Күшін жойған

"Маңғыстау облысы бойынша Тексеру комиссиясы" мемлекеттік мекемесінің Ережесі туралы

Актінің түрі
Ереже
Шешім
Қабылдау күні
14.01.2015
Өзгерту күні
26.02.2016
Актіні қабылдаған орган
Маңғыстау облысының мәслихаты
      Ескерту. Күші жойылды - Маңғыстау облыстық мәслихатының 26.02.2016 № 32/477 шешімімен (жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      РҚАО-ның ескертпесі.
      Құжаттың мәтінінде түпнұсқаның пунктуациясы мен орфографиясы сақталған.
      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңының 25-3-бабының 6-тармағына сәйкес облыстық мәслихат ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
      1. Қоса беріліп отырған "Маңғыстау облысы бойынша Тексеру комиссиясы" мемлекеттік мекемесінің Ережесі бекітілсін
      2. Маңғыстау облыстық мәслихаты аппаратының басшысы (Д.Сейбағытов) осы шешімнің әділет органдарында мемлекеттік тіркелуін, "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде және бұқаралық ақпарат құралдарында оның ресми жариялануын қамтамасыз етсін.
      3. Осы шешім әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күшіне енеді және ол алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Сессия төрағасы
Б. Сарман
Облыстық мәслихат хатшысы
Б. Жүсіпов

      

  Маңғыстау облыстық мәслихатының
2014 жылғы 11 желтоқсандағы
№ 21/311 шешімімен бекітілген

"Маңғыстау облысы бойынша тексеру комиссиясы" мемлекеттік мекемесі туралы
ЕРЕЖЕ

      Осы Ереже Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес Маңғыстау облысы бойынша тексеру комиссиясының мәртебесін, өкілеттіктерін және жұмысының ұйымдастырылуын айқындайды.

1. Жалпы ережелер

      1. Маңғыстау облысы бойынша тексеру комиссиясы (бұдан әрі – Тексеру комиссиясы) жергілікті бюджеттің атқарылуына сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган болып табылады.
      2. Тексеру комиссиясы жергілікті бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есептерді ұсыну арқылы облыстық мәслихатқа тікелей есеп береді.
      3. Тексеру комиссиясы өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының заңдарына, Қазақстан Республикасы Президенті мен Қазақстан Респуликасы Үкіметінің актілеріне, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
      Ескерту.3-тармақ жаңа редакцияда - Маңғыстау облыстық мәслихатының 21.05.2015 № 25/391 шешімімен (жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      4. Тексеру комиссиясы мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауы бар мөрлері мен мөртаңбалары, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазынашылық органдарында есепшоттары болады.
      5. Тексеру комиссиясы азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.
      6. Тексеру комиссиясының егер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес осыған уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.
      7. Тексеру комиссиясы өз құзыретінің мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен, егер мұндай шешімді қабылдау осы Ережемен немесе Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасымен Тексеру комиссиясы төрағасының құзыретіне жатқызылған болса, Тексеру комиссиясы төрағасының қаулылары немесе бұйрықтары түрінде шешім қабылдайды.
      8. Тексеру комиссиясының құрылымын Тексеру комиссиясының төрағасынан, төрт мүшесінен және аппаратынан құралады. Тексеру комиссиясының штат саны лимитін Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
      9. Тексеру комиссиясының заңды мекен-жайы:
      130000 Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы, 14 шағын аудан, 1 үй.
      Ескерту.9-тармақ жаңа редакцияда - Маңғыстау облыстық мәслихатының 21.05.2015 № 25/391 шешімімен (жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      10. Мемлекеттік органның толық атауы – "Маңғыстау облысы бойынша тексеру комиссиясы" мемлекеттік мекемесі.
      11. Тексеру комиссиясының ережесін Маңғыстау облыстық мәслихаты бекітеді.
      12. Осы Ереже Тексеру комиссиясының құрылтай құжаты болып табылады.
      13. Тексеру комиссиясының қызметін қаржыландыру жергілікті бюджеттен жүзеге асырылады.
      14. Тексеру комиссиясына кәсіпкерлік субъектілерімен Тексеру комиссиясының функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
      Егер Тексеру комиссиясына Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерімен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда осындай қызметтен алынған кірістер мемлекеттік бюджеттің кірісіне жіберіледі.

