Соттардың балаларды тәрбиелеуге байланысты дауларды шешу кезiнде заңнаманы қолдануы туралы

Актінің түрі
Нормативтік қаулы
Қабылдау күні
29.11.2018
Өзгерту күні
29.11.2018
Актіні қабылдаған орган
Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты

      Соттар балаларды тәрбиелеуге байланысты дауларды шешкен кезде кәмелетке толмағандардың құқықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету, сондай-ақ "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) нормаларын дұрыс және біркелкі қолдану мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы мынадай түсіндірмелер беруге қаулы етеді.

      1. Соттар балаларды тәрбилеуге байланысты дауларды қарау барысында Кодексті және өзге де нормативтік құқықтық актілерді басшылыққа алуға тиіс. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда нормативтік құқықтық актілерде қамтылғаннан өзгеше қағидалар белгіленсе, халықаралық шарттардың қағидаларын басшылыққа алу қажет.

      2. Балаларды тәрбиелеуге байланысты даулар бойынша талап қою арызын соттың іс жүргізуіне қабылдау туралы мәселені шеше отырып, Кодекстің 1-бабы 1-тармағының 8) тармақшасына сәйкес он сегіз жасқа (кәмелетке) толмаған адам бала болып танылатынын назарда ұстау қажет.

      Егер бала он сегіз жасқа толса не аталған жасқа толғанға дейін эмансипация немесе некеге тұру нәтижесінде әрекетке толық қабілетті болса (Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі – АК) 17, 22-1-баптары), судья Кодекстің 68-бабы 2-тармағының ережелерін ескере отырып, Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 151-бабы бірінші бөлігінің 1) тармақшасы негізінде талап қою арызын қабылдаудан бас тартады, ал егер іс бойынша іс жүргізу қозғалса, ол АПК-нің 277-бабының 1) тармақшасына сәйкес тоқтатылуға жатады.

      Судья істі сот талқылауына дайындау барысында туындаған дауды шешу үшін маңызы бар және тараптардың дәлелдеуіне жататын мән-жайларды дұрыс айқындап, олардың арасында ата-аналардың не баланы тәрбиелеп отырған өзге адамдардың жеке қасиеттерін сипаттайтын мән-жайларға, сондай-ақ осы адамдардың баламен қалыптасқан өзара қарым-қатынасына ерекше назар аударуы тиіс.

      Сот баланың тұрғылықты жерін айқындау туралы, баладан бөлек тұратын ата-ананың ата-ана құқықтарын жүзеге асыру тәртібі туралы, ата-ана құқықтарын қалпына келтіру туралы, ата-ана құқықтарын шектеу туралы, ата-ана құқықтарын шектеу салдарларының күшін жою туралы, заңға немесе сот шешіміне негізделмей ұстап отырған баланы ата-аналарына, қорғаншыларына (қамқоршыларына), патронаттық тәрбиешісіне қайтару туралы істерді қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органдардың қатысуымен, ал ата-ана құқықтарынан айыру туралы істерді сонымен қатар прокурордың қатысуымен қарайды (Кодекстің 76-бабының 2-тармағы).

      Қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органдар сот ұйғарымының негізінде белгіленген тәртіппен баланың және оны тәрбиелеуге үміттеніп отырған адамның (адамдардың) тұрмыс жағдайларын зерттеуге, сондай-ақ сотқа зерттеу актісін және оған негізделген даудың мәні жөніндегі қорытындыны ұсынуға міндетті.

      Зерттеу жүргізу мәселесі істі сот талқылауына дайындау сатысында шешілуі тиіс.

      Іс бойынша органның қорытындысын сот басқа дәлелдемелердің жиынтығында бағалайды. Қорытындымен келіспеу іс бойынша қабылданған шешімде уәжделуі тиіс.

      3. Балаларды тәрбиелеуге байланысты дауды шешу барысында соттар Баланың құқықтары туралы конвенцияның (Нью-Йорк қаласы, 1989 жылғы 20 қараша, "Баланың құқықтары туралы конвенцияны бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің 1994 жылғы 8 маусымдағы қаулысы) 12-бабының және Кодекстің 62-бабының ережелерін ескеруі қажет, оларға сәйкес бала жасына қарамастан, өзінің мүдделерін қозғайтын барлық мәселелер бойынша пікірін еркін білдіруге, сондай-ақ кез келген сот немесе әкімшілік талқылау барысында өзін тыңдатуға құқылы.

      Сауалды баланың жасы мен жетілуін ескере отырып, педагогтың және (немесе) психологтың қатысуымен, мүдделі адамдардың балаға ықпал етуін болдырмайтын жағдайда жүргізу керек. Бұл ретте баланың пікірі оған ата-аналарының біреуінің немесе басқа да мүдделі адамдардың ықпалы салдарынан қалыптасқанын, оның осы пікірді білдіру кезінде өз мүдделерін сезінетінін және оның осы пікірді қалай негіздейтінін анықтау қажет.

      Балаға сауал қою барысында қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органдар өкілінің қатысуы баланың пікірін білу үшін педагогтың және (немесе) психологтың міндетті түрде қатысатыны туралы АПК-нің 77-бабы бесінші бөлігінің талаптарын орындаудан сотты босатпайды.

