"Астана" халықаралық қаржы орталығы туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының жобасы туралы

Актінің түрі
Жоба
Қаулы
Қабылдау күні
27.08.2019
Өзгерту күні
27.08.2019
Актіні қабылдаған орган
Қазақстан Республикасының Үкіметі (Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі)

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      "Астана" халықаралық қаржы орталығы туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А.Мамин

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ЗАҢЫ "Астана" халықаралық қаржы орталығы туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

      1-бап. "Астана" халықаралық қаржы орталығы туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2015 ж., № 24, 175-құжат; 2017 ж., № 6,10-құжат, 2017 ж., № 21, 103-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      1) 1-бапта:

      1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) "Астана" халықаралық қаржы орталығы (бұдан әрі - Орталық) - Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын дәл белгіленген шекарасы бар, қаржы саласындағы ерекше құқықтық режим қолданылатын Нұр-Сұлтан қаласының шегіндегі аумақ;";

      мынадай мазмұндағы 10) және 11) тармақшалармен толықтырылсын:

      "10) Орталықтың инвестициялық резиденті - инвестициялық салықтық резиденттік бағдарламасына сәйкес инвестициялауды жүзеге асырған және мынадай шарттарға сәйкес келетін:

      Орталықтың инвестициялық салықтық резиденттік бағдарламасына қатысу үшін өтініш білдірудің алдындағы соңғы жиырма жыл ішінде "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының Кодексі (Салық кодексі) (бұдан әрі - Салық кодексі) мақсатында Қазақстан Республикасының резиденті деп танылмаған;

      Орталықтың инвестициялық салықтық резиденттік бағдарламасына қатысу үшін өтініш білдірудің алдындағы соңғы жиырма жыл ішінде Қазақстан Республикасының азаматтығы тоқтатылған тұлға болып табылмайтын;

      мөлшері Салық кодексінде белгіленетін жыл сайынғы міндетті бекітілген төлемдерді төлейтін шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар;

      11) Орталықтың инвестициялық салықтық резиденттік бағдарламасы - инвестициялардың көлемі мен инвестициялау құралдарын белгілейтін Орталықтың актісі, оларды жүзеге асыру кезінде шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға және олардың отбасы мүшелеріне Қазақстан Республикасының көп мәртелік кіру визасы беріледі. Орталықтың инвестициялық салықтық резиденттік бағдарламасы Ұлттық қауіпсіздік, Ішкі істер, мемлекеттік кіріс органдарымен және Қазақстан Республикасының стратегиялық жоспарлау мен мемлекеттік инвестициялық саясат саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органдарымен келісу бойынша қабылданады.";

      2) 4-баптың 3-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Орталықтың органдары Орталықтың қатысушылары және (немесе) Орталықтың органдары және (немесе) олардың жұмыскерлері арасында туындайтын:

      1) азаматтық-құқықтық қатынастарды;

      2) азаматтық-процестік қатынастарды;

      3) қаржылық қатынастарды;

      4) әкімшілік рәсімдерді;

      5) еңбек қатынастарын;

      6) Орталық органдарының тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу рәсімдерін реттейтін актілерді қабылдауға құқылы.";

      3) 5-баптың 4-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Валюталық шарттарды есептік тіркеу талаптары, олардың негізінде және (немесе) оларды орындау үшін капитал қозғалысы, шетел банкіндегі шотқа есептік нөмір беру операциялары, сондай-ақ Орталық қатысушылары оның аумағында жүргізетін валюталық операцияларға "Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген валюталық операциялар туралы хабардар ету қолданылмайды.

      Мәліметтердің тізбесіне және Орталық қатысушыларының тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасының аумағында валюталық операцияларды жүзеге асыратын, банк операцияларының жекелеген түрлерін іске асыратын банктер мен ұйымдардың оларды ұсыну тәртібіне қойылатын талаптар Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен келісу арқылы Орталық актілерінде айқындалады.";

      4) 6-бапта:

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Осы бапта белгіленген алып қоюларды қоспағанда, Орталықтың аумағындағы салық режимі Салық кодексінде айқындалады.";

      3-тармақтың 5) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "5) Орталықтың, мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның, салық пен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласындағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік органның бірлескен актісінде айқындалатын басқа да қаржылық қызметтерді көрсету.";