2. Тексеру комиссиясының миссиясы, негізгі міндеттері, функциялары, құқықтары мен міндеттері

      15. Тексеру комиссиясының миссиясы әкімшілік-аумақтық бірлікте қаржы тәртібін нығайту және экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында жергілікті бюджет қаражатын және мемлекет активтерін пайдаланудың тиімділігін арттыру болып табылады.
      16. Тексеру комиссиясының негізгі міндеттері:
      1) жергілікті бюджеттердің атқарылуына және мемлекет активтерінің пайдаланылуына жергілікті деңгейде сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылауды жүзеге асыру;
      2) Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасы, Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасы және жергілікті бюджеттердің атқарылуы, бюджет қаражаты мен мемлекет активтерінің пайдаланылуы саласындағы Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілері талаптарының сақталуын бақылау;
      3) жергілікті бюджеттердің атқарылуын және мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларының, аумақтарды дамыту бағдарламаларының және бюджеттік бағдарламалардың іске асырылуын бағалау.
      17. Тексеру комиссиясының функциялары:
      1) жергілікті бюджеттің атқарылуын, оның ішінде Қазақстан Республикасы бюджет жүйесінің принциптеріне сәйкестігін;
      жергілікті мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларының, аумақтарды дамыту бағдарламаларының және бюджеттік бағдарламалардың іске асырылуын бағалау;
      2) өз қызметтерінің бағыттары бойынша тиімділікті;
      бақылау объектілерінің есепке алу және есептілікті жүргізуінің анықтығы мен дұрыстығына;
      жергілікті бюджет қаражатын, оның ішінде нысаналы трансферттер мен бюджеттік кредиттер, байланысты гранттар, жергілікті атқарушы органдардың қарыздары, мемлекет активтері түрінде жоғары тұрған бюджеттен төмен тұрған бюджетке бөлінген қаражатты пайдаланудың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкестігіне;
      жергілікті бюджетке түсетін түсімдердің толықтығы мен уақытылығының қамтамасыз етілуін, сондай-ақ жергілікті бюджетке түсетін түсімдердің артық (қате) төленген сомаларын қайтарудың және (немесе) есепке жатқызудың дұрыстығына;
      мемлекеттік сатып алу туралы Қазақстан Республикасы заңнамасының сақталуына бақылау;
      3) жергілікті атқарушы органдарға, мемлекеттік органдарға және мемлекеттік қаржылық бақылау объектілеріне жіберілген ұсынымдар мен тапсырмалардың орындалуын мониторингілеу мен бақылау;
      4) тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің облыстың (қаланың) және аудандардың (облыстық маңызы бар қаланың) мәслихаттарына осы Ереженің 4-тарауына белгіленген мерзімде жергілікті бюджеттің атқарылуы туралы өзінің мазмұны бойынша тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органның тиісті есебіне қорытынды болып табылатын жылдық есепті ұсыну;
      5) Қазақстан Республикасының бюджет және өзге де заңнамасын жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізу;
      6) Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің сұратуы бойынша жергілікті бюджеттердің атқарылуы туралы ақпарат ұсыну.
      Ескерту.17-тармаққа өзгерістер енгізілді - Маңғыстау облыстық мәслихатының 21.05.2015 № 25/391 шешімімен (жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      18. Тексеру комиссиясының құқықтары мен міндеттері:
      Тексеру комиссиясы:
      1) Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетіне мемлекеттік бағдарламаларды бірлескен (қосарлас) бақылауды жүзеге асыру жөнінде ұсыныстар енгізуге;
      2) жергілікті бюджеттерге нысаналы трансферттер, кредиттер және қарыздар түрінде бөлінген республикалық бюджет қаражатын пайдалану мәселелері бойынша Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті жүргізетін бақылау іс-шараларына қатысуға;
      3) лауазымды адамдардың кінәсінен болған бұзушылықтар анықталған жағдайда, тиісті мемлекеттік органдарға немесе оларды тағайындаған адамдарға осы лауазымды адамдардың атқарып отырған лауазымдарға сәйкестігі туралы ұсыныстар енгізуге;
      4) Қазақстан Республикасының Үкіметі уәкілеттік берген ішкі бақылау жөніндегі орган жергілікті бюджеттің атқарылуы бөлігінде жүргізген бақылау нәтижелері бойынша қабылданған актілерді сұратуға;
      5) мемлекеттік органдардан, мемлекеттік қаржылық бақылау объектілерінен, жеке заңды тұлғалардан құпиялылық режимінің, қызметтік, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияның сақталуын ескере отырып, жергілікті бюджеттің атқарылуына сыртқы бақылауды жүргізуге байланысты мәселелер бойынша бақылауды жоспарлауға және жүргізуге қажетті құжаттарды, анықтамаларды, ауызша және жазбаша түсініктемелерді сұратуға және алуға;
      6) "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" 2001 жылғы 30 қантардағы Қазақстан Республикасының Кодексінде көзделген өкілеттіктер шегінде әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы хаттамалар толтыруға;
      7) бақылауды жүргізуге мемлекеттік органдардың тиісті мамандарын, сондай-ақ қажет болғанда жергілікті бюджеттен олардың көрсеткен қызметтеріне ақы төлей отырып, аудиторлық ұйымдарды, сарапшыларды тартуға;
      8) бақылау объектісінен құжаттандыру және сақтандыру мәселелерін реттейтін Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтай отырып, бақылау қорытындысын растайтын тиісті материалдарды (дәлелдемелерді) кедергісіз алуға;
      9) бақылау объектілері лауазымды адамдарының сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылауды жүргізуге байланысты мәселелер бойынша есептерін тыңдауға құқылы.
      Тексеру комиссиясы:
      1) Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін лауазымды адамдардың сақтамауының анықталған фактілері бойынша, сондай-ақ тиімділікті бақылау нәтижелері бойынша тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің мәслихаттарына ұсыныстар енгізуге;
      2) бақылау объектісінің лауазымды адамдарының іс-әрекеттерінде қылмыстар немесе әкімшілік құқық бұзушылықтар белгілері анықталған жағдайда,бақылау материалдарын құқық қорғау органдарына немесе әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді қарауға уәкілетті органдарға беруге;
      3) бақылау және талдамалық іс-шаралар барысында анықталған (анықталатын) бұзушылықтарды болғызбау жөнінде шаралар қабылдауға;
      4) бақылау объектілеріне бұрынғы тексерулердің және мемлекеттік қаржылық бақылау органдарының ұсынымдары мен ұсыныстары бойынша қабылданған шаралардың нәтижелерін талдауға және ішкі бақылау қызметтерінің қызметтеріне баға беруге міндетті.

