Жергілікті жер комендатурасының қызметі туралы үлгі ережені бекіту туралы

Актінің түрі
Ереже
Жарлық
Қабылдау күні
23.05.2014
Өзгерту күні
23.05.2014
Актіні қабылдаған орган
Қазақстан Республикасының Президенті

Қазақстан Республикасының Президенті
мен Үкіметі актілерінің жинағында
және республикалық баспасөзде   
жариялануға тиіс         

      «Төтенше жағдай туралы» 2003 жылғы 8 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңы 11-бабының 3-тармағына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
      1. Қоса беріліп отырған Жергілікті жер комендатурасының қызметі туралы үлгі ереже бекітілсін.
      2. Осы Жарлық алғашқы ресми жарияланғанынан кейін он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                         Н. Назарбаев

Қазақстан Республикасы
Президентінің   
2014 жылғы 23 мамырдағы
№ 821 Жарлығымен  
БЕКІТІЛГЕН     

Жергілікті жер комендатурасының қызметі туралы
ҮЛГІ ЕРЕЖЕ

1. Жалпы ережелер

      1. Жергілікті жердің комендатурасы орталық және жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимыл жасай отырып, төтенше жағдай енгізілген жергілікті жерде төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасының Президенті құратын уақытша арнаулы орган болып табылады.
      2. Жергілікті жердің комендатурасы өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасы Президентінің және Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Жергілікті жер комендатурасының қызметі туралы ережеге (бұдан әрі – Ереже) сәйкес жүзеге асырады.
      3. Жергілікті жердің комендатурасы төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзінің құзыреті шегінде заңнамада белгіленген тәртіппен барлық жеке және заңды тұлғалардың, лауазымды адамдардың, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарының, сондай-ақ ішкі істер органдары, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы уәкілетті органның бөлімшелері, төтенше жағдай енгізілген жерде орналасқан (дислокацияланған) және төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету үшін қосымша жұмылдырылған әскери құралымдар бастықтарының (командирлерінің) тиісті аумақта орындауы үшін міндетті жергілікті жер комендантының бұйрықтарымен және өкімдерімен ресімделетін шешімдер қабылдайды.
      4. Жергілікті жердің комендатурасы төтенше жағдай енгізілген жерде орналасқан Қазақстан Республикасының орталық, жергілікті атқарушы органдарының, құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік органдары мен Қарулы Күштерінің өкілдерінен құралады. Жергілікті жердің комендатурасы аппаратының дербес құрамы мен құрылымын жергілікті жер коменданты төтенше жағдай енгізу үшін негіз болған мән-жайлардың негізінде айқындайды.
      5. Төтенше жағдай режимі енгізілген және оның тұрақты жұмыс істейтін органы орналасқан жергілікті жердің немесе елді мекеннің аумағы жергілікті жер комендатурасының орналасқан жері болып танылады.
      6. Жергілікті жер комендатурасының қызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасының Үкіметі резервінің және жергілікті атқарушы органдар резервтерінің қаражаты есебінен жүзеге асырылады, ал Қазақстан Республикасының Президенті төтенше бюджетті енгізген кезде, қаржыландыру төтенше бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

2. Жергілікті жер комендатурасының негізгі міндеттері,
функциялары, құқықтары мен міндеттері

