Заң шығару жұмысының 2013-2016 жылдарға арналған тұжырымдамалық жоспарын бекіту туралы (Қазақстан Республикасы Парламентінің бесінші шақырылымы)

Актінің түрі
Жарлық
Жоспар
Қабылдау күні
09.08.2013
Өзгерту күні
09.08.2013
Актіні қабылдаған орган
Қазақстан Республикасының Президенті

      «Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 1 ақпандағы № 922 Жарлығына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
      1. Қоса беріліп отырған Заң шығару жұмысының 2013-2016 жылдарға арналған тұжырымдамалық жоспары (Қазақстан Республикасы Парламентінің бесінші шақырылымы) (бұдан әрі - Тұжырымдамалық жоспар) бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасының Үкіметі:
      1) Тұжырымдамалық жоспарды іске асыруды қамтамасыз етсін;
      2) жыл сайын, 25 қаңтарға қарай жыл қорытындылары бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне Тұжырымдамалық жоспардың орындалу барысы туралы ақпарат берсін.
      3. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы
Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.
      4. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                            Н. Назарбаев

Заң шығару жұмысының 2013-2016 жылдарға арналған тұжырымдамалық жоспары (Қазақстан Республикасы Парламентінің бесінші шақырылымы)
 

Парламент сессиялары/ жартыжылдықтар Заңнама блоктары, олардың аясында заңнаманы жетілдіру жүзеге асырылады
1 2

2013 - 2014 жылдар (3-сессия)

Әлеуметтік, тұрғын үй, азаматтық, қылмыстық, қылмыстық іс жүргізу, қылмыстық-атқару, әкімшілік-деликт, шаруашылық, қаржы, табиғат қорғау заңнамасы, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы, азаматтық қорғау, медиация, сот жүйесі, атқарушылық іс жүргізу, бағалау қызметі, халықаралық көмек, құқықтық актілер саласындағы заңнама

2013 жылғы екінші жартыжылдық

Азаматтық қорғау саласындағы заңнаманы жетілдіру
Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар, азаматтық қорғаныс, өрт және өнеркәсіптік қауіпсіздік, авариялық-құтқару қызметтері, мемлекеттік материалдық резерв саласындағы құқықтық реттеудің сапасы мен деңгейін арттыру мақсатында қоғамдық қатынастардың осы салаларындағы қатынастарды реттейтін заңнамалық актілерді шоғырландыру талап етіледі.

Денсаулық сақтау саласындағы заңнаманы жетілдіру
Денсаулық сақтау саласындағы қолданыстағы заңнамада медициналық қызметтер көрсету нарығының қарқынды дамуы, жаңа технологиялардың дамуы, жаңа дәрілік заттардың пайда болуы, қаржыландыру жүйесін түпкілікті оң нәтижеге қол жеткізуге бағыттай отырып, одан әрі жетілдіру, медицина ғылымы мен практикада жаңа инновациялық бағыттарды қалыптастыру және енгізу сияқты өмірлік маңызы бар факторлар жеткілікті ескерілмеген.
Кеден одағы шеңберінде де медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы қолдануды реттейтін құқықтық базаны жетілдіру қажеттігі туындап отыр.
Дәрілік заттарды ұтымсыз пайдалануға жол бермеу, дәрілік заттарды бақылаусыз қолданумен байланысты пациенттердің денсаулығына төнетін қауіпті азайту мақсатында медициналық өнім жарнамасының тәсілдерін қатаңдату қажет.

Жастар саясаты саласындағы заңнаманы жетілдіру
Қазіргі уақытта мемлекеттік жастар саясатының бағыттарын кеңейту үшін «әлеуметтік лифтілер» тетіктерін, сондай-ақ мемлекеттік жастар саясатын іске асыру аясында республикалық және өңірлік деңгейлерде өзара іс-қимыл үшін құқықтық алаң құру қажеттігі туындап отыр.

