Бизнесті жүргізу жеңілдігі бойынша өңірлер мен қалалар рейтингі және оның қорытындылары бойынша арнайы сыйлық беру туралы

Актінің түрі
Ереже
Жарлық
Қағида
Қабылдау күні
24.11.2017
Өзгерту күні
28.10.2019
Актіні қабылдаған орган
Қазақстан Республикасының Президенті

  Қазақстан Республикасы Президенті мен
Үкіметі актілерінің жинағында және
республикалық баспасөзде жариялануға тиіс

      ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Бизнесті жүргізу жеңілдігі бойынша өңірлер мен қалалар рейтингін жыл сайын өткізу белгіленсін.

      2. Бизнесті жүргізу жеңілдігі бойынша өңірлер мен қалалар рейтингінің нәтижелері бойынша арнайы сыйлық тағайындалсын.

      3. Осы Жарлыққа қосымшаға сәйкес құрамда Бизнесті жүргізу жеңілдігі бойынша өңірлер мен қалалар рейтингінің қорытындыларын шығару жөніндегі комиссия (бұдан әрі – Комиссия) құрылсын.

      4. Қоса беріліп отырған:

      1) Бизнесті жүргізу жеңілдігі бойынша өңірлер мен қалалар рейтингінің нәтижелері бойынша арнайы сыйлық беру қағидалары;

      2) Комиссия туралы ереже бекітілсін.

      5. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.

      6. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Н.Назарбаев

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2017 жылғы 24 қарашадағы
№ 590 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Бизнесті жүргізу жеңілдігі бойынша өңірлер мен қалалар рейтингінің нәтижелері бойынша арнайы сыйлық беру
ҚАҒИДАЛАРЫ

      1. Бизнесті жүргізу жеңілдігі бойынша өңірлер мен қалалар рейтингінің нәтижелері бойынша арнайы сыйлық (бұдан әрі – сыйлық) тиісті әкімдіктерге жыл сайын бизнесті жүргізу жеңілдігі бойынша өткізілген өңірлер мен қалалар рейтингі негізінде кәсіпкерлікті қолдау, дамыту саласында елеулі нәтижелерге қол жеткізгені және бизнесті ашу мен жүргізу үшін қолайлы жағдайлар жасағаны үшін беріледі.

      2. Рейтингті өткізудің ұйымдастырушысы жеке кәсіпкерлікті дамыту мен қолдау саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – ұйымдастырушы) болып табылады.

      Ұйымдастырушыға мынадай функциялар жүктеледі:

      1) бизнесті жүргізу жеңілдігі бойынша өңірлер мен қалалар рейтингін өткізудің әдістемесін (бұдан әрі – әдістеме) әзірлеу және бекіту;

      2) сұрау қоюлар мен статистикалық деректер негізінде жыл сайын бизнесті жүргізу жеңілдігі бойынша өңірлер мен қалалар рейтингін өткізу;

      3) бизнесті жүргізу жеңілдігі бойынша өткізілген өңірлер мен қалалар рейтингінің нәтижелерін Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне енгізу және Бизнесті жүргізу жеңілдігі бойынша өңірлер мен қалалар рейтингінің қорытындыларын шығару жөніндегі комиссияның (бұдан әрі – Комиссия) отырыстарын өткізуге жәрдем көрсету;

      4) дипломдарды, награда белгілерін және/немесе жеңімпаздарды көтермелеудің өзге де нысандарын дайындау мен ресімдеуді қамтамасыз ету;

      5) жеңімпаздарды марапаттау салтанатын дайындау мен ұйымдастыру;

      6) үздік өңірлер мен қалалар тәжірибесін таратуға жәрдем көрсету.

      3. Бизнесті жүргізу жеңілдігі бойынша өңірлер мен қалалар рейтингін өткізу шеңберінде ұйымдастырушы мемлекеттік органдар мен ұйымдарға сұрау салуды жіберу арқылы статистикалық деректерді жинауды жүзеге асырады.

      Бизнесті жүргізу жеңілдігі бойынша өңірлер мен қалалар рейтингін өткізу кезінде статистикалық деректер мен өзге де ақпараттың анықтығына тиісті ақпаратты ұсынған мемлекеттік органдар жауапты болады.

      4. Ұйымдастырушы жыл сайын 30 қазаннан кешіктірмей Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне өткізілген рейтингтің нәтижелері бойынша материалдарды ұсынады.

      5. Ұйымдастырушы енгізген материалдар негізінде Комиссия бизнесті жүргізу жеңілдігі бойынша өңірлер мен қалалар рейтингінің қорытындысын шығарады.

      6. Сыйлықты беру форматы, өткізу уақыты мен орны туралы шешімді Комиссия жыл сайын Қазақстан Республикасы Президентінің келісуі бойынша қабылдайды.

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2017 жылғы 24 қарашадағы
№ 590 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Бизнесті жүргізу жеңілдігі бойынша өңірлер мен қалалар рейтингінің қорытындыларын шығару жөніндегі комиссия туралы
ЕРЕЖЕ

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Бизнесті жүргізу жеңілдігі бойынша өңірлер мен қалалар рейтингінің қорытындыларын шығару жөніндегі комиссия (бұдан әрі – Комиссия) алқалы орган болып табылады және Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің қызметкерлері, орталық мемлекеттік органдардың және өзге де ұйымдардың басшылары қатарынан қалыптастырылады.

      2. Комиссия өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентінің актілерін және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерін, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.

