Күшін жойған

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік концессиялық міндеттемелерінің лимиттерін айқындау әдістемесін бекіту туралы

Актінің түрі
Қаулы
Әдістеме
Қабылдау күні
04.05.2014
Өзгерту күні
10.03.2015
Актіні қабылдаған орган
Қазақстан Республикасының Үкіметі (Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі)

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 10.03.2015 № 119 қаулысымен.

      2008 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Бюджет кодексі 160-бабының 7-1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік концессиялық міндеттемелерінің лимиттерін айқындау әдістемесі бекітілсін.
      2. Осы қаулы оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                               К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2014 жылғы 4 мамырдағы
№ 452 қаулысымен  
бекітілген     

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен жергілікті атқарушы
органдардың мемлекеттік концессиялық міндеттемелерінің
лимиттерін айқындау әдістемесі

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік концессиялық міндеттемелерінің лимиттерін айқындау әдістемесі (бұдан әрі – Әдістеме) мемлекеттік концессиялық міндеттемелердің лимиттерін есептеу тетігін айқындау мақсатында 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Бюджет кодексі 160-бабының 7-1-тармағына сәйкес әзірленді.
      2. Осы Әдістемеде мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) мемлекеттік концессиялық мiндеттемелер – жасалған концессия шарттары бойынша концедент белгілі бір күнге қабылдаған және орындамаған қаржылық мiндеттемелерінiң сомасы бойынша концеденттің құқықтары мен мiндеттерiнiң жиынтығы;
      2) мемлекеттік концессиялық міндеттемелердің лимиттері – өтелмеген мемлекеттік концессиялық міндеттемелердің жыл сайынғы төлемдерін ескере отырып, мемлекеттік концессиялық міндеттемелерді қабылдау бойынша лимиттер белгіленетін, тиісті қаржы жылына арналған мән.

2. Қазақстан Республикасы Үкіметінің мемлекеттік концессиялық
міндеттемелерінің лимиттерін айқындау

      3. Қазақстан Республикасы Үкіметінің мемлекеттік концессиялық міндеттемелерді қабылдауы тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген лимитпен шектеледі.
      4. Тиісті қаржы жылына арналған Қазақстан Республикасы Үкіметінің мемлекеттік концессиялық міндеттемелерінің лимиттері республикалық бюджеттің кірісін ескере отырып, қалыптастырылады және мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның мемлекеттік концессиялық міндеттемелердің лимитін айқындауы кезінде ескерілетін және тиісті үшжылдық жоспарлы кезеңге арналған республикалық бюджет туралы заңның шеңберінде бекітуге енгізілетін шекті шектеу болып табылады.
      5. Қазақстан Республикасы Үкіметінің мемлекеттік концессиялық міндеттемелерінің лимиттері мынадай есептеуге сәйкес белгіленеді:

Scolgov < InRB * 0,20

      Тиісті қаржы жылына арналған мемлекеттік концессиялық міндеттемелерді қабылдау лимиті мынадай есептеуге сәйкес жүргізіледі:

Lmocolgov < Scolgov - CLLG мұнда,

      InRB – республикалық бюджеттің кірісі;
      Scolgov – Қазақстан Республикасы Үкіметінің мемлекеттік концессиялық міндеттемелерін қабылдау лимитінің және қабылданған және өтелмеген мемлекеттік концессиялық міндеттемелерінің сомасынан тұратын, тиісті қаржы жылына арналған Қазақстан Республикасы Үкіметінің мемлекеттік концессиялық міндеттемелерінің лимиттері;
      Lmocolgov – тиісті қаржы жылына арналған Қазақстан Республикасы Үкіметінің мемлекеттік концессиялық міндеттемелерін қабылдау лимиті;
      CLLG – тиісті қаржы жылының басындағы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қабылданған және өтелмеген мемлекеттік концессиялық міндеттемелері.
      6. Қажет болған жағдайда, Қазақстан Республикасы Үкіметінің мемлекеттік концессиялық міндеттемелерінің лимитін нақтылау тиісті қаржы жылының ішінде республикалық бюджетті нақтылау кезінде жүргізіледі.

3. Жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік концессиялық
міндеттемелерінің лимиттерін айқындау

      7. Жергiлiктi атқарушы органның мемлекеттік концессиялық мiндеттемелердi қабылдауы тиiстi жергiлiктi атқарушы органның мемлекеттік концессиялық мiндеттемелерiнiң белгiленген лимитiмен шектеледi.
      8. Тиісті қаржы жылына арналған жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік концессиялық міндеттемелерінің лимиттері облыс бюджетінің, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттерінің кірісі ескеріле отырып қалыптастырылады және мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның мемлекеттік концессиялық міндеттемелердің лимитін айқындау кезінде ескерілетін және жыл сайын Қазақстан Республикасының Үкіметіне тиісті қаржы жылына бекітуге енгізілетін шекті шектеу болып табылады.
      9. Жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік концессиялық міндеттемелерінің лимиті салықтық және салықтық емес түсімдердің және бюджеттік алымдарды шегергенде трансферттерді есепке алмай негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдердің көлеміне сәйкес келетін облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы бюджетінің кірістері (бұдан әрі – меншікті кіріс) негізге алына отырып, жергілікті атқарушы органдардың өз борыштарына дербес қызмет көрсету және өтеу мүмкіндігі ескеріле отырып қалыптастырылады.
      10. Жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік концессиялық міндеттемелерінің лимиттері мынадай есептеуге сәйкес белгіленеді:

ScolLG < InLB *0,20

      Тиісті қаржы жылына арналған мемлекеттік концессиялық міндеттемелерді қабылдау лимиті мынадай есептеуге сәйкес жүргізіледі:

LmocolLG < ScolLG – LLG - CLLG, мұнда

      ScolLG – жергілікті атқарушы органның мемлекеттік концессиялық міндеттемелерін қабылдау лимитінің және қабылданған және өтелмеген мемлекеттік концессиялық міндеттемелерінің сомасынан тұратын, тиісті қаржы жылына арналған жергілікті атқарушы органның мемлекеттік концессиялық міндеттемелерінің лимиттері;
      LmocolLG – тиісті қаржы жылына арналған жергілікті атқарушы органның мемлекеттік концессиялық міндеттемелерін қабылдау лимиті;
      InLB – меншікті кірістердің көлемі;
      LLG – жергілікті атқарушы органның екінші деңгейдегі банктер мен басқа да кредиторлардың алдындағы міндеттемелері;
      CLLG – тиісті қаржы жылының басындағы жергілікті атқарушы органның қабылданған және өтелмеген мемлекеттік концессиялық міндеттемелері.
      11. Қажет болған жағдайда, жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік концессиялық міндеттемелерінің лимитін нақтылау тиісті қаржы жылының ішінде облыстың бюджетін, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджеттерін нақтылау кезінде жүргізіледі.

Көмек
Көмек
Ай бойы келгендердің барлығы:
Кеше келгендердің барлығы:
Қазір порталда:
URL:
Қате:
Пікір:

Спасибо, информация об ошибке принята.

Извините, в данный момент информация об ошибке не может быть обработана.
Попробуйте позже.