Қазақстан Республикасы Конституциясының 12-бабының 2-тармағын, 62-бабының 2 және 8-тармақтарын, 76-бабының 1-тармағын, 77-бабы 3-тармағының 3) және 5) тармақшаларын ресми түсіндіру туралы

Актінің түрі
Қаулы
Қабылдау күні
18.04.2007
Өзгерту күні
18.04.2007
Актіні қабылдаған орган
Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі

      Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі, Төраға И.И.Рогов, Кеңес мүшелері Х.Ә.Әбішев, Қ.Ж.Балтабаев, Н.В.Белоруков, С.Ф.Бычкова, А.М.Нұрмағамбетов, Ү.М.Стамқұлов қатысқан құрамда, мыналардың:
      өтініш субъектісінің өкілдері - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Ә.М.Бәйменовтың, Н.С.Сабильяновтың және Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Л.Н.Бурлаковтың,
      Қазақстан Республикасы Үкіметінің өкілі - Қазақстан Республикасының Әділет вице-министрі Д.Р.Құсдәулетовтың,
      Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының өкілі - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты қадағалау алқасының төрағасы А.С.Смолиннің,
      Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өкілі - Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры аппаратының басшысы Р.Қ.Сарпековтың,
      Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің өкілі - Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Құқық департаментінің бастығы Б.З.Әшитовтың,
      Қазақстанның Адвокаттар одағының президенті - Ә.Қ.Түгелдің,
      сарапшы А.Б.Қожахметовтың қатысуымен,
      өзінің ашық отырысында Қазақстан Республикасы Парламенті бір топ депутаттарының Қазақстан Республикасы Конституциясының  12-бабының  2-тармағын,  62-бабының  2 және 8-тармақтарын,   76-бабының  1-тармағын,  77-бабы  3-тармағының 3) және 5) тармақшаларын ресми түсіндіру туралы өтінішін қарады.
      Баяндамашы - Конституциялық Кеңестің мүшесі С.Ф.Бычкованың хабарламасын, отырысқа қатысушылардың сөздерін тыңдап, конституциялық іс жүргізу материалдарын, соның ішінде, сарапшылардың - заң ғылымдарының докторы, профессор, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық мемлекеттік университетінің сот билігі және қылмыстық процесс кафедрасының меңгерушісі Қ.Х.Халиковтың және заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ гуманитарлық-заң университетінің оқу және оқу-әдістеме ісі жөніндегі проректоры С.Ф.Ударцевтің қорытындыларын зерделеп,  Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі  мынаны

анықтады :

      Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесіне 2007 жылғы 15 наурызда Қазақстан Республикасы Парламенті бір топ депутаттарының Қазақстан Республикасы Конституциясының 12-бабының 2-тармағын, 62-бабының 2 және 8-тармақтарын, 76-бабының 1-тармағын, 77-бабы 3-тармағының 3) және 5) тармақшаларын ресми түсіндіру туралы өтініші келіп түсті.
      Отырыс барысында, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің   362-бабының  1-бөлігінде,  241-бабының  2-бөлігінде,  234-бабының  3-бөлігінде,  96-бабы  2-бөлігінің "б", "в", "д" және "ж" тармақтарында көзделген қылмыстарды жасады деп айыпталушы А.Едігеевтің өз ісін соттың алқабилердің қатысуымен қарауы туралы өтінішін қабылдамау туралы Алматы қалалық сотының 2007 жылғы 23 қаңтардағы қаулысы Конституциялық Кеңеске жүгінуге себеп болғаны анықталды.
      Өтініштен келіп шығатыны, Алматы қалалық соты, айыпталушы өзіне алдын ала тергеудің аяқталғаны туралы хабарланған және істің барлық материалдары танысу үшін ұсынылған кезде ғана істі соттың алқабилердің қатысуымен қарауы туралы өтініш беруге құқылы (Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің  546-бабының  3 және 5-бөліктері), ал қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі іс жүргізуде бұл істелмеген, деп өз шешімін уәждеген.
      Өтініш субъектісінің пікірінше, Алматы қалалық сотының бұл қаулысы "жалпыға бірдей халықаралық-құқықтық стандарттарға да, Қазақстан Республикасының ішкі заңнамасына да, соның ішінде Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігі бөлігінде сұрақтар туындатады".
      Өтініш субъектісі Қазақстан Республикасы Конституциясының  12-бабы  2-тармағының,  62-бабы  2 және 8-тармақтарының,  76-бабы 1-тармағының,  77-бабы  3-тармағының 3) және 5) тармақшаларының нормаларына ресми түсіндірме беруді және осы орайда мынадай сұрақтарға жауап қайтаруды сұрайды:
      "1. ҚР Конституциясының 77-бабы 3-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген қылмыстық істердің соттылығы түсінігі ҚР Жоғарғы Сотына және жергілікті соттарға, сол сияқты аумақтық соттарға ғана қатысты ма, әлде қылмыстық істерді алқабилердің қатысуымен, сот ісін жүргізудің дербес формасы түрінде өткізу жағдайларын да қамти ма?"
      "2. Егер соттылық түсінігі алқабилердің қатысуымен сот ісін жүргізу әдісін де қамтитын болса, ҚР Конституциясының 77-бабы 3-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген конституциялық норма осы нақты жағдайда, егер алдын-ала тергеу жүргізу барысында айыпталушының өзінің ісі алқабилердің қатысуымен өтуі керек деген өтініш білдіру құқығы формальды себептермен, ("Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне алқабилердің қатысуымен қылмыстық сот ісін жүргізуді енгізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" ҚР Заңы (бұдан ілгеріде - Заң) күшіне енсе де, қолданысқа енбеді деген сылтаумен), аяқсыз қалдырылса, онда істі қарау тәртібі айыпталушы өз келісімін бермеген соттылық бойынша жүргізіле беруі мүмкін бе? (Заң қолданысқа енгенін ескерсек)"
      "3. ҚР Конституциясының 62-бабының 2 және 8-тармақтарында тұжырымдалған конституциялық нормалардың азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету мақсатындағы арақатынасы қандай?"
      "4. Аталған нақты жағдайда күшіне енген, бірақ қолданысқа енбеген Заң алдын-ала тергеу органдарын айыпталушы оның осы Заңның қолданысқа ену уақытына және осы істің сотта қаралуынан бұрын өзіне тиесілі болатын, істің сотта алқабилердің қатысуымен қаралуын талап ету құқығымен таныстыруға міндеттей ме?"
      "5. Айыпталушыға (сотталушыға) оның ісінің алалықсыз және тәуелсіз сотта қаралуын (істің алқа заседательдерінің қатысуымен қаралуын) қамтамасыз ететін қосымша кепілдіктер соттың басталу уақытында қолданысқа енді. Алайда, айыпталушы өзінің осы құқығын пайдалана алмады, себебі бұл үшін алдын ала тергеу аяқталған кезде іс материалдарымен танысу барысында өтініш жасауы керек еді. Бұндай өтініш жасауға кедергі болған жағдай - Заңның сол кезде күшіне енгені, алайда қолданысқа енбегені, сол себептен тергеуші айыпталушыға оған тиесілі істің алқа заседательдерінің қатысуымен қаралуы туралы өтініш жасауға құқығын таныстырмауы себеп болды.
      Осы жағдайда сот ҚР Конституциясының 12-бабының 2-тармағын және 76-бабының 1-тармағын басшылыққа ала отырып, ҚР Конституциясының нормасын тікелей іске асырып, айыпталушының оның қылмыстық ісінің алқабилердің қатысуымен қаралуы туралы өтініш жасау құқығын қалпына келтіруі тиіс емес пе еді?"
      "6. Қазақстан Республикасы Конституциясының 77-бабы 3-тармағының 5) тармақшасында көрсетілген конституциялық норма қылмыс жасаған адамның жағдайын басқа да жолмен жақсартатын, соның ішінде, оның құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың қосымша кепілдіктерін ұсынатын заңның кері күшіне де тарайды деп түсінуге бола ма, әлде осы мәселеге байланысты басқа конституциялық норма бар ма?"
      Өтініш субъектісі нақты қылмыстық іс бойынша алқабилердің қатысуымен сот төрелігін іске асыру мәселелерін реттейтін заңнамалық актілердің жекелеген нормаларын, оның пікірінше, дұрыс түсіндірілмеуі мен қолданылмауына байланысты туындаған қайшылықтарды көреді. Алайда Қазақстан Республикасы заңдарының нормаларын түсіндіру, сондай-ақ олардың қолданылу практикасына баға беру Конституциялық Кеңестің құзыретіне жатпайды. Өйткені Конституциялық Кеңестің өкілеттігі өтініш шеңберінен шығып кетпеуге тиіс, ол сондай-ақ осы конституциялық іс жүргізуде заңдар нормаларының конституциялылығын да тексерген жоқ.
      Соған байланысты, Қазақстан Республикасы Конституциясының  72-бабы  1-тармағының 4) тармақшасына сәйкес Конституциялық Кеңес, алқабилердің қатысуымен сот ісін жүргізу мәселелерін реттейтін заңдардың, атап айтқанда - "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне алқабилердің қатысуымен қылмыстық сот ісін жүргізуді енгізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 16 қаңтардағы N 122-ІІІ  Заңының  және 1997 жылғы 13 желтоқсандағы N 206-1 Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексінің нормаларын ескере отырып, Қазақстан Республикасы Конституциясының 12-бабының 2-тармағына, 62-бабының 2 және 8-тармақтарына, 76-бабының 1-тармағына, 77-бабы 3-тармағының 3) және 5) тармақшаларына ресми түсіндірме береді.
      Негізгі Заңның көрсетілген нормаларын түсіндірген кезде Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі мынаны негізге алды.

