Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының қызметкерлерін қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру қағидаларын бекіту туралы

Актінің түрі
Бұйрық
Қаулы
Қабылдау күні
28.12.2015
Өзгерту күні
30.11.2015
Актіні қабылдаған орган
Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті
Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі

      «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 12 қарашадағы Заңының 39-бабының 7 тармағына сәйкес, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті (бұдан әрі – Есеп комитеті) ҚАУЛЫ ЕТЕДІ және Қазақстан Республикасының Қаржы министрі БҰЙЫРАДЫ:
      1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының қызметкерлерін қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру қағидалары бекітілсін.
      2. Есеп комитетінің Заң бөлімі заңнамада белгіленген тәртіппен:
      1) осы бірлескен нормативтік қаулының және бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
      2) осы бірлескен нормативтік қаулы және бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның мерзімді баспасөз басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялануға жіберілуін;
      3) осы бірлескен нормативтік қаулының және бұйрықтың Есеп комитетінің интернет-ресурсына орналастырылуын қамтамасыз етсін.
      3. Бірлескен нормативтік қаулының және бұйрықтың орындалуын бақылау Есеп комитетінің аппарат басшысына және Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің жауапты хатшысына жүктелсін.
      4. Осы бірлескен нормативтік қаулы және бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Республикалық бюджеттің        Қазақстан Республикасының
      атқарылуын бақылау             Қаржы министрі
      жөніндегі есеп комитетінің     ______________Б. Сұлтанов
      Төрағасы
      _____________Қ. Жаңбыршин

Республикалық бюджеттің атқарылуын
бақылау жөніндегі есеп комитетінің 
2015 жылғы 30 қарашадағы     
№ 19-НҚ нормативтік қаулысымен  
және Қазақстан Республикасы  
Қаржы министрінің 2015 жылғы  
30 қарашадағы № 602 бұйрығымен 
бірлесіп бекітілген          

Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының қызметкерлерін қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының қызметкерлерін қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 23 қарашадағы Еңбек кодексіне, «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» 2015 жылғы 12 қарашадағы (бұдан әрі – Заң), «Білім туралы» 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес әзірленді және мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының қызметкерлерін қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру тәртібін айқындайды.
      2. Қайта даярлаудың және біліктілікті арттырудың негізгі қағидаттары:
      1) жүйелілік;
      2) ғылымилық;
      3) біліктілікті арттыруды өз бетінше білім алумен ұштастыру;
      4) оқытудың үздіксіздігі, сабақтастығы және дәйектілігі болып табылады.
      3. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар қолданылады:
      1) біліктілікті арттыру – мемлекеттік аудитордың бұрын алған кәсіби білімін, шеберлігі мен дағдыларын қолдауға, кеңейтуге, тереңдетуге және жетілдіруге мүмкіндік беретін қосымша білім беру нысаны;
      2) білім беру бағдарламасы – әрбір оқу пәні (курс) бойынша меңгерілуге тиісті білімнің, шеберліктің, дағдылардың мазмұны мен көлемін айқындайтын білім беру бағдарламасы;
      3) білімді қорытынды бақылау – тыңдаушылардың тиісті оқыту курсы бойынша алған теориялық және практикалық білімдерін бағалау, оның нәтижелері бойынша оқытудан өткені туралы куәландыратын құжат беру жөнінде шешім қабылданады;
      4) қайта даярлау – басқа кәсіп немесе мамандық меңгеруге мүмкіндік кәсіптік оқыту нысаны;
      5) қосымша білім беру – біліктілікті арттыру және қайта даярлау нысанында іске асырылатын, қызметкерлердің білім алу қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында жүзеге асырылатын оқыту процесі;
      6) оқу жоспары – қандай да бір бағдарламаның шеңберінде оқу пәндерінің құрамы, олардың әрбір оқу пәніне берілетін академиялық сағаттар санына бөлінуі белгіленген құжат;
      7) оқыту ұйымы – мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының қызметкерлерін қайта даярлауды және олардың біліктілігін арттыруды жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айқындалған ұйымдар:
      мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының қызметкерлеріне – Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитеті;
      ішкі мемлекеттік аудитті және қаржылық бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік аудиторларға – ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті орган;
      8) өз бетінше білім алу – қызметкерлердің кәсіби қызметінің барлық кезеңінде өз бетінше жаңа теориялық білім алуға және бар білімдерін жетілдіруге бағытталған білім беру процесі;
      9) өтінім беруші – қайта даярлауға және біліктілікті арттыруға өтінім беретін сыртқы және ішкі мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары;
      10) тыңдаушы – қайта даярлаудан және (немесе) біліктілікті арттырудан өтетін адам;
      11) уәкілетті органдар – мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау саласында әдіснамалық басшылықты жүзеге асыратын әрі мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау саласында қайта даярлауды және біліктілікті арттыруды ұйымдастыратын органдар:
      мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының қызметкерлеріне – Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитеті;
      ішкі мемлекеттік аудитті жүзеге асыратын мемлекеттік аудиторларға – ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті орган.
      4. Қайта даярлаудың және біліктілікті арттырудың міндеттері:
      1) мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарын білікті қызметкерлермен қамтамасыз ету;
      2) алған білімдерін мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының қызметін жетілдіруге қолдану;
      3) қызметкерлердің мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау саласында жаңа теориялық білімдер мен практикалық дағдыларды алуға және оларды жаңартып отыруға деген қажеттіліктерін қанағаттандыру;
      4) алған теориялық білімдері мен кәсіби дағдыларын тәжірибеде қалыптастыру, бекіту және жинақтау.

2. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау қызметкерлерін қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру тәртібі

      5. Мемлекеттік аудит сертификатының болуын талап ететін лауазымға үміткер мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының қызметкерлері Заңның 39-бабына сәйкес қайта даярлаудан өтеді.
      6. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының қызметкерлері үш жылда кемінде бір рет біліктілікті арттырудан өтеді.
      7. Біліктілікті арттыру мақсатында, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жүйесінің қызметкерлері уәкілетті органдармен келісу бойынша олардан тағылымдамадан өтуге 1 айдан аспайтын мерзімге жіберіледі. Тағылымдамадан өтуге байланысты барлық шығыстарды қызметкерді тағылымдаға жіберетін тарап көтереді.
      8. Қосымша білім беру бағдарламаларын меңгеру жұмыстан қол үзе отырып өткізіледі.
      9. Өтінім беруші жыл сайын әрбір пән бойынша қызметкерлер санын көрсете отырып, уәкілетті органдарға алдағы қаржы жылына арналған өтінім жібереді. Уәкілетті органдарда өтінімді қайта даярлауға және біліктілікті арттыруға жауапты тиісті құрылымдық бөлімше жасайды.
      10. Уәкілетті органдар ағымдағы жылдың 1 мамырынан кешіктірмей бұрын өткен қайта даярлау курстарын және (немесе) біліктілікті арттыру курстарын ескере отырып, қайта даярлау және біліктілікті арттыру бойынша контингентті және алдағы қаржы жылына арналған бюджеттік өтінімді қалыптастырады.
      11. Уәкілетті органдар алдағы қаржы жылына арналған республикалық бюджет бекітілгеннен кейін қайта даярлау және біліктілікті арттыру кестесін қалыптастырады.
      12. Алдағы қаржы жылына арналған қайта даярлау және біліктілікті арттыру кестесін, қайта даярлау бойынша оқу жоспарын, сондай-ақ біліктілікті арттырудың білім беру бағдарламаларының тақырыбын уәкілетті органдармен келісу бойынша оқыту ұйымдары бекітеді.
      13. Өтінім берушілер кәсіби дамудың есебін дербес жүргізеді және оған деген оған қажеттілікті айқындайды, адами ресурстарды басқару және персоналды дамыту бойынша жоспарлар әзірлейді, оқытудан өткендердің дерекқорын қалыптастырады, олардың қызметіне және алған білімдерін практикада қолдануына мониторинг жүргізеді.
      14. Оқыту ұйымдары оқытудан өткен қызметкерлердің электрондық дерекқорын жүргізеді және ақпаратты тиісті уәкілетті органдарға жібереді.
      15. Оқу топтарын қалыптастыру атқарып отырған қызметіне және негізгі білімдерінің деңгейіне қарамастан, оқытудың мақсаты мен мазмұнына қарай тыңдаушылардың арасынан жүзеге асырылады.
      16. Білім беру бағдарламалары мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жүргізудің бейімделген әлемдік және отандық тәжірибесін, сондай-ақ мемлекеттік саясатты, бағдарламалық құжаттарды қалыптастыру мен іске асырудың әдіснамасын, корпоративтік басқару, стратегиялық, қаржылық менеджмент, бухгалтерлік есеп, халықаралық қаржылық есептілік стандарттары бойынша үздік тәжірибелерді және құқықтарды қамтиды.
