикаға интеграциялану Қазақстанның сыртқы саяси басымдықтарының бірі болып табылады. 2012 жылы Қазақстанның ДСҰ-ға кіруі туралы келіссөздер аяқталады. Осыған байланысты, ДСҰ Хатшылығымен бірге 2012 жылдың соңына дейін екіжақты және көпжақты келіссөздер жүргізу үдерістерінің аяқталуын көздейтін Қазақстанның ДСҰ-ға кіруінің Жол картасы әзірленді.
      Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы интеграцияның келесі кезеңі - Еуразиялық экономикалық одақ құру кезеңіне көшу туралы мәлімдеді. Экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету және әрбір елдің мүдделерін қорғау қағидаттарында ұзақ мерзімді экономикалық қатынастар құру арқылы сауда қатынастарын одан әрі интеграциялау және дамыту мүмкіндіктерін барынша пайдалану қажет.
      Мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту нәтижелерге бағдарланған мемлекеттік жоспарлауды енгізу жөніндегі реформаларды тереңдету, бөлінетін бюджет қаражатын мақсаттар мен нақты нәтижелерге өзара байланыстыруды күшейту жолымен бюджет жүйесін жетілдіру арқылы жүзеге асырылатын болады. Мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасын жақсарту, мемлекеттік қызметті одан әрі кәсібилендіру және квазимемлекеттік сектордың тиімділігін арттыруға ерекше назар аударылатын болады.
      Мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру және мемлекеттік функцияларды іске асыру шеңберінде сот және құқық қорғау жүйесін жаңғыртылатын болады, «электрондық үкіметті» дамыту жалғасады, әкімшілік рәсімдер қысқартылады, халықтың компьютерлік сауаттылығы арттырылады.
      2012 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ақша-кредит саясатында жүргізілген қызметінің басым бағыты баға тұрақтылығын қамтамасыз ету, яғни макроэкономикалық алғышарттарға барабар қалыптасып жатқан жылдық инфляцияның төмен деңгейін қолдау болып қала береді.
      Ұлттық Банктің негізгі күш-жігері ақша-кредит саясатының тиімді құралдарын жетілдіруге және арттыруға, сондай-ақ қабылданып жатқан шаралардың ақша нарығының жай-күйіне әсерін күшейтуге бағытталатын болады.
      Қазақстан Республикасының ақша-кредит саясатын жүргізу кезінде экономикадағы ақша ұсынысын икемді реттеу бойынша шаралар қабылданатын болады. Инфляциялық қысымды ынталандыратын артық ақша ұсынысын ұлғайту стерилизацияланған операциялардың өсуімен нивелирленетін болады.
      Сонымен бірге, Ұлттық Банк монетарлық құрамдауыштың оңтайлы деңгейде болуына және қосымша инфляциялық қысым көрсетпеуіне ынталанатын болады.
      Қысқа мерзімді ноталарды шығару және екінші деңгейдегі банктердің депозиттерін тарту банктердің артық өтімділігін стерилизациялау, сондай-ақ қаржы нарығында сыйақы ставкасын реттеу жөніндегі негізгі құралдар болып қалады.
      2012 жылы Ұлттық Банк ең төменгі резервтік талаптарды, атап айтқанда оны қолданудың тиімділігін арттыру бөлігінде жұмысты жалғастырады.
      Валюталық саясат қазақстандық экономиканың ішкі және сыртқы бәсекеге қабілеттілігі арасындағы теңгерімді қамтамасыз етуге тартылатын болады. Бағамдық саясатты жүргізу кезінде әлемдік конъюнктураның үнемі өзгеруі жағдайында отандық бәсекеге қабілеттілікке теріс әсерін тигізуі мүмкін ұлттық валютаның нақты бағамының едәуір ауытқуына жол берілмейтін болады.
      Айырбастау бағамы саясаты әлемдік бағаның өзгеруіне, сыртқы сауда жағдайына ішкі экономиканың дамуы үшін іргетас қалай отырып барабар ден қоятын болады.
      Экономикалық жағдайға байланысты Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі теңге бағамының икемділігін арттыру мақсатында валюталық  нарықта өзінің қатысуын одан әрі төмендетуге ұмтылатын болады.
      Ақша-кредит және валюта саясатының қандай да бір болмасын шараларын қабылдау Бірыңғай экономикалық кеңістіктің қызмет атқаруы шеңберінде болатын интеграциялық үдерістердің есебімен жүзеге асырылатын болады.
      Осылайша, 2012 жылы Үкімет пен Ұлттық Банк жүргізетін экономикалық саясат ЖІӨ-нің нақты өсуін орташа 6-7 % деңгейінде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, бұл орта мерзімді кезеңде экономика өсімінің қарқынын 7% деңгейінде қамтамасыз етуге сәйкес келеді. Инфляция деңгейі 6-8% аралығында болады.

Көмек
Көмек
Ай бойы келгендердің барлығы:
Кеше келгендердің барлығы:
Қазір порталда:
URL:
Қате:
Пікір:

Спасибо, информация об ошибке принята.

Извините, в данный момент информация об ошибке не может быть обработана.
Попробуйте позже.