       1.  Қазақстан Республикасының Конституциясында сот ісін жүргізу принципі белгіленген, оған сәйкес өзіне заңмен көзделген соттылығын оның келісімінсіз ешкімнің өзгертуіне болмайды (Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 3) тармақшасы).
      Адамның өз ісінің заң арқылы соттылығына жатқызылған сотта қаралуына құқығын тану, сот арқылы қорғалу және сот төрелігіне кедергісіз қол жеткізу құқығына берілген кепілдіктердің бірі, әркімнің заң мен сот алдындағы теңдігінің бір көрінісі болып табылады. Бұл кепілдік сондай-ақ БҰҰ Бас Ассамблеясының 1966 жылғы 16 желтоқсандағы 2200А (XXI) резолюциясымен қабылданып, Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 28 қарашадағы N 91-III Заңымен ратификацияланған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің  14-бабы  1-тармағында да орын тапқан, ол тармақта әрбір адамның өзіне тағылған қылмыстық айыптауды қарау кезінде заң негізінде құрылған құзыретті, тәуелсіз және әділ сот арқылы ісі ақылға қонымды мерзімде әділетті және ашық қаралуын талап етуге құқығы бар делінеді.
      Қазақстан Республикасының Конституциясы, соттылықты айқындау ережелерін белгілемей отырып, оларды заң шығарушының құзыретіне жатқызады. Конституциялық Кеңес, "Қазақстан Республикасы Конституциясы  4-бабының  1-тармағын,  14-бабының  1-тармағын,   77-бабы  3-тармағының 3) тармақшасын,  79-бабының  1-тармағын және   83-бабының  1-тармағын ресми түсіндіру туралы" 1997 жылғы 6 наурыздағы N 3  қаулыда , іс жүргізу заңымен әртүрлі санаттағы істердің соттылығын анықтағанда өзіндік ерекшелігі, күрделілігі, істің қоғамдық мәні, оны тез және тиімді шешудің қажеттілігі ескеріледі деп түсіндірді. "Маңғыстау облыстық сотының Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің  292-бабының  алтыншы бөлігін конституциялық емес деп тану туралы ұсынымы жөнінде" Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 1999 жылғы 5 мамырдағы N 8/2  қаулысында , "Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 3) тармақшасы істердің соттылығы туралы ережелердің болуын көзде тұтады. Соттардың әртүрлі деңгейінің құзыреті заңмен олардың басқаруына жатқызылған істердің шеңбері бойынша ғана анықталады", - деп атап көрсетілген.
      Қылмыстық сот ісін жүргізуде соттылық мәселелері Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексімен (бұдан әрі - ҚІЖК) реттеледі. ҚІЖК-тің  543-бабы  бірінші бөлігіне сай "сот алқабилердің қатысуымен, осы Кодекстің  291-бабының  екінші бөлігінде көрсетілген әрекеттерді есі дұрыс емес күйінде жасаған не оларды жасағаннан кейін жан күйзелісі ауруымен ауырған адамдарға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы істерді қоспағанда, осы Кодекстің 291-бабының екінші бөлігінде көрсетілген қылмыстар туралы істерді қарайды". Заң қылмыстық істердің осы санатына қатысты олардың бірінші саты бойынша облыстық немесе оларға теңестірілген соттардың соттауына жататынын айқындайды (ҚІЖК-тің 291-бабының екінші бөлігі). Бұл ретте жаза шарасы ретінде өлім жазасы қолданылуы мүмкін болатын қылмыс жасаған адамдарды айыптау жөніндегі қылмыстық істі қарауды бірінші сатыдағы сот - үш судья құрамында, ал айыпталушының өтініші болған кезде екі судья және тоғыз алқаби құрамында жүзеге асырады (ҚІЖК-тің  58-бабының  екінші бөлігі).
      Осылайша, қылмыстық іс жүргізу заңы облыстық немесе оған теңестірілген сотта алқабилердің қатысуымен соттың қарауына жататын қылмыстық істерді ажыратады, бұл ҚІЖК-тің 543-бабының атауынан да көрініс тапқан ("Облыстық және оған теңестірілген сотта алқабилердің қатысуымен соттың қарауына жататын істер").
      Жазылғанды негізге ала отырып, Конституциялық Кеңес, алқабилер қатысатын істер бойынша іс жүргізу Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 3) тармақшасында пайдаланылатын мағынасындағы соттылық нысандарының біріне жатқызылуы мүмкін деп пайымдайды. Сондықтан Конституциялық Кеңестің 1997 жылғы 6 наурыздағы N 3  қаулысындағы , іс бойынша тараптардың келісімінсіз, өздері үшін ҚІЖК-тің нормаларымен көзделген істердің соттылығын өзгертуге жол берілмейді және "адамға және оның ісіне заңда көрсетілгенге сәйкес келмейтін, оның бұған келісімі жоқ кезде сотты болушылығын анықтауды Негізгі Заңның 77-бабы 3-тармағы 3) тармақшасының конституциялық нормасын бұзу ретінде қарау керек" деген ұйғарымдар, соның ішінде, сот ісін алқабилердің қатысуымен жүргізу аясына да қатысты болады.
      Сонымен бірге мынаны да ескеру керек, қолданыстағы қылмыстық іс жүргізу заңына сәйкес тиісті өтініш бере отырып, соттылығын айқындауға айыпталушының өзінің қатысуы (ҚІЖК-тің  58-бабының  екінші бөлігі,  546-бабының  бірінші бөлігі), алқабилердің қатысуымен соттың қарауына жататын қылмыстық істерді айқындаудың ерекшелігі болып табылады. Сондықтан айыпталушының заңға негізделген және заңда белгіленген тәртіппен берілген өтінішін қылмыстық істі жүргізуші органның қабылдамау жағдайларын Негізгі Заңның 77-бабы 3-тармағының 3) тармақшасында көзделген соттылық туралы ережелерді бұзу деп таныған жөн. Ал мұндай өтініш заң талаптарын бұза отырып берілген жағдайда, оның қабылданбауы жоғарыда көрсетілген конституциялық норманы бұзу деп таныла алмайды.