      4. Кодекстің 73-бабының 3-тармағына сәйкес ата-аналар баладан бөлек тұратын ата-анасының ата-ана құқықтарын жүзеге асыру тәртiбi туралы жазбаша нысанда келiсiм жасауға құқылы. Егер ата-аналары келiсiмге келе алмаса – дауды қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган, ал оның шешімімен келіспеген жағдайда дау осы органның және баланың ата-аналарының қатысуымен медиация тәртібімен шешіледі немесе оны сот шешедi. Осыған байланысты талап қоюшы осы іс санаты бойынша дауды алдын ала сотқа дейін шешу жөнінде заңнамада белгіленген тәртіпті сақтауға тиіс екенін соттардың ескергендері жөн.

      Егер дауды сотқа дейін алдын ала шешу тәртібі сақталмаса және осы тәртіпті қолдану мүмкіндігі жойылмаса, судья АПК-нің 152-бабы бірінші бөлігінің 1) тармақшасына сәйкес талап арызды қайтаруы және қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органдарға жүгіну қажеттігін түсіндіруі тиіс.

      Кодекстің 61-бабына сәйкес баланың ата-анасының екеуiмен де, аталарымен, әжелерiмен, аға-iнiлерiмен, апа-сiңлiлерiмен (қарындастарымен) және басқа да туыстарымен араласуға құқығы бар.

      Баладан бөлек тұратын ата-ананың баламен араласу құқығын, сондай-ақ осы ата-анамен араласу кезінде кәмелетке толмаған адамның құқықтары мен мүдделерін қорғау қажеттігін негізге ала отырып, сот әрбір нақты істің мән-жайларын ескеріп, араласудың тәртібін (араласу уақыты, орны, ұзақтығы және т.б.) айқындайды және оны шешімнің қарар бөлігінде көрсетеді.

      Ата-ананың баламен араласу тәртібін айқындау кезінде оның жасы, денсаулық жағдайы, ата-ананың әрқайсысына үйірлігі және баланың физикалық және психикалық денсаулығына, оның адамгершiлiк жағынан дамуына әсер ететін басқа да мән-жайлар назарға алынады.

      Бөлек тұратын ата-анамен араласу балаға зиян келтіруі мүмкін ерекше жағдайларда, сот баланың физикалық және психикалық денсаулығы мен оның адамгершiлiк жағынан дамуына зиян келтiре отырып, ата-ана құқықтарын жүзеге асыруға жол бермейтін Кодекстің 73-бабының 1-тармағын негізге ала отырып, шешім қабылдау уәждерін баяндай келе, осы ата-ананың бала тәрбиесіне қатысу тәртібін айқындау туралы талап қоюды қанағаттандырудан бас тартады.

      Заң немесе сот шешімі негізінде басқа адамдардың асырауындағы балаларды тәрбиелеуге ата-ана құқықтарынан айырылмаған ата-ананың қатысуына кедіргілерді жою туралы талаптар да осыған ұқсас тәртіпте шешілуі тиіс.

      Сот бөлек тұратын ата-ананың бала тәрбиесіне қатысу тәртібін айқындай отырып, басқа ата-ана сот шешімін орындамаған жағдайда, оған заңнамада көзделген шаралардың қолданылатыны туралы ескертеді. Сот шешiмi қасақана орындалмаған жағдайда, баласынан бөлек тұратын ата-анасының талабы бойынша сот баланың мүдделерiн негiзге алып және баланың пiкiрiн ескере отырып, баланы оған беру туралы шешiм шығара алады (Кодекстің 73-бабының 4-тармағы).

      Сот бөлек тұратын ата-ананың бала тәрбиесіне қатысудың сот шешімімен белгіленген тәртібін бала тәрбиелеудің нақты мән-жайлары мен жағдайлары өзгерген кезде ата-аналарының біреуінің талап қоюы бойынша қайта қарауы мүмкін.

      Баланың туыстарымен (аталары, әжелері және т.б.) араласу тәртібін айқындауға байланысты дауларды шешу барысында, баланың аталарымен, әжелерімен, аға-інілерімен, апа-сіңлілерімен (қарындастарымен) және басқа да туыстарымен араласуға құқығы бар болғандықтан, тиісінше соңғылардың да осындай құқығы бар екенін ескеру керек. Егер көрсетілген туыстары ата-аналармен не олардың біреуімен келісімге келе алмаса, дауды қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган, ал оның шешімімен келіспеген жағдайда осы органның, баланың ата-аналары мен туыстарының қатысуымен медиация тәртібімен шешіледі немесе оны сот шешедi.

      5. Сот бөлек тұратын ата-аналарының (олар некеде (ерлі-зайыптылықта) болуына қарамастан)) арасындағы кәмелетке толмағанның тұрғылықты жері туралы дауды шешу кезінде Кодекстің 68-бабында белгіленген ата-аналардың құқықтары мен міндеттерінің теңдігін негізге алып, баланың мүдделеріне сәйкес келетін шешім қабылдауға тиіс.

      Сот баланың ата-анасының әрқайсысына, аға-iнiлерiне және апа-сiңлiлерiне (қарындастарына) үйірлігін, оның жасын, ата-анасының адамгершiлiк және өзге де жеке қасиеттерiн, ата-анасының әрқайсысы мен баланың арасындағы қарым-қатынастарды, баланың дамуы және тәрбиесі үшiн жағдайлар жасау мүмкiндiгiн (ата-аналар қызметiнiң түрiн, жұмысының режимін, олардың материалдық және отбасылық жағдайын және т.с.с.), сондай-ақ ата-аналарының әрқайсысының тұратын жерінде қалыптасқан жағдайды сипаттайтын басқа да мән-жайларды ескередi. Ата-аналарының біреуінің материалдық-тұрмыстық жағдайының артық болуы осы ата-ананың талаптарын қанағаттандыру үшін сөзсіз негіз болып табылмайды.