Еңбек қатынастары саласындағы заңнаманы жетілдіру
Нарықтық экономика, еңбек нарығының және халықты жұмыспен қамту проблемаларының болуы жағдайларында еңбек құқығы қатынастары мәселесі өзекті болып табылады. Осыған байланысты еңбек заңнамасын қолдану практикасын жүйелі талдау және осы саладағы халықаралық тәжірибені есепке алу негізінде оны ұдайы жетілдіріп отыру қажет.
Бұл ретте еңбек қызметінің сипаты мен жұмыскерлердің еңбек жағдайларына қарай еңбек және әлеуметтік заңнаманы одан әрі саралау, сондай-ақ әлеуметтік әріптестікті қолдану саласы мен оның құралдарын кеңейту мәселелері пысықтауды талап етеді.
1. Кәсіподақ институттарын жаңғырту
Еңбек қатынастарын жетілдіру мәселелерінде мемлекеттің негізгі әріптестерінің бірі кәсіподақтар болып табылады. Сонымен бірге, аса ірі кәсіподақ орталығы - Қазақстанның кәсіподақтар федерациясы (бұдан әрі - ҚКФ) қызметінің қазіргі форматы уақыт талаптарына сай келмейді. Ұжымдық шарттар, оларды орындау үшін тараптардың жауапкершілігі туралы ережелер айқын баяндалмаған кәсіптік одақтар туралы тиімсіз заңнама едәуір проблемалы тұс болып табылады. Сондықтан қазір кәсіподақ қозғалысын, ең алдымен ҚКФ-ны жаңғырту бойынша шешуші қадам жасау талап етіледі.
2. Еңбек қатынастары саласындағы қайшылықтарды реттеудің тиімді көпдеңгейлі тетігін құру
Еңбек қатынастары саласындағы дауларды реттеудің тиімді тетігін құру мақсатында даулар мен қақтығыстарды соттан тыс шешу жүйесін енгізу талап етіледі. Сонымен қатар еңбек қақтығыстарын тудыратын іс-әрекеттер үшін жауаптылықты бекіту мәселесін пысықтау қажет.

Білім және ғылым мәселелері бойынша заңнаманы жетілдіру
Түлектердің білімін объективті түрде анықтауға іріктеу рәсімдерін бағдарлау мақсатында ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесін реформалау мәселесін пысықтау қажет.
Бұдан басқа, «Болашақ» халықаралық стипендиясын іске асыру тетіктерін жетілдіру мәселелерін пысықтаған жөн.
Ғылымды қаржыландыру рәсімдерін одан әрі жетілдіру мақсатында жеке және шетелдік компаниялардың зерттеулеріне қатысу мүмкіндіктерін кеңейту, «дәлелдеу саясаты», бәсекелестік, ашықтық, кәсіптік қоғамдастықтарды дамыту қағидаттарында кәсіптік зерттеу нарығын дамыту қажет.

Тұрғын үй қатынастары саласындағы заңнаманы жетілдіру
Үй-жайлардың меншік иелері мен басқару органдарының өзара жауапкершілік пен құқықтарды қамтамасыз ететін тұрғын үй заңнамасы нормаларын одан әрі жетілдіру қажет.
Бұдан басқа, (салымдарды сақтандыру арқылы үлескерлердің қаражатын қорғаудың қосымша тетігін енгізу бөлігінде) тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу мәселелері бойынша заңнаманы жетілдіру талап етіледі.

Медиация мәселелері жөніндегі заңнаманы жетілдіру
Кәсіпкерлік субъектілері арасындағы дауларға мемлекеттің араласуын барынша азайту, мемлекеттік соттарға түсетін жүктемені азайту мақсатында медиация институтын (елеусіз мәселелер бойынша дауларды соттан тыс реттеу институттарына беру бөлігінде) одан әрі заңнамалық жетілдіру қажет.

Атқарушылық іс жүргізу саласын жетілдіру
Қазіргі кезде сот актілерінің орындалмауы аса ауыр емес қылмыстар санатына жататындығы атқарушылық іс жүргізу саласындағы дағдарыстың басты себептерінің бірі болып табылады. Осыған байланысты оны ауыр қылмыстар санатына ауыстыра отырып, сот актілерін орындамағаны үшін жауаптылығын қатаңдату қажет.
Бұдан басқа, ерікті орындау институтын жою, борышкерлер үшін сот актілерін уақтылы орындамағаны үшін өсімпұлды белгілеу, жеке сот орындаушыларының қызметіне ақы төлеудің сараланған мөлшерлемесін енгізу мәселелерін пысықтау талап етіледі.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заңнаманы жетілдіру
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің тиімді тетіктерін енгізу, оның ішінде сыбайлас жемқорлық қылмыстар мен құқық бұзушылықтар жасағаны үшін қылмыстық және әкімшілік жауаптылықты қатаңдату арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралардың құқықтық негіздерін жаңғырту қажет.