       2.  Конституцияның  62-бабының  2 және 8-тармақтарына сәйкес Республиканың заңдары Республика Президенті қол қойғаннан кейін күшіне енеді. Республиканың заң және өзге де нормативтік құқықтық актілерін әзірлеу, ұсыну, талқылау, күшіне енгізу және жариялау тәртібі арнаулы заңмен және Парламент пен оның Палаталарының регламенттерімен реттеледі.
      Негізгі Заңның бұл көрсетілген нормаларын түсіндіре отырып, Конституциялық Кеңес өзінің "Астана қаласы Сарыарқа аудандық соты төрағасының "Нормативтік құқықтық актілер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 36-бабын конституциялық емес деп тану туралы ұсынысы жөнінде" 1999 жылғы 29 қазандағы N 20/2  қаулысында , "Республика Конституциясының 62-бабының 2 және 8-тармақтарында әртүрлі мағыналық салмақ арқалайтын және бірдей емес ұғымдарды білдіретін "күшіне енеді" және "күшіне енгізу" терминдері пайдаланылған" деп көрсетті.
      Бұл аталған қаулыдан келіп шығатыны, Конституцияның 62-бабының 2-тармағына сай Парламент қабылдаған заңға Мемлекет басшысы қол қойғаннан кейін ғана ол тиісті заңдық күшке ие болады. "Республика Президентінің заңға қол қоюы оның соңына дейін жеткізілген құқықтық нысанға ие болғанын, нормативтік құқықтық актілердің сатысында өз орнын алғанын және мемлекеттің құқықтық жүйесіне қосылғанын білдіреді. Заңның заңдық күшке ие болу фактісі әлі қоғамдық қатынастардың реттелуінің басталғанын білдірмейді және сондықтан күтіліп отырған құқықтық салдарды болдыра алмайды, яғни бұл әрекет етпейтін заң. Аталған кезеңде заң шығару процесінің аяқталуы туралы айтуға әлі ерте".
      Конституциялық Кеңес бұл қаулыда сондай-ақ "конституциялық рәсім заңдарды міндетті түрде халыққа жария етуді көздейді. Бұл Мемлекет басшысының өзі қол қойған заңды халыққа жария етуге конституциялық міндетін белгілейтін Конституцияның  44-бабының  2) тармақшасынан келіп шығады. Көрсетілген кезең заң шығару процесінде аяқтаушы болып табылады, одан кейін заңды іске асырудың мүмкіндіктері туралы, яғни заңның құқықтық күшін күшіне енгізу туралы айтуға болады" деп атап көрсетеді.
      "Нормативтік құқықтық актілер туралы" 1998 жылғы 24 наурыздағы N 213-І Қазақстан Республикасының  Заңы  Республиканың заңнамалық және өзге де нормативтік құқықтық актілерін әзірлеу, ұсыну, талқылау, қолданысқа енгізу және жариялау тәртібін реттейтін арнаулы заң болып табылады. Бұл заңнамалық актінің  36-бабы  2-тармағының 1) тармақшасына сай заңдар, егер актінің өзінде немесе оларды қолданысқа енгізу туралы актілерде өзге мерзімдер көрсетілмесе - олар алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі. Осылайша, егер заңда немесе оны қолданысқа енгізу туралы актілерде басқа мерзім белгіленген болса, онда оны қолданысқа енгізгеннен кейін ғана, яғни заңның өзінде не оны қолданысқа енгізу туралы актіде белгіленген мерзімде заң құқықтық қатынастарды реттеп, белгілі бір заңдық салдарды туындата бастайды.
      Заңның "күшіне ену" және "қолданысқа енгізу" деген құқықтық категорияларының арақатынасын өтініште қойылған сұрақтарға қатысты қарай отырып, азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты заңдарды немесе өзге де нормативтік құқықтық актілерді ресми түрде жариялау оларды қолданудың міндетті шарты болып табылатынын атап кеткен жөн (Конституцияның 4-бабының 4-тармағы). Адамның және азаматтың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты заңдарды немесе өзге де нормативтік құқықтық актілерді қолданудың басқа қандай да болсын шарттары Конституцияда көзделмеген.
      Қазақстан Республикасының Президенті қол қойған, демек, 2006 жылғы 16 қаңтарда күшіне енген, 2006 жылғы 26 қаңтарда ресми
жарияланған "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне
алқабилердің қатысуымен қылмыстық сот ісін жүргізуді енгізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы"  Заңда  оны 2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізу көзделген. Бұл,
2006 жылғы 16 қаңтарда жоғарыда көрсетілген заңның заң ретінде ресімделуі аяқталғанын, осы сәттен бастап оның заңдық күшке және қолданысқа енгізілу мүмкіншілігіне ие болғанын білдіреді. 2007 жылғы 1 қаңтар, осы күн келгенге дейін құқық субъектілерінің бәрі үшін міндетті заңның жұмыс істей бастауы, яғни оның қолданылуы үшін қажетті негізгі материалдық-техникалық, ұйымдастырушылық және өзге де шарттар жасалуға тиіс болатын сәтті білдіреді. Алайда заң қолданысқа енгізілгеннен кейін процеске қатысушылар ие болатын құқықтардың (мәселен, ісін соттың алқабилердің қатысуымен қарауына құқығы) іске асырылуын қамтамасыз етуге бағытталған процессуалдық іс-әрекеттер орындауды және процессуалдық шешімдер қабылдауды, егер заңда немесе оны қолданысқа енгізу туралы актіде осы процессуалдық іс-әрекеттер орындауды (осы процессуалдық шешімдер қабылдауды) регламенттейтін нормаларды қолданысқа енгізудің ерекше тәртібі көзделмеген болса, оларды мұндай шарттарға жатқызуға болмайды.

