Күшін жойған

Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті мемлекеттік қызметшілерінің қызмет этикасы қағидаларын бекіту туралы

Актінің түрі
Бұйрық
Қағида
Қабылдау күні
11.12.2013
Өзгерту күні
03.02.2016
Актіні қабылдаған орган
Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті

      Ескерту. Бұйрықтың күші жойылды - Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 03.02.2016 № 17-н/қ бұйрығымен.

      «Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшiлерiнiң ар-намыс кодексі туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 3 мамырдағы № 1567 Жарлығына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 1 қазандағы № 651 Жарлығының 2-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті мемлекеттік қызметшілерінің қызмет этикасы қағидалары бекітілсін.
      2. Заң бөлімі (Ю.Ф. Энгель) заңнамамен белгіленген тәртіпте:
      1) бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін;
      2) бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін оны күнтізбелік он күн ішінде бұқаралық ақпарат құралдарына ресми жариялануға жолдасын.
      3. Бұйрықтың орындалуын бақылау аппарат басшысына (М.Т. Райымқұлов) жүктелсін.
      4. Бұйрық өздеріне қатысы бойынша Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің лауазымды адамдарының назарына жеткізілсін.
      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Төраға                                      А. Мусин

Республикалық бюджеттің  
атқарылуын бақылау жөніндегі
есеп комитеті Төрағасының 
2013 жылғы 28 қарашадағы  
№ 219-н/қ бұйрығымен    
бекітілген         

Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп
комитеті мемлекеттік қызметшілерінің қызмет этикасы қағидалары

