Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесінің Аппараты туралы ережені бекіту туралы

Актінің түрі
Ереже
Шешім
Қабылдау күні
13.06.2019
Өзгерту күні
13.06.2019
Актіні қабылдаған орган
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы

      "Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫМ:

      1. Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесінің Аппараты туралы ереже қосымшаға сәйкес бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесінің Аппараты мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, екі ай ішінде осы Шешімді іске асыру бойынша шараларды қабылдасын.

      3. Осы Шешім қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Тұңғыш Президенті - Елбасы,
Қазақстан Республикасы
Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының
Н.Назарбаев

  Қазақстан Республикасының
Тұңғыш Президенті - Елбасы,
Қазақстан Республикасы
Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының
2019 жылғы 13 маусымдағы
№ 11 Шешімімен
БЕКІТІЛГЕН

Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесінің Аппараты туралы ереже

1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесінің Аппараты (бұдан әрі - Аппарат) Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасына (бұдан әрі - Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы) тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік орган болып табылады.

      2. Аппаратты Қазақстан Республикасының Президенті (бұдан әрі - Президент) Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасымен келісе отырып лауазымға тағайындайтын және лауазымынан босататын, лауазымды адам болып табылатын Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы (бұдан әрі - Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы) басқарады, ол Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасына тікелей бағынады және есеп береді.

      3. Аппарат мынадай құрылымдық бөлімшелерден тұрады: Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшылығы, Қауіпсіздік Кеңесінің Талдау бөлімі, Қауіпсіздік Кеңесінің Ахуалдық орталығы, Қауіпсіздік Кеңесінің Әскери қауіпсіздік және қорғаныс бөлімі, Қауіпсіздік Кеңесінің Қауіпсіздіктің жалпы мәселелері бөлімі, Қауіпсіздік Кеңесінің Құқық қорғау жүйесі бөлімі, Аппараттың штат санын Қауіпсіздік Кеңесі Хатшысының ұсынуымен Қауіпсіздік Кеңесінің Торағасы айқындайды.

      4. Аппарат және оның қызметкерлері өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, "Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңын, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерін, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.

2. Аппараттың миссиясы, міндеттері мен функциялары

      5. Аппараттың миссиясы Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесінің (бұдан әрі - Қауіпсіздік Кеңесі), Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының және Президенттің қызметін сапалы және уақтылы ақпараттық-талдамалық және ұйымдастырушылық қамтамасыз ету болып табылады.

      6. Аппаратың негізгі міндеттері:

      1) Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасын, Президентті хабардар ету үшін Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысына елдің ұлттық қауіпсіздігінің жағдайы, қорғаныс қабілеті, заңдылықтың сақталуы мен құқық тәртібін қамтамасыз ету туралы материалдарды дайындау;

      2) Президенттің:

      елдің ұлттық қауіпсіздігін, қорғаныс қабілетін, құқық тәртібін және заңдылықтың сақталуын қамтамасыз ету саласындағы;

      Қарулы Күштерге, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарға, құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдарға қатысты өкілеттіктерін іске асыруды қамтамасыз ету;

      3) қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында халықаралық ынтымақтастыққа қатысу;

      4) Қауіпсіздік Кеңесінің ведомоствоаралық комиссияларының, Инспекциясының, Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы Сарапшы кеңестің қызметін қамтамасыз ету;

      5) Қазақстан Республикасының заңнамасына және Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының шешімдеріне сәйкес өзге де міндеттер болып табылады.

      7. Негізгі міндеттерге сәйкес Аппаратқа мынадай функциялар жүктеледі:

      1) елдің ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілеті мәселелері бойынша Қауіпсіздік Кеңесінің, Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының, Президенттің қызметін ақпараттық-талдамалық қамтамасыз етуді үйлестіру мен ұйымдастыру;

      2) ұлттық қауіпсіздіктің ішкі және сыртқы қатерлерін айқындау, олардың алдын алу және оларды бейтараптандыру бойынша жұмысты ұйымдастыру;

      3) Қауіпсіздік Кеңесінің отырыстары мен жедел кеңестеріне материалдарды, Қауіпсіздік Кеңесінің шешімдерінің жобаларын және Қауіпсіздік Кеңесі жедел жиналыстарының шешімдерін (бұдан әрі - Қауіпсіздік Кеңесінің шешімдері), оларды іске асыру жөнінде актілерді дайындау;