      Бала ата-аналарының біреуімен тұрып, ал сот шешімімен оның тұрғылықты жері басқа ата-анасымен айқындалған жағдайларда, шешімнің қарар бөлігінде бала бірге тұратын ата-анасының оны басқа ата-анасына беру міндетін көрсету керек.

      Балалардың тұрғылықты жері туралы даулар бірнеше рет қаралуы мүмкін және егер ата-аналар балаларды тәрбиелеудің нақты мән-жайлары мен шарттарының өзгергенін көрсете отырып, сотқа баланың тұрғылықты жерін басқа негіздер бойынша айқындау (өзгерту) туралы талап қойып жүгінсе, онда судья АПК-нің 151-бабы бірінші бөлігінің 2) тармақшасы негізінде талап қою арызын қабылдаудан бас тартуға немесе сот (судья) іс бойынша іс жүргізуді АПК-нің 277-бабының 2) тармақшасы негізінде тоқтатуға құқылы емес.

      6. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 28 наурыздағы № 361 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кетуге арналған құжаттарды ресімдеу қағидаларының (бұдан әрі – Кетуге арналған құжаттарды ресімдеу қағидалары) 7-тармағының 6) тармақшасына сәйкес он сегіз жасқа толмаған Қазақстан Республикасының азаматтары ата-анасының біреуімен (қорғаншысымен, қамқоршысымен) бірге тұрақты тұруға кететін кезде Қазақстан Республикасының аумағында тұратын екінші ата-анасының нотариалды түрде расталған келісімі болуы қажет. Келісім болмаған кезде, кәмелетке толмаған баланың кетуі тұрғылықты жерін айқындау туралы талап қою арқылы сот тәртібімен қаралуы мүмкін.

      АПК-нің 27-бабының үшінші бөлігінде бала ата-аналарының біреуімен республикадан тыс жерлерге тұрақты тұру үшін (бұдан әрі - ТТ) кеткен кезде баланың тұрғылықты жерін айқындау туралы даулар бойынша істерді кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттардың қарауы көзделген.

      Ата-аналарының біреуімен республикадан тыс ТТ-ға кетуі кезінде баланың тұрғылықты жерін айқындау баланың елден шығуына рұқсат беруді білдіреді.

      Талап қоюшы баланың кетуіне рұқсат беру туралы талаптарды мәлімдеген жағдайда, сот істі сот талқылауына дайындау барысында талап қоюшыға бала ата-анасының біреуімен республикадан тыс ТТ-ға кетуі кезінде талап қою нысанасын тұрғылықты жерін айқындау туралы талап қоюға өзгерту құқығын түсіндіруі қажет.

      Бала ата-аналарының біреуімен республикадан тыс ТТ-ға кетуі жағдайында тұрғылықты жерін айқындау туралы дауды шешкен кезде, баланың ата-анасының біреуімен тұратын жерін айқындау туралы соттың бұрын шығарылған шешімі баланың осы ата-анасымен Қазақстан Республикасынан тыс жерге көшу жағдайына қолданылмайтынын соттар назарда ұстауы тиіс, өйткені ол шешім тұрудың басқа жағдайлары ескеріле отырып қабылданған.

      Ата-ана құқықтарының іске асырылуы балалардың құқықтары мен заңмен қорғалатын мүдделерін бұзуға тиіс емес және баланың республикадан тыс кетуіне ата-аналарының рұқсат беру ниетінің болуына немесе болмауына не ата-аналарының арасында туындаған қайшылықтарға тәуелді бола алмайды.

      Шешім шығару кезінде сот баланың ата-аналарының әрқайсысына, аға-iнiлерiне және апа-сiңлiлерiне (қарындастарына) үйірлігін, баланың жасын, ата-аналарының адамгершiлiк және өзге де жеке қасиеттерiн, әрбір ата-анасы мен баланың арасындағы қарым-қатынастарды, ата-аналардың баланың дамуы мен тәрбиесі үшiн жағдайлар жасау мүмкiндiгiн (қызмет түрiн, жұмыс режимін, олардың материалдық және отбасылық жағдайын және т.с.с.), бала келген жерінде тәрбиеленетін жағдайларды (тұрақты тұрғын үй-жайдың, тұрақты жұмыстың болуын, еңбекке ақы төлеу мөлшерлерін, ата-аналарының отбасылық жағдайын және басқа да мән-жайларды) сондай-ақ баланың пікірі мен қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органының қорытындысын ескереді.

      7. Ата-аналардың барлық өзге адамдар алдында өзінің баласын тәрбиелеуге басым құқығы бар (Кодекстің 70-бабының 2-тармағы) және баланы заңның немесе сот шешiмiнің негiзiнсiз өз қолында ұстап отырған кез келген адамнан оны қайтаруды талап етуге құқылы (Кодекстің 74-бабының 1-тармағы).

      Соттар заңның немесе сот шешiмiнің негізінде тәрбиелеп жатқан адамдардың (қорғаншылар, қамқоршылар, патронат тәрбиешiлер, балалар мекемелерi т.с.с.) балаларды ата-аналардың өздеріне қайтаруы туралы талап қоюларын қарау барысында, дау туындаған кезде балаларды көрсетілген адамдарға немесе балалар мекемелерiне беруге негiз болған мән-жайлардың өзгерген-өзгермегенiн, балаларды ата-аналарына қайтару олардың мүддесiне сай болуын анықтауға тиiс.

