"Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңын Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігіне тексеру туралы

Актінің түрі
Қаулы
Қабылдау күні
09.03.2017
Өзгерту күні
09.03.2017
Актіні қабылдаған орган
Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі

      Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі, Төрағаның міндетін атқарушы А.М.Нұрмағамбетов, Кеңес мүшелері Н.В.Белоруков, А.Қ.Дауылбаев, В.А.Малиновский, Ү.М.Стамқұлов, У.Шапак қатысқан құрамда, мыналардың:

      Қазақстан Республикасы Үкіметінің өкілі – Қазақстан Республикасының Әділет министрі М.Б.Бекетаевтың,

      Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрі Н.Б.Ермекбаевтың,

      Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының өкілі – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы С.Б.Ақылбайдың,

      Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің өкілі – Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Н.М.Әбдіровтің,

      Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің өкілі – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік-құқық бөлімінің меңгерушісі Ә.Ғ.Рақышеваның,

      Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының өкілі – Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Е.Н.Әбдіқадыровтың,

      Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өкілі – Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бірінші орынбасары И.Д.Меркельдің,

      Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілі – Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының орынбасары М.Ө.Қалқабаевтың,

      Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің өкілі – Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары М.Ғ.Демеуовтің,

      Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің өкілі – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары М.Б.Тілеубердінің,

      Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл А.О.Шәкіровтің қатысуымен,

      өзінің ашық отырысында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың "Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңын Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігіне тексеру туралы өтінішін қарады.

      Баяндамашы – Конституциялық Кеңестің мүшесі В.А.Малиновскийдің хабарлауын, отырысқа қатысушылардың, сарапшылар – заң ғылымдарының докторы, Еуразия ұлттық университеті заң факультетінің мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық құқық кафедрасының профессоры Ж.Д.Бұсырмановтың және заң ғылымдарының докторы, Еуразия ұлттық университеті заң факультетінің халықаралық құқық кафедрасының профессоры Е.М.Абайділдиновтің, "Діндерді зерттеу орталықтарының қауымдастығы" Заңды тұлғалар бірлестігінің директоры, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Ю.О.Денисенконың сөйлеген сөздерін тыңдап, сарапшылар: заң ғылымдарының докторы, Д.А.Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясының профессоры Е.Е.Дүйсеновтің; Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, заң ғылымдарының докторы, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Сорбонна-Қазақстан институтының профессоры С.Н.Сәбікеновтің; заң ғылымдарының докторы, профессор, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Сорбонна-Қазақстан институтының халықаралық құқық кафедрасының меңгерушісі А.Ә.Сәбитованың қорытындыларын зерделеп; Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жанындағы Мемлекет және құқық институтының (сарапшылар: институт директоры, заң ғылымдарының кандидаты, доцент А.А.Сәлімгерей; жетекші ғылыми қызметкер, заң ғылымдарының кандидаты М.Б.Құдайбергенов; аға ғылыми қызметкер С.А.Шапинова), "Университет КАЗГЮУ" Акционерлік қоғамының (мына құрамдағы сарапшылар тобы: Басқарма төрағасының орынбасары – С. Зиманов атындағы іргелі және қолданбалы ғылымдар академиясының директоры М.М.Дәуленов және халықаралық құқық кафедрасының меңгерушісі Е.Д.Оралова), "Заңгерлер әділ сайлау үшін" Республикалық қоғамдық бірлестігінің (сарапшылар: заң ғылымдарының докторы, профессор Қ.К.Айтхожин және заң ғылымдарының докторы, профессор Г.А.Әлібаева), пікірлерімен, сондай-ақ конституциялық іс жүргізудің өзге де материалдарымен танысып, жекелеген шет елдердің заңнамасы мен практикасын талдап, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі

      анықтады:

      "Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңын 2017 жылғы 6 наурызда Қазақстан Республикасының Парламенті қабылдап, сол күні Мемлекет басшысының қол қоюына ұсынған.

      Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабы 1-тармағының 2-тармақшасына және "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 17-бабы 2-тармағының 1) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Президенті бұл Заңды Республика Конституциясына, оның ішінде Конституцияда белгіленген құндылықтарға және Республика қызметінің түбегейлі принциптеріне, оны басқару нысанына сәйкестігіне тексеру үшін Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесіне жолдады.