      4) елдің ұлттық қауіпсіздігін, қорғаныс қабілетін және құқық тәртібін қамтамасыз ету саласындағы Қазақстан Республикасы заңдарының, Қауіпсіздік Кеңесі шешімдерінің орындалуына, оның ішінде осы мақсаттарға бағытталатын қаражаттың тиімді пайдаланылуына бақылауды ұйымдастыру, анықталған кемшіліктерді, олардың туындауына әкелетін себептер мен жағдайларды жою бойынша шаралар туралы Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасына, Президентке ұсыныстарды енгізу;

      5) елдің ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету мәселелері бойынша заң жобаларын, мемлекеттік бағдарламаларды әзірлеу барысында, сондай-ақ маңызды саяси және мемлекеттік мәні бар өзге де бастамаларды талдау, олар жөнінде Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасына, Президентке ұсынымдар беру;

      6) Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасына, Президентке:

      Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын, мемлекеттік егемендігін және аумақтық тұтастығын қорғауды қамтамасыз ету;

      мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін, мобилизация мен мобилизация дайындығын қамтамасыз ету саласындағы ел саясатының негізгі бағыттары;

      елдің ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету күштері мен құралдарын үйлестіру;

      Президентке тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың қызметін жетілдіру;

      елеулі әлеуметтік-саяси, экономикалық, әскери, экологиялық және өзге де зардаптарға әкелу мүмкін дағдарысты ахуалдардың жолын кесу және жедел шешу;

      Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы және Қауіпсіздік Кеңесінің консультативтік-кеңесші органдарының құрылуы, міндеттері мен дербес құрамы туралы ұсыныстар дайындау;

      7) орталық және жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ Президентке тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың бірінші басшылары лауазымдарына тағайындауға ұсынылатын кандидатураларды келісуі және қарау бойынша жұмысты ұйымдастыру;

      8) Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың, құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге тартылатын өзге де мемлекеттік органдардың қызметіне мониторинг жүргізу, үйлестіру, инспекциялау;

      9) елдің ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету саласындағы қызметті реформалау бойынша мемлекеттік органдардың ұсыныстарын қарау;

      10) заңдылықты сақтау, құқық тәртібін қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру саласында Қазақстан Республикасының заңнамасын, мемлекеттік саясатын үйлестіру және оның орындалуын бақылау;

      11) Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың, құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың президенттік резервін қалыптастыру бойынша жұмысты ұйымдастыру және үйлестіру;

      12) Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның, Жоғары әскери және өзге де атақтар, сыныптық шендер, біліктілік сыныптары жөніндегі комиссияның, Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарындағы кадр саясаты мәселелері жөніндегі комиссияның қызметін қамтамасыз ету;

      13) қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған іс-шараларды ұйымдастыру және үйлестіру;

      14) Президенттің қатысуымен өтетін, ұлттық қауіпсіздік пен қорғаныс қабілеттілігі мәселелері жөніндегі халықаралық іс-шараларға материалдар дайындауға қатысу;

      15) Қауіпсіздік Кеңесінің және Аппараттың қызметін ақпараттық жария етуді ұйымдастыру;

      16) елдің ұлттық кауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін қамтамасыз етудің өзекті мәселелері бойынша ғылыми зерттеулерді ұйымдастыру және үйлестіру;

      17) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген және Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы айқындайтын өзге де функциялар.

3. Аппараттың қызметін ұйымдастыру және оның лауазымды адамдары мен қызметкерлерінің өкілеттіктері

      8. Аппараттың құрамына Қауіпсіздік Кенесінің Хатшысы, Қауіпсіздік Кеңесі Хатшысының бірінші орынбасары және орынбасарлары, Аппараттың құрылымдық бөлімшелерінің басшылары, олардың орынбасарлары және өзге де қызметкерлері кіреді.

      9. Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы, Қауіпсіздік Кеңесі Хатшысының бірінші орынбасары және орынбасарлары, Аппараттың құрылымдық бөлімшелерінің басшылары, олардың орынбасарлары - мемлекеттік саяси қызметшілер, ал Аппараттың өзге де қызметкерлері мемлекеттік әкімшілік қызметшілер болып табылады.

      10. Аппараттың мемлекеттік саяси қызметшілерін Қауіпсіздік Кеңесі Хатшысының ұсынуы бойынша Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады.

      Аппараттың мемлекеттік әкімшілік қызметшілерін Қауіпсіздік Кеңесі Хатшысы лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады.

      11. Аппараттың қызметкерлері олардың мәртебесі (олар атқаратын мемлекеттік лауазымдарды Мемлекеттік саяси және әкімшілік қызметшілер лауазымдарының тізіліміне сәйкес жіктеуге қатысты), қызметтік жұмыстың жағдайы мен кепілдіктері бойынша Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінің қызметкерлеріне теңестіріледі.

