Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулылары мен Премьер-Министр өкiмдерiнің жобаларын ресiмдеу жөнiндегi нұсқаулықты (заңдық техникасы) бекiту туралы

Актінің түрі
Нұсқаулық
Қаулы
Қабылдау күні
22.07.1998
Өзгерту күні
16.09.2011
Актіні қабылдаған орган
Қазақстан Республикасының Үкіметі (Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі)

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2011.09.16 N 1067 Қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етедi:

      1. Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң қаулылары мен Премьер-Министр өкiмдерiнiң жобаларын ресiмдеу жөнiндегi нұсқаулық (заңдық техникасы) бекiтiлсiн.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрi

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң  
1998 жылғы 22 шiлдедегi      
N 678 қаулысымен       
бекiтiлген       

  Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулылары мен Премьер-Министр өкiмдерiнің жобаларын ресiмдеу жөнiндегi нұсқаулық (заңдық техникасы) 

       Ескерту. Нұсқаулық жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2005.04.14.  N 358 қаулысымен.

               1. Жалпы ережелер

      1. Осы Нұсқаулық "Нормативтiк құқықтық актiлер туралы" Қазақстан Республикасының Заңында, Қазақстан Республикасы Үкіметінің Регламентiнде, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнiң Кеңсесiнде iс жүргiзу жөнiндегi нұсқаулықта, Қазақстан Республикасының ҚР СТ 1042-2001 Стандартында белгiленген Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулылары мен Премьер-Министрi өкiмдерiн және олардың жобаларын ресiмдеу ережелерiн (заңдық техникасы) белгiлейдi.

      2. Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң қаулылары мен Премьер-Министрi өкімдерiнде (бұдан әрi - кесiмдер) мiндеттi түрде мынадай реквизиттер болуы тиіс:
      1) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк елтаңбасы;
      2) кесiм нысанына сiлтеме;
      3) осы кесiмнiң реттеу мәнін көрсететiн тақырыбы;
      4) кесiмнiң қабылданған жерi мен күнi;
      5) кесiмнiң тiркелу нөмiрi;
      6) Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнiң немесе оның мiндеттерiн атқаратын адамның қолы;
      7) елтаңбалық мөр.

      3. Кесiмдердiң негiзгi құрылымдық элементi "тармақ" деген сөзбен атаусыз, өзiне құқық нормасын қамтитын тармақ болып табылады.
      Тармақтар маңыздылығы бойынша логикалық кезектiлiкпен, сондай-ақ мәселенi шешу кезеңдерінің хронологиясын ескере отырып орналастырылады.

      4. Көлемi едәуiр кесiмдердiң мазмұны жағынан жақын тармақтары тарауларға бiрiктiрiлуi мүмкiн. Мазмұны жағынан жақын бiрнеше тараулар бөлімдерге бiрiктiрiлуi мүмкiн.

      5. Көлемi жағынан үлкен тарауларды кесiмнiң параграфтары бөлiнуi мүмкiн, ал үлкен бөлiмдерде осыған ұқсас кiшi бөлімдер бөлiнуi мүмкiн.

      6. Кесiмдердiң тармақтары тармақшаларға бөлiнуi мүмкiн. Тармақтар мен тармақшалардың iшiнде абзацтармен бөлiнетiн бөлiктер болуы мүмкiн.
      Үлкен әрiптен басталатын бөлiктiң бiрiншi абзацынан басқа, мәндiк бірлiктi танытатын, бiрiншi жолдағы азат жолмен бөлiнетiн және кiшi әрiппен басталатын кесiм мәтiнiнiң бөлiгi абзац деп аталады. Абзацтар нүктелi үтiрмен аяқталады (бөлiмнiң бiрiншi және соңғы абзацтарынан басқа).
      Кесiмдердiң мәтiндерiнде абзацтарды дефистермен немесе өзге де белгiлермен белгiлеуге жол берiлмейдi.

      7. Кесiмдердiң әрбiр тармағы, тармақшасы, сондай-ақ параграфтары, тараулары, кiшi бөлiмдерi мен бөлiмдерi apaб сандарымен нөмiрленедi.

      8. Тармақтарды, тарауларды және бөлiмдердi нөмiрлеу бүкiл кесiм үшiн өн бойына болып табылады.
      Бiр тармақтан тұратын кесiмдерде тармақтарды нөмiрлеу жүргiзiлмейдi.

