Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаменті туралы ережені бекіту туралы

Актінің түрі
Бұйрық
Ереже
Қабылдау күні
10.11.2015
Өзгерту күні
10.12.2019
Актіні қабылдаған орган
Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті

      Ескерту. Бұйрықтың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының 08.05.2019 № 30/қе (Бұйрықтың орындалу тәртібін 4-тармақтан қараңыз) бұйрығымен.

      Қазақстан Республикасы Президентінің 1996 жылғы 1 сәуірдегі № 2922 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті туралы ереженің 16-тармағы 3) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Астана қаласы бойынша департаменті туралы ереже бекітілсін.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының 08.05.2019 № 30/қе (Бұйрықтың орындалу тәртібін 4-тармақтан қараңыз) бұйрығымен.

      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Астана қаласы бойынша департаменті заңнамамен белгіленген тәртіпте:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде аталған бұйрық мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберілуін;

      3) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін осы бұйрықтың Астана қаласының Әділет департаментінде мемлекеттік тіркелуін;

      4) Астана қаласының Әділет департаментінде осы бұйрық мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Заң департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалғаны жөнінде мәліметтердің ұсынылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасы


Ұлттық қауіпсіздік комитетінің


Төрағасы

Н. Әбіқаев


  Қазақстан Республикасы
Ұлттық қауіпсіздік комитеті
Төрағасының
2015 жылғы 6 қазандағы
№ 78 бұйрығымен
бекітілді

Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаменті туралы ереже

      Ескерту. Ереженің тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының 08.05.2019 № 30/қе (Бұйрықтың орындалу тәртібін 4-тармақтан қараңыз) бұйрығымен.

1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаменті (бұдан әрі – Департамент) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (бұдан әрі – ҰҚК) аумақтық органы болып табылады.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының 08.05.2019 № 30/қе (Бұйрықтың орындалу тәртібін 4-тармақтан қараңыз) бұйрығымен.

      2. Департамент өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентінің актілерін, ҰҚК Төрағасының өзге де нормативтік құқықтық актілері мен бұйрықтарын, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.

      3. Департамент мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысандағы заңды тұлғасы болып табылады, оның нақты және шартты атаулары, мөрлері мен мөртабандары, есепшоттары, негізгі қорлары, әлеуметтік-мәдени және медициналық мақсаттағы объектілері бар.

      4. Департаменттің құрылымын, штаттық санын белгіленген тәртіпте ҰҚК Төрағасы бекітеді.

      5. Департамент оның құрылымын құрайтын басқармалардан, бөлімдерден, топтардан тұрады. Оның құрамына мынадай оқшауланған құрылымдық бөлімшелер кіреді:

      1) Алматы аудандық бөлімі. Қызмет көрсету аймағы – Нұр-Сұлтан қаласының Алматы ауданы;

      2) Есіл аудандық бөлімі. Қызмет көрсету аймағы – Нұр-Сұлтан қаласының Есіл ауданы;

      3) Сарыарқа аудандық бөлімі. Қызмет көрсету аймағы – Нұр-Сұлтан қаласының Сарыарқа ауданы;

      4) Байқоңыр аудандық бөлімі. Қызмет көрсету аймағы – Нұр-Сұлтан қаласының Байқоңыр ауданы.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының 10.12.2019 № 764/қе-қа бұйрығымен.

      6. Департамент азаматтық-құқықтық қатынастарға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қатысады.

      7. Егер Департаментке заңнамаға сәйкес уәкілеттік берілсе ол мемлекет атынан азаматтық-құқықтық қатынастар тарапына қатысуға құқығы бар.

      8. Департаменттің заңды мекенжайы: 010000, Қазақстан Республикасы, Нұр-Сұлтан қаласы, Ә.Жангелдин көшесі, 21.

      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының 08.05.2019 № 30/қе (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      9. Департамент қызметін қаржыландыру тек республикалық бюджеттен жүзеге асырылады.

      10. Департаменттің толық атауы – "Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаменті" мемлекеттік мекемесі.

      Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының 10.12.2019 № 764/қе-қа бұйрығымен.

      11. Осы Ереже Департаменттің құрылтай құжаты болып табылады.