3. Тексеру комиссиясының қызметін ұйымдастыру және оның лауазымды адамдарының өкілеттіктері

      19. Тексеру комиссиясына басшылықты Тексеру комиссиясының төрағасы жүзеге асырады, ол Тексеру комиссиясына жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз функцияларын жүзеге асыруына дербес жауапты болады.
      20. Тексеру комиссиясының төрағасын мәслихат хатшысының ұсынысы бойынша облыстық мәслихат бес жыл мерзімге қызметке тағайындайды және қызметінен босатады.
      21. Тексеру комиссиясы төрағасының өкілеттіктері:
      1) Тексеру комиссиясына жалпы басшылықты жүзеге асырады және оның жұмысын ұйымдастырады;
      2) Тексеру комиссиясына жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз функцияларын жүзеге асыруына, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама талаптарының орындалуын және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жасалуын қамтамасыз етуге Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылықта болады;
      3) Тексеру комиссиясының жылдық және тоқсандық жұмыс жоспарларын бекітеді;
      4) Тексеру комиссиясының лауазымды адамдарының арасындағы міндеттерді бөледі;
      5) Қазақстан Республикасының өзге мемлекеттік органдарында, ұйымдарында және Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде Тексеру комиссиясының мүддесін білдіреді;
      6) бекітілген штат саны және облыстық бюджетте көзделген қаражат шегінде Тексеру комиссиясы аппаратының құрылымы мен штат кестесін бекітеді;
      7) "Мемлекеттік қызмет туралы" 1999 жылғы 23 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Тексеру комиссиясы аппаратының қызметкерлерін қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
      8) "Мемлекеттік қызмет туралы" 1999 жылғы 23 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен Тексеру комиссиясы аппаратының қызметкерлеріне тәртіптік жаза қолданады;
      9) өз құзыреті шегінде бұйрықтар шығарады, нұсқаулар береді, олардың орындалуын тексереді, Тексеру комиссиясының отырыстарында қабылданған қаулыларға және өзге де актілерге, сондай–ақ Тексеру комиссиясы мүшелерінің бақылау жүргізуге арналған тапсырмаларына қол қояды;
      10) Тексеру комиссиясы қызметінің регламентін бекітеді;
      11) Тексеру комиссиясының жылдық (тоқсандық) жұмыс жоспары шеңберінде жүзеге асырылуда өткізілетін бақылау іс-шараларының жоспарларын бекітеді, бақылаудың кезеңділігі айқындайды;
      12) Тексеру комиссиясының мүшелеріне бақылау жүргізуге тапсырмалар береді;
      13) Тексеру комиссиясының құзыреті шегінде бақылау іс-шараларын жүргізуге қатысатын Тексеру комиссиясы аппараты қызметкерлерінің тобын айқындайды;
      14) Тексеру комиссиясы аппараты қызметкерлері қызметінің, олар жүргізген бақылаудың, оның ішінде мемлекеттік қаржылық бақылау стандарттарына сәйкес бақылау объектісінде бола отырып жүргізген бақылаудың жекелеген бағыттарының сапасына бақылау жүргізудің қажеттігін айқындайды;
      15) жергілікті бюджеттердің атқарылуын және мемлекет активтерінің пайдаланылуын бақылау мәселелеріне қатысты құжаттамамен құпиялылық режимінің, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияның сақталуын ескере отырып, кедергісіз танысады;
      16) бақылау объектілерінен бақылау іс-шараларын жүргізуге байланысты мәселелер бойынша қажетті анықтамаларды, ауызша және жазбаша түсініктемелерді талап етеді және өзі белгілеген мерзімде алады;
      17) Тексеру комиссиясы мүшелерінің кандидатуралары бойынша оларды тағайындау, сондай-ақ босату кезінде облыстық мәслихаттың қарауына ұсыныстар енгізеді;
      18) тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің маслихатына аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетінің атқарылуы туралы жылдық есепті ұсынуды Тексеру комиссиясы мүшелерінің біріне жүктейді;
      19) тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің облыс (қала) және аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімдігінің отырыстарына қатысуға құқылы;
      20) Тексеру комиссиясы төрағасының жанынан консультативтік– кеңесші және консультативтік–сараптамалық органдар құрады;
      21) өзі болмаған жағдайда, Тексеру комиссиясы төрағасының міндетін Тексеру комиссиясы мүшелерінің біріне жүктейді;
      22) Қазақстан Республикасының заңдарына және Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтарына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      Ескерту.21-тармаққа өзгерістер енгізілді - Маңғыстау облыстық мәслихатының 21.05.2015 № 25/391 шешімімен (жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      22. Тексеру комиссиясының мүшелерін Тексеру комиссиясы төрағасының ұсынысы бойынша облыстық мәслихат бес жыл мерзімге қызметке тағайындайды және қызметінен босатады.