       3.  Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 5) тармақшасына сәйкес, жауапкершілікті белгілейтін немесе күшейтетін, азаматтарға жаңа міндеттер жүктейтін немесе олардың жағдайын нашарлататын заңдардың кері күші болмайды. Егер құқық бұзушылық жасалғаннан кейін ол үшін жауапкершілік заңмен алынып тасталса немесе жеңілдетілсе, жаңа заң қолданылады.
      Қаралып отырған өтініште заңның кері күші туралы мәселе айыпталушының (сотталушының) өз ісін соттың алқабилердің қатысуымен қарауына құқығына байланысты қойылады.
      Конституцияның әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуына құқығы туралы  13-бабының  2-тармағынан туындайтын бұл көрсетілген құқық, Негізгі Заңның "Соттар және сот төрелігі" деп аталатын VII бөлімінің ережелерімен жиынтығында, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қылмыстық сот ісін жүргізуде қорғау институтын толықтырады. "Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясын одан әрі іске асыру жөніндегі шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2001 жылғы 4 желтоқсандағы N 735  Жарлығында  аталып өткеніндей, сотталушыда өз ісін соттың алқабилердің қатысуымен не болмаса судьялар алқасының қарауына құқығы пайда болуы "адамның сот процесінде құқығы қорғалуының қосымша кепілдігі болып табылады". Адамның процессуалдық құқықтарын белгілейтін немесе кеңейтетін заңға кері күш беру мәселелерін Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 5) тармақшасы реттемейді.
      "Қазақстан Республикасы Конституциясы  14-бабының  1 және 2-тармақтарына,  24-бабының  2-тармағына,  77-бабы  3-тармағының 5) тармақшасына ресми түсіндірме беру туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 1999 жылғы 10 наурыздағы N 2/2  қаулысында  сондай-ақ, Парламент қабылдаған заңдар, егер бұл туралы шешім заңның өзінде немесе оны күшіне енгізу туралы қаулыда бекітілген болса, кері күшімен қолданылуы мүмкін делінеді.
      "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне алқабилердің қатысуымен қылмыстық сот ісін жүргізуді енгізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы"  Заңның  кері күші туралы мәселені шешер кезде жоғарыда көрсетілген жағдайлар ескерілуге тиіс.

      4. Негізгі Заңның 4-бабының 2-тармағына сәйкес "Конституцияның ең жоғары заңдық күші бар және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында ол тікелей қолданылады".
      Конституцияның сот ісін жүргізуге қатысты тікелей қолданылуы мәселелерін Конституциялық Кеңес "Қазақстан Республикасы Конституциясы  4-бабының  1-тармағын,  14-бабының  1-тармағын,   77-бабы  3-тармағының 3) тармақшасын,  79-бабының  1-тармағын және   83-бабының  1-тармағын ресми түсіндіру туралы" 1997 жылғы 6 наурыздағы N 3  қаулыда  қарады. Бұл қаулыда, "Республика Конституциясының жоғары тікелей заң күші бар және ол Республиканың барлық аумағында қолданылады. Бұл конституциялық ережеге сәйкес, соттардың істі қарағанда барлық қажетті жағдайда Республика Конституциясын тікелей күші бар акт ретінде қолданғандары жөн" деп атап кетілген.
      Сонымен бірге, Конституциялық Кеңес, егер конституциялық норманың өзінде оның заңда немесе өзге де нормативтік құқықтық қаулыда көзделген (белгіленген) жағдайларда және (немесе) сол тәртіппен іске асырылатындығы туралы ескертпе бар болса (мәселен, Конституцияның  75-бабының  2-тармағы), онда Конституция нормасының тікелей қолданылуы іске асырылған кезде тиісті заңның немесе өзге де нормативтік құқықтық актінің ережелері ескерілгені жөн, деп пайымдайды.