      12. Департаменттің функциясына кіретін міндеттерді орындау тұрғысында Департаментке оны орындау үшін кәсіпкерлік субъектілерімен шарттық қарым-қатынас жасауға тыйым салынады.

      Егер Департаментке заң актілері бойынша табыс алып келетін іспен айналысуға құқық берілген болса, онда ол істен келіп түскен табыс мемлекеттік бюджеттің кірісіне жіберіледі.

2. Департаменттің негізгі мақсаттары

      13. Департаменттің Нұр-Сұлтан қаласы шегіндегі негізгі мақсаттары:

      1) жеке адамның, қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысу;

      2) "Сыртқы барлау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының мүддесі үшін барлау ақпаратын табу;

      3) қарсы барлау қызметін жүзеге асыру;

      4) Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгертуге, тұтастығын бұзуға және қауіпсіздігін әлсіретуге бағытталған террористік және өзге де іс-әрекеттерді анықтау, алдын алу және жолын кесу;

      5) Нұр-Сұлтан қаласының аумағында терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимыл саласындағы қызметті үйлестіруге қатысу;

      6) заңнамамен ұлттық қауіпсіздік органдарының қарауына жатқызылған қылмыстық құқық бұзушылықтарды анықтау, жолын кесу, ашу және тергеу;

      7) қарсы барлау, жедел-іздестіру қызметі субьектілерінің тапсырмалары бойынша қарсы барлау, арнайы жедел-іздестіру іс-шараларын ұйымдастыру және жүргізу;

      8) қарсы барлау, жедел-іздестіру қызметі субьектілерінің тапсырмалары бойынша қарсы барлау, арнайы жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізуді қамтамасыз ету үшін жағдай жасау;

      9) жасырын тергеу әрекеттерін заңнамамен белгіленген тәртіпте ұйымдастыру және өткізу;

      10) жасырын тергеу әрекеттерін қамтамасыз ету үшін жағдай жасау;

      11) Қазақстан Республикасының заңдарымен, Президенттің және ҰҚК Төрағасының актілерімен анықталатын өзге де мақсаттар болып табылады.

      Ескерту. 13-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының 06.10.2017 № 91/қе; 10.12.2019 № № 764/қе-қа бұйрығымен.

3. Департаменттің негізгі функциялары, міндеттері мен құқықтары

      14. Департамент Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген тәртіпте және өз құзыреті шегінде Нұр-Сұлтан қаласы аумағында мынадай функцияларды жүзеге асырады:

      1) ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысады;

      2) ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік (салалық) бағдарламаларды іске асыруға қатысады;

      3) ҰҚК басшыларының келісімімен және өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес халықаралық, мемлекетаралық және өзге де ұйымдардың жұмысына қатысады, ұлттық қауіпсіздік органдарының құзыретіне жататын қызмет саласында шет мемлекеттердің арнаулы қызметтерімен, құқық қорғау органдарымен, шет мемлекеттердің үкіметтік және арнаулы байланыс органдарымен, халықаралық қауіпсіздік құрылымымен және құқық қорғау ұйымдарымен өзара іс-қимылды және халықаралық ынтымақтастықты қамтамасыз етеді;

      4) ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы шешімдерді қабылдау үшін қажетті ақпаратпен мемлекеттік органдарды қамтамасыз етеді;

      5) Алып тасталды - ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының 06.10.2017 № 91/қе бұйрығымен.

      6) өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының шекара қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған барлау, қарсы барлау және жедел іздестіру қызметін ұйымдастырады және қамтамасыз етеді;

      7) Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгертуге, тұтастығын бұзуға және қауіпсіздігін әлсіретуге бағытталған терроризм мен экстремизмге, өзге де іс-әрекеттерге қарсы іс-қимыл бойынша шараларды әзірлейді және іске асырады, мемлекеттік органдардың терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимыл саласындағы қызметін үйлестіруді жүзеге асырады. Нұр-Сұлтан қаласының аумағында терроризмге қарсы операцияларды өткізуді ұйымдастырады;