      9. Тармақшаларды нөмiрлеу әрбiр тармақ үшiн дербес болып табылады. Кесiмнiң әрбір тарауындағы параграфтардың нөмiрленуi мен бөлiмдегi кiшi бөлiмдердiң нөмiрленуi өн бойына емес дербес болып табылады.

      10. Кесiмнiң тармақтарындағы тармақшалардың нөмiрлерi жақшасы бар apaб әріптерімен мынадай тұрғыда бөлiнедi: 1), 2), 3) және одан әрi.
      РҚАО-ның ескертпесі!
      11-тармаққа өзгерту енгізу көзделген - ҚР Үкіметінің 2010.06.25 № 641 Қаулысымен (жариялануға жатпайды).
      11. Тақырыбы (атауы) кесiмнiң реттеу мәнiн бiлдiредi және қысқа болуы тиiс.
      Кесім тақырыптарында (атауларында) сөздердi тасымалдауға жол берiлмейдi.

      12. Кесiмнiң қабылдану мақсаты мен себептерін, оның алдында тұрған негізгi мiндеттерiн түсiндіру қажет болған жағдайда құқық нормаларын баяндаудың алдында кіріспе бөлiгi (кiрiспе) болады. Нормативтiк ережелер жобаның кiрiспе бөлiгiне енгiзiлмейдi.
      Кесiмнiң кiрiспесiнде себептердi көрсету мақсатында заңнамалық кесімдерге, Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерiне не оларды iске асыру үшiн осы шешiм қабылданатын алдыңғы кесiмдерге сiлтемелер көрсетiлуі мүмкін.
      РҚАО-ның ескертпесі!
      13-тармаққа өзгерту енгізу көзделген - ҚР Үкіметінің 2010.06.25 № 641 Қаулысымен (жариялануға жатпайды).
      13. Пайдалану қолайлылығы мақсатында кесiмнiң әрбiр тарауы мен бөлiмi, сондай-ақ кесiм тарауларының параграфтарында және бөлiмдерiнiң кiшi бөлiмдерiнде өз тақырыптары болуы мүмкін.
      Кесiмдер тарауларының, бөлiмдерiнiң, параграфтарының және кiшi бөлiмдерiнiң тақырыптары алдыңғы мәтiннен екі, ал келесi мәтіннен бiр жоларалық интервалмен бөлінеді.

      14. Кесiмдердiң мәтiндері нақты құрылуы және қолдан түзетусіз және бояусыз бірыңғай қаріппен (Қазақстан Республикасының Yкiметi Регламентінің талаптарына сәйкес) басылуы тиіс.

      15. Кесiмнiң мәтінi әдеби тілдің және заң терминологиясының нормалары сақтала отырып жазылады, оның ережелерi неғұрлым қысқа болуы және нақты әрі әртүрлi түсiндiруге жатпайтын мазмұнды қамтуы тиiс. Ескiрген және көп мағыналы сөздер мен сөз орамдарын, эпитеттердi, метафораларды, қысқарған сөздердi қолдануға жол берілмейді. Тармақтың мазмұны (нормасы) басқа тармақтарда қайталап жазылмайды.

      16. Кесiмнің мәтінi мағыналық және құқықтық жүктемесi жоқ декларациялық сипаттағы ереженi қамтымауға тиiс.

      17. Кесiмдердегi тапсырмалар, әдетте, Үкiметке бағынысты және есеп беретiн мемлекеттiк органдарға не қажет болғанда олардың басшыларына берiледi.
      Үкiметке бағынысты емес мемлекеттiк органдарға (олардың басшыларына) қатысты кесiмдердегі тапсырмалар ұсынымдық нысанда не олармен келiсiм бойынша жазылуы тиіс. Соңғы жағдайда мемлекеттiк органның атауынан кейiн "(келiсiм бойынша)" деп көрсетіледi.

      18. Кесiмдердiң мәтiнiндегі мемлекеттiк органдар мен өзге де ұйымдардың атаулары ресми атауына сәйкес толық және бүкiл мәтiн бойынша бiр үлгiде жазылуы тиiс.
      Ұйымдар атауларын қысқартуға нормативтiк құқықтық кесiм мәтiнiнiң өзінде қысқартудың не аббревиатураның мағынасын ашып жаза отырып, мәтiннiң қарапайымдылығы мен ықшамдығын қамтамасыз ету мақсатында жол беріледі.