      23. Тексеру комиссиясы мүшелерінің өкілеттіктері:
      1) Тексеру комиссиясының бақылау, сараптамалық-талдамалық, ақпараттық және өзге де қызметін ұйымдастырады және жүзеге асырады;
      2) өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезінде Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтайды, тексерілетін бақылау объектілерінің жұмыс істеуіне кедергі жасамауы және олардың ағымдағы шаруашылық қызметіне араласпауы тиіс;
      3) жергілікті бюджеттердің атқарылуын бақылау мәселелеріне қатысты құжаттамаға құпиялылық режимінің, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияның сақталуын ескере отырып, кедергісіз қол жеткізе алады;
      4) бақылау объектілерінен бақылау іс-шараларын жүзеге асыруға байланысты мәселелер бойынша қажетті анықтамаларды, ауызша және жазбаша түсініктемелерді талап етеді және өздері белгілеген мерзімдерде алады;
      5) өз құзыреті шегінде өздері жетекшілік ететін қызмет бағыттарының мәселелері бойынша өз бетінше шешім қабылдайды;
      6) бақылауды тиімді ұйымдастыру үшін қажетті ресурстардың көлемін айқындай отырып, өз құзыреті шегінде бақылау бағдарламаларын бекітеді, бақылау қызметін ұйымдастыру бойынша міндеттерін бөлінуіне сәйкес ұсынымдарға қол қояды;
      7) Тексеру комиссиясы аппаратының қызметкерлеріне бекітілген жұмыс жоспарына сәйкес бақылау іс-шараларын жүргізуге тапсырмалар береді;
      8) тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің облыс (қала) және аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімдігінің отырыстарына қатысуға құқылы;
      9) Қазақстан Республикасының заңдарына және Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтарына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      24. Өз өкілеттіктерін іске асыру үшін Тексеру комиссиясының төрағасы мен мүшелері:
      1) бақылау нәтижелері бойынша актілерді қабылдайды;
      2) бақылау актілері негізінде бақылау нәтижелері туралы қорытындылар жасайды;
      3) Тексеру комиссиясының қаулыларын қабылдайды;
      4) мемлекеттік органдарға, ұйымдарға және лауазымды адамдарға жергілікті бюджеттердің атқарылуы бойынша жұмыстағы анықталған бұзушылықтарды, кемшіліктерді жою туралы, құқық қорғау органдарына – Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жауаптылыққа тарту мәселелері бойынша қаулылар немесе ұсынымдар жолдайды.
      25. Анықталған бұзушылықтарды жою, мемлекетке келтірілген залалдың орнын толтыру және Қазақстан Республикасы заңнамасының бұзылуына кінәлі лауазымды адамдарды жауаптылыққа тарту жөнінде мемлекеттік органдар мен ұйымдардың басшыларына жіберілген Тексеру комиссиясының қаулылары мен ұсынымдары оларда белгілеген мерзімдерде немесе, егер мерзімі көрсетілмеген болса, оларды алған күннен бастап жиырма күн ішінде қаралуы тиіс.
      Тиісті мемлекеттік орган және ұйым қаулы мен ұсыным бойынша қабылданған шешім туралы және оны іске асыру жөніндегі шаралар туралы Тексеру комиссиясын дереу хабардар етеді.
      26. Тексеру комиссиясының төрағасы мен мүшелеріне облыстық мәслихаттың хатшысы қол қоятын күәліктер беріледі.
      27. Тексеру комиссиясы төрағасының немесе мүшесінің жұмыстан босату туралы өтініші оның себебі көрсетіле отырып, облыстық мәслихатқа беріледі.
      28. Тексеру комиссиясы мүшесінің жұмыстан босату туралы өтініші Тексеру комиссиясының төрағасын алдын ала хабардар ете отырып беріледі.
      29. Облыстық мәслихат Тексеру комиссиясы төрағасының немесе мүшесінің өкілеттіктерін Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасында көзделген жағдайларда тоқтатады.
      Ескерту.29-тармақ жаңа редакцияда - Маңғыстау облыстық мәслихатының 21.05.2015 № 25/391 шешімімен (жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      30. Тексеру комиссиясының төрағасы немесе мүшесі лауазымына жоғары білімі және мемлекеттік басқару, экономика, қаржы, құқық саласында кемінде жеті жыл тәжірибесі бар Қазақстан Республикасының азаматы тағайындалады.
      31. Тексеру комиссиясы төрағасының, мүшесінің қызметі олар осы қызметтен кеткен немесе осы қызметте болу мерзімі аяқталған күннен бастап екі ай ішінде ауыстырылады.
      Тексеру комиссиясының төрағасы, мүшесі атқаратын қызметтерінде болу мерзімі аяқталғаннан кейін оларды ауыстырғанға дейін міндеттерін атқарушы ретінде өз қызметін жүзеге асыруды жалғастырады.