      8) террористік тұрғыдан осал объектілерді терроризмге қарсы қорғау деңгейін арттыруға террористік қауіп-қатердің сипаты мен өзіндік ерекшелігі туралы олардың басшыларына ақпарат беру, терроризмге қарсы іс-қимыл және терроризмге қарсы қорғау бойынша ұсынымдар әзірлеу, террористік тұрғыдан осал объектілерде терроризмге қарсы практикалық оқу-жаттығулар өткізу арқылы ықпал етеді;

      9) Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қауіпсіздік және террористік қауіп-қатерлерді бейтараптандыруға дайындық жүйесін жетілдіру бойынша шаралар кешенін іске асыруына бақылау жасауды жүзеге асырады;

      10) азаматтарды әскери қызметке шақыру мерзімінде шақыру комиссиясының жұмысына қатысады;

      11) Қазақстан Республикасы жергілікті әскери басқару органдары ұсынған жиынтық деректердің негізінде ҰҚК Шекара қызметінің мұқтажы үшін шақырылушы контингентке мониторинг пен іріктеуді жүзеге асырады;

      12) шектес мемлекеттердің аумағынан Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын жаппай өту, Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күшпен өзгерту әрекеттері, терроризм актілері, Қазақстан Республикасының Конституциясын бұза отырып, билікті күшпен басып алу немесе билікті күштеп ұстау әрекеттері, диверсия, қарулы көтеріліс салдарынан туындаған әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайларды анықтайды, ескертеді және жолын кеседі, сондай-ақ "Төтенше жағдай туралы" 2003 жылғы 8 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңында қарастырылған өзге де іс-қимылдарды жүзеге асырады;

      13) заңнамамен белгіленген тәртіпте қарсы барлау және жедел-іздестіру қызметін, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді ұйымдастырады және тікелей жүзеге асырады;

      14) Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттiк және құқық қорғау органдарына, Қарулы Күштерiне, басқа да әскерлерi мен әскери құралымдарына қоғамдық қауiпсiздiктi, заңдылықты, құқықтық тәртiптi, елдiң қорғаныс қабiлеттiлiгiн қамтамасыз етуге, өзге де алға қойылған мiндеттердi шешуге көмек көрсетедi;

      14-1) Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерін ілгерілетуде мемлекеттік органдар мен ұйымдарға көмек көрсетеді;

      15) уәкiлеттi органдармен бірлесіп қарсыластың барлау-бүлдiру акциясын жүргiзуi үшiн жағдай жасайтын сыртқы және iшкi факторларды жою және бейтараптандыру бойынша, оның iшiнде трансұлттық қылмыстық қоғамдастыққа, заңсыз көшi-қонға, қару-жарақтардың, оқ-дәрiлердiң, жарылғыш және уландырғыш заттардың, есiрткi құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың, ақпаратты жасырын алуға арналған арнайы техникалық құралдар мен электрондық құрылғылардың заңсыз айналымына қарсы iс-қимыл бойынша шаралар әзiрлеуге және жүзеге асыруға қатысады;

      16) Қазақстан Республикасының мүддесіне өз құзыреті шегінде барлау қызметін ұйымдастырады және жүзеге асырады;

      17) ұлттық қауiпсiздiк органдарының құзыретiне жататын мәселелер бойынша мемлекеттiк органдармен, сондай-ақ өзге де ұйымдармен өзара iс-қимылды жүзеге асырады;

      18) мемлекеттiк органдар мен ұйымдардағы мемлекеттiк құпияларды құрайтын мәлiметтердi қарсы барлаулық қорғау бойынша шараларды әзiрлейдi және жүзеге асырады, сондай-ақ олардың аталған саладағы қызметiн бақылайды;

      19) Қазақстан Республикасының азаматтарына мемлекеттiк құпияларды құрайтын мәлiметтерге рұқсатты ресiмдеуге (қайта ресiмдеуге), сондай-ақ ұйымдарға мемлекеттiк құпияларды құрайтын мәлiметтердi пайдалануға байланысты қызметке рұқсат беруге арнайы тексеру жүргiзумен, мемлекеттiк құпияларды қорғау құралдарын жасаумен, сондай-ақ мемлекеттiк құпияларды қорғау бойынша iс-шараларды жүргiзумен және (немесе) қызмет көрсетулермен байланысты шараларды iске асырады;