2-тарау. Комиссияның міндеттері мен құқықтары

      3. Комиссияның міндеттері:

      1) жеке кәсіпкерлікті дамыту мен қолдау саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – ұйымдастырушы) өткізілген рейтингтің нәтижелері бойынша ұсынатын материалдарды қарау, бизнесті жүргізу жеңілдігі бойынша өңірлер мен қалалар рейтингінің қорытындыларын шығару және жеңімпаздарды айқындау;

      2) жеңімпаздарды марапаттау салтанатының форматы, өткізу уақыты мен орны бойынша ұсыныстарды Қазақстан Республикасы Президентімен келісу;

      3) Қазақстан Республикасының Президентіне бизнесті жүргізу жеңілдігі бойынша өңірлер мен қалалар рейтингінің қорытындылары бойынша есеп қалыптастыру және қажет болған жағдайда, екі жыл және одан көп жыл қатарынан рейтингте төмен позицияда тұрған әкімшілік-аумақтық бірліктердің басшыларының – лауазымды адамдардың жауапкершілігін қарау бойынша ұсыныстар енгізу;

      4) Қазақстан Республикасының Президенті белгілеген және Комиссия шешімімен белгіленген Комиссияға жүктелген міндеттемелерді жүзеге асыру үшін қажетті өзге де функцияларды атқару болып табылады.

      4. Комиссияның өз міндеттемелеріне сәйкес:

      1) мемлекеттік органдармен және өзге де ұйымдармен өзара іс-қимыл жасасуға;

      2) ұйымдастырушыдан және басқа мемлекеттік органдардан Комиссияның міндеттерін іске асыру үшін қажетті қосымша материалдар сұратуға және алуға;

      3) ұйымдастырушыға бизнесті жүргізу жеңілдігі бойынша өңірлер мен қалалар рейтингін жүргізу әдістемесін жетілдіру жөнінде ұсынымдар беруге құқығы бар;

      4) Комиссияға жүктелген міндеттемелерді жүзеге асыру үшін қажетті өзге де құқықтары бар.

3. Комиссияның қызметін ұйымдастыру

      5. Комиссия құрамына:

      1) Комиссия төрағасы;

      2) Комиссия төрағасының орынбасары;

      3) Комиссия хатшысы;

      4) Комиссия мүшелері кіреді.

      6. Комиссия төрағасы оның қызметіне басшылық жасайды, отырыстарда төрағалық етеді, оның жұмысын жоспарлайды, оның шешімдерінің іске асырылуына жалпы бақылауды жүзеге асырады. Комиссия төрағасы болмаған уақытта оның функцияларын Комиссия төрағасының орынбасары орындайды.

      7. Комиссия хатшысы:

      1) қажет болған жағдайда Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің құрылымдық бөлімшелерін тарта отырып, ұйымдастырушыдан келіп түскен материалдарды алдын ала қарауды ұйымдастырады;

      2) бизнесті жүргізу жеңілдігі бойынша өңірлер мен қалалар рейтингінің қорытындылары бойынша Қазақстан Республикасының Президентіне есептің жобасын дайындауды қамтамасыз етеді;

      3) Комиссия мүшелерінің қарауына өткізілген рейтинг нәтижелері бойынша ұйымдастырушы әзірлеген материалдарды, Қазақстан Республикасының Президентіне бизнесті жүргізу жеңілдігі бойынша өңірлер мен қалалар рейтингі қорытындылары бойынша есеп жобасын және жұмыс үшін қажетті өзге де ақпаратты ұсынады;

      4) Комиссия отырыстарын дайындау мен өткізуді ұйымдастырады.

      8. Комиссияның отырыстары қажеттілігіне қарай өткізіледі. Комиссия отырысының Комиссия мүшелерінің жалпы санынан кемінде үштен екісі қатысқан кезде заңдық күші бар деп есептеледі.

      Комиссия отырыстарына қатысу үшін лауазымды адамдар, өзге де ұйымдардың өкілдері мен тәуелсіз сарапшылар тартылуы мүмкін.

      9. Ашық дауыс беруді өткізу жолымен айқындалатын Комиссия шешімі оған Комиссия мүшелерінің жалпы санының көпшілігі дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі. Дауыс саны тең болған жағдайда Комиссия төрағасы дауыс берген шешім қабылданды деп есептеледі. Шешім отырыстың хаттамасымен ресімделеді және оған қатысып отырған Комиссия мүшелерінің барлығы қол қояды.

      10. Комиссияның қызметін тоқтату туралы шешімді Қазақстан Республикасының Президенті қабылдайды.

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2017 жылғы 24 қарашадағы
№ 590 Жарлығына
ҚОСЫМША

Бизнесті жүргізу жеңілдігі бойынша өңірлер мен қалалар рейтингінің қорытындыларын шығару жөніндегі комиссияның
ҚҰРАМЫ

      Ескерту. Құрамға өзгерістер енгізілді - ҚР Президентінің 01.06.2019 № 57; 28.10.2019 № 195 Жарлықтарымен.

      Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы, Комиссия төрағасы

      Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының әлеуметтік-экономикалық мәселелерге жетекшілік ететін орынбасары, Комиссия төрағасының орынбасары

      Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Стратегиялық жоспарлау бөлімінің меңгерушісі, Комиссия хатшысы

      Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының өңірлік саясат саласындағы жұмысты үйлестіруші орынбасары

      Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің меңгерушісі

      Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі

      Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі

      Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы (келісім бойынша)

Көмек
Көмек
Ай бойы келгендердің барлығы:
Кеше келгендердің барлығы:
Қазір порталда:
URL:
Қате:
Пікір:

Спасибо, информация об ошибке принята.

Извините, в данный момент информация об ошибке не может быть обработана.
Попробуйте позже.