      1. Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті мемлекеттік қызметшілерінің қызмет этикасы қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Мемлекеттік қызмет туралы» Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 23 шілдедегі Заңына, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 2 шiлдедегі Заңына, Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 3 мамырдағы № 1567 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің ар-намыс кодексіне (Мемлекеттік қызметшілердің қызмет этикасы ережелеріне), Қазақстан Республикасы Президентінің 2002 жылғы 5 тамыздағы № 917 Жарлығымен бекітілген Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті туралы ережеге, Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 7 сәуірдегі № 788 Жарлығымен бекітілген Мемлекеттік қаржылық бақылау стандарттарына, 1998 жылы ИНТОСАИ-дың (Жоғары қаржы бақылау органдарының халықаралық ұйымы) XVI Конгресінде қабылданған ИНТОСАИ-дың этика кодексіне сәйкес әзірленді.
      2. Қағидалар атқаратын лауазымына қарамастан, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің (бұдан әрі – Есеп комитеті) мемлекеттік қызметшілері мінез-құлқының негізгі нормаларын айқындайды.
      3. Есеп комитетінің басшылығы:
      1) өз міндеттерін тиісінше орындағаны, жұмысты нақты қалыптасқан жағдайды ескере отырып ұйымдастырғаны және жоспарлағаны;
      2) бағынысты қызметкерлерден олардың лауазымдық міндеттерінен тыс тапсырмалар орындауды талап етпегені; басқа адамдарды құқыққа қайшы теріс қылықтар жасауға мәжбүрлемегені;
      3) өздері басқарып отырған бөлімше мемлекеттік қызметшілерінің лауазымдық міндеттерін және тапсырмаларын сапалы орындауына жауапты болғаны;
      4) адамгершілік мінез-құлықтың үлгісі болғаны;
      5) қызметтік міндеттерін тиімді атқару үшін өзінің кәсіби деңгейі мен біліктілігін арттырғаны;
      6) әділ болғаны, өзінің кәсіби қызметіне ешкімнің, соның ішінде туыстарының, достарының немесе таныстарының ықпал етуіне жол бермегені;
      7) өзіне жүктелген міндеттерді объективті орындауға күмән туғызатын кез-келген іс-әрекет жасаудан және шешім қабылдаудан бойын аулақ ұстағаны;
      8) өзінің лауазымдық міндеттерін орындау процесінде басқа да тұлғаларға шыдамдылық, сыпайылық, әдептілік пен құрмет көрсеткені, бағынысты қызметкерлерден осыны талап еткені;
      9) бағынысты қызметкерлердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы сақтауына жеке бақылауды қамтамасыз еткені, сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алу жөнінде уақтылы және толыққанды шараларды қабылдағаны;
      10) осы Қағидалар талаптарының бұзылу фактілеріне түбегейлі ден қойғаны, кінәлі адамдардың жауаптылығымен қатар, өзінің жеке жауаптылығы мәселесін қоюға да дайын болғаны жөн.
      4. Есеп комитеті құрылымдық бөлімшесінің басшысы қызметтен тыс уақытта жалпы қабылданған моральдық-этикалық нормаларды ұстанғаны, қоғамға жат мінез-құлық жағдайларына жол бермегені жөн.
      5. Сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылауды жүзеге асыру жөніндегі топ жетекшісі:
      1) сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылаудың барлық рәсімдері кезінде бақылау тобының барлық мүшелерінің этикалық талаптарды сақтауын бақылағаны;
      2) топ мүшелерін бақылау объектісі қызметкерлерінің бой әдеп қылықтарынан қорғағаны және бұл жөнінде бақылау объектісінің басшысын хабардар еткені;
      3) Есеп комитетінің басшылығына сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылаудың принциптері мен стандарттарын сақтауға қауіп-қатер төндіретін жағдайлар туралы хабарлағаны, оларды жою не барынша азайту бойынша тиісті шараларды қамтамасыз еткені;
      4) Есеп комитетінің басшылығына бақылау тобы мүшелерінің этикалық талаптарды сақтамау жағдайлары жөнінде кінәлі тұлғалардың жауаптылығы туралы нақты ұсыныстар енгізе отырып хабарлағаны;
      5) бақылау объектісінің пікірінен, қоғамдық пікірдің ықпалынан тәуелсіз болғаны, өзінің іс-әрекеттерімен қоғам тарапынан негізді сынға себеп туғызбағаны, сынағаны үшін қудалаушылыққа жол бермегені, орынды сын-пікірді кемшіліктерді жою және өзінің кәсіби қызметін жақсарту үшін пайдаланғаны жөн.
      6. Есеп комитетінің мемлекеттік қызметшілері өз міндеттерін орындау барысында:
      1) өз жұмысын біліктілікпен орындағаны, өзінің тұжырымдарын, қорытындыларын, ұсынымдары мен өзге де құжаттарын жеке біржақтылыққа, жалған нанымға не басқалардың тарапынан жасалған қысымға емес, тексерілген және жеткілікті көлемдегі объективті ақпаратқа негіздегені;