      20) Нұр-Сұлтан қаласы аумағындағы шетел мемлекеттері өкiлдiктерiнiң және халықаралық ұйымдардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету бойынша басқа да құзыреттi органдармен өзара iс-қимылда шаралар қолданады;

      21) мемлекеттік қызметке кіретін (онда жұмыс істейтін) Қазақстан Республикасының азаматтарына заңнамада белгіленген тәртіпте және шекте міндетті арнайы тексеруді ұйымдастырады;

      21-1) Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына жұмысқа тартылатын шетелдіктерге Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте және шекте міндетті арнайы тексеру жүргізеді;

      22) техникалық барлауға қарсы іс-қимыл бойынша қызметті жүзеге асырады;

      23) Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдары өткізетін қарсы барлау, жедел-іздестіру іс-шаралары мен тергеу іс-қимылдарын техникалық қамтамасыз етуді ұйымдастырады;

      23-1) ақпараттарды, коммуникацияларды және киберкеңістіктегі мемлекеттің инфрақұрылым стратегиялық объектілерін киберқорғау бойынша іс-шараларды жүргізеді;

      23-2) қарсы барлау, жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыратын барлық органдардың міндеттерін шешу мүддесінде байланыс желісін қолданумен байланысты қарсы барлау, арнайы жедел-іздестіру іс-шараларын техникалық тұрғыдан жүзеге асырады;

      23-3) Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы белгілейтін тәртіпте Департаменттің ақпараттандыру объектілерінің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қызметті жүзеге асырады;

      24) радиоэлектрондық және радиотехникалық барлауды жүзеге асырады;

      25) мемлекеттік органдар мен ұйымдарда құпиялылық режимін қамтамасыз ету бойынша жұмысты үйлестіреді және бақылайды;

      26) мемлекеттік құпияларды қорғау саласында әкімшілік құқық бұзушылық және қылмыстық айыптар бойынша сот алдында өндірісті ұйымдастырады және тікелей жүзеге асырады;

      27) мемлекеттік құпияларды қорғау бойынша нормативтік және әдістемелік актілерді әзірлеу мен орындау мақсатында мемлекеттік құпияларды қорғау органдарының қызметін үйлестіреді және бақылайды;

      28) мемлекеттік құпияларды қорғау бойынша Нұр-Сұлтан қаласының аумағында құқықтық, әкімшілік, экономикалық, техникалық, бағдарламалық және криптографиялық шаралар жүйесінің орындалуын бақылайды;

      29) жеке тұлғаның, қоғам мен мемлекеттің мүдделеріне залал келтіретін желілерді және байланыс құралдарын қылмыстық мақсатта пайдалануды анықтауды және жолын кесуді қамтамасыз етеді;

      30) Алып тасталды - ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының 06.10.2017 № 91/қе бұйрығымен.

      31) Департамент қызметкерлері мен жұмыскерлерін, сондай-ақ құпия көмекшілерді қорғауды ұйымдастырады және қамтамасыз етеді;

      32) қылмыстық процеске қатысушы адамдарды мемлекеттік қорғау туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қорғалуға жататын адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді;

      33) ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлерін, мекеменің ведомстоволық қатыстылығын, орын-жайлар мен көлік құралдарын шифрлау бойынша шараларды жүзеге асырады;

      34) Департаменттің қызметкерлері мен жұмыскерлерін жауынгерлік, техникалық, материалдық, қаржылық, ғылыми, ақпараттық, құқықтық, әлеуметтік-тұрмыстық, әскери-медициналық (медициналық) және басқа да түрлерімен қамтамасыз етілуін, оның ішінде ғимараттар мен күрделі құрылыстарды салуды және қайта салуды, жөндеуді, тұрғын үй салуды, жөндеуді ұйымдастырады;

      35) ұлттық қауіпсіздік органдары құзыретінің шегінде жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қабылдауды және қарауды жүзеге асырады;

      36) Департаментте мұрағаттық істі ұйымдастыру тәртібін қамтамасыз етеді және осы мақсатта ақпараттық жүйелерді қолданады;