      "Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) конституциялығын тексерген кезде Конституциялық Кеңес мынаны негізге алды.

      1. Заңмен Конституцияға енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың бірқатары оның қолданыстағы құқық жүйесіндегі үстемдігін және еліміздің бүкіл аумағында сөзсіз орындалуын қамтамасыз етуге, мемлекетті басқаруды жетілдіруге, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге, олардың өз конституциялық міндеттерін орындауын қамтамасыз етуге бағытталған.

      Ұлттық құқық пен халықаралық актілердің өзара іс-қимылында жинақталған тәжірибені ескере отырып Заңның 1-бабының 2-тармағымен Конституцияның 4-бабы 3-тармағының редакциясы өзгертілген: "Республика бекіткен халықаралық шарттардың Республика заңдарынан басымдығы болады. Қазақстан қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттардың Қазақстан Республикасының аумағында қолданылу тәртібі мен талаптары Республиканың заңнамасында айқындалады". Заңның 1-бабының 1-тармағымен Конституцияның 2-бабы "Астана қаласының шегінде конституциялық заңға сәйкес қаржы саласында ерекше құқықтық режим белгіленуі мүмкін" деген 3-1-тармақпен толықтырылған.

      Заңның 1-бабының 3-тармағымен Конституцияның 10-бабы 2-тармағының жаңа редакциясы енгізілген: "Республиканың азаматын азаматтығынан, өзінің азаматтығын өзгерту құқығынан айыруға, сондай-ақ оны Қазақстаннан тыс жерлерге аластауға болмайды. Азаматтықтан айыруға террористік қылмыстар жасағаны, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өмірлік маңызы бар мүдделеріне өзге де ауыр зиян келтіргені үшін соттың шешімімен ғана жол беріледі", соған байланысты Конституцияның 39-бабының 3-тармағында 10-баптың аталуы алып тасталды.

      Қазақстан халқы бірлігінің конституциялық кепілдіктерін күшейту мақсатында Заңның 1-бабының 4-тармағымен Конституцияның 39-бабының 2-тармағына өзгеріс енгізілген, оған сай ұлтаралық татулықты ғана емес, конфессияаралық татулықты да бұзатын кез келген әрекет конституциялық емес деп танылады.

      Республика Президентіне, Заңның 1-бабы 6-тармағының 3) тармақшасына сай, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін, егемендігі мен тұтастығын қамтамасыз ету мүддесінде, күшіне енген заңды немесе өзге де құқықтық актіні Конституцияға сәйкестігіне қарау туралы Конституциялық Кеңеске өтініш жолдауға өкілеттік беріледі (Конституцияның 44-бабының 10-1) тармақшасы және 72-бабының 2-тармағы).

      Заңның 1-бабы 25-тармағының 2) тармақшасымен Конституцияның 91-бабы мынадай 3-тармақпен толықтырылған: "Республика Конституциясына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар, олардың осы баптың 2-тармағында белгіленген талаптарға сәйкес келетіні туралы Конституциялық Кеңестің қорытындысы болған жағдайда, республикалық референдумға немесе Республика Парламентінің қарауына шығарылады". Бұл мәселе бойынша Мемлекет басшысы өтініш субъекті болып табылады (Конституцияның 44-бабының 10-1) тармақшасы).

      Республика Президентінің Конституциялық Кеңестің шешіміне қарсылық білдіру құқығы қарастырылған Конституцияның 73-бабының 4-тармағы Заңның 1-бабының 18-тармағымен алып тасталған.

      Заңмен (1-баптың 25-тармағының 1) тармақшасы) айрықша қорғалатын конституциялық құндылықтар тізбесі кеңейтілген: "Конституцияда белгiленген мемлекеттiң тәуелсіздігі, Республиканың бiртұтастығы мен аумақтық тұтастығы, оны басқару нысаны, сондай-ақ тәуелсіз Қазақстанның Негізін салушы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы іргесін қалаған Республика қызметінің түбегейлі принциптері және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының мәртебесі өзгермейді" (Конституцияның 91-бабының 2-тармағы). Сол арқылы, өзінің конституциялық мәртебесі мен жеке қасиеттері арқасында егемен Қазақстанның, оның ішінде Негізгі Заңның конституциялық құндылықтары және Республика қызметінің түбегейлі принциптері қалыптасуы мен дамуына шешуші үлес қосқан; Қазақстанның бірлігі, Конституциясы, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары қорғалуын қамтамасыз еткен Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жаңа тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің Негізін салушы ретіндегі тарихи миссиясы конституциялық жолмен расталады.