      Балалар бірге тұрған ата-анасы қайтыс болғаннан кейін заң немесе сот шешiмiнің негізінсіз балалар қолдарында болған адамдардан (әжесі, атасы, әкесiмен бiрге туған апасы мен ағасы, нағашы апасы мен нағашы ағасы және басқа да туыстары) балаларды өзіне беру туралы ата-анасының бірі қойған талапты қарау кезінде соттар ата-анасы қайтыс болғанға дейін балалар онымен қандай мән-жайларға байланысты бірге тұрғанын, екінші ата-анасының балаларды тәрбилеу мен күтіп-бағуға қатысқанын-қатыспағанын, балаларды беру туралы талап қою мәлімдеуге түрткі болған себептерді, балаларды ата-анасына қайтару олардың мүдделеріне сай келетінін анықтауы тиіс.

      Атап айтқанда сот ата-анасының баланы тиісінше тәрбиелеуді қамтамасыз етуінің нақты мүмкiндiгін, ата-анасының баламен арада қалыптасқан өзара қарым-қатынасының сипатын, баланың бірге тұрып жатқан адамдарға үйірлігін және ата-анасының, сондай-ақ баламен іс жүзінде тұрып, тәрбиелеп отырған адамдардың баланың өмiр сүруі мен тәрбиесіне қолайлы жағдайлар жасауына ықпал ететiн басқа да нақты мән-жайларды ескереді.

      Сот, егер баланы ата-аналарға (ата-анасына) беру баланың мүдделерiне сай келмейдi деген тұжырымға келсе, баланың пiкiрiн ескере отырып, ата-аналарының (ата-анасының) талап қоюын қанағаттандырудан бас тартуға құқылы. Сот баланың пікірін Кодекстің 62-бабының талаптарына сәйкес ескереді.

      Егер сот талқылауы барысында ата-аналардың да, баланы асырап отырған басқа адамның да оның тиісті тәрбиесі мен дамуын қамтамасыз етуге жағдайы келмейтiнi анықталса, сот талап қоюды қанағаттандырудан бас тартады және баланың құқықтары мен мүдделерiн қорғау үшін шаралар қабылдау және оның болашақ тағдырын шешудің барынша тиімді тәсілін таңдау мақсатында баланы қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның қамқорлығына бередi (Кодекстің 74-бабы).

      8. Сот баланың құқықтарын қорғау мақсатында және оның мүдделерін ескере отырып, ата-ананың ата-ана құқықтарын шектеуі мүмкін (Кодекстің 79-бабы).

      Егер баланы ата-анасымен қалдыру оған ата-аналарға байланысты емес мән-жайлар (психикасының бұзылуы немесе өзге де созылмалы ауруы, ауыр мән-жайларға душар болуы) бойынша қауіпті болса, ата-ана құқықтарын шектеуге жол беріледі. Бұл ретте заң ата-ана құқықтарын шектеу мүмкіндігін ата-ананы әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп танумен байланыстырмайды.

      Егер баланы ата-анасымен қалдыру ата-анасының мінез-құлықтары салдарынан бала үшін қауіпті болса, бірақ ата-аналарды ата-ана құқықтарынан айыруға жеткілікті негіздер анықталмаса, сот ата-ана құқықтарын шектеу туралы шешім қабылдауға құқылы.

      Ата-ана құқықтарын шектеу туралы мәселені шешу барысында сот қауіптің сипаты мен дәрежесін, сондай-ақ баланы ата-аналарымен қалдырған жағдайда, оның өміріне немесе денсаулығына қауіпті ықтимал салдарларды негізге алуы, сонымен қатар өзге де мән-жайларды ескеруі тиіс. Бала үшін қауіп төндіретін ата-аналардың кінәлі мінез-құлықтары болған жағдайда – ата-аналар өз мінез-құлқының кінәлілігін сезінетінін-сезінбейтінін және оны жақсы жағына өзгертуге табанды ниетінің бар-жоғын, өз мінез-құлқын түзету мақсатында қандай нақты шараларды қабылдауға ниеттеніп отырғанын немесе қабылдағанын анықтау қажет.

      Кодекстің 79-бабына орай ата-ана құқықтарын шектеу туралы істер баланың жақын туыстарының, бала құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын ұйымдардың (балалар үйі, интернат ұйымдары, отбасы үлгісіндегі балалар ауылдары, жасөспірімдер үйлері, қиын тұрмыстық жағдайда жүрген балаларды қолдау орталықтары, кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталықтары) талап қоюлары бойынша, сондай-ақ прокурордың талап қоюы бойынша қаралады.

      Заңнамада ата-аналардың (олардың біреуінің) ата-ана құқықтары шектелуі мүмкін мерзім белгіленбеген, мұндай мерзім ата-ана құқықтарын шектеу қажеттігін туғызған мән-жайлар жойылатын күннің айқын болмауы салдарынан объективті түрде белгілене алмайды, осыған байланысты сот ата-ана құқықтарын шектеу мерзімін көрсетпей шешім шығарады.

      Сот ата-аналардың (олардың біреуінің) кінәлі мінез-құлқына байланысты ата-ана құқықтарын шектеу туралы талап қоюды қанағаттандыра отырып, ата-аналарға (олардың біреуіне), егер олар өз мінез-құлықтарын өзгертпесе, қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган оларға Кодекстің 79-бабының 2-тармағында көзделген тәртіппен және мерзімдерде ата-ана құқықтарынан айыру туралы талап қоюға міндетті екенін түсіндіруі тиіс.

      Бұл міндет ата-аналардың кінәлі мінез-құлқы салдарынан ата-ана құқықтарынан шектелген жағдайларға қатысты айқындалады.