      7-тармақтың 4) тармақшасындағы "түрінде түсетін кірістері бойынша жеке және корпоративтік табыс салықтарын төлеуден 2066 жылғы 1 қаңтарға дейін босатылады." деген сөздер "түрінде;" деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 5) тармақшамен толықтырылсын:

      "5) егер жеке тұлғалар Орталықтың инвестициялық резиденті болып табылса және Салық кодексінің мақсатында Қазақстан Республикасының резиденті болып танылса, Қазақстан Республикасының шегінен тыс көздерден түсетін кірістері бойынша жеке және корпоративтік табыс салықтарын төлеуден 2066 жылғы 1 қаңтарға дейін босатылады.";

      мынадай мазмұндағы 8-1, 8-2 және 8-3-тармақтармен толықтырылсын:

      "8-1. Мыналар:

      1) Орталық әкімшілігінің мақсатты аударымға бағытталған бюджеттік бағдарлама шеңберінде бюджеттен төлемдер алуы;

      2) Орталық органдарының Орталық әкімшілігінен мақсатты аударымға бағытталған бюджеттік бағдарлама шеңберінде алған ақшаны алуы қосылған құн салығы салынатын сату жөніндегі айналым болып табылмайды.

      8-2. Осы баптың 3-тармағында көзделген Орталық қатысушыларының көрсететін қызметтері қосылған құн салығын төлеуден босатылады.

      8-3. Қазақстан Республикасы сату орны болып танылатын, бейрезиденттің өтеулі негізде орындалған жұмыстары және керсетілген қызметтері, егер жұмыстар орындалып, Орталықтың органдарына және (немесе) олардың ұйымдарына қызметтер көрсетілсе, бейрезиденттен жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу жөніндегі айналым болып табылмайды";

      5) 7-бап мынадай мазмұндағы 6-тармақпен толықтырылсын:

      "6. Орталықтың инвестициялық резиденттеріне және олардың отбасы мүшелеріне Қазақстан Республикасының көп мәртелік кіру визасы Орталық әкімшілігінің өтініші негізінде беріледі, жойылады, қайта қалпына келтіріледі оның мерзімі қысқарады және/немесе ұзартылады.";

      6) 8-баптың 3-тармағы мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Орталықтың қатысушылары және органдары, олардың ұйымдары Орталықтың әкімшілігіне Орталықтың актілеріне сәйкес тартылған шетелдік және азаматтығы жоқ адамдар туралы мәліметтерді береді.";

      7) 13-баптың 8-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "8. Қазақстан Республикасында Орталық сотының шешімдерін орындау Қазақстан Республикасы соттарының сот актілерін орындау сияқты сол бір тәртіппен және сол бір шарттарда жүзеге асырылады. Бұл ретте Орталық соты шешімдерінің қазақ немесе орыс тіліндегі аудармасы Орталық актілерінде айқындалған тәртіппен қамтамасыз етілуге тиіс.";

      8) 21-бап мынадай мазмұндағы екінші, үшінші және төртінші абзацтармен толықтырылсын:

      "Осы Конституциялық заңның 5-бабының 4-тармағында көзделген Орталық актілері Орталықтың органдары 2020 жылғы 1 қаңтарға дейін әзірлеуге және қабылдауға тиіс.

      6-баптың 3-тармағының бірлескен актіні қабылдау бөлігіндегі ережелері көрсетілген норма қолданысқа енгізілгенге дейінгі қабылданған Орталық актілеріне қолданылмайды.

      1-баптың 10), 11) тармақшаларының, 6-баптың 7-тармағы 5) тармақшасының және 7-баптың 6-тармағының ережелері Салық кодексіне тиісті толықтырулар қолданысқа енгізілгеннен кейін қолданысқа енгізіледі.".

      2-бап. Осы Конституциялық заң, 2019 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 3) тармақшасын қоспағанда, оның алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті

Көмек
Көмек
Ай бойы келгендердің барлығы:
Кеше келгендердің барлығы:
Қазір порталда:
URL:
Қате:
Пікір:

Спасибо, информация об ошибке принята.

Извините, в данный момент информация об ошибке не может быть обработана.
Попробуйте позже.