      37) жедел-қызметтік іс-қимылды қамтамасыз ету шеңберінде психологиялық-әлеуметтанулық және психофизиологиялық зерттеулерді жүргізеді;

      37-1) Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдарында полиграфологиялық зерттеулер жүргізеді және ақпараттық жүйедегі нәтижелерді есепке алуды жүзеге асырады;

      38) әскери-дәрігерлік сараптама, оның ішінде ұлттық қауіпсіздік органдарында қызмет етуге денсаулық жағдайы бойынша жарамдылығын, азаматтардың ауруларының, мертігулерінің (жараланулардың, жарақаттанулардың, контузия алудың) немесе қайтыс болуының ұлттық қауіпсіздік органдарында қызмет өткеруіне (міндеттерін орындау) байланыстылығын анықтау үшін психофизиологиялық куәландыру, сондай-ақ есірткіге қатысты тест жүргізеді;

      39) Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде белгіленген тәртіппен әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарайды және әкімшілік жаза қолданады;

      40) ұлттық қауіпсіздік мүдделерін қозғайтын оқиғалар мен фактілер туралы ақпаратты уақтылы алу мақсатында мүдделі мемлекеттік органдардың кезекші қызметтерімен өзара іс-қимылды жүзеге асырады;

      41) ғимараттарды, объектілерді күзетуді, сондай-ақ өткізу және ішкі объектілік режимді қамтамасыз етуді ұйымдастырады;

      42) Департаментте құқықтық тәртiптi қамтамасыз етедi;

      43) Департаментте мемлекеттік тілді дамыту мен қолдану аясын кеңейту бойынша жұмыстарды ұйымдастырады және жүргізеді;

      44) Қазақстан Республикасының заңдарымен, Президентінің және ҰҚК Төрағасының актілерімен оның құзырына жатқызылған өзге де функцияларды орындайды.

      Ескерту. 14-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының 06.10.2017 № 91/қе; 08.05.2019 № 30/қе (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 10.12.2019 № 764/қе-қа бұйрығымен.

      15. Департамент өз құзыреті шегінде:

      1) заңнамамен белгіленген тәртіпте және шектерінде Қазақстан Республикасының азаматтарына міндетті арнайы тексеруді жүргізеді;

      2) жеке қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша шараларды жүзеге асырады;

      3) Департамент жеке құрамының жұмылдыру дайындығын қамтамасыз етеді;

      4) мемлекеттік органдарға Қазақстан Республикасының аумағындағы заңсыз әскериленген құрамалар, басқа мемлекеттердің саяси партиялары мен кәсіптік бірлестіктері, діни негіздегі партиялар іс-әрекеттерінің, сондай-ақ саяси партиялар мен кәсіптік бірлестіктерді шетелдік заңды тұлғалар мен азаматтардың, шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың қаржыландыруларының алдын алуға және жолын кесуге көмек көрсетеді;

      5) қорғаныс-өнеркәсіптік кешені, атом энергетикасы, биотехнологиялық кешені, көлік және байланыс объектілерінің, өңірлердің тұрмыс-тіршілігін қамтамасыз ету және өзге де стратегиялық объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша шараларды әзірлеуге және жүзеге асыруға қатысады;

      6) Департаментке жүктелген міндеттерді іске асыру мақсатында ақпараттық-талдау жұмысын жүргізеді;

      7) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау мен Қазақстан Республикасының азаматтығынан шығаруға, Қазақстан Республикасы азаматтарының шетелге баруына, шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасының аумағына келуiне және оның аумағынан тыс жерлерге кетуiне, сондай-ақ олардың Республика аумағында болу режимiне қатысты мәселелердi шешуге қатысады;

      8) Нұр-Сұлтан қаласы аумағындағы шетел мемлекеттері өкілдіктерінің және халықаралық ұйымдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша басқа да құзыретті органдармен өзара іс-қимылда шаралар қолданады;

      9) басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп Қазақстан Республикасына келуі барысында шетел мемлекеттері басшыларының, үкіметтерінің және халықаралық ұйым жетекшілерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласының аумағында жүргізілетін маңызды қоғамдық-саяси іс-шараларға қатысады;

      10) мемлекеттік және қызметтік құпияны құрайтын ақпараттарға рұқсат алуға құжаттарын ресімдеп (қайта ресімдеп) жатқан Қазақстан Республикасының азаматтарына арнайы тексеру жүргізеді;

      11) Қазақстан Республикасының заңдарымен, Президентінің және ҰҚК Төрағасының актілерімен оның құзырына жатқызылған өзге де міндеттерді орындайды.