      19. Кесiм мәтінінде ерекшеленген әрiптермен (жартылай қара қарiппен) жазылатын кесімнiң тақырыбын, тараулардың, бөлiмдердiң, параграфтардың, кіші бөлімдердiң атауларын, "ҚАУЛЫ ЕТЕДI" деген сөздердi, қол қоятын тұлғаның лауазымын, атының инициалдары мен тегiн қоспағанда, жекелеген сөздер мен сөз тіркестерін бөлiп көрсетуге және сызуға жол берілмейді.
      "ҚАУЛЫ ЕТЕДI" деген сөздер үлкен әрiптермен жазылады, оны тасымалдаумен басқа жолға бөлуге тыйым салынады.

      20. Кесімдер жобасы, оның iшiнде құпия сипаттағылары, әдетте, мынадай параметрлердi ескере отырып, белгiленген үлгiдегi бланкiлерде ресiмделуi тиiс (6.0 және одан жоғары нұсқасындағы "WORD for WINDOWS" мәтiн редакторын қолданумен):
      сол жақ шет сызығы - 2,5 см, оң жақ шет сызығы - 1,5 см, колонтитулдар - 2,5 см;
      қарiп - "TimesNewRoman" мөлшерi N 14 (қосымшаларда кiшi мөлшерлi, бiрақ N 10-нан кiшi емес қаріп қолданылуы мүмкiн);
      жоларалық интервал - бір жолдық;
      абзацтық шегiніс (бiрiншi жолдың шегiнiсi) - 1,25 см;
      тақырып пен мәтiн, мәтiн мен қолдың арасындағы интервал - 2 жоларалық интервал.

      21. Кесiмдер мен оларға қосымшалардың беттерi нөмiрленуi тиiс, бұл ретте әрбiр қосымша үшiн беттер дербес нөмiрленуi тиiс (беттердi нөмiрлеу беттің жоғарғы жағына, ортасына жүргiзiледi, бiрiншi бет нөмiрленбейдi).

      22. Егер кесiммен комиссияның, жұмыс тобының немесе өзге де уақытша органның, сондай-ақ үкiмет делегациясының дербес құрамы бекiтiлген жағдайда, онда олардың жұмысына қатысатын тұлғалардың тегi, аты, әкесiнiң аты және лауазымы толық келтiрiледi. Бұл ретте алдымен комиссия (жұмыс тобы, өзге де уақытша орган, делегация) басшылығының - басшының, оның орынбасарының (орынбасарларының) және хатшының деректерi келтiрiледi, одан кейiн хаттамалық үлкендiк ретiне және мемлекеттiк басқару лауазымдарының деңгейлерiне сәйкес, ал бiр деңгейдiң iшiнде - әлiпбилiк тәртiппен орналасатын олардың мүшелерiнiң деректерi көрсетiледi.

      23. Қажет болған жағдайда кесiмдерде жоғары тұрған деңгейлер кесiмдерiнiң баптарына (тармақтарына) сiлтемелер келтiрiлуi, сондай-ақ осындай кесiмдерге сiлтеме жасала отырып, жоғары тұрған деңгейлердiң құқықтық кесiмдерiнiң нормаларынан жекелеген ережелер берiлуi мүмкiн.
      Кесiмнiң тармақтары мен тармақшаларында оның басқа тармақтары мен тармақшаларына сiлтемелер жасау тек құқықтық нормалардың өзара байланысын көрсету не қайталауларды болдырмау қажет болатын жағдайларда рұқсат етіледi.

      24. Абзацтарға, жолдарға және сөйлемдерге сiлтеме жасау кезiнде олардың нөмiрленуi реттiк сандармен (жазумен) таңбаланады.

      25. Кесiмнiң мәтiнiнде тармаққа (тармақшаға) сiлтеме оның араб сандарымен (сын есiмдердi пайдалануға рұқсат етiлмейдi) таңбаланатын реттiк нөмiрiн көрсету арқылы келтiрiледi.