      Өзіне байланысты емес (психикасының бұзылуы немесе өзге де созылмалы дерті, ауыр мән-жайларға душар болуы) мән-жайлар бойынша ата-ана құқықтарынан шектелген адамды ата-ана құқықтарынан айыру туралы талап қою қанағаттандырылуға жатпайды.

      9. Ата-аналардың айырылуы мүмкін ата-ана құқықтары деп оларға балалар кәмелеттiк жасқа толғанға дейін берілген: баланы тәрбиелеу, оның денсаулығына қамқор болу, олардың мүдделерiн білдіру және қорғау, балаларды басқа адамдардан қайтаруды талап ету, баланы асырап алуға келiсiм беру немесе келісім беруден бас тарту, он төрт жастан он сегіз жасқа дейiнгi кәмелетке толмағандардың, АК-нің 22-бабының 2-тармағында аталған мәмiлелерді қоспағанда, мәмілелер жасауына келiсiм беру, осы кәмелетке толмағандардың өз еңбек табыстарына, стипендиясына, өзге де кірістеріне және олар жасаған зияткерлік меншік құқығы объектілеріне және т.б. өздері дербес билік етуін шектеу немесе одан айыру туралы сотқа арыз беру құқығын түсінген жөн.

      Ата-ана құқықтарынан айыру туралы шешiм шығару ата-ананың (олардың бiреуiнiң) жоғарыда көрсетiлген құқықтарынан ғана емес, отбасылық, сондай-ақ өзге де құқықтық қатынастардан туындайтын, баламен туыстық фактiсіне негiзделген басқа да құқықтардан (Кодекстің 145-бабында көзделген асырауға қаражат алу, балалары бар азаматтар үшiн белгіленген жеңiлдiктер мен мемлекеттiк жәрдемақы алу, заң бойынша мұрагерлiк құқығы және т.б.) айырылуына әкеп соғады.

      10. Кодекстің 76-бабына сәйкес ата-ана құқықтарынан айыру туралы iстер ата-ананың бiреуiнiң немесе баланың басқа да заңды өкілдердің, кәмелетке толмаған балалардың құқықтарын қорғау жөнiндегi мiндеттер жүктелген органдардың немесе ұйымдардың (қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органдардың, кәмелетке толмағандардың iстерi жөнiндегi комиссиялардың, жетiм балалар мен ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мекемелердiң, атап айтқанда, сәбилер үйлерінің, мектеп-интернаттардың, балалар үйлерінің, өмірлік қиын жағдайда жүрген балаларды қолдау орталықтарының, мүгедектер үйлерiнiң, дене кемістігі бар балаларға арналған интернаттардың және басқалардың) арызы бойынша, сондай-ақ прокурордың талап қоюы бойынша қаралады.

      11. Судья ата-ананың бiреуiн ата-ана құқықтарынан айыру немесе оны шектеу туралы iстi сот талқылауына дайындау барысында кәмелетке толмаған баланың құқықтарын қорғау және оны одан әрі тәрбиелеудің тиісті жағдайларын қамтамасыз ету, сонымен қатар баламен бiрге тұрмайтын ата-анасының құқықтарын қорғау мақсатында осы ата-анаға сот талқылауының уақыты мен орнын хабарлауға, оның баланы тәрбиелеу үшін өзіне беру туралы талап мәлімдеуге құқылы екенін түсiндiруге міндетті.

      12. Ата-аналардың кінәлі мінез-құлқы болған жағдайда ғана сот оларды Кодекстің 75-бабында көзделген негiздер бойынша ата-ана құқықтарынан айыруы мүмкiн.

      Ата-аналардың балаларды тәрбиелеу жөніндегі өз міндеттерін орындаудан жалтаруы балаларының адамгершілік және физикалық дамуына, білім алуына, оларды қоғамға пайдалы еңбекке баулуға қамқорлық жасамауына, алименттер төлеуден қасақана бас тартуына байланысты болуы мүмкiн.

      Ата-ананың алименттер төлеуден қасақана жалтарғаны жөніндегі мәселені шешу кезінде оларды төлемеу мерзімінің ұзақтығы мен себептерін ескеру қажет.

      Алименттер төлеуден жалтарудың қасақана сипатын, мысалы, алименттер төлеу туралы нотариат куәландырған келісімнің немесе алименттер өндіріп алу туралы сот актісінің негізінде алименттер төлеушінің кінәсінен қалыптасқан алименттер бойынша берешектің болуы; алименттер ұсталатын жалақысының және (немесе) өзге кірісінің шынайы мөлшерін жасыруы; алимент төлеуге міндетті ата-ананы тұратын жерін жасыруына байланысты іздестіру; балаларды күтіп-бағу қаражатын төлеу жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін олардың ата-анасын әкімшілік немесе қылмыстық жауаптылыққа тарту (Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 669-бабы, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 139-бабы) куәландыруы мүмкін.

      Өз баласын перзентханадан (оның бөлімшесінен), жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдардан және өзге де ұйымдардан алудан дәлелді себептерсіз бас тартуға байланысты ата-ана құқықтарынан айыру туралы талап қоюды қараған кезде, сот, атап айтқанда, мұндай бас тартудың қандай себептерге байланысты болғанын және олардың дәлелді болуын; ата-аналардың баламен қарым-қатынасын; ата-аналардың баланы алудан бас тартуға негіз болған мән-жайларды болдырмауға қандай да бір шаралар қабылдағанын және (немесе) осы мән-жайлардың өзгергенін тексеруі тиіс.