      2. Заңмен Парламент пен Үкіметтің рөлін, дербестігін және жауапкершілігін күшейту, мемлекеттік биліктің біртұтастығы және бөлінгендігі принципін ескере отырып, жекелеген өкілеттіктерді Президенттің, Парламенттің және Үкіметтің арасында қайта бөлу арқылы президенттік басқару нысанын демократиялық жаңғырту жүзеге асырылды.

      Конституцияның 49-бабының 1-тармағына сәйкес (Заңның 1-бабы 8-тармағының редакциясында) Парламент – Қазақстан Республикасының заң шығару билігiн жүзеге асыратын Республиканың ең жоғары өкiлдi органы". Мемлекет басшысы өзінің заңдар, заң күші бар жарлықтар шығару жөніндегі; Парламент оларды өзіне берген жағдайда заң шығару өкілеттіктерін жүзеге асыру жөніндегі, сондай-ақ Үкіметке заң жобасын Парламент Мәжілісіне енгізуді тапсыру жөніндегі өкілеттіктерінен (Конституцияның 45-бабының 2-тармағы, 61-бабының 2-тармағы, Конституцияның 44-бабының 3) тармақшасы) бас тартуынан келіп Парламенттің мақсатын бұлай маңызды нақтылау туындайды (Заңның 1-бабының 7 және 9-тармақтары). Сонымен бірге, Республика Президентінің заңдар жобаларын қараудың басымдығын белгiлеуге құқығы сақталады, бұл тиісті заң жобалары бірінші кезектегі тәртіппен екі ай ішінде қабылдануға тиіс екенін бiлдiредi (Конституцияның 61-бабының 2-тармағы Заңның 1-бабы 12-тармағының редакциясында).

      Конституцияның 55-бабын 1-1) тармақшамен толықтыруға сай Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынуымен Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілді бес жыл мерзімге қызметке сайлау және оны қызметінен босату Сенаттың ерекше қарауына жатқызылған (Заңның 1-бабының 10-тармағы). Бұл институт, осылайша, конституциялық деңгейге көтеріледі. Сол арқылы мемлекеттің құқық қорғау мүмкіншіліктері күшейе түседі.

      Заңның 1-бабы 6-тармағының 1) тармақшасымен Парламент Мәжілісінің Үкіметті жасақтаудағы рөлі көтеріледі. Үкіметті жасақтаудың жаңа тәртібі құрылды: Премьер-Министр Парламент Мәжілісімен консультациялардан кейін Мемлекет басшысына Үкімет мүшелерінің кандидатуралары туралы ұсыныс енгізеді. Президент қызметке дербес тағайындап, қызметтен босататын сыртқы істер, қорғаныс және ішкі істер министрлері лауазымдары үшін өзгешелік көзделген (Конституцияның 44-бабы 3) тармақшасының жаңа редакциясы).

      Үкіметтің жаңадан сайланған Парламент Мәжілісінің алдында өз өкілеттігін доғаруын белгілейтін Заңның 1-бабы 16-тармағының нормасы өте маңызды жаңалық болып табылады (Конституцияның 70-бабының 1-тармағына өзгеріс), Үкімет Мәжілісте өкілдігі бар саяси партиялардың белсенді түрде қатысуымен құралатын жағдайда бұл әбден қисынды.

      Үкіметтің Парламент пен оның Палаталарына есеп беруі және бақылауында болуы механизмдерін күшейту мемлекеттік билік тармақтары қызметінің жауапкершілігі мен тиімділігін арттыруға қызмет етеді.