Сот жүйесін жаңғырту
Сот төрелігін жүзеге асыру жүйесін одан әрі заңнамалық жетілдіру мен оңайлату, оның ішінде оны төрешілдік рәсімдерді азайтуға, ақпараттық-құқықтық технологияларды анағұрлым кең пайдалануға қарай бағдарлау талап етіледі.

Азаматтық және шаруашылық заңнаманы жетілдіруМеншік құқығын, оның ішінде адал меншік иелерін қорғау, шарттың міндеттемелерді қорғауға кепілдік беру және оларды бұзғаны үшін жауаптылықты қатаңдату мәселелерін жетілдіруді талап етеді.

Қылмыстық заңнаманы жетілдіру
Қылмыстық заңнаманы қазіргі жағдайларға бейімдеу, қылмысқа қарсы күресте оның мүмкіндіктерін күшейту, азаматтар құқықтарының, мемлекет мүдделерінің қорғалу деңгейін жоғарылату маңызды мәселе болып табылады.
Отандық және шетелдік тәжірибені ескеруді, ұлттық мүдделер тұрғысынан қылмыстық заңның елдің халықаралық міндеттемелеріне сәйкестігін қамтамасыз етуді жалғастыру қажет.
Қылмыстық заңнаманы одан әрі жетілдіру өзін дәлелдеген құқықтық институттардың қажетті сабақтастығын қамтамасыз етумен және оларды сақтаумен байланысты болуға тиіс.

Қылмыстық іс жүргізу заңнамасын жетілдіруҚылмыстық сот ісін жүргізудің оңтайлы моделі болмайынша, мемлекеттің қылмыстық саясатының тиімді болуы мүмкін емес және оның басты мақсаты тікелей қолданылатын, заңдардың мәнін, мазмұны мен қолданысын айқындайтын жеке адамның құқықтары мен бостандықтары туралы конституциялық нормалардың танылуына негізделген қылмыстық іс жүргізу заңын қалыптастыру болып табылады. Сондықтан қылмыстық іс жүргізу құқығын дамытудағы басымдық адамның құқықтары мен бостандықтарын сөзсіз қорғауға бағытталған қылмыстық сот ісін жүргізудің негізін қалаушы қағидаттарын одан әрі іске асыру болып қала беруі тиіс.
Қылмыстарды жылдам ашу, оларды жасаған адамдарды қылмыстық жауаптылыққа тарту және әділ сот талқылауын жүргізу мақсатында қылмыстық іс жүргізу заңнамасын тиімді түрде қолдануды көздейтін оңтайлы құқықтық тетіктерді әзірлеу қажет.
Қылмыстық іс жүргізу құқығын жаңғыртып, қылмыстық процесті жеңілдету және тиімділігін арттыру қажет.

Қылмыстық атқару заңнамасын жетілдіру
Қылмыстық саясатты жетілдірудің қылмыстық, қылмыстық іс жүргізу және қылмыстық атқару құқығын кешенді, өзара байланыста түзету арқылы жүргізілетінін ескере отырып, қылмыстық атқару заңнамасының негізгі мақсаттарының бірі оны қылмыстық заңнамаға сәйкес келтіру болып табылады.
Қылмыстық атқару заңнамасы қылмыстық-құқықтық ықпал етудің жазаламайтын - балама шараларын кеңінен пайдалануға, қылмыстық атқару жүйелерін дамытудың жаңа тетіктерін белгілеуге негізделген болуы тиіс (атап айтқанда, бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарды ұстау орындарын жақсарту).