      Ескерту. 15-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының 06.10.2017 № 91/қе; 10.12.2019 № 764/қе-қа бұйрығымен.

      16. Департамент жүктелген міндеттерді шешу және функцияларды орындау үшін заңнамамен белгіленген тәртіппен:

      1) жалпы және арнайы жедел-іздестіру және қарсы барлау іс-шараларын, криминалистикалық, психологиялық-әлеуметтік және полиграфологиялық зерттеулер жүргізеді;

      2) Қазақстан Республикасының аумағында мемлекеттік құпияларды қорғау туралы Қазақстан Республикасының заңнамаларын бұза отырып, пайдаланылатын радиоэлектронды хабар тарату құралдарын пайдаланудың жолын кеседі;

      3) мақсаттары мен iс-әрекеттері мемлекеттiң қауiпсiздiгiн әлсiретуге, Қазақстан Республикасының аумақтық тұтастығын бұзуға, конституциялық құрылысты күшпен өзгертуге бағытталған шет мемлекеттердiң арнаулы қызметтерi мен ұйымдарына, қылмыстық топтарға енудi жүзеге асырады;

      4) барлау қызметін арнайы техникалық және радиоэлектронды құралдарды пайдалана отырып жүзеге асыру кезінде Қазақстан Республикасының сыртқы барлау субъектілерімен өзара іс-қимыл жасайды;

      5) уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп өздерінің іс-қимылдарымен қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігіне қауіп төндіретін шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасына келулерінің жолын жабу және одан шығару туралы мәселелерді шешеді;

      6) заңнамамен ұлттық қауіпсіздік органдарының құзырына жатқызылған қылмыстық құқық бұзушылықтарды анықтау, жолын кесу, ашу және тергеу кезінде қылмыстық іс жүргізу заңнамасымен көзделген шектерде басқа органдарға міндетті түрде орындалатын тапсырма береді;

      7) азаматтарды өндірістегі материалдар бойынша Департаментке шақырады, олардан түсініктеме, анықтама, құжаттар алады және олардан көшірмелер түсіреді, шақыру бойынша келуден бас тартқан адамдарды мәжбүрлеп әкеледі;

      8) заңнамаға сәйкес қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген негізді күдік туғызған кезде азаматтардан олардың жеке басын куәландыратын құжаттарын тексереді. Қылмыстық құқық бұзушылық жасауға күдік туғызған адамдарды ұстауды, құжаттарды тексеруді, ұсталғандарды және олардың көлік құралдарын жеке тексеріп қарауды, сондай-ақ олардың заттары мен құжаттарын алуды жүзеге асырады;

      9) терроризмге қарсы операцияларға қатысу және терроризмге қарсы операциялардың құқықтық режимін қамтамасыз ету кезінде "Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген шаралар мен уақытша шектеулерді қолдануға;

      10) қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу, қылмыстық құқық бұзушылық жасаған немесе қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп күдік туғызған адамдардың ізін кесу мен ұстау, ұсталғандарды ұстау орындарына жеткізу, сондай-ақ оқиға болған жерге бару және шұғыл медициналық көмекті қажет ететін азаматтарды емдеу мекемелеріне жеткізу үшін басқа мекемлердің байланыс құралдарын, көлік құралдарын пайдаланады. Олардың иелерінің талаптары бойынша байланыс құралдары мен көлік құралдарына келтірілген нақты залалды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өтейді;

      11) Қазақстан Республикасының азаматтарын ерікті түрде штаттан тыс жедел қызметкерлер ретінде тартады;