      26. Егер кесiмнiң мәтiнiнде нормативтiк құқықтық кесiмге сiлтеме болған жағдайда, онда оның түрi, қабылданған күнi, тiркеу нөмiрi және осы кесiмнiң атауы (көрсетiлген дәйектiлiкпен) көрсетiледi.
      Заңнамалық кесiмдерге сiлтеме жасау кезiнде, Қазақстан Республикасы Президентiнiң заң күшi бар жарлықтарын қоспағанда, олар тiркелген нөмiрлердi көрсету талап етiлмейдi.
      Бұрын қабылданған кесiмге өзгерiстер, толықтырулар енгiзудi және/немесе оның күшi жойылды деп тануды көздейтiн кесiмнiң атауы кесiмнiң түрiн, оның қабылданған күнi мен тiркеу нөмiрiн көрсетудi қамтуы тиiс.

      27. Егер кесiмнiң мәтiнiнде нақ сол нормативтiк құқықтық кесiмге бiрнеше дәйектi сiлтеме келтiрілсе, онда кейiннен оған сiлтеме жасала отырып, кесiмнiң толық атауы бiр рет көрсетiледi (мәтiнде бiрiншi аталған кезде).

      28. Егер кесiмде қосымшаға сiлтемелер болса, онда кесiмге бiр қосымша болатын жағдайларды қоспағанда, қосымшалардың кесiмнiң мәтiнiнде аталуы тәртiбiмен берiлетiн қосымшалардың нөмiрлерi көрсетiледi.

      29. Кесiмдердiң мәтiнiнде күндердi таңбалау кезiнде сөздiк-сандық тәсiл қолданылады, мысалы: "2005 жылғы 13 қаңтар".

      29-1. Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын ратификациялау туралы заң жобаларының мәтінінде ол жасалған күнді және қаланы (елді мекенді) көрсете отырып, Қазақстан Республикасы үшін оның міндеттілігіне келісім білдіру тәсілдеріне қарамастан, «жасалған» деген сөз қолданылады.
      Ескерту. Нұсқаулық 29-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2010.11.12 № 1198 Қаулысымен.

      30. Кесiм мен қосымшаның атауы бiрдей болған жағдайларда, кесiмнiң мәтiнiнде оның толық атауы қолданылмауы мүмкiн.

      31. Кесiмдердiң ережелерiне ескертулер тиiстi нұсқауды мәтiнде норманың мазмұнына залал келтiрместен жазу мүмкiн болмайтын ерекше жағдайларда рұқсат етiледi.

  2. Бұрын қабылданған кесiмдерге өзгерiстер мен
толықтырулар енгiзу туралы кесiмдердi ресiмдеу

      32. Нақ сол кесiмге өзгерiстер мен толықтырулар бiр тармақпен немесе тармақшамен көзделедi.
      РҚАО-ның ескертпесі!
      32-1, 32-2-тармақтармен толықтыру көзделген - ҚР Үкіметінің 2010.06.25 № 641 Қаулысымен (жариялануға жатпайды).
      33. Бұрын қабылданған кесiмдерге өзгерiстер және/немесе толықтырулар енгiзудi, сондай-ақ олардың күшi жойылды деп тануды көздейтiн кесiмдердi дайындау кезiнде күнiнен, ол тiркелген нөмiрден және бұл кесiмнiң атауынан кейiн жақшаның iшiнде оның жылы, нөмiрi мен "Қазақстан Республикасының Президентi мен Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кесiмдерi жинағында" (бұдан әрi - ПҮКЖ) жарияланған бабы көрсетiледi. Егер бұрын қабылданған кесiм ПҮКЖ-да жарияланбаған жағдайда, тек күнi, осы кесiмнiң нөмiрi мен атауы көрсетiледi.

      34. Үштен астам кесiмге өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлген жағдайда, жеке қосымшалармен ресiмделетiн тiзбелер жасалады.
      Сол немесе өзге де кесiмнiң белгiлi бiр тармақтарының (тармақшаларының) күшi жойылды деп танылуы тиiс, ал дәл осы кесiмнiң басқа бөлiктерi жаңа редакцияда жазылуы тиiс болса, онда мұндай кесiм өзгерiстердiң тiзбесiне енгiзiледi.