       5.  Конституцияның  12-бабының  2-тармағына сәйкес адам құқықтары мен бостандықтары әркімге тумысынан жазылған, олар абсолютті деп танылады, олардан ешкім айыра алмайды, заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілердің мазмұны мен қолданылуы осыған қарай анықталады.
      "Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабының 1-тармағына және 12-бабының 2-тармағына ресми түсіндірме беру туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 1996 жылғы 28 қазандағы N 6 қаулысында, Негізгі Заңның 12-бабының 2-тармағында сөз етіліп отырған адам құқығы мен бостандығы деп Конституцияға сәйкес мемлекет таныған және кепілдік берген адам құқығы мен бостандығын санау керек, делінген. Конституциялық Кеңестің қаулысында көрсетілгеніндей, адам құқықтары мен бостандықтары заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілердің мазмұны мен қолданылуын анықтайды деген ережені, осы құқық пен бостандықтың жүзеге асырылуының жағдайлары мен тәртібін белгілеуші заң жасаған және қабылдаған кезде Конституция жариялаған адам құқығы мен бостандығы негіз болады деген мағынада түсіну керек.
      Конституцияның 13-бабының 2-тармағына сай әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуына құқығы бар, бұл құқық Конституцияның  39-бабының  3-тармағына сай ешбір жағдайда да шектелмеуге тиіс ("Қазақстан Республикасы Конституциясының 13-бабының 2-тармағын,  14-бабының  1-тармағын, 76-бабының 2-тармағын ресми түсіндіру туралы" 1999 жылғы 29 наурыздағы N  7/2  және "Қазақстан Республикасы Конституциясының  13-бабының  2-тармағын және 75-бабының 1-тармағын ресми түсіндіру туралы" 2002 жылғы 15 ақпандағы  N 1  Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің қаулылары).
      Қылмыстық сот ісін жүргізу кезінде сот арқылы қорғалу құқығы, Конституцияда және оған сәйкес заңдарда белгіленген тәртіппен, қылмыстық істер бойынша сотта іс жүргізгенде, сондай-ақ қылмыстық істер бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу барысындағы сот бақылауы кезінде жүзеге асырылады.
      Қылмыстық істі соттың алқабилердің қатысуымен қарау мүмкіншілігі (Негізгі Заңның  75-бабының  2-тармағы) айыпталушының құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуының Конституцияда баянды етілген процессуалдық кепілдіктері қатарына жатады, оларды жүзеге асыру механизмдері заңмен белгіленеді.
      Сондай-ақ, іс бойынша маңызға ие мән-жайларды анықтау үшін, өтініш берген адамның немесе өзі мүддесін білдіретін адамның құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету үшін процессуалдық іс-әрекеттер жүргізу немесе процессуалдық шешімдер қабылдау туралы сотқа өтініштер беру құқығы әркімнің қылмыстық сот ісін жүргізуде сот арқылы қорғалуға құқығын іске асыруының нысаны болып табылады. Алқабилердің қатысуымен сот ісін жүргізуде бұл құқық ерекше роль атқарады, өйткені тиісті өтініш мәлімдей отырып айыпталушы бірінші саты бойынша қылмыстық істі қарайтын соттың құрамын (алқабилер қатысатын сот не судьялар алқасы) таңдауға ықпал етеді.
      Қолданыстағы заңға сәйкес (ҚІЖК-тің  546-бабының  3-бөлігі) айыпталушы "өзіне алдын ала тергеудің аяқталғаны туралы хабарланған және істің барлық материалдары танысу үшін ұсынылған кезде ғана" өз ісін соттың алқабилердің қатысуымен қарауы туралы өтініш беруге құқылы. ҚІЖК-тің осы бабының 5-бөлігіне сай "бұдан әрі айыпталушының өз ісін соттың алқабилердің қатысуымен қарауы туралы өтініші қабылданбайды". "Айыпталушының істі соттың алқабилердің қатысуымен қарауы туралы өтініші болған кезде" (ҚІЖК-тің  547-бабы ) жүргізілетін, соттағы алдын ала тыңдау барысында айыпталушы (сотталушы) ісін соттың алқабилердің қатысуымен қарауы туралы өз өтінішін растайды не растамайды (ҚІЖК-тің  548-бабының  4 және 6-бөліктері). Осылайша, қылмыстық іс жүргізу заңы, тергеушінің процессуалдық іс-әрекетімен байланысты, айыпталушыға өз ісін соттың алқабилердің қатысуымен қарауы туралы өтініш жасау құқығын берудің тәртібін айқындау жөніндегі императивтік норманы белгілей отырып, қылмыстық іс бойынша сотта іс жүргізу барысында бұл құқықтың іске асырылу не қалпына келтірілу мүмкіншілігін көздемейді.
      Қылмыстық іс жүргізу заңының бұл көрсетілген ережелері оның өтініштер беру мәселелерін реттейтін жалпы нормаларына сәйкес келмейді. Мәселен, ҚІЖК-тің  102-бабының  екінші және үшінші бөліктерінде, "өтініш процестің кез келген сатысында мәлімделуі мүмкін", ал "өтініштің қабылданбағандығы оны қылмыстық сот ісін жүргізудің келесі кезеңдерінде қайталап беруге немесе қылмыстық процесті жүргізуші басқа органға беруге кедергі келтірмейді" деп белгіленген.
      Конституцияның  13-бабы  2-тармағының, 75-бабы 2-тармағының, 76-бабы 2-тармағының және 77-бабы 3-тармағы 3) тармақшасының нормалары жиынтығынан келіп туындайтыны, заң шығарушы сондай-ақ қылмыстық іс бойынша сотта іс жүргізу кезінде де айыпталушыларға (сотталушыларға) өз ісін соттың алқабилердің қатысуымен қарауы туралы өтініш мәлімдеуге мүмкіншілік бергені жөн болар еді, бұл мынадай себептерге байланысты:
      - сот билігінің Республика Конституциясының, заңдарының, өзге де нормативтік құқықтық актілерінің, халықаралық шарттарының негізінде туындайтын барлық істер мен дауларға қолданылуы (Негізгі Заңның  76-бабының  2-тармағы).
      - соттың қылмыстық іс бойынша іс жүргізу кезеңінің айрықша дербестігі. Қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі іс жүргізудің негізгі мақсаты "қылмыстық істі сот талқылауына дайындаудан тұрады. Сондықтан қылмыстық процесті жүргізуші органдардың іс-әрекеттері мен шешімдерінің заңдылығын тексеру, негізінен, істі сотта мән-жайы бойынша бұдан кейін қарау кезінде іске асырылады" ("Батыс Қазақстан облыстық сотының ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің  109-бабы  бірінші бөлігінің конституциялылығын тексеру туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2007 жылғы 24 қаңтардағы N 1  қаулысы ). Бұл ҚІЖК-тің  131-бабының  төртінші бөлігінде де өз көрінісін тапқан, ол бөлікке сәйкес "қылмыстық ізге түсу органы қаулысының сот үшін міндетті күші болмайды".
      Қаралып отырған жағдайда сот ісін жүргізу нысанының өзін айқындап алу туралы сөз болып отырғандықтан, істі соттың алқабилердің қатысуымен қарауы туралы өтініш беру құқығы айыпталушыға (сотталушыға) басты сот талқылауы тағайындалғанға дейін заңмен берілуі мүмкін.
      Алқабилердің қатысуымен сот ісін жүргізуді құқықтық реттеу механизмдерін Конституция нормаларын мейлінше толық іске асыру жағына қарай жетілдіру қажет екенін назарға ала отырып, Конституциялық Кеңес, айыпталушының (сотталушының) өзіне алдын ала тергеудің аяқталғаны туралы хабарланған және істің барлық материалдары танысу үшін ұсынылған кезде ғана емес, іс сотқа келіп түскен сәттен, басты сот талқылауы тағайындалғанға дейін, қылмыстық іс бойынша сотта іс жүргізу кезінде де өз ісін соттың алқабилердің қатысуымен қарауы туралы өтініш мәлімдеуге құқығын заң арқылы бекіту мақсатқа сай болар еді деп пайымдайды.
      Жазылғанның негізінде, Қазақстан Республикасы Конституциясының  72-бабы  1-тармағының 4) тармақшасын, "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы" 1995 жылғы 29 желтоқсандағы N 2737 Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының  17-бабы  3-тармағының 1) тармақшасын,  31-33 37-баптарын  және   41-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа алып,  Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі

қаулы етеді :

       1.  Қазақстан Республикасы Конституциясының  77-бабы  3-тармағы 3) тармақшасының "өзіне заңмен көзделген соттылығын оның келісімінсіз ешкімнің өзгертуіне болмайды" деген ережесі, Конституцияның  75-бабы  2-тармағының "заңда көзделген жағдайларда қылмыстық сот ісін жүргізу алқа заседательдерінің қатысуымен жүзеге асырылады" деген нормасымен өзара байланыста, қылмыстық сот ісін жүргізуге алқабилердің қатысуы қылмыстық істердің соттылығын айқындаудың дербес белгісі болып табылатынын білдіреді.
      Қолданыстағы қылмыстық іс жүргізу заңына сәйкес тиісті өтініш бере отырып, соттылығын айқындауға айыпталушының өзінің қатысуы, алқабилердің қатысуымен соттың қарауына жататын қылмыстық істерді айқындаудың ерекшелігі болып табылады. Сондықтан айыпталушының заңға негізделген және заңда белгіленген тәртіппен берілген өтінішін қылмыстық істі жүргізуші органның қабылдамау жағдайларын Негізгі Заңның 77-бабы 3-тармағының 3) тармақшасында көзделген соттылық туралы ережелерді бұзу деп таныған жөн. Ал мұндай өтініш заң талаптарын бұза отырып берілген жағдайда, оның қабылданбауы жоғарыда көрсетілген конституциялық норманы бұзу деп таныла алмайды.