      32. Тексеру комиссиясының бақылау іс-шараларын, сапаны бақылауды, сараптамалық-талдамалық, ақпараттық, құқықтық, консультативтік, ұйымдастырушылық және өзге де қызметті жүргізуін қамтамасыз етуді Тексеру комиссиясының аппараты жүзеге асырады, ол "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінен (бұдан әрі – аппарат қызметкерлері) тұрады.
      33. Аппарат қызметкерлерінің құқықтары, міндеттері мен жауаптылығы,сондай-ақ олардың мемлекеттік қызметті өткеру жағдайлары мемлекеттік қызмет туралы заңнамамен, еңбек заңнамасымен, осы Ережемен айқындалады.
      34. Тексеру комиссиясы аппаратының қызметкерлері "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" 2001 жылғы 23 қантардағы Қазақстан Республикасының Заңының 25-2-бабының 5-тармағына сәйкес кейіннен сертификатталу арқылы біліктіліктерін артырудан өтуге міндетті.
      35. Тексеру комиссиясының қызметі тек қана Тексеру комиссиясының төрағасы бекітетін жылдық және тоқсандық жоспарларға сәйкес жүзеге асырылады.
      Ескерту.35-тармақ жаңа редакцияда - Маңғыстау облыстық мәслихатының 21.05.2015 № 25/391 шешімімен (жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      36. Бекітілген жұмыс жоспарлары ақпарат үшін Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетіне, сондай-ақ оның сұратуы бойынша бекітілген жоспарларға енгізілген өзгерістер туралы мәліметтер жіберіледі.
      37. Сапаны бақылауды қоспағанда, Тексеру комиссиясының жылдық және тоқсандық жоспарлары бақылауды жүзеге асыру үшін негіз болып табылады.
      38. Бақылау қызметін жоспарлау мен жүргізу 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінің 145-бабының 4-3-тармағынасәйкес Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті бекітетін тәуекелдерді басқарудың үлгі жүйесі негізінде жүзеге асырылады.
      39. Тексеру комиссиясының бақылау іс–шараларының жылдық жоспары әрі облыстық (қалалық) бюджеттен, аудандар (облыстық маңызы бар қалалар) бюджеттерінен қаржыландырылатын бақылау объектілерін, әрі жергілікті бюджетке түсетін түсімдердің толықтығы мен уақыттылығын, сондай–ақ жергілікті бюджетке түсімдердің артық (қате) төленген сомаларын қайтарудың және (немесе) есептеудің дұрыстығын бақылауды жүзеге асыратын, республикалық бюджеттен қаржыландырылатын бақылау объектілерін қамтуы тиіс.
      40. Тексеру комиссиясы өзінің бақылау қызметін жүзеге асыру кезінде бақылау объектісінен тәуелсіз болады. Тексеру комиссиясының тәуелсіздігі:
      1) Тексеру комиссиясының қызметіне мемлекеттік органдардың және өзге ұйымдардың заңсыз араласуына жол бермеу;
      2) мемлекеттік органдардың сұратуы бойынша Тексеру комиссияларының қызметкерлерін Тексеру комиссиясының жұмыс жоспарларында көзделмеген тексерулерді жүргізуге тартуға жол бермеу;
      3) өз қызметін жүзеге асыру үшін тиісті жағдайлар жасау;
      4) Тексеру комиссиясының қызметін Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында белгіленген шекте және тәртіпте жеткілікті мөлшерде қаржыландыру.
      41. Мемлекеттік органдар Тексеру комиссиясының қаржылық қызметін бақылауды облыс мәслихатының келісімімен немесе тапсырмасы бойынша жүзеге асырады.
      42. Бақылау-қадағалау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік органдар Тексеру комиссиясына оның міндеттерін орындауда жәрдем көрсетеді, құпиялылық режимінің сақталуын ескере отырып, өздері жүргізген тексерулердің нәтижелері туралы ақпаратты оның сұратуы бойынша береді.
      43. Тексеру комиссиясының шешімдерін қабылдау алқалы түрде отырыста жүзеге асырылады.
      44. Тексеру комиссиясының отырысында ұсынылатын Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетіне ақпараттың және тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің мәслихаттарына есептердің құрылымы, мазмұны мақұлданады, бақылау іс-шараларының қорытындылары, жоспарлау, әдіснама мәселелері, алқалы шешімді талап ететін өзге де мәселелер қаралады.
      45. Тексеру комиссиясының отырыстары ашық немесе жабық түрде өтеді. Тексеру комиссиясының шешімдері Тексеру комиссиясының отырысқа қатысушы құрамының жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда, төрағалық етуші дауыс берген шешім қабылданды де есептеледі.
      46. Тексеру комиссиясының отырыстарын жүргізудің тәртібі, жұмысты ұйымдастыру мәселелері және жергілікті бюджеттердің атқарылуын және мемлекет активтерінің пайдаланылуын бақылауды қамтамасыз ету жөніндегі басқа да мәселелер Тексеру комиссиясының регламентімен айқындалады.