      35. Дәл сондай деңгейдегi жаңа кесiмнiң қабылдануына байланысты күшi жойылды деп тануға, өзгерiстер немесе толықтырулар енгiзуге жататын кесiмдердiң немесе олардың бөлiктерiнiң (тарауларының, тармақтарының, тармақшаларының) саны көп болған жағдайда, олардың тiзбесi жеке кесiммен ресiмделедi. Мұндай кесiмнiң жобасын негiзгi кесiмнiң жобасын әзiрлеушi дайындайды және онымен бiр мезгiлде ұсынады.

      36. Егер кесiмде қосымшаға сiлтеме болса, онда кесiмге бiр қосымша болатын жағдайларды қоспағанда, осы қосымшаның нөмiрi жақшаның iшiнде көрсетiледi.

       37. Қосымша құрылымдық бөлiктер, соның iшiнде қосымшалар қолданыстағы кесiмнiң мәтiнiне былайша енгiзiледi:
      нақ сондай түрдегi соңғы құрылымдық бөлiкке енгiзiлетiндерi - кейiнгi реттiк нөмiрлерiмен;
      нақ сол түрдегi құрылымдық бөлiктердiң арасына енгiзiлетiндерi - кесiмнiң өзiнен кейiн тұратын құрылымдық бөлiктерiнiң нөмiрлерiн қайталайтын қосымша нөмiрлермен, мысалы: 2-1, 2-2-тармақтар; 8-1), 8-2) тармақшалар; 9-1-параграф; 5-1-бөлiм; 3-1, 3-2, 3-3-қосымшалар.
      Бұл ретте қолданыстағы негiзгi кесiмге қосымшалар мен туынды нормативтік құқықтық кесiмдер енгiзу туралы кесiмдерде енгiзу туралы кесiмге қосымшаға сәйкес қолданыстағы негiзгi кесiмдi қосымшамен немесе туынды нормативтiк құқықтық кесiммен толықтыру туралы тармақ (тармақша) болуы тиiс.
      Қолданыстағы кесiмге енгiзiлген құрылымдық бөлiктiң мәтiнiнен кейiн жақшаның iшiнде енгiзу туралы кесiмге сiлтеме берiледi. Кесiмнiң қалған белiктерiнiң нөмiрленуi сақталынады.

      38. Құпиялылық таңбалары немесе "Қызмет бабында пайдалану үшiн" ("қбү"), "баспасөзде жарияланбайды", "баспасөзге арналмаған" деген белгiлерi бар кесiмдер тiзбеге олардың тақырыптары (атаулары) көрсетiлместен енгізiледi.

      39. Өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлетiн кесiмдер тiзбесiндегi барлық кесiмдер күшi жойылды деп танылатын кесiмдер тiзбесiндегi сияқты олардың қабылданған күндерi бойынша хронологиялық тәртiппен орналасады.
      Нақ сол күннiң шегіндегі кесiмдер олардың нөмiрлерiне немесе ПҮКЖ-дағы баптарының нөмiрлерiне сәйкес көрсетiледi.

  3. Бұрын қабылданған кесiмдердiң күші жойылды деп
тану туралы кесімдерді ресiмдеу ережесі

      40. Қолданыстағы кесiмдердiң орнына нормативтiк сипаты бар кесiмдердi қабылдау кезiнде, алдыңғыларының жаңадан қабылданған кесiммен күшi жойылуға қойылуы тиiс (толығымен немесе бөлiктерi).
      Осындай жағдайларда жеке сипаты бар қолданыстағы кесiмдерге қатысты шешiм осы кесiм ережелерiнiң құқықтық жүктемесiне қарай әрбiр нақты жағдайда жеке қабылданады.

      41. Қолданыстағы кесiмнiң құрылымдық бөлiктерiнiң күшi жойылды деп таныған кезде, мұндай бөлiктер қолданыстағы кесiмнен алынып тасталады, бiрақ олардың нөмiрлерi сақталады.
      Сақталған нөмiрге кесiмнiң (немесе оның бөлiгiнiң) күшi жойылды деп тану туралы кесiмге сiлтеме қосылады. Сақталған құрылымдық бөлiктердiң нөмiрленуi өзгермейдi.