      Ата-ана құқықтарын теріс пайдалану деп осы құқықтарды балалардың мүдделерiне нұқсан келтіре отырып пайдалануды, мысалы, балалардың оқуына кедергi келтіруді, қайыр сұрауға, ұрлыққа, жезөкшелiкке, спирттік iшiмдiктерді немесе есiрткi заттарын, психотроптық заттарды және (немесе) оларға тектес түрлерін тұтынуға итермелеуді және т.б. түсінген жөн.

      Балаларға қатыгездікпен қарау ата-аналардың оларға физикалық немесе психикалық зорлық-зомбылық жасауынан немесе олардың жыныстық қол сұғылмауына қастық жасауынан ғана емес, жол берілмейтін тәрбиелеу тәсiлдерін қолдануынан да (балаларға адами қадір-қасиетін кемсітетін дөрекі, немқұрайлы қарау, балаларды қорлау немесе қанау) көрінуі мүмкін.

      Өз баласының, жұбайының не отбасының басқа да мүшелерінің өміріне немесе денсаулығына қарсы қасақана қылмыстық құқық бұзушылық жасау фактісі соттың заңды күшіне енген айыптау үкімімен немесе қылмыстық істі ақталмайтын негіз бойынша тоқтату туралы сот қаулысымен не сотқа дейінгі тергеп-тексеру органының қаулысымен расталуға тиіс.

      13. Ата-ана құқықтарынан айыру ең соңғы шара болып табылады, сондықтан ата-анасының кінәлі мінез-құлқы дәлелденген ерекше жағдайларда, сот оның мінез-құлқының сипатын, жеке басын және басқа да нақты мән-жайларды ескере отырып, ата-ана құқықтарынан айыру туралы қойылған талапты қанағаттандырудан бас тартуға және жауапкерге оның балаларды тәрбиелеуге көзқарасын өзгерту қажеттiгін ескертiп, оның ата-аналық мiндеттерiн орындауын бақылауды қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органдарға жүктеуге құқылы.

      Өздерiнiң ата-аналық мiндеттерiн ата-анаға байланысты емес мән-жайлар (психикасының бұзылуы немесе басқа созылмалы ауруы, ауыр мән-жайларға душар болуы) бойынша орындамаған адамдарды Кодекстің 75-бабының 1-тармағында көзделген негіздердің бар екеніне қармастан, ата-ана құқықтарынан айыруға болмайтынын соттардың назарда ұстағандары жөн.

      Көрсетілген жағдайларда, сонымен қатар iстi қарау барысында ата-ананы (олардың бiреуiн) ата-ана құқықтарынан айыруға жеткiлiктi негiздер анықталмаса, баланы ата-анасымен қалдыру ол үшiн қауiптi болған жағдайда, сот ата-ана құқықтарын шектеу тәртібімен баланы олардан алып, қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органдардың қамқорлығына беру туралы шешiм шығара алады (Кодекстің 79-бабы).

      АПК-нің 48-бабының мағынасы бойынша талап қоюды тану жауапкердің құқығы болып табылады. АПК-нің 48-бабының екінші бөлігіне сәйкес, егер бұл әрекеттер заңға қайшы келсе немесе қандай да біреудің құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін бұзса, сот жауапкердің талап қоюды тануын қабылдамайды. Ата-ана құқықтарынан айыру жөнінде қойылған талапты қанағаттандыру туралы соттың шешімі тек жауапкердің қойылған талапты мойындауына ғана негізделе алмайды, өйткені Кодекстің 75-бабында көзделген негіздер болмаған кезде ата-анасының өз баласына қатысты ата-ана құқығының күшін жою жөніндегі ниеті ата-ана құқықтарынан айыруға негіз болып табылмайды.

      14. Кодекстің 77-бабының 2-тармағына, 80-бабының 2-тармағына сәйкес ата-ана құқықтарынан айыру немесе оны шектеу ата-ананы өз баласын күтіп-бағу мiндеттерiнен босатпайды, сондықтан сот ата-ана құқықтарынан айыру немесе оны шектеу туралы iстердi қарау барысында талаптың қойылғанына-қойылмағанына қарамастан балаға алимент өндiру туралы шешім қабылдайды.

      Талап қоюшының баланы күтіп-бағу үшін алименттер өндіріп алудан бас тартуы заңға қайшы келеді және баланың құқықтарын бұзады, сондықтан АПК-нің 48-бабының екінші бөлігіне сәйкес сот мұндай бас тартуды қабылдай алмайды.

      Ата-ананың бiреуін ата-ана құқықтарынан айырған немесе оны шектеген және баланы ата-анасының екіншісіне, қорғаншыға немесе қамқоршыға не патронат тәрбиешiлерге берген кезде, алименттер өндіріліп аталған адамдарға төленеді.

      Егер балалар ата-ана құқықтарынан айыру немесе оны шектеу туралы мәселе шешiлгенге дейін жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдарға орналастырылған болса, сондай-ақ ата-ананың екеуiн де немесе олардың бiреуiн ата-ана құқықтарынан айырған немесе оны шектеген кезде, баланы ата-ананың екіншісіне беру мүмкiн болмаған және бала жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдарға орналастырылса, тәрбиелеу, емдеу және басқа да мекемелердегі осындай балалар үшін ата-аналардан өндіріп алынатын алименттер жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдардағы балалардың шоттарына аударылады. Жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдар басшыларының алименттерден, жәрдемақылар мен басқа да әлеуметтік төлемдерден келіп түскен қаражатты тәрбиеленушілердің банктік шоттарынан алуға құқығы жоқ.