      7. Жергілікті жер комендатурасының негізгі міндеттері:
      1) төтенше жағдай режимі енгізілген жергілікті жерде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті, аса маңызды мемлекеттік және стратегиялық объектілерді, сондай-ақ халықтың тыныс-тіршілігі мен көліктің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін объектілерді күзетуді қамтамасыз ету;
      2) ұйымдар басшыларының өз міндеттерін, коменданттың бұйрықтары мен өкімдерін тиісінше орындауын бақылау;
      3) төтенше жағдайларда қолданылатын енгізілген шаралар мен уақыттық шектеулердің орындалуын бақылау болып табылады.
      8. Негізгі міндеттерді орындау үшін жергілікті жер комендатурасы мынадай функцияларды жүзеге асырады:
      1) төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету мәселелері бойынша жергілікті жер комендантының бұйрықтары мен өкімдерінің жобаларын, сондай-ақ төтенше жағдайды енгізу үшін негіз болған мән-жайларды жою жөніндегі іс-шаралар жоспарларын әзірлейді;
      2) төтенше жағдай енгізілген жергілікті жерде қоғамдық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді, сондай-ақ террористік тұрғыдан осал объектілерді күзетуді және қорғауды ұйымдастырады;
      3) бақылау-өткізу режимін, азаматтар мен көлік құралдарын тексеруді және қарап тексеруді, осы жердің тұрғындары болып табылмайтын қоғамдық тәртіпті бұзушыларды олардың есебінен өздерінің тұрақты болу жеріне немесе төтенше жағдай жарияланған жергілікті жерден тыс жерге шығарып жіберуді ұйымдастырады;
      4) төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтарын, жергілікті жер комендантының бұйрықтары мен өкімдерін халықтың назарына жеткізуді ұйымдастырады;
      5) төтенше жағдай енгізілген жергілікті жер комендатурасының жанынан журналистерді аккредиттеуді ұйымдастырады;
      6) төтенше жағдай режимін бұзған, ұсталған адамдарды ұстау үшін арнаулы мекемелерде орындардың жеткіліктілігіне талдау жүргізеді;
      7) коменданттық сағат талаптарының сақталуын қамтамасыз етеді;
      8) ұйымдар басшыларының өз міндеттерін, коменданттың бұйрықтары мен өкімдерін орындауына талдау жүргізеді;
      9) төтенше жағдай енгізілген жерде «Төтенше жағдай туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген қосымша шаралар мен уақытша шектеулерді қолдану қажеттілігіне талдау жүргізеді және осы шаралардың орындалуын қамтамасыз етеді;
      10) төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды қосымша қаржыландыру қажеттілігіне талдау жүргізеді;
      11) төтенше жағдай енгізілген жерде заңдылықты және құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған жедел-профилактикалық іс-шараларды жоспарлауды және өткізуді жүзеге асырады;
      12) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асырады.
      9. Жергілікті жердің комендатурасы:
      1) орталық және жергілікті атқарушы органдардан, ұйымдардан өз қызметін жүзеге асыру үшін қажетті құжаттар мен мәліметтерді сұратуға және алуға;
      2) төтенше жағдайды енгізуге негіз болған мән-жайларды жою үшін ұйымдарды тартуға;
      3) төтенше жағдайды енгізуге негіз болған мән-жайларды жою мәселелерін шешу үшін талдамалық, сараптамалық және басқа да қажетті жұмыстарды орындауға орталық және жергілікті атқарушы органдардың, ұйымдардың мамандарын тартуға;
      4) орталық және жергілікті атқарушы органдарға төтенше жағдайды енгізуге негіз болған мән-жайларды жою жөніндегі міндеттерді орындауға қатысты мәселелерді қарау туралы ұсыныстар енгізуге;
      5) ішкі істер органдарының аумақтық жедел басқару орталықтарының және жұмылдырылған құқық қорғау органдарының кезекші бөлімдерінің құралдары мен резервтерін қолдануға құқылы.
      10. Жергілікті жер комендатурасының міндеттері:
      1) «Төтенше жағдайлар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 1516-баптарында көзделген шаралар мен уақытша шектеулерді қолдануды қамтамасыз ету;
      2) күн сайын, төтенше жағдай режимі енгізілген аумақта орналасқан құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен олардың қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздіктің тиісті деңгейін ұстау жөніндегі жұмысының ұйымдастырылуын талдау, құқық бұзушылықтардың алдын алу және оған жол бермеу жөніндегі ұйымдастырушылық-практикалық шараларды айқындау;
      3) нарядқа шығар алдында патрульдердің жеке құрамына нұсқамалар өткізуді ұйымдастыру, қызметкерлердің қажетті қару-жарақпен, арнайы құралдармен және байланыс құралдарымен қамтамасыз етілуін бақылау;
      4) патрульдердің, сондай-ақ аса маңызды мемлекеттік және стратегиялық объектілерді, сондай-ақ халықтың тыныс-тіршілігі мен көліктің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін объектілерді күзетуді жүзеге асыратын бекеттердің қызмет өткеруін тексеруді ұйымдастыру;
      5) бақылау-өткізу режимінің жай-күйін тексеруді ұйымдастыру;
      6) елдің басқа өңірлерінен қосымша күштер мен құралдардың келуін және ауыстырылуын бақылауды жүзеге асыру;
      7) жергілікті жер комендатурасының міндеттерін орындауға қатысты мәселелер бойынша төтенше жағдай енгізілген аумақта қызметін жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимыл жасауды қолдау;
      8) төтенше жағдайды енгізуге негіз болған мән-жайларды жою жөніндегі коменданттың бұйрықтары мен өкімдерін орындау туралы ұйымдар басшыларын тыңдау;
      9) бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен баспасөз-конференцияларын немесе брифингтер өткізу;
      10) төтенше жағдай режимін ұстау жөніндегі іс-шараларға арналған қаржылық шығыстарды есепке алуды жүргізу.

3. Жергілікті жер комендатурасының қызметін ұйымдастыру

      11. Жергілікті жердің комендатурасына басшылық етуді жергілікті жердің коменданты жүзеге асырады, ол өзінің функцияларын жүзеге асыру және жергілікті жердің комендатурасы оған жүктеген міндеттерді орындау үшін дербес жауап береді.
      Жергілікті жердің коменданты өкілеттіктерін «Төтенше жағдай туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 13-бабына сәйкес жүзеге асырады.
      12. Жергілікті жердің комендантын Қазақстан Республикасының Президенті қызметке тағайындайды және қызметтен босатады. Комендант Қазақстан Республикасының Президентіне, ал Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылған кезде – Қазақстан Республикасының Президенті мен Мемлекеттік комиссияның төрағасына бағынады.
      13. Жергілікті жердің комендатурасы құрылған сәтінен бастап өз қызметін үздіксіз жұмыс режимінде жүзеге асырады, оның нақты тәртібін комендант белгілейді. Жергілікті жердің комендатурасы қызметкерлерінің еңбек қатынастары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес реттеледі.
      14. Жергілікті жердің комендатурасы аппаратының құрамына:
      1) коменданттың төтенше жағдай режимін қамтамасыз ететін күштер мен құралдарға басшылық жасау жөніндегі, коменданттық сағат режимін қамтамасыз ету жөніндегі, тылдық және техникалық қамтамасыз ету жөніндегі орынбасарлары;
      2) коменданттың жергілікті халықпен және бұқаралық ақпарат құралдарымен жұмыс жөніндегі көмекшілері;
      3) бөлімшелер: штаб, хатшылық, құқықтық қамтамасыз ету, ақпараттық қарсы тұру, радиоэлектрондық барлау және басу топтары кіреді.
      15. Жергілікті жердің комендатурасы аппаратының құрамы мен құрылымы төтенше жағдайды енгізуге негіз болған мән-жайлар негізге алына отырып, өзгеруі немесе қосымша топтармен толықтырылуы мүмкін.

Көмек
Көмек
Ай бойы келгендердің барлығы:
Кеше келгендердің барлығы:
Қазір порталда:
URL:
Қате:
Пікір:

Спасибо, информация об ошибке принята.

Извините, в данный момент информация об ошибке не может быть обработана.
Попробуйте позже.