       2.  Конституцияның  62-бабының  2 және 8-тармақтарында
пайдаланылатын, заңның "күшіне енеді" және "күшіне енгізу" деген
құқықтық категорияларының арақатынасы Конституциялық Кеңестің
"Астана қаласы Сарыарқа аудандық соты төрағасының "Нормативтік құқықтық актілер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының  36-бабын  конституциялық емес деп тану туралы ұсынысы жөнінде" 1999 жылғы 29 қазандағы N 20/2  қаулысында  айқындалған.
      Азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты заңдарды немесе өзге де нормативтік құқықтық актілерді ресми түрде жариялау оларды қолданудың міндетті шарты болып табылады (Конституцияның 4-бабының 4-тармағы). Адамның және азаматтың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты заңдарды немесе өзге де нормативтік құқықтық актілерді қолданудың басқа қандай да болсын шарттары Конституцияда көзделмеген.

       3.  Қазақстан Республикасының Президенті қол қойған, демек,
2006 жылғы 16 қаңтарда күшіне енген "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне алқабилердің қатысуымен қылмыстық сот ісін жүргізуді енгізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы"  Заңда  оны 2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізу көзделген. Бұл, 2006 жылғы 16 қаңтарда жоғарыда көрсетілген заңның заң ретінде ресімделуі аяқталғанын, осы сәттен бастап оның заңдық күшке және қолданысқа енгізілу мүмкіншілігіне ие болғанын білдіреді. 2007 жылғы 1 қаңтар, осы күн келгенге дейін құқық субъектілерінің бәрі үшін міндетті заңның жұмыс істей бастауы, яғни оның қолданылуы үшін қажетті негізгі материалдық-техникалық, ұйымдастырушылық және өзге де шарттар жасалуға тиіс болатын сәтті білдіреді. Алайда заң қолданысқа енгізілгеннен кейін процеске қатысушылар ие болатын құқықтардың іске асырылуын қамтамасыз етуге бағытталған процессуалдық іс-әрекеттер орындауды және процессуалдық шешімдер қабылдауды, егер заңда немесе оны қолданысқа енгізу туралы актіде осы процессуалдық іс-әрекеттер орындауды (осы процессуалдық шешімдер қабылдауды) регламенттейтін нормаларды қолданысқа енгізудің ерекше тәртібі көзделмеген болса, онда оларды мұндай шарттарға жатқызуға болмайды.

       4.  Айыпталушының (сотталушының) өз ісін соттың алқабилердің
қатысуымен қарауына құқығы қылмыстық сот ісін жүргізуде адамның және
азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау аясына жатады. Адамның
процессуалдық құқықтарын белгілейтін немесе кеңейтетін заңға кері күш беру мәселелерін Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 5) тармақшасы реттемейді.

       5.  Негізгі Заңның 4-бабының екінші тармағына сәйкес "Конституцияның ең жоғары заңдық күші бар және Қазақстан
Республикасының бүкіл аумағында ол тікелей қолданылады". Сонымен
бірге, егер конституциялық норманың өзінде оның заңда немесе өзге де
нормативтік құқықтық қаулыда көзделген (белгіленген) жағдайларда және (немесе) сол тәртіппен іске асырылатындығы туралы ескертпе бар болса, онда Конституция нормасының тікелей қолданылуы іске асырылған кезде тиісті заңның немесе өзге де нормативтік құқықтық актінің ережелері ескерілгені жөн.

       6.  Конституцияның  13-бабы  2-тармағының,  75-бабы  2-тармағының,  76-бабы  2-тармағының және  77-бабы  3-тармағы 3) тармақшасының нормалары жиынтығынан келіп туындайтыны, айыпталушының (сотталушының) өз ісін соттың алқабилердің қатысуымен қарауы туралы өтініш мәлімдеуге құқығы, өзіне алдын ала тергеудің аяқталғаны туралы хабарланған және істің барлық материалдары танысу үшін ұсынылған кезде ғана емес, іс сотқа келіп түскен сәттен, басты сот талқылауы тағайындалғанға дейін, қылмыстық іс бойынша сотта іс жүргізу кезінде де заң арқылы берілуі мүмкін. Осыған байланысты, қылмыстық процеске қатысушылардың құқықтары қорғалуына қосымша кепілдіктерді қамтамасыз ету үшін, сондай-ақ алқабилер қатысатын соттың әлеуетін толығырақ жүзеге асыру мақсатында, Конституциялық Кеңес Қазақстан Республикасының Үкіметіне Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне алқабилердің қатысуымен сот ісін жүргізу мәселелері бойынша тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізуге бастама жасау туралы мәселені қарауды ұсынады.

       7.  Қазақстан Республикасы Конституциясының  74-бабының  3-тармағына сәйкес қаулы оны қабылдаған күннен бастап күшіне енеді, шағымдануға жатпайды, Республиканың бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті және Қазақстан Республикасы Конституциясының  73-бабының
4-тармағында көзделген ретті ескере отырып, түпкілікті болып табылады.

       8.  Осы қаулы республикалық ресми басылымдарда қазақ және орыс
тілдерінде жариялансын.

      Қазақстан Республикасы
      Конституциялық Кеңесінің
      Төрағасы

Көмек
Көмек
Ай бойы келгендердің барлығы:
Кеше келгендердің барлығы:
Қазір порталда:
URL:
Қате:
Пікір:

Спасибо, информация об ошибке принята.

Извините, в данный момент информация об ошибке не может быть обработана.
Попробуйте позже.