      2) сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылауды жүзеге асырудың тәртібін регламенттейтін актілерді мүлтіксіз сақтағаны;
      3) сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылау саласындағы өзінің біліктілігін жоғары деңгейде ұстағаны, өзінің кәсіби білімін ұдайы жаңартып, практикалық дағдыларын жетілдіріп отырғаны;
      4) адал болғаны, өзінің кәсіби қызметіне ешкімнің ықпал етуіне жол бермегені, өзінің адалдығына күмән келтіретін, лауазымдық міндеттерін орындауға әсерін тигізетін жеке, қаржылық және іскери байланыстардан бойын аулақ ұстағаны;
      5) өз жұмысында адалдық пен әдептілік көрсеткені, кеңпейіл және ақжарқын болғаны, кәсіби қызметін жүзеге асыру кезінде адамдармен сыпайы қарым-қатынас жасағаны, азаматтық және қызметтік борышына әрдайым адал болғаны;
      6) өзінің бүкіл қызметімен Есеп комитетінің беделін одан әрі дамытуға және нығайтуға ықпалын тигізгені;
      7) ұжымда моральдық-психологиялық ахуалға:
      Есеп комитеті басшылығының өз құзыреті шегінде берген тапсырмаларын теріс талқылаудың;
      сыбыс пен өсек-аяң таратудың, әріптестеріне біржақты қарым-қатынастың зиян әкелетінін білгені;
      8) тапсырылған жұмысты адал орындағаны, құжаттармен мұқият және байыпты жұмыс істегені, әрдайым Есеп комитетінің мүдделерін басшылыққа алғаны;
      9) басшылардың тапсырмаларын орындау процесінде тек объективті де анық мәліметтерді бергені;
      10) Есеп комитетімен еңбек қатынастарын тоқтатқан кезде, қолындағы бар құжаттаманы, ақпаратты өзінде олардың көшірмелерін қалдырмай, толық көлемде Есеп комитеті басшылығына өткізгені;
      11) бір-біріне кеңпейіл болғаны, қарым-қатынаста қарапайымдылық пен байсалдылық көрсеткені, әріптестеріне залал келтіретін негізсіз сыннан және өзге де қасақана іс-әрекеттерден бойларын аулақ ұстағаны;
      12) бақылау объектісінде әріптесін ауыстырған кезде оған қатысты таза ниетті болмаған іс-әрекеттерден бойын аулақ ұстағаны, бақылау объектісімен не өзге де тұлғалармен әріптесінің ауыстырылу фактісін, оның жеке басының және іскерлік сапасын талқыламағаны;
      13) иесі бүркемеленген немесе мемлекеттік қызметшілердің беделін түсіру мақсатын көздейтін өтініштерді (арыздарды) қарауға жол бермегені;
      14) өзінің қызметтік міндеттерін атқару кезеңінде киім киюдің іскерлік стилін ұстанғаны жөн.
      7. Есеп комитеті мемлекеттік қызметшілерінің кәсіби қызметтен тыс жеке қарым-қатынастары қызметте жоғарылауға, көтермелеуге не жазалауға, кадрлық және әлеуметтік мәселелерді шешуге негіз болмауы тиіс.
      8. Есеп комитеті мемлекеттік қызметшілерінің сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылауды жүргізуге тартылған мамандармен қарым-қатынастары іскери және биязы болу керек.
      9. Сондай-ақ кәсіпқойлық лауазымдық өкілеттіктерді орындау барысында алынған ақпаратқа қатысты кәсіби құпияларды сақтау жөніндегі міндеттерді тиісті дәрежеде орындау арқылы көрініс табуы тиіс.
      10. Есеп комитетінің мемлекеттік қызметшілері сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылауды жүзеге асыру кезінде:
      1) әдептілігімен, қарапайымдылығымен, бақылау объектісіне құрметімен астасқан талапшылдығы мен табандылығын көрсете отырып, Есеп комитетін мемлекеттік қаржылық бақылаудың жоғары органы ретінде лайықты танытқаны;
      2) бақылау объектісін әділ, объективті және білікті тексергені;
      3) бақылау объектісінен қажетті құжаттарды ұсынуларын сыпайы және әдепті түрде талап еткені;
      4) бақылау объектісінің атына орынсыз іс-қимылдан, ауыр сөз айтудан, бақылау объектісінің қызметі туралы біржақты пікірлер мен пайымдаулар айтудан бойын аулақ ұстағаны;
      5) туындаған мәселелерді бақылау объектісімен талқылау кезінде өзінің көзқарасын тиісті нормативтік құқықтық актілердің нақты нормаларына міндетті түрде сілтеме жасай отырып, кеңпейілділікпен, насихатсыз, біржақтылық көрсетпей, дәлелді және айқын түрде қорғағаны;
      6) мерекелік дастарқаннан, орынсыз көңіл бөлу шараларынан, жұмыс орнында ысырапшылықтан, сыйлық немесе тарту алудан, сондай-ақ сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылау барысында ұсынылатын қызметтерден бойын аулақ ұстағаны;
      7) бақылау объектісі өкілдерімен сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылаудың объективтілігіне әсерін тигізуі мүмкін өзара қарым-қатынастан аулақ болғаны не мемлекеттік қызметшіге кез келген нысанда қысым көрсетуге жол берілмейтінін білдіре отырып, өзара қарым-қатынасты дереу тоқтатқаны жөн.