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнаманы жетілдіру
Әкімшілік-деликтілік заңнамасын одан әрі жетілдіру үшін әкімшілік жауаптылықтың негіздерін, оның ішінде әкімшілік және тәртіптік жауаптылықты қолдану саласын бөлуді көздейтін заңнамалық айқындауды жалғастыру қажет.
Бұдан басқа, әкімшілік-құқықтық санкциялардың құқық бұзушылықтың қоғамдық қауіптілігі деңгейіне шамалас болуы, сондай-ақ әкімшілік жазалау шараларының ауырлық дәрежесі бойынша қылмыстық-құқықтық санкциялармен арақатынасының теңгерімділігі мәселелерін жетілдіру қажет.
Айыппұлдарды өндіріп алудың тиімділігін арттыру мақсатында баптың санкциясында көрсетілген әкімшілік өндіріп алудың түріне, адамның жасалған құқық бұзушылық фактісімен келісуіне байланысты әкімшілік жауаптылыққа тартудың сараланған рәсімдерін енгізу қажет.
Бұдан басқа, әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнаманың шеңберінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарауға уәкілетті органдардың (лауазымды адамдардың) қаулыларына дау айту туралы істер бойынша іс жүргізу мәселелерін реттеу қажет.
Қазіргі уақытта жаңадан ашылған мән-жайлар жөнінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша заңды күшіне енген қаулыларды қайта қарау институтын енгізудің объективті қажеттілігі туындап отыр.

Кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеуді жаңғырту
1. Қазіргі уақытта кәсіпкерлік қызмет туралы заңнама түрлі салаға тиесілі нормативтік құқықтық актілердің кең ауқымын қамтиды. Бұл ретте оның одан әрі өсуін шектеудің заңнамалық шектері мен кепілдіктері жоқ; кәсіпкерліктің әрбір жаңа саласын немесе түрін «өз» заңымен қанағаттандыру мүмкін емес, Заңдар нысанасының ұсақталу, бөлшектену процесі байқалып отыр.
Өзінің барынша өзектілігі тұрғысынан осы кең ауқымды жүйелеу міндеті туындап отыр, оның нәтижесі Кәсіпкерлік кодексті қабылдау болуы тиіс.
Бұдан басқа, кәсіпкерлікті құқықтық реттеудегі олқылықтарды, қайшылықтар мен қайталауды жою, сондай-ақ кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеу тетіктерін оңтайландыру қажет.
2. Бизнес үшін әкімшілік кедергілерді азайту жөніндегі жұмыс жалғасып, тиісті нормативтік құқықтық база жақсартылуы тиіс.

Қаржылық бақылау жүйесін реформалау
Халықаралық стандарттарға сәйкес қаржылық бақылау жүйесін реформалау мақсатында мемлекеттік сектордағы басқарудың ажырамас құрауышы ретінде мемлекеттік қаржылық бақылау жүйесінің мемлекеттік аудит жүйесіне өтуін, құқықтық негізі мен институционалдық құрылымын әзірлеуді, сондай-ақ мемлекеттік сектордағы аудиторларға арналған кәсіби практиканың халықаралық негізінде мемлекеттік аудит жүйесін нығайту мақсатында кадрлық әлеуетті өсіруді қамтамасыз ету қажет.

2014 жылғы бірінші жартыжылдық

Электрондық сауда саласындағы заңнаманы жетілдіру
Электрондық сауданы пайдаланудың электрондық жүйелерге балама қағаз құжаттамаға негізделген дәстүрлі сауданың орнын баса отырып, сауда саясатын түбегейлі өзгертуде. Сауда жүйесінде электрондық сауда сияқты инновацияның пайда болуы, бірінші кезекте сауда операциялары қатысушыларының қажеттіліктеріне байланысты және басым бағыт ретінде еліміздің экономикалық инфрақұрылымының құрамдас бөлігі болып отыр.
Осыған байланысты электрондық сауданы жүзеге асыру кезінде туындайтын қатынастарды регламенттеу және оған қатысушылардың құқықтарын заңнамалық бекіту қажеттігі туындайды, бұл электрондық сауданың орнықты дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Бағалау қызметін жетілдіру
Бағалау қызметі нарықтық экономиканың маңызды құралы болып табылады, оны құқықтық реттеу де ұдайы назар аударуды және жетілдіруді талап етеді. Осыған байланысты бағалаудың мемлекеттік стандарттарын белгілеуге, бағалау қызметін халықаралық талаптарға сәйкес келтіруге, бағалау қызметін реттеудің және өзін-өзі реттеудің мемлекеттік жүйесін жетілдіруге бағытталған шаралар кешені қажет.
Бұдан басқа, кәсіби бағалаушылардың жауапкершілігін қатаңдату мәселесі пысықтауды талап етеді.