      42. Егер бұрын қабылданған бiрнеше кесiм (3-тен астам) күшi жойылуға қойылған жағдайда, жеке қосымшамен (тiзбемен) ресiмделетiн тiзбе жасалады.
      Тізбелер заңдық тұрғыдан негiзделген және жеткiлiктi түрде толық болуы тиiс. Тiзбелерге жаңа кесiммен қамтылған кесiмдер де енгiзiлуi тиiс.

      43. Егер кесiм мәнiн (заңдық күшiн) толығымен жоймаса, ол күшi жойылды деп тануға арналған тiзбеге жаңадан қабылданатын кесiмге қайшы келетiн немесе соңғысында қамтылған бөлiгiнде ғана енгiзiледi.
      Егер көлемi бойынша үлкен кесiм тармақтарының елеулi бөлiгi күшi жойылды деп тануға жататын болса, онда тiзбеге өзiнiң күшiн сақтайтын тармақтардың аталуы арқылы бүкiл кесiм енгiзiледi.

      44. Басқа кесiмдердiң нормаларын қайталайтын және жаңалығы жоқ кесiмдер де күшi жойылды деп тануға жатады.

      45. Күшi жойылуға ресми жарияланған да, жарияланбаған да нормативтiк құқықтық кесiмдер қойылады.
      Ескерту. 45-тармақ мемлекеттік тілде өзгеріссіз қалдырылды - ҚР Үкіметінің 2006.02.14 N 99 Қаулысымен.

      46. Негiзгi кесiмдер де, оның мәтiнiне өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлген кесiмдер (немесе олардың бөлiктерi) де күшi жойылды деп тануға жатады. Толық күшi жойылды деп тануға жататын қандай да бiр кесiмiнiң (тармағының, тармақшасының, абзацының) редакциясы бiрнеше мәрте өзгерген жағдайда тiзбеге ол туралы барлық кесiмдер, оның iшiнде редакциясын өзгерткен аралық кесiмдер дербес тармақтар түрiнде енгiзiледi.

      47. Тiзбеге дербес тармақтар түрiнде жаңа шешiмге қайшы келетiн немесе онда қамтылған оның қолданылу аясын, сондай-ақ уақыт бойынша және тұлғалардың шеңберi бойынша оның жекелеген құрылымдық бөлiктерiнiң қолданылу аясын кейiннен кеңейту туралы барлық кесiмдер кiргiзiледi.

      48. Тiзбеге жаңа кесiм шығарылған сәтке дейiн қолданылған кесiмдермен бiрге бұрын, жаңа кесiм қабылданғанға дейiн iс жүзiнде маңызын жойған, бiрақ күшi жойылды деп танылмаған сол мәселе жөнiндегi кесiмдер де кiргiзiледi (тиiсiнше күшi жойылды деп тануға жатады).
      Күшi жойылды деп танылған кесiмдердiң тiзбесiне, сондай-ақ бұрын жалпы нысанда (оларды атамастан) күшi жойылды деп танылған аталған мәселе бойынша кесiмдер де енгiзiледi.

      49. Қолданылу мерзiмi өткен уақытша сипаттағы кесiмдер мен кесiмдердiң құрылымдық бөлiктерi күшi жойылды деп тануға жатпайды.

      50. Нормативтiк құқықтық кесiмдерде қолданылу мерзiмi бiткен уақытша сипаттағы нормалармен қатар тұрақты қолданылатын нормалар қамтылған және барлық осы нормалар күшi жойылды деп танылуға жататын жағдайда, тiзбеге бүкiл мәтiн енгiзiледi.

      51. Егер кесiмнiң тармағында күшi жойылды деп танылуға жататын қосымшаға сілтеме қамтылса, онда тiзбеге осы тармақ қана енгiзiледi (жойылуға қойылады), ал қосымша бөлек ескерiлмейдi.
      Егер кесiмнiң тармағында қосымшаны бекiтумен қатар мағынасы сақталатын басқа да мәселелерге қатысты нормалар қамтылса, ал қосымша толық күшi жойылды деп танылуға жатса, онда осы тармақ тiзбеге қосымшаға қатысты бөлiгiнде енгiзiледi, ал қосымша бөлек ескерiлмейдi.

      52. Егер сол немесе өзге кесiмнiң (оның құрылымдық бөлiгiнiң) тiзбеге толық енгiзiлуi мүмкiн болмаса, нақты жағдайға қарай жекелеген сөйлемдердi, сөздердi, жолдарды және басқаларын алып тастаумен, толықтырумен немесе ауыстырумен шектелiп, оның жаңа редакциясын көздеген жөн.