      12) Қазақстан Республикасының қауіпсіздігіне төнетін қауіп-қатерді іске асыруға себепші болатын, тергелуі Қазақстан Республикасының заңнамасымен ұлттық қауіпсіздік органдарының құзырына берілген қылмыстық құқық бұзушылықтардың жасалуына ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою туралы орындалуы міндетті ұсыныстарды мемлекеттік органдар мен ұйымдарға енгізеді;

      12-1) заңнамамен Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдарының құзырына жатқызылған қылмыстық құқықбұзушылықтың жасалуына жағдай жасайтын іс-әрекеттерге (әрекет немесе әрекетсіздік) жол бермеу туралы орындалуы міндетті ресми алдын ала сақтандыруды жеке және заңды тұлғаларға жазбаша түрде жариялау;

      13) арнайы күзетілетін ерекше режимдегі аумақтарға және өзге де объектілерге ену немесе енуге әрекет етумен байланысты құқық бұзушылық жасаған адамдарды әкімшілік қамауға алуды жүзеге асыруға құқылы. Олардың жеке басын куәландыратын құжаттарын тексереді, олардан түсініктемелер алуға, оларды жеке тексеруді және тексеруді, олардың заттары мен құжаттарын алып қоюды жүзеге асырады;

      14) шарттық негізде Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер, әскери құралымдар мен өзге де ұйымдардың қызметтік орын-жайларын, көлік және өзге де техникалық құралдарын, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың тұрғын және өзге де орын-жайларын, көлік құралдары мен өзге мүліктерін пайдаланады;

      15) заңнамада белгіленген тәртіпте әскери-медициналық қамтамасыз етуді ұйымдастыру мен әскери-дәрігерлік сараптама жүргізу үшін медициналық бөлімшелерді иеленеді;

      16) Департамент міндетінің бөлігін орындайтын және әділет органдарында тіркелуге жатпайтын, органның орналасқан жерінен өзге жерде орналасқан арнайы құрылымдық бөлімше иеленеді;

      17) Департаментке жүктелген міндеттер мен функцияларды орындауға қажетті Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының аумақтық органдарымен бірлескен актілерді шығарады;

      18) Департаментке жүктелген міндеттерді орындау үшін қажетті ақпаратты мемлекеттік органдар мен ұйымдардың ақпараттық жүйелерінен көрсетілген мемлекеттік органдармен – бірлескен нормативтік құқықтық актілерде, ал ұйымдармен келісімдерде белгіленген тәртіппен берілетін электрондық ақпараттық ресурстарды қоса алғанда, мемлекеттік органдардан, әскери құралымдардан, бөлімдер мен ұйымдардан өтеусіз және коммерциялық, банктік және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді жария етуге Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген талаптарды сақтай отырып алады;

      19) Департамент қызметкерлері мен жұмыскерлерін іссапарға жібереді;

      20) Департамент қызметіне қатысты мұрағаттық жедел, тергеу және басқа да материалдарды сақтау мен пайдалануды жүзеге асырады;

      21) Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес жеке және заңды тұлғаларды зерттеп-зерделеуден өткізгеннен кейін Департамент объектілеріне қызмет көрсету бойынша жұмыстарға рұқсат беруді жүзеге асыру;

      22) жеке тұлғалар Департамент объектілеріне және орын-жайларына кірген (көлікпен кірген) және шыққан (көлікпен шыққан) кезде олардың жеке басын куәландыратын құжаттарын тексеруге, олардың өзімен алып жүретін заттарын тексереді (күзетілетін адамдардан басқа);

      23) құпиялылық режимін, мемлекеттік құпиялардың сақталуын қамтамасыз ету, Департамент бөлімшелерінде құпия және құпия емес іс жүргізуді ұйымдастыру мен жүргізу, жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау мерзімін сақтау бойынша жұмыс жағдайын бақылауды жүзеге асыру, тексеруді ұйымдастыру;

      24) Департамент қызметкерлерінің жеке басын, олардың бөлімшелерінің, үй-жайлары мен көлік құралдарының ведомстволық тиесілігін немесе ұлттық қауіпсіздік органдарына құпиялылық негізде жәрдем көрсететін азаматтардың жеке басын бүркемелеу мақсатында басқа мемлекеттік органдардың, сондай-ақ ұйымдардың құжаттарын пайдаланады;

      25) ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлерінің арнайы және дене дайындығын ұйымдастыру үшін, сондай-ақ әр деңгейдегі спорт шараларын өткізуге, спорт ғимараттарын жалға алуға, иеленеді;

      26) қару-жарақтарды, оқ-дәрілерді, арнайы қорғау мен қорғаныс құралдарын жабдықталған орында сақтайды;

      27) оның жүргізуіне жататын өзге де функциялар мен құқықтарды Президент және ҰҚК Төрағасының заңдарымен, актілерімен жүзеге және іске асырады.