Қазақстан Республикасының халықаралық көмегі мәселелері
Заңнамалық деңгейде жаһандық сын-тегеуріндерге және өңірлік проблемаларға барабар жауаптарды іздестіру жүйесін құруға, дамуға ресми көмек пен гуманитарлық көмек беру саласындағы қызметті үйлестіруді арттыруға бағытталған шаралар кешенін қабылдау қажет.

Сумен жабдықтау және су бұру мәселелері жөніндегі заңнаманы жетілдіру
Қалалар мен ауылдық елді мекендердегі тұтынушылардың сумен жабдықтау және су бұру қызметтеріне теңдей қолжетімділігін қамтамасыз ету, сумен жабдықтау және су бұру секторындағы құқықтық қатынастардың тиімді жүйесін құру, қоршаған ортаның экологиялық орнықтылығын және халықтың санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздігін сақтау сияқты басымдықтарға қол жеткізуге бағытталған заңнамалық шараларды қабылдау қажет.

Сауда қызметі саласындағы заңнаманы жетілдіру
Қазіргі уақытта ішкі сауданы реттеу мәселелерін жетілдіру, жаңа сауда объектілерінің атауларын ұғымдық аппаратқа енгізу және кейіннен сауда объектілерінің жіктеуішін әзірлеудің объективті қажеттілігі туындап отыр.
Бұдан басқа, сауда нарықтары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыруды заңнамалық бекіту арқылы жазатайым оқиғалардан зардап шеккендерге кепілдік
берілген өтемақы төлеу не келтірілген зиянның орнын толтыру мәселелерін пысықтау керек. Кәсіпкерлік қызметтің осы нысанын сақтандыру басталған сақтандыру жағдайларын реттеуге және кәсіпкерлерді қаржылық шығындардан заңда белгіленген тәртіпте қорғауға мүмкіндік береді.

Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру мәселелері жөніндегі заңнаманы жетілдіру
Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік секторындағы проблемалар кешенін шешу мақсатында алдын ала бағалаусыз жобаланатын энергия көздерінің жылу және электр энергиясын жеке-жеке өндіруге тыйым салуды енгізу, сондай-ақ газ-электр станцияларындағы бу қазандықтарында газды тікелей жағуға тыйым салуды енгізу мәселелерін пысықтау қажет.

Құқықтық актілердің мәселелерін реттейтін заңнаманы жетілдіру
Қазіргі уақытта нормативтік құқықтық актілерге қатысты нормалар «Нормативтік құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен регламенттеледі.
Өз кезегінде, мемлекеттік органдардың құқықтық актілері мемлекеттік органның басқарушылық қызметін регламенттеудің бір бөлігі ғана болып табылады және «Әкімшілік рәсімдер туралы» Қазақстан Республикасының  Заңында көзделген. Осыған байланысты мемлекеттік органдардың барлық актілеріне қатысты нормаларды бір заңға біріктіру қажеттігі туындайды.
Бұдан басқа, заңнаманы жүйелеуге қатысты нормаларды жетілдіру қажет.