      12. Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы:

      1) Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасын, Президентті мемлекеттің қорғаныс қабілеті, сыртқы және ішкі қауіпсіздігі мәселелері жөнінде хабардар етеді, Қазақстан Республикасының қауіпсіздігінің жай-күйі туралы ақпараттық және талдау материалдарын Қауіпсіздік Кеңесіне ұсынады;

      2) Қауіпсіздік Кеңесі шешімдерінің орындалуын, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының және Президенттің актілері мен шешімдерінің орындалуы мен сақталуын бақылау жөніндегі жұмысты үйлестіреді;

      3) Аппаратты басқарады және Аппараттың жұмысына тікелей басшылықты жүзеге асырады;

      4) Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының қарауына Қауіпсіздік Кеңесінің жыл сайынғы жұмыс жоспарларының, Қауіпсіздік Кеңесі шешімдерінің жобаларын ұсынады;

      5) орталық атқарушы органдардың ұлттық кауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы қызметінің нәтижелері туралы Үкіметтің жыл сайынғы баяндамасын қарау нәтижесі бойынша Президентке ұсыныстар енгізеді;

      6) мемлекеттік органдар мен ұйымдар қызметкерлерінің қатысуымен ұлттық кауіпсіздікті қамтамасыз етуге тартылған мемлекеттік органдардың қызметіне инспекция жүргізуді ұйымдастырады;

      7) елдің ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету мәселелері бойынша Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының, Президенттің қызметін ақпараттық және талдау материалдарымен қамтамасыз етуді ұйымдастырады және үйлестіреді;

      8) Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасын және Президенттің қызметін ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету мәселелері, елдегі және шетелдегі жағдай бойынша уақтылы әрі толық хабардар ету, Қауіпсіздік Кеңесінің шешімдерін мүлтіксіз әрі егжей-тегжейлі орындау және олардың орындалуын бақылау мақсатында:

      Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасарларына;

      Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесіне;

      Қазақстан Республикасының орталық атқарушы орғандарына;

      сот төрелігін жүзеге асыру, қылмыстық қудалау, анықтау, алдын ала тергеу және жедел іздестіру қызметі функцияларын жүзеге асырумен байланысты емес мәселелер бойынша - Жоғарғы Сотқа, Бас прокуратураға, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет);

      Ұлттық Банкке, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетіне, Президентке тікелей бағынатын және есеп беретін өзге де мемлекеттік органдарға;

      облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және Қазақстан Республикасы астанасының әкімдеріне;

      Қазақстан Республикасының квазимемлекеттік секторының субъектілеріне тапсырмалар беруге құқылы;

      9) бұйрықтар шығарады;

      10) жұмыс топтарын және инспекциялық топтарды құрады және Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасына Қауіпсіздік Кеңесінің ведомоствоаралық комиссияларын, Қауіпсіздік Кеңесінің жанындағы Сарапшылық кеңесті құру, олардың міндеттері, функциялары мен лауазымдық құрамы жөнінде ұсыныстар енгізеді, сондай-ақ олардың дербес құрамын бекітеді;

      11) ұлттық қауіпсіздік пен қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету мәселелерін қарастыру кезінде Парламенттің және оның Палаталарының, Үкіметтің отырыстарына, мемлекеттік органдардың және ұйымдардың алқа жиналыстарына қатысуға құқылы;

      12) Қауіпсіздік Кеңесінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша Қауіпсіздік Кеңесінің халықаралық, шетелдік, үкіметтік және үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимылын ұйымдастырады;

      13) қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған іс-шаралар өткізеді;

      14) Қауіпсіздік Кеңесінің тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасының барлау қоғамдастығының қызметін үйлестіреді;

      15) Мемлекеттік күзет қызметін қоспағанда, әскери қызметшілер, құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлері, оның ішінде Аппаратқа іссапарға барған қызметкерлері қатарынан кандидаттарды Қарулы Күштер, басқа да әскерлер мен әскери құралымдар, құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдар басшылығының президенттік резервіне енгізу туралы шешім қабылдайды;

      16) Аппараттың құрылымы мен штат саны жөнінде Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасына ұсыныстар енгізеді, Аппараттың штат кестесін бекітеді, бекітілген штат саны шегінде оған өзі өзгерістер енгізеді;

      17) Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы орынбасарларының арасындағы міндеттер бөлінісін бекітеді;

      18) Аппараттың құрылымдық бөлімшелері туралы ережені бекітеді;

      19) Аппараттың қызметкерлерін көтермелеу және оларға тәртіптік жазалау шараларын қолдану туралы шешімдер қабылдайды және оларды келіседі;

