Күшін жойған

Иеліктен шығаруға жатпайтын объектілердің тізбесі туралы

Актінің түрі
Жарлық
Тізбе
Қабылдау күні
12.08.2014
Өзгерту күні
05.05.2018
Актіні қабылдаған орган
Қазақстан Республикасының Президенті

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Президентінің 05.05.2018 № 681 Жарлығымен.


      Қазақстан Республикасының

      Президенті мен Үкіметі актілеріні

      жинағында жариялануға тиіс

      "Мемлекеттік мүлік туралы" 2011 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңы 94-бабының 3-тармағына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қоса беріліп отырған иеліктен шығаруға жатпайтын объектілердің тізбесі бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасының Үкіметі өз шешімдерін осы Жарлыққа сәйкес келтірсін.

      3. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:

      1) "Жекешелендіруге жатпайтын мемлекеттік меншік объектілерінің тізбесі туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2000 жылғы 28 шілдедегі № 422 Жарлығы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2000 ж., № 29, 354-құжат);

      2) "Қазақстан Республикасы Президентінің 2000 жылғы 28 шілдедегі № 422 Жарлығына өзгеріс енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 10 ақпандағы № 1021 Жарлығы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2003 ж., № 7, 68-құжат).

      4. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының
Президенті Н.Назарбаев



  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2014 жылғы 12 тамыздағы
№ 894 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Иеліктен шығаруға жатпайтын объектілердің
ТІЗБЕСІ

      1. Жер (Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген негіздерде, шарттарда және шектерде жеке меншікте болуы мүмкін жерден басқа), оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар.

      2. Мемлекеттік қадағалау желісі және оның мүлкі.

      3. Мемлекеттік табиғи-қорық қорының объектілері.

      4. Жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдары, ішкі су жолдары және оларда орналасқан кеме қатынасы үшін пайдаланылатын кеме қатынасының гидротехникалық құрылыстары, маяктар, кеме қатынасының қауіпсіздігін реттейтін және оған кепілдік беретін құрылғылар мен навигациялық белгілер, шлюздер, әуе қозғалысын басқару органдарының аэронавигациялық құрылғылары, әуе кемелерінің ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты инженерлік желілер, сондай-ақ, метрополитен.

      5. Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын ерекше стратегиялық маңызы бар су шаруашылығы құрылыстары.

      6. Қаланың, ауданның қызмет көрсетілетін аумағындағы жалғыз

      мемлекеттік медициналық ұйым болып табылатын, ауылда медициналық-санитарлық алғашқы көмек, мамандандырылған көмек көрсететін (қан, ана мен баланы қорғау, радиациялық медицина орталықтары, онкологиялық, туберкулез, АИТВ жұқтырған және ЖИТС-пен ауыратын ауруларды және жұқпалы, психикалық аурулармен ауыратындарды емдеу объектілері) медициналық ұйымдар.

      7. Халықты әлеуметтік қорғау объектілері, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдары, сәбилер үйлері, балаларға, қарттарға, мүгедектерге, Ұлы Отан соғысына қатысушыларға және оларға теңестірілген адамдарға арналған санаторийлер, интернаттар мен госпитальдар, сондай-ақ қарттарға, мүгедектерге, оның ішінде мүгедек балаларға арналған мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелер (ұйымдар)1.

      8. Мемлекеттік меншік болып табылатын және азаматтық қорғаныс іс-шараларын қамтамасыз ету мен жұмылдыру тапсырмаларын орындауға арналған азаматтық қорғаныс объектілері мен мүлкі, сондай-ақ мемлекеттік өртке қарсы қызмет объектілері мен мүлкі.

      9. Пайдаланылмайтын әскери мүлікті қоспағанда, мемлекеттік меншік болып табылатын, экономика салаларының ұйымдарына жедел басқару, шаруашылық жүргізу құқығында бекітілген және қорғаныс мұқтаждарын қамтамасыз етуге және жұмылдыру тапсырмаларын орындауға арналған объектілер мен мүлік.

      10. Пайдаланылмайтын әскери мүлікті қоспағанда, Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың мемлекеттік мекемелеріне жедел басқару құқығында бекітілген әскери мүлік.

      11. Арнаулы мемлекеттік органдардың қызметін қамтамасыз ету үшін құрылған немесе құрылатын ұйымдар.

      12. Арнаулы мемлекеттік органдар бейбіт уақытта пайдаланбайтын жылжымайтын мүлік.

      13. Мемлекет меншігіндегі Ұлттық мұрағат қорының құжаттары, сондай-ақ мемлекеттік мұрағаттар мен олардың филиалдарының ғимараттары, үй-жайлары мен жабдықтары.

      14. Мемлекет меншігіндегі Қазақстан Республикасы Ұлттық картографиялық-геодезиялық қорының құжаттары.

      15. Бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беретін, Қазақстан Республикасының аумағында азаматтардың білім алуға конституциялық құқықтарын қамтамасыз ететін мемлекеттік ұйымдар.

      16. Мемлекеттік мәдениет ұйымдары, мемлекет меншігіндегі ұлттық мәдени игілік объектілері, Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан және басқа субъектілерге тиесілі емес тарих және мәдениет ескерткіштері.

      17. Ұлттық әл-ауқат қорының акциялары.

      _________________

      1 Осы тармақ 2020 жылға дейін қолданылады.

Көмек
Көмек
Ай бойы келгендердің барлығы:
Кеше келгендердің барлығы:
Қазір порталда:
URL:
Қате:
Пікір:

Спасибо, информация об ошибке принята.

Извините, в данный момент информация об ошибке не может быть обработана.
Попробуйте позже.