      53. Егер жекелеген тармақтар толығымен, ал басқалары белгiлi бiр бөлiгiнде ғана күшi жойылды деп танылуға жатса, онда алдымен толығымен күші жойылды деп танылуға жататын тармақтар көрсетiледi.

  4. Кесiмдерге қосымшаларды ресiмдеу ережесi

      54. Кесiмнiң құрылымына қосымшалар кiруi мүмкiн.

      55. Нормативтiк құқықтық кесiмге графиктердi, кестелердi, схемаларды, карталарды, тiзбелердi және басқа да материалдарды қосу қажет болған жағдайда, соңғылары бөлек қосымшалармен ресiмделедi.

      56. Туынды нормативтiк құқықтық кесiмнiң не қосымшаның бiрiншi парағының жоғарғы оң бұрышында сол арқылы ол қабылданған негiзгi нормативтiк құқықтық кесiмнiң түрiне, бекiтiлген күнiне, тiркеу нөмiрiне нұсқау қамтылуға тиiс. Мысалы, егер кесiмнiң мәтiнiнде "Қоса берiлiп отырған нұсқаулық... (тәртiп..., ереже...) бекiтiлсiн" деген сiлтеме келтiрiлсе, онда қосымшаның жоғарғы оң жақ бұрышына:

Қазақстан Республикасы   
Үкiметiнiң        
200___ ___________    
N қаулысымен      
бекiтiлген       

деп жазылады.
      Егер кесiмге бiрнеше қосымша болған жағдайда, әрбiр қосымшаның жоғарғы оң жақ бұрышында оның реттiк нөмiрi, сондай-ақ сол арқылы ол қабылданған кесiмнiң түрi, кесiмнiң қабылданған күнi және оның тiркеу нөмiрi көрсетiледi. Егер кесiмге қосымша бiреу болса, онда ол нөмiрленбейдi.
      Мысалы, егер кесiмнiң мәтiнiнде:
      "1 (2, 3, ...)-қосымшаға сәйкес" не "1 (2, 3, ...)-қосымша" деген сiлтеме келтiрілсе, онда қосымшаның жоғарғы оң жақ бұрышына:

Қазақстан Республикасы     
Үкiметiнiң (Премьep-      
Министрiнiң)          
200__ _________        
N ___ қаулысына (өкiмiне) 
1 (2, 3, ...)-қосымша   

деп жазылады.

      57. Егер жеке қосымшамен ресiмделетiн Нұсқаулыққа, Қағидаға, Ережеге және өзге де туынды кесiмдерге қосымша болса, онда соңғыларының жоғарғы оң жақ бұрышына:

Нұсқаулыққа (Қағидаға,    
Ережеге)           
1 (2, 3, ...)-қосымша    

деп жазылады, бұл ретте Нұсқаулықтың, Қағиданың, Ереженiң және өзге де туынды кесiмдердiң атауы толық көрсетiледi.

      58. Қосымшаның тақырыбы (атауы) мiндеттi түрде ол қабылданған негiзгi кесiмнiң мәтiнiне сәйкес болуы тиiс.

      59. Құпиялылық таңбалары немесе "Қызмет бабында пайдалану үшiн" ("қбү") деген белгiсi бар кесiмдердi ресiмдеу осы Нұсқаулыққа, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2000 жылғы 14 наурыздағы N 390-16қ қаулысымен бекiтiлген Қазақстан Республикасында құпиялылық режимiн қамтамасыз ету нұсқаулықтың талаптарына және Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк құпияларды қорғау жөнiндегi агенттiгi төрағасының 2000 жылғы 29 тамыздағы N 8 бұйрығымен бекiтiлген Таратылуы шектелген құжаттарды, iстер мен басылымдарды есепке алу, пайдалану және сақтау ережесiне сәйкес жүзеге асырылады.

Көмек
Көмек
Ай бойы келгендердің барлығы:
Кеше келгендердің барлығы:
Қазір порталда:
URL:
Қате:
Пікір:

Спасибо, информация об ошибке принята.

Извините, в данный момент информация об ошибке не может быть обработана.
Попробуйте позже.