      11. Есеп комитеті мемлекеттік қызметшілерінің арасындағы қарым-қатынас Есеп комитетінің алдына қойылған міндеттерді орындаудың өзара жауаптылығына, қызметтік борышқа адалдыққа, шынайылыққа және сындарлылыққа негізделеді.
      12. Құрылымдық бөлімшелерді не сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылауды жүзеге асыру жөніндегі топтарды басқаратын Есеп комитетінің мемлекеттік қызметшілері:
      1) ұжымда Есеп комитетінің алдында тұрған міндеттерді дұрыс түсінуімен, осы міндеттерді бірге шешу қабілетімен және ынтасымен, ұжымдағы жұмыстың жайлылығы деңгейімен, кеңпейіл және шынайы өзара қарым-қатынастармен, ұжымның оң дәстүрлерімен сипатталатын қолайлы моральдық-психологиялық ахуалды қамтамасыз еткені;
      2) сыбыс пен өсек-аяңның таралуын, әділетсіздік көріністерін болдырмай, бағынысты қызметкерлердің өзара қарым-қатынастарын этикалық нормалар негізінде реттегені;
      3) кәсіби қызметтің әдістерін әзірлегені, нормативтік құқықтық базаны дамытқаны, бағынысты қызметкерлерді нормативтік құқықтық актілермен уақтылы қамтамасыз еткені, олардың кәсіби деңгейін арттыруға қамқорлық жасағаны;
      4) бағынысты қызметкерлерге қатысты негізсіз айыптауларға, дөрекілік, адамдық қадір-қасиетін кемсіту, жөнсіздік, орынсыз мінез-құлық фактілеріне жол бермегені жөн.
      13. Есеп комитеті қызметінің мәселелері бойынша көпшілік алдында сөйлеуді Есеп комитеті Төрағасы немесе оған уәкілеттік берілген лауазымды адамдар жүзеге асырады.
      Есеп комитетінің мемлекеттік қызметшілері мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтірмей, пікірсайысты әдепті түрде жүргізеді.
      14. Есеп комитетінің мемлекеттік қызметшілері мемлекеттік саясат және қызметтік ісінің мәселелері жөніндегі өз пікірін, егер ол:
      1) мемлекет саясатының негізгі бағыттарына сәйкес немесе;
      2) жариялауға рұқсат етілмеген қызметтік ақпаратты ашатын болса;
      3) мемлекеттің лауазымды адамдарының, мемлекеттік басқару органдарының, басқа да мемлекеттік қызметшілердің атына әдепке сай емес сөздер айтудан тұрса, көпшілік алдында білдірмегені жөн.
      15. Мемлекеттік саясатты жүргізумен, мемлекеттік органның және мемлекеттік қызметшілердің қызметтерімен байланысты емес мәселелер бойынша мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік органның атынан жариялымдарына жол берілмейді. Педагогикалық, ғылыми және өзге де шығармашылық қызмет бойынша материалдар жариялауды мемлекеттік қызметші жеке тұлға ретінде тек өз атынан жүзеге асырады.
      16. Есеп комитетінің мемлекеттік қызметшісіне сыбайлас жемқорлық жасаған деп көпшілік алдында негізсіз айып тағылған жағдайда, ол осындай айыптауды анықтаған күннен бастап бір ай мерзімде оны теріске шығару жөнінде шаралар қолданады.
      17. Есеп комитетінің мемлекеттік қызметшілері сыбайлас жемқорлық көріністеріне қарсы тұрады, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарға не сыбайлас жемқорлықпен жымдасқан немесе сыбайлас жемқорлық үшін жағдай туғызатын әрекеттерге жол бермейді.
      Есеп комитетінің мемлекеттік қызметшілері басқа мемлекеттік қызметшілер тарапынан болатын сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактілерінің жолын кеседі.
      18. Есеп комитетінің мемлекеттік қызметшілері, егер сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық туралы анық ақпаратты білетін болса, мұндай құқық бұзушылықты болғызбау және тоқтату жөнінде қажетті шаралар қолданады, соның ішінде жоғары тұрған басшыға жазбаша нысанда дереу хабарлайды. Есеп комитетінің мемлекеттік қызметшілері өзін басқа тұлғалардың сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға көндіру жағдайлары туралы да аталған тұлғалар мен органдарға жазбаша нысанда дереу хабарлайды.
      Төраға не ол уәкілеттік берген лауазымды адам ақпаратты алған күннен бастап бір ай мерзімде Есеп комитеті мемлекеттік қызметшісінің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар, өзін осы бұзушылықтарды жасауға көндіру жағдайлары туралы мәлімдеулері бойынша, соның ішінде тексерулер ұйымдастыру және уәкілетті органдарға өтініштер жолдау арқылы шаралар қолданады.
      Төраға не ол уәкілеттік берген лауазымды адам сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың, өзін осы бұзушылықтарды жасауға көндірудің анық жағдайлары туралы хабарлаған Есеп комитетінің мемлекеттік қызметшісін оның құқықтарын, заңды мүдделерін кемсітетін қудалаудан қорғау жөнінде шаралар қабылдайды.

Көмек
Көмек
Ай бойы келгендердің барлығы:
Кеше келгендердің барлығы:
Қазір порталда:
URL:
Қате:
Пікір:

Спасибо, информация об ошибке принята.

Извините, в данный момент информация об ошибке не может быть обработана.
Попробуйте позже.