      20) Аппараттың қызметкерлерін іссапарларға, оның ішінде шетелдік іссапарларға жіберу туралы шешімдер қабылдайды;

      21) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      13. Қауіпсіздік Кеңесі Хатшысының бірінші орынбасары және орынбасарлары, Аппараттың құрылымдық бөлімшелерінің басшылары:

      1) Қауіпсіздік Кеңесінің шешімдерін, Қауіпсіздік Кеңесі жедел кеңестерінің шешімдерін, Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының, Президенттің актілері мен тапсырмаларын, Қауіпсіздік Кеңесі Хатшысының бұйрықтары мен тапсырмаларын уақтылы әрі егжей-тегжейлі орындауды ұйымдастырады;

      2) жетекшілік ететін мәселелері бойынша Қауіпсіздік Кеңесінің, Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының, Президенттің және Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысының ақпараттық-талдамалық қызметін қамтамасыз етуді ұйымдастырады және үйлестіреді;

      3) өздерінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіреді;

      4) Аппараттың құрылымдық бөлімшелерінің қызметін ұйымдастырады, олардың мемлекеттік органдармен және өзге де ұйымдармен өзара іс-қимылын қамтамасыз етеді;

      5) бюджеттік бағдарламаларға енгізу үшін мемлекеттік органдарға белгіленген тәртіпте жолданатын ұлттық қауіпсіздіктің өзекті проблемалары бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге тапсырысты қалыптастырады;

      6) Қауіпсіздік Кеңесінің қызметін, Қауіпсіздік Кеңесі мен Қауіпсіздік Кеңесінің жедел кеңестерінің шешімдерін, Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының, Президенттің, Қауіпсіздік Кеңесі Хатшысының актілері мен тапсырмаларының мүлтіксіз және түпкілікті орындалуын, сондай-ақ олардың орындалуын бақылауды қамтамасыз ету мақсатында:

      Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік органдар мен ұйымдардан қажетті ақпаратты сұратуға, сондай-ақ олардың өкілдерінің қатысуымен кеңестер өткізуге;

      мемлекеттік органдардың қарамағындағы бар ақпараттық дерекқорды белгіленген тәртіпте пайдалануға;

      ұлттық кауіпсіздік пен қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету мәселелерін қарастыру кезінде Үкіметтің отырыстарына және мемлекеттік органдар мен ұйымдардың алқа жиналыстарына қатысуға құқылы;

      7) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген, сондай-ақ Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы мен Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы оларға жүктеген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      14. Аппарат елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қорғаныс қабілетін нығайту, заңдылық пен құқық тәртібін қамтамасыз ету мәселелеріне қатысты басқа мемлекеттік органдармен және ұйымдармен өзара іс-қимылда болады.

      15. Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының, Қауіпсіздік Кеңесінің қызметін, олардың шешімдерінің мүлтіксіз және түпкілікті орындалуын, сондай-ақ олардың орындалуына бақылауды қамтамасыз ету мақсатында Аппарат мемлекеттік органдар мен ұйымдарға орындалуы міндетті тапсырмалар беруге құқылы.

      16. Қауіпсіздік Кеңесі Хатшысының шешімі бойынша Аппаратта бірқатар лауазымдар басқа мемлекеттік органдардың қызметкерлерін заңнамада белгіленген тәртіппен іссапарға жіберу арқылы атқарылуы мүмкін.

      17. Қауіпсіздік Кеңесі Хатшысының тапсырмасы бойынша мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қызметкерлері:

      қысқа мерзімдік негізде - Қауіпсіздік Кеңесінің отырыстары мен жедел кеңестерін әзірлеуге, Қауіпсіздік Кеңесінің ведомствоаралық комиссияларының қызметіне, Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы Сарапшылық кеңестің, инспекциялық және жұмыс топтарының, сондай-ақ өзге де консультативтік-кеңесші органдардың қызметіне;

      ұзақ мерзімдік негізде - Аппараттың ақпараттық-талдамалық функцияларын жүзеге асыру бойынша қызметіне тартылуы мүмкін.

      18. Қауіпсіздік Кеңесін, Аппаратты қамтуға арналған шығыстары Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен республикалық бюджеттен қаржыландырылады.

      19. Қауіпсіздік Кеңесін, Аппаратты Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі, Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы, өзге де мемлекеттік органдар және ұйымдар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес материалдық-техникалық және өзгедей қамтамасыз етеді.

Көмек
Көмек
Ай бойы келгендердің барлығы:
Кеше келгендердің барлығы:
Қазір порталда:
URL:
Қате:
Пікір:

Спасибо, информация об ошибке принята.

Извините, в данный момент информация об ошибке не может быть обработана.
Попробуйте позже.