      Осы мақсатта, Заңның 1-бабының 13-тармағына сай Конституцияның 64-бабының 2-тармағында Үкімет өзінің қызметінде Республика Президентінің де, Парламенттің де алдында жауапты деп белгіленеді; Заңның 1-бабының 15-тармағымен енгізілген Конституцияның 67-бабы 4) тармақшасының редакциясына сәйкес Премьер-Министрге Үкімет қызметінің негізгі бағыттары жөнінде және оның аса маңызды барлық шешімдері жөнінде Президентке ғана емес, Парламентке де баяндап отыру міндеті жүктелген; Парламент Палаталарына Үкімет мүшесінің есебін тыңдау қорытындысы бойынша Үкімет мүшесі Республика заңдарын орындамаған жағдайда Палата депутаттары жалпы санының кемінде үштен екі көпшілік даусымен оны қызметінен босату туралы Республика Президентіне өтініш жасау құқығы беріледі. Мұндай жағдайда Мемлекет басшысы Үкімет мүшесін қызметінен босатады (Заңның 1-бабының 11-тармағымен Конституцияның 57-бабының 6) тармақшасына енгізілген өзгерістер).

      Үкіметтің дербестігі сондай-ақ Мемлекет басшысының Үкімет пен Премьер-Министр актілерінің күшін жою не қолданылуын тоқтата тұру құқығын Заңның 1-бабы 6-тармағының 1) тармақшасымен алып тастау есебінен, сондай-ақ Президенттің Үкімет қарауына беретін өзге де өкілеттіктері есебінен қамтамасыз етіледі. Мемлекет басшысының ерекше маңызды мәселелер бойынша Үкімет отырыстарына төрағалық ету құқығы (Конституцияның 44-бабының 3) тармақшасы) сақталады, бірақ "қажеттігіне қарай" деген ескертпемен (Заңның 1-бабы 6-тармағының 1) тармақшасы).

      3. Бірқатар өзгерістер Мемлекет басшысының конституциялық мәртебесі мен өкілеттіктеріне енгізілген.

      Заңның 1-бабының 5-тармағымен Республика Президенттігіне кандидаттарға қойылатын біліктілік талаптары кеңейтілген (Конституцияның 41-бабының 2-тармағы). Заңның 1-бабы 6-тармағының 2) тармақшасына сәйкес Республика Президентінен Үкіметке мынадай өкілеттіктер берілген: мемлекеттік бағдарламаларды және мемлекеттік бюджет есебінен қамтылатын барлық органдар үшін қаржыландырудың және қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеудің бірыңғай жүйесін бекіту, оларды Үкімет Республика Президентiнің келісімімен іске асыратын болады (Конституцияның 44-бабының 8) және 9) тармақшаларына және 66-бабына тиісті түзетулер). Республика Президентіне өзіне бағынысты Мемлекеттік күзет қызметін жасақтау құқығы берілген (Конституцияның 44-бабының 18) тармақшасы.

      Заңның 1-бабының 24-тармағымен Парламентке облыстар, республикалық маңызы бар қалалар мен астана әкімдерінен тыс, өзге әкімшілік-аумақтық бөліністердің әкімдерін қызметке тағайындаудың немесе сайлаудың, сондай-ақ қызметінен босатудың тәртібін заңда айқындау өкілеттігі берілген (Конституцияның 87-бабының 4-тармағы). Бұл тәртіп енді Президент актісімен емес, заңмен айқындалады. Заңның 1-бабы 23-тармағының редакциясындағы Конституцияның 86-бабының 5-тармағында мәслихаттың өкілеттігін мерзімінен бұрын Республика Президенті Премьер-Министрмен және Парламент Палаталарының төрағаларымен консультациялардан кейін тоқтатады, деп белгіленген.

      Бұл орайда Республика Президентінің мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайтын, ел ішінде және халықаралық қатынастарда Қазақстанның атынан өкілдік ететін мемлекеттің ең жоғары лауазымды тұлғасы; халық пен мемлекеттік билік бірлігінің, Конституцияның мызғымастығының, адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының нышаны әрі кепілі; мемлекеттік биліктің барлық тармағының келісіп жұмыс істеуін және өкімет органдарының халық алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз ететін Мемлекет басшысы ретіндегі функциялары сақталады (Конституцияның 40-бабы).

      4. Заңмен (1-баптың 20-22-тармақтары) сот жүйесі мен прокуратураның конституциялық негіздерін нақтылау көзделген.