«Жасыл экономикаға» көшу мәселелері бойынша заңнаманы жетілдіру
Дәстүрлі экономикалық үлгіге негізделген қолданыстағы экологиялық заңнама: энергетикалық, су, азық-түлік және шикізат ресурстарын тиімсіз пайдалану, шығындардың ұлғаюы, жаһандық қаржы тұрақсыздығына тәуелділік және т.б. сияқты қазіргі заманғы тәуекелдерді толық көлемде ескермейді.
Қазіргі уақытта экологиялық заңнама саласындағы мемлекеттік саясаттың мақсаты «жасыл экономикаға» көшу үшін жағдай жасау, энергия мен су үнемдеуді ынталандыру, «жасыл технологияларды» пайдалану және экологиялық туризмді дамыту, қоршаған ортаға антропогендік әсер ету нәтижесінде туындайтын қауіп-қатерден қоғам мүдделері мен жеке тұлға
құқықтарының қорғалуын қамтамасыз ету, табиғатты ұтымды пайдалану, экологиялық таза өндірістерді дамыту және азаматтардың экологиялық қауіпсіз іс-әрекетін қамтамасыз ету болып табылады.
 

2014 - 2015 жылдар (4-сессия) Әлеуметтік, шаруашылық, азаматтық заңнама, сондай-ақ сақтандыру, атом энергиясы және қорғаныс саласындағы заңнама

2014 жылғы екінші жартыжылдық

Әлеуметтік саладағы заңнаманы жетілдіру
1. Мүгедектерді мемлекеттік қолдау
Басқа азаматтармен қатар мүгедектерге азаматтық, саяси, әлеуметтік, экономикалық, мәдени және Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген басқа да құқықтары мен бостандықтарын іске асыру мүмкіндіктерін қамтамасыз ету, сондай-ақ Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияны іске асыруға бағытталған заңнамалық шараларды қабылдау маңызды мәселе болып табылады.
2. Халықтың орнықты нәтижелі жұмыспен қамтылуы
Еңбек нарығының теңгерімсіздігі, экономика салаларының мамандарға мұқтаждықтарының объективті болжамының болмауы, еңбек ресурстары сапасының төмендігімен және өндіріс пен оқытудағы шынайы байланыстың болмауымен байланысты жұмыс күшінің тапшылығы сияқты проблемаларды шешуге бағытталған заңнамалық деңгейде кешенді шараларды қабылдау қажет.
Сонымен қатар халықтың әлеуметтік осал санаттарына жататын азаматтарын әлеуметтендіру тетіктерін дамыту және осы санаттағы адамдардың еңбек етуін жүзеге асыру үшін жағдайлар жасау қажет.

Өсімдік шаруашылығындағы міндетті сақтандыру мәселелері бойынша заңнаманы жетілдіру
Өсімдік шаруашылығындағы міндетті сақтандыру тетігінің проблемалық мәселелерін реттеу мақсаттарында сақтандыру компанияларына және өзара сақтандыру қоғамдарына бірыңғай талаптарды, өсімдік шаруашылығындағы сақтандырудың балама тетіктерін, және сақтандыру тарифтерін саралауды, Өтемақы төлемдерінің қорын құру мәселелерін (қайта сақтандыру жүйесін) регламенттеу қажет.
Бұдан басқа, өзара сақтандыру қоғамдарының қызметіне мемлекеттік бақылауды күшейту мәселелерін пысықтау керек.

Атом энергиясын пайдалану саласындағы заңнаманы жетілдіру
Атом энергиясын пайдалану жөніндегі қызметті заңнамалық реттеу қажеттігі оның әлеуетті қаупінен, сондай-ақ бейбіт мақсатта ғана пайдаланылмауы мүмкін қосарлы мақсаттағы объектілер мен технологиялардың болуынан туындайды.
«Атом энергиясын пайдалану туралы» 1997 жылғы 14 сәуірдегі қолданыстағы Қазақстан Республикасының Заңы оны практикалық қолданудың 16 жылдан астам мерзімде жинақталған тәжірибесін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы мүшесі болып табылатын Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің қазіргі заманға сай ұсынымдарын ескере отырып өзекті етуді қажет етеді.

Қорғаныс және әскери қызмет мәселелері жөніндегі заңнаманы жетілдіру
«Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» 2012 жылғы 16 ақпандағы Қазақстан Республикасы Заңының қабылдануына байланысты азаматтардың әскери қызметті өткеру кезіндегі қарым-қатынастарын реттеуге бағытталған перспективадағы жұмыс, сондай-ақ әскери қызметшілерді әлеуметтік қамтамасыз етудің негіздерін айқындау талап етіледі.
Бұдан басқа, Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы теңіз қызметін навигациялық-гидрографиялық қамтамасыз ету мәселелерін реттеуге, әскери, әскери-әуе және әскери-теңіз атташелері мәртебесін белгілеуге, мемлекеттік авиация саласында туындайтын құқықтық қатынастарды реттеуге, қорғаныс мұқтаждарына арналған мүлікті реквизициялау бойынша қолданыстағы нормаларды қайта қарауға бағытталған заңнамалық шараларды қабылдау қажеттігі туындайды.