      Қорғаншылыққа немесе қамқоршылыққа, патронат тәрбиешіге берілген балаларға арналған алимент төлемдерінің сомасы екінші деңгейдегі банктерде ашылған осы балалардың депозиттік шоттарына аударылады (Кодекстің 142-бабы).

      15. Соттың ата-ана құқықтарынан айыру немесе оны шектеу туралы шешiмiнде баланың кімге: ата-ананың екiншiсіне, қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның немесе қамқоршы (қорғаншы) адамның, егер ол белгіленген тәртiппен тағайындалған болса, тәрбиесiне берілетiн субъект көрсетiлуі тиiс. Баланы туыстарының және басқа адамдардың тәрбиесіне беруге бұл адамдар оның қамқоршысы немесе қорғаншысы болып тағайындалған жағдайда ғана жол беріледі.

      Баланы ата-анасының екіншісіне беруге мүмкiндiк болмаған, ата-анасының екеуiн де ата-ана құқықтарынан айырған немесе оны шектеген, қорғаншы (қамқоршы) әлi тағайындалмаған кезде, бала қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның қамқорлығына берiледi. Соттар баланы орналастырудың нақты тәртiбiн (балалар мекемесiне, мектеп-интернатқа орналастыру, қамқоршы тағайындау т.с.с) айқындамайды, өйткенi бұл мәселе көрсетiлген органдардың айрықша құзыретіне жатады.

      Соттың ата-ана құқықтарынан айыру туралы шешiмiнің үзiндi көшiрмесiн ол заңды күшiне енген күннен бастап үш күннiң iшiнде сот Кодекстің 76-бабының 5-тармағына сәйкес баланың тууын мемлекеттiк тiркеу орны бойынша тіркеуші органға және баланың тұратын жері бойынша қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органға жіберуге тиіс.

      Ата-ана құқықтарынан айырылған адамның балаларға тағайындалған зейнетақы, жәрдемақы, басқа да төлемдердi, сонымен қатар балаға өндiрiп алынған алименттердi алу құқығынан айырылатынын (Кодекстің 77-бабының 1-тармағы), ал ата-ана құқықтары шектелген адамның балалары бар азаматтар үшін белгіленген жеңілдіктер мен мемлекеттік жәрдемақылар алу құқығынан айырылатынын (Кодекстің 79-бабы 2-тармағының 2) тармақшасы) ескере отырып, сот ата-ана құқықтарынан айыру немесе оны шектеу туралы шешiм заңды күшiне енгеннен кейiн, оның көшірмесiн осы төлемдердi жүргізетін органға немесе шешiм шығарылған (бұйрық берiлген) жердегi сотқа немесе сот актілерін орындау жөніндегі аумақтық органға жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдардағы және қорғаншылыққа немесе қамқоршылыққа, патронат тәрбиесіне берілген балалардың шоттарына төлемдерді аудару мәселесiн қарау үшiн жiберуге тиіс.

      16. Сот Кодекстің 78-бабының 2-тармағына сәйкес ата-ана құқықтарын қалпына келтiру туралы мәселені ата-ана құқықтарынан айырылған ата-ананың арызы бойынша шешедi. Мұндай талап бала кiмнің қамқорлығында болуына байланысты, ата-ананың екіншісіне не қорғаншыға (қамқоршыға), патронат тәрбиешiге немесе балалар мекемесiне қойылады.

      Соттар ата-ана құқықтарын қалпына келтiру туралы талап қоюды қарау барысында ата-аналардың мiнез-құлқы мен өмір салтының және бала тәрбиесіне деген көзқарасының өзгергенін анықтауға тиіс. Егер құқықтарды қалпына келтiру баланың мүдделерiне қайшы келсе, сондай-ақ бала асырап алынған болса және баланы асырап алудың күшi жойылмаса немесе ол жарамсыз деп танылмаса; ата-ана құқықтарын қалпына келтiруге он жасқа толған бала қарсылық бiлдiрсе, келіспеу уәждеріне қарамастан қойылған талап қанағаттандырылуға жатпайды (Кодекстің 78-бабының 3-тармағы).

      Ата-ана құқықтарын қалпына келтiру туралы талап қоюмен бiрге сол адамның баланы өзiне қайтарып беру туралы талап қоюы да қаралуы мүмкiн. Егер сот баланы ата-анасына (ата-аналарына) қайтару баланың мүддесіне сай келмейді деген тұжырымға келсе, онда ата-ана құқықтарын қалпына келтіру бөлігінде талап қою қанағаттандырылған болса да, баланы қайтарып беру туралы талапты қанағаттандырудан бас тартуға құқылы.

      Кодекстің 76-бабының 5-тармағына ұқсастығы бойынша ата-ана құқықтарын қалпына келтiру туралы соттың шешiмнің үзінді көшiрмесін сот шешiм заңды күшiне енген күннен бастап үш күн iшiнде осы баланың тууын мемлекеттiк тiркеу орны бойынша тіркеуші органға және баланың тұратын жері бойынша қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органға жіберуге тиiс.

      17. Сот Кодекстің 81-бабының 1-тармағына сәйкес ата-ана құқықтары шектелген ата-аналардың талап қоюы бойынша ата-ана құқықтарын шектеу салдарының күшін жояды. Мұндай талап қамқорлығында бала бар адамға қойылады.

      Егер ата-ананың ата-ана құқықтарын шектеу салдары жойылса және баланы ата-анасына қайтару баланың мүддесіне сай келсе, сот баланы ата-аналарына қайтару және ата-ана құқықтарын шектеудің күшін жою туралы шешім қабылдай алады.