      Негізгі Заңның 81-бабында Жоғарғы Соттың жергілікті және басқа да соттардың қызметін қадағалауды жүзеге асыру жөніндегі функциясының орнына, Жоғарғы Сот заңда көзделген жағдайларда өзінің соттылығына жататын сот істерін қарайды, деп айқындалған. Конституцияның 79-бабының 3-тармағында Республика соттарының судьяларына қойылатын талаптар конституциялық заңда айқындалады, деп белгіленеді.

      Конституцияның 83-бабының 1-тармағында "Прокуратура мемлекет атынан Қазақстан Республикасының аумағында заңдылықтың сақталуына заңда белгіленген шекте және нысандарда жоғары қадағалауды жүзеге асырады, сотта мемлекеттің мүддесiн бiлдiредi және мемлекет атынан қылмыстық қудалауды жүзеге асырады", деп бекітіледі.

      5. Конституциялық Кеңестің пікірінше, Қазақстан Конституциясында жалпы әлемдік және соларға негізделген қазақстандық конституциялық құндылықтардың салиқалы теңгерімі орнатылған. Өз жиынтығында олар өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтыратын, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары болып табылатын Қазақстан Республикасының стратегиялық мүдделерін айқындайды.

      Конституциялық құндылықтар конституциялық құрылыстың тұғыры ретінде Конституцияның Кіріспесінде, "Жалпы ережелер" деп аталатын 1 бөлімінде және Негізгі Заңның кейінгі баптарында бекітілген.

      Конституцияның 1-бабының 2-тармағына сай: "Республика қызметінің түбегейлі принциптері: қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық; бүкіл халықтың игілігін көздейтін экономикалық даму; қазақстандық патриотизм; мемлекет өмірінің аса маңызды мәселелерін демократиялық әдістермен, оның ішінде республикалық референдумда немесе Парламентте дауыс беру арқылы шешу".

      Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Конституция құндылықтарының және Қазақстан Республикасы қызметінің түбегейлі принциптерінің іргесін қалады. Олар адам және азамат, қоғам және мемлекет үшін аса маңызға ие, мызғымас тұрақтылығымен сипатталады, Негізгі Заңның бұдан кейінгі барлық нормаларының және құқық қолдану практикасының мазмұнын айқындайды.

      Конституциялық Кеңестің пайымдауынша, Қазақстанның тәуелсіз, қуатты және дамыған азаматтық қоғамы бар табысты мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының бүкіл жаңа тарихы – бұл Қазақстан Республикасының қазіргі заманғы конституциялық құндылықтарын, оның қызметінің түбегейлі принциптерін орнықтыру және оларды ізінше іске асыру.

      Заңмен Конституцияға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар Республиканың конституциялық құндылықтарын және қызметінің түбегейлі принциптерін жаңа мазмұнмен толықтыра түседі. Конституциямен белгіленген мемлекеттің тәуелсіздігін және Республика қызметінің түбегейлі принциптерін өзгертуге жол берілмейтіні енгізілді. Конституцияға түзетулерді республикалық референдумға немесе Республика Парламентінің қарауына шығарудан бұрын, олар бойынша Конституциялық Кеңестің қорытындысын міндетті түрде алу қарастырылды. Ел Президентіне күшіне енген заңға немесе өзге де құқықтық актіге қатысты Конституциялық Кеңеске өтініш жолдау құқығын беру, сондай-ақ Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институтына конституциялық мәртебе беру, сот жүйесі мен прокуратураны одан әрі жетілдіру арқылы адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары қорғалуының деңгейі арта түседі. Конфессияаралық татулық пен өзара түсіністікті бұзатын кез келген әрекеттің конституциялық емес деп танылуы арқылы қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық қосымша кепілдікке ие болды. Заң шығарушы билік тармағының рөлін көтеру мемлекет өмірінің аса маңызды мәселелерін демократиялық әдістермен, оның ішінде Парламентте дауыс беру арқылы шешу принципін нығайтуға септігін тигізеді. Үкіметтің үстінен парламенттік бақылауды, сондай-ақ конституциялық бақылау институтын күшейту – демократиялық және құқықтық мемлекет дамуының міндетті тренді, Республиканың құқық үстемдігі идеясын ұстануының айғағы.

      Билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу, Конституциялық Кеңестің пікірінше, президенттік басқару нысанының негіздеріне: Республика Президентінің мандатты бүкілхалықтық төте сайлау барысында тікелей Қазақстан халқынан алуына; халық атынан билік жүргізу және елдегі жағдай, Республиканың ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттары туралы Қазақстан халқына жыл сайынғы жолдаулар арнау құқығына; мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайтын Республиканың ең жоғары лауазымды тұлғасы және мемлекеттік биліктің барлық тармағының келісіп жұмыс істеуін және өкімет органдарының халық алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз ететін жоғарғы арбитр ретінде Президенттің мәртебесіне; Мемлекет басшысының Үкіметке қатысты өкілеттіктеріне, оның ішінде Үкіметті жасақтау, оның құрылымы мен құрамын айқындау, Үкімет мүшелерін қызметке тағайындау және қызметінен босату, өз бастамасы бойынша Үкіметтің өкілеттігін тоқтату немесе оның кез келген мүшесін қызметінен босату туралы шешім қабылдау мүмкіндігін қоса отырып, Үкіметті бақылау жөніндегі өкілеттігіне; сондай-ақ мемлекеттің сыртқы саясатын іске асыруға, қорғаныс қабілетін, ұлттық қауіпсіздігін, елдегі заңдылық пен құқық тәртібін қамтамасыз етуге жауапты лауазымды тұлғаларды тағайындаудағы шешуші рөліне нұқсан келтірмейді.

      Жергілікті мемлекеттік басқаруда президенттік вертикаль болуы (тиісті әкімшілік-аумақтық бөліністердің әкімдері Президент пен Үкіметтің өкілдері болып табылады), Президенттің облыстар, республикалық маңызы бар қалалар мен астана әкімдерін тиісті мәслихаттың келісімімен тағайындауының қазіргі тәртібі өзгермеуі де президенттік басқару нысаны сақталғанын айғақтайды.

      Қазақстан Республикасы Президентінің – Елбасының бастамасымен іске асырылып отырған конституциялық реформа еліміздің тарихи эволюциясының логикасына сай келеді және одан әрі демократия орнығуын, президенттік басқару нысаны өзгермей, Парламент пен Үкіметтің жауапкершілігі арта түсуін қамтамасыз етеді.

      Баяндалғанды ескере отырып, Конституциялық Кеңес Конституцияның 91-бабының 2-тармағында бекітілген мемлекеттің біртұтастығын және аумақтық тұтастығын, Республиканы басқару нысанын Заң бұзбайды деп есептейді.

      Кең жұртшылықтың қатысуымен заң жобасын дайындауды және кейіннен "Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңын қабылдауды Парламент Қазақстан Республикасының Конституциясына, ондағы баянды етілген құндылықтарға және Республика қызметінің түбегейлі принциптеріне сәйкес іске асырған.

      Баяндалғанның негізінде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабы 1-тармағының 2-тармағын, "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы" 1995 жылғы 29 желтоқсандағы № 2737 Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 17-бабы 2-тармағының 1) тармақшасын, 31-33, 37-баптарын, 38-бабының 1-тармағын және 41-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі

      қаулы етеді:

      1. 2017 жылғы 6 наурызда Қазақстан Республикасының Парламенті қабылдап, Қазақстан Республикасы Президентінің қол қоюына ұсынылған "Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңы Қазақстан Республикасының Конституциясына, оның ішінде Қазақстан Республикасының конституциялық құндылықтарына, қызметінің түбегейлі принциптеріне, басқару нысанына сәйкес деп танылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Конституциясының 74-бабының 3-тармағына сәйкес нормативтік қаулы оны қабылдаған күннен бастап күшіне енеді, шағымдануға жатпайды, Республиканың бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті және Қазақстан Республикасы Конституциясының 73-бабының 4-тармағында көзделген ретті ескере отырып, түпкілікті болып табылады.

      3. Осы нормативтік қаулы республикалық ресми басылымдарда қазақ және орыс тілдерінде жариялансын.

      Қазақстан Республикасы
      Конституциялық Кеңесі
      Төрағасының міндетін атқарушы А. НҰРМАҒАМБЕТОВ

Көмек
Көмек
Ай бойы келгендердің барлығы:
Кеше келгендердің барлығы:
Қазір порталда:
URL:
Қате:
Пікір:

Спасибо, информация об ошибке принята.

Извините, в данный момент информация об ошибке не может быть обработана.
Попробуйте позже.