      Ескерту. 16-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының 06.10.2017 № 91/қе; 08.05.2019 № 30/қе (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

4. Департамент қызметін ұйымдастыру

      17. Департаментті Қазақстан Республикасы Президентінің немесе оның тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының келісімі бойынша ҰҚК Төрағасы тағайындайтын бастық басқарады.

      18. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жағдайларда Департамент бастығының орынбасары (орынбасарлары) болады.

      19. Департамент бастығы Департамент қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады және Департаментке жүктелген міндеттердің орындалуын және өз функциясын жүзеге асыру үшін дербес жауапты болады.

      20. Департамент бастығы ҰҚК басшылығына Департаменттің құрылымы мен штаттық кестесі бойынша ұсыныстар береді.

      21. Бұл мақсатта:

      1) өзінің орынбасары болған жағдайда (орынбасарлары), олардың міндеттері мен өкілеттіктерін айқындайды;

      2) Департамент құрамына кіретін құрылымдық бөлімшелер басшыларының өкілеттіктерін айқындайды;

      3) Департаменттің қызметкерлері мен жұмыскерлерінің лауазымдық нұсқауларын бекітеді;

      4) Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық және құқықтық актілеріне сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      22. Департамент бастығының орынбасары (орынбасарлары):

      1) өз өкілеттіктері шеңберінде Департамент қызметін үйлестіреді;

      2) Департамент бастығы болмаған кезде Департамент қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады және Департаментке жүктелген міндеттердің орындалуын және өз функциясын жүзеге асыру үшін дербес жауапты болады;

      3) Департамент бастығы жүктеген өзге де функциаларды жүзеге асырады.

      23. Қойылған қарсы барлау, барлау міндеттерін табысты шешу үшін қажетті және жеткілікті жағдайларды жасау, қолдау және дамыту жөніндегі басқарушылық шешімдерді әзірлеу және іске асыру мақсатында Департаментте консультативтік-кеңесші орган – Кеңес құрылады. Кеңес қызметін ұйымдастыру белгіленген талаптарға сәйкес жүзеге асырылады.

      24. Департамент құзыретіне кіретін мәселелер бойынша Департамент атынан жеке және заңды тұлғаларға, сондай-ақ ҰҚК басқа бөлімшелеріне жіберілетін құжаттарға Департамент бастығы, ал ол болмаған жағдайда оны алмастыратын адам немесе адресаттың мәртебесіне сәйкес оның орынбасарлары қол қояды.

5. Департамент мүлігі

      25. Департамент жедел басқару құқығындағы оқшауланған мүлікке ие.

      Департаменттің мүлігі оған меншік иесі берген мүліктің, сондай-ақ заңмен тыйым салынбаған өзінің іс-қимылы мен өзге де көздер арқылы (қаржы табыстарын қоса отырып) жинақтау нәтижесінде сатып алынған мүліктер есебінен қалыптастырылады.

      26. Департаментке бекітіліп берілген мүлік республикалық меншікке жатады.

      27. Департамент егер заңнамада өзгеше белгіленбесе, өзіне бекітілген мүлікті және қаржы жоспары бойынша берілген қаражатқа сатып алынған мүлікті өз бетінше иеліктен шығаруға немесе өзге де тәсілдермен иелік етуге құқылы емес.

6. Департаментті қайта құру және тарату

      28. Департаментті қайта құру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Көмек
Көмек
Ай бойы келгендердің барлығы:
Кеше келгендердің барлығы:
Қазір порталда:
URL:
Қате:
Пікір:

Спасибо, информация об ошибке принята.

Извините, в данный момент информация об ошибке не может быть обработана.
Попробуйте позже.