2015 жылғы бірінші жартыжылдық

Азаматтық және шаруашылық заңнаманы жетілдіру
Азаматтық құқықты дамытудың қазіргі кезеңінде қоғамдық қатынастарды реттеудің жария-құқықтық және жеке құқықтық әдістері ара қатынасының проблемалары және осыдан туындайтын жекеше кәсіпкерлік қызметке мемлекеттің араласуының шектері бірінші орынға қойылып отыр.
Осыған байланысты, акционерлік қоғамдардың құқықтық табиғатын ескере отырып, оның ішінде «жария корпорациялар» деп аталатын тұрғыдағы олардың мәртебесін айқындау, мемлекеттің шаруашылық-құқықтық қатынастарға қатысуы және жария функцияларды жүзеге асыруы саласындағы мемлекеттің иммунитетін сақтай отырып, жеке құқықтық қатынастар саласындағы иммунитеттен бас тартуы бөлігінде осы саладағы заңнаманы жетілдіруді жалғастыру қажет.
Бұдан басқа, мәмілелерге, заттық құқықтар түрлерін және олардың туындау негіздерін кеңейтуге қатысты нормаларды нақтылау, «құқықтан бас тарту» және «құқықты жүзеге асырудан бас тарту» ұғымдарын айқындау нақты залалдарды айқындау тәртібін белгілеу мәселелерін пысықтау қажет.

2015 - 2016 жылдар (5-сессия)

Әлеуметтік, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама, сондай-ақ дактилоскопиялық және геномдық тіркеу саласындағы заңнама

2015 жылғы екінші жартыжылдық

Әлеуметтік саладағы заңнаманы жетілдіру
Қазақстан Республикасында мүгедектігіне, асыраушысынан айрылу жағдайына және жасына байланысты берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар туралы заңнама нормаларын өзектендіру қажет.

Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу саласындағы заңнама
Қазақстан Республикасының азаматтары, сондай-ақ Қазақстан Республикасында уақытша болатын және уақытша немесе тұрақты тұратын шетел азаматтары немесе азаматтығы жоқ адамдар туралы толық, дәйекті және өзекті ақпараттың болуы мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуын және қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды шарты болып табылады.
Осыған байланысты, нақты адамға тиесілі дактилоскопиялық және геномдық деректердің сәйкестігін айқындау мүмкіндіктерін енгізу мәселелерін пысықтау қажет.

2016 жылғы бірінші жартыжылдық

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл елдің әрбір мемлекеттік органының  жұмысындағы ең маңызды басымдықтардың бірі ретінде қаралады. Бұл ретте осы саладағы негізгі міндеттер: азаматтардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін және қоғамды сыбайлас жемқорлықтан қорғауды қамтамасыз ету, мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары қызметінің ашықтығын және айқындығын қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі азаматтық қоғам институттарының және халықтың рөлін арттыру, мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қызметіне қоғамдық және партиялық бақылауды күшейту, корпоративтік сыбайлас жемқорлықтың, мүдделер коллизиясы туындауының алдын алу және кәсіпорындар мен мемлекет арасындағы шарттық қатынастардағы адал коммерциялық практиканы көтермелеу болып табылады.
Осыған байланысты, сыбайлас жемқорлықты туындататын жағдайлар мен себептерді барынша азайтуға бағытталған заңнамалық шаралар кешенін қабылдау қажет.

Көмек
Көмек
Ай бойы келгендердің барлығы:
Кеше келгендердің барлығы:
Қазір порталда:
URL:
Қате:
Пікір:

Спасибо, информация об ошибке принята.

Извините, в данный момент информация об ошибке не может быть обработана.
Попробуйте позже.