      Егер сот баланы ата-аналарына қайтару оның мүдделеріне қайшы келеді деген тұжырымға келсе, баланың пікірін ескере отырып, қойылған талапты қанағаттандырудан бас тартады.

      Сот ата-ана құқықтарын шектеудің күшін жою не ата-ана құқықтарын қалпына келтіру және баланы ата-аналарына қайтару туралы талап қоюды қанағаттандыра отырып, осы ата-аналардан балаға алименттер өндіруді тоқтату мәселесін шешеді.

      18. Баланың тууы туралы акт жазбасында оның ата-аналары ретiнде көрсетiлмеген баланы асырап алушыларға және іс жүзінде оны тәрбиелеп отырған адамдарға ата-ана құқықтарынан айыру туралы талап қойылуы мүмкін емес, себебi құқықтар мен мiндеттер балалардың олардан шыққан тегі нәтижесінен туындамайды.

      Бала асырап алушының міндеттерді орындаудан жалтаруы, ата-ана құқықтарын терiс пайдалануы, асырап алған балаларға қатыгездікпен қарауы ата-ана құқықтарынан айыру үшін емес, бала асырап алудың күшін жоюға негіздер болып табылады.

      19. Қорғаншы (қамқоршы) өзiне жүктелген мiндеттердi тиісінше орындамаған жағдайларда, оның ішінде ол қорғаншылықты немесе қамқоршылықты пайдакүнемдік мақсатта пайдаланған не қамқорлығындағы баланы қадағалаусыз және қажеттi көмексіз қалдырған жағдайда, аталған адам ата-ана құқықтарынан айырылмай, қорғаншы (қамқоршы) мiндеттерін орындаудан шеттетiлуi мүмкiн. Қорғаншыны (қамқоршыны) өз мiндеттерiн орындаудан шеттету туралы мәселені қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органдар шешедi. Егер қорғаншылық (қамқоршылық) жөніндегі мiндеттерден шеттетiлген адам баланы беруден бас тартса, оған баланы айырып алу туралы талап қойылуы мүмкiн.

      20. Қажет болған жағдайларда соттар балаларды айырып алу туралы iстер бойынша баланың бiр адамнан екiншi адамға берілуіне ықпал ететін шаралар қолдануды көздей отырып, шешiмдердiң орындалу тәртiбiн айқындағандары жөн. Баланы беру туралы соттың шешімін оның мүдделеріне зиян келтірмей орындау мүмкін болмаған кезде, бала АПК-нің 238-бабына сәйкес соттың ұйғарымы бойынша тәрбиелеу, емдеу немесе басқа мекемеге уақытша орналастырылуы мүмкін.

      21. Сот балаларды тәрбиелеуге байланысты дау бойынша медиациялық келісімді, татуласу келісімін немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісімді бекіте отырып, оның шарттарының заңға қайшы келмейтініне және баланың құқықтарын бұзбайтынына көз жеткізуге тиіс (АПК-нің 177-бабының төртінші бөлігі, 180-бабының екінші бөлігі, АПК-нің 182-бабының екінші бөлігі). Сот келісімді бекіткенге дейін баланың және оны тәрбиелеуге үміттеніп отырған адамның тұрмыс жағдайларын зерттеуі қажет, сондай-ақ Кодекстің 62-бабының талаптарын сақтай отырып баланың келісім шарттары жөніндегі пікірін анықтауы тиіс.

      22. Қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңмен қорғалатын мүдделерін қорғау шараларын уақтылы қабылдамауы, балалардың құқықтарын бұзуға әкеп соғатын өзге де адамдардың тарапынан заңсыз әрекеттері туралы сот отырысында анықталған фактілер бойынша соттар тиісті ұйымдардың немесе лауазымды адамдардың атына жеке ұйғарымдар шығаруы тиіс.

      23. Мыналардың:

      1) "Соттардың балаларды тәрбиелеуге байланысты дауларды шешу кезiнде заңнаманы қолдануы туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2000 жылғы 28 сәуірдегі № 4 нормативтік қаулысының;

      2) "Соттардың балаларды тәрбиелеуге байланысты дауларды шешу кезiнде заңды қолдануы туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Пленумының 2000 жылғы 28 сәуірдегі № 4 қаулысына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2008 жылғы 22 желтоқсандағы № 12 нормативтік қаулысының;

      3) "Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының кейбір нормативтік қаулыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2012 жылғы 31 мамырдағы № 2 нормативтік қаулысының 2-тармағының;

      4) "Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының кейбір нормативтік қаулыларына азаматтық және азаматтық процестік заңнама бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2017 жылғы 31 наурыздағы № 2 нормативтік қаулысының 8-тармағының;

      5) "Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының кейбір нормативтік қаулыларына азаматтық және азаматтық процестік заңнама бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2018 жылғы 20 сәуірдегі № 7 нормативтік қаулысының 5-тармағының күші жойылды деп танылсын.

      24. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес, осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, жалпыға бірдей міндетті болып табылады және алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Жоғарғы Сотының Төрағасы
Ж. Асанов
      Қазақстан Республикасы
Жоғарғы Сотының судьясы,
жалпы отырыс хатшысы
Г.Әлмағамбетова

Көмек
Көмек
Ай бойы келгендердің барлығы:
Кеше келгендердің барлығы:
Қазір порталда:
URL:
Қате:
Пікір:

Спасибо, информация об ошибке принята.

Извините, в данный момент информация об ошибке не может быть обработана.
Попробуйте позже.