4. Тексеру комиссиясының есептілігі

      47. Тексеру комиссиясы жыл сайын есепті қаржы жылындағы жергілікті бюджеттердің атқарылуы туралы есеп (бұдан әрі – жылдық есеп) жасайды.
      48. Жылдық есеп:
      1) тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің облыстық (қалалық) бюджетінің, аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетінің негізгі параметрлерінің орындалуын;
      2) жергілікті бюджеттердің түсімдері мен шығыстарын;
      3) жергілікті мемлекеттік органдардың өздерінің стратегиялық жоспарларында көзделген тікелей және түпкілікті нәтижелерге қол жеткізуін, аумақтарды дамыту, оның ішінде өткен кезеңдердегі бағдарламаларының және жергілікті бюджеттік бағдарламалардың іске асырылуын;
      4) жергілікті бюджет қаражатының, оның ішінде нысаналы трансферттер мен бюджеттік кредиттердің, байланысты гранттардың, жергілікті атқарушы органдардың қарыздарының, жергілікті бюджеттік инвестициялық жобаларды қоса қаржыландырудың және мемлекет активтерінің пайдаланылуын;
      5) бақылау объектілерінің есепке алу және есептілікті жүргізуінің анықтығы мен дұрыстығын бағалауды қамтиды.
      49. Жылдық есепте тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органының жергілікті бюджеттің атқарылуы туралы есебі жөнінде қорытынды беріледі, Тексеру комиссиясының есепті жылдағы қызметінің негізгі көрсеткіштері, анықталған қаржылық бұзушылықтардың құрылымы, сондай-ақ есепті жылы қаулылар мен ұсынымдардың орындалғаны туралы сандық деректер және олардың атқарылғаны туралы ақпарат көрсетіледі.
      50. Тексеру комиссиясы мақұлдаған жылдық есеп ағымдағы жылдың 20 мамырына дейін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің облыстық мәслихатқа, ағымдағы жылдың 20 сәуіріне дейін аудандық (облыстық маңызы бар қала) мәслихатына қарауға және бекітуге жіберіледі. Жылдық есепті мәслихатқа ұсынуды Тексеру комиссиясының төрағасы жүзеге асырады.
      Тексеру комиссиясы төрағасының шешімі бойынша облыс бюджетінің атқарылуы туралы жылдық есепті қоспағанда, аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетінің атқарылуы туралы жылдық есепті мәслихатқа ұсыну Тексеру комиссиясы мүшелерінің біріне жүктелуі мүмкін.
      51. Жылдық есеп мәслихат бекіткеннен кейін "Мемлекеттік құпиялар туралы" 1999 жылғы 15 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңының талаптары сақтала отырып, бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануға жатады.

5. Тексеру комиссиясының мүлкі

      52. Тексеру комиссиясының Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда, жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.
      53. Тексеру комиссиясының мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптасады.
      54. Тексеру комиссиясына бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.
      55. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше көзделмесе, Тексеру комиссиясының өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иелігінен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.
      56. Тексеру комиссиясының төрағасын, мүшелерін және аппарат қызметкерлерін материалдық-техникалық және медициналық қамтамасыз ету, сондай-ақ көліктік қызмет көрсету Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

6. Тексеру комиссиясын қайта ұйымдастыру және тарату

      57. Тексеру комиссиясын қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Көмек
Көмек
Ай бойы келгендердің барлығы:
Кеше келгендердің барлығы:
Қазір порталда:
URL:
Қате:
Пікір:

Спасибо, информация об ошибке принята.

Извините, в данный момент информация об ошибке не может быть обработана.
Попробуйте позже.