      17. Оқыту ұйымы білім беру бағдарламасын әзірлейді және оны тиісті уәкілетті органмен келіседі.
      18. Қайта даярлау және біліктілікті арттыру пәндері бойынша білім беру бағдарламасының мазмұны:
      1) оқыту курсының атауын;
      2) ұзақтығын;
      3) оқыту өткізудің мақсатын;
      4) пәндердің атауын қамтитын оқу жоспарын, әрбір пән (бөлім) бойынша сағат санын, соның ішінде дәрістерді, практикалық сабақтарды (қажет болғанда);
      5) меңгерілуге тиісті білімнің, шеберліктің, дағдылар мен біліктіліктің мазмұны мен көлемін;
      6) біліктілігін көрсете отырып, профессорлық-оқытушылық құрамның тізімін;
      7) білімдерін аралық және қорытынды бақылау нысанын;
      8) пайдаланылған дереккөздердің тізімін қамтиды.
      19. Оқыту бағдарламаларында тыңдаушының пән бағдарламасында көрсетілген тапсырмалар шеңберінде оқу уақытының 3/2-сі аудиторлық жұмысқа және оқу уақытының 3/1-і өзіндік жұмысқа көзделеді.
      20. Тыңдаушылардың білім деңгейін анықтау үшін оқыту аяқталғаннан кейін білімді қорытынды бақылау жүзеге асырылады. Бақылау тестілеу немесе әңгімелесу немесе жазбаша емтихандар нысанында жүргізіледі.
      21. Білімді бақылау оқыту ұйымы белгілеген көлемде дұрыс жауаптарды жинаған жағдайда оң бағаланады.
      22. Оқыту ұйымы әрбір пән бойынша білімді қорытынды бақылау нысанын дербес белгілейді.
      23. Қорытынды бағалау нәтижелері бойынша бағдарламаларды меңгерген адамдарға:
      1) қайта даярлау бойынша – куәлік;
      2) біліктілікті арттыру бойынша – куәлік беріледі.
      24. Білімді бақылаудың теріс нәтижелері болған кезде тыңдаушыға теориялық курсты тыңдағаны туралы анықтама беріледі.
      25. Берілген куәліктерді (теориялық курсты тыңдағаны туралы куәліктерді, анықтамаларды) тіркеу журналы оқыту ұйымы бекіткен нысан бойынша жүргізіледі.
      26. Тыңдаушының пәнді аяқталғаннан кейін 1 ай ішінде курс қайта тапсыруға құқығы бар. Бұл ретте қайта тапсыруға дайындық бойынша шығыстарды тыңдаушы өз қаражатының есебінен жүзеге асырады.

3. Шетелдік мамандарды тарта отырып, шетелде қызметкерлердің біліктілігін арттыру

      27. Шетелде біліктілікті арттыру мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау саласында білім беру, ғылыми-зерттеу қызметін жүзеге асыратын шетелдің оқыту ұйымдарында (бұдан әрі – шетелдік ұйымдар) өткізіледі.
      28. Шетелдік жетекші мамандарды тарту қазақстандық тарап пен шетелдік мамандардың және (немесе) шетелдің оқыту ұйымдарының арасында жасалған шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.
      29. Шетелде оқытудан өтуге кандидат пен мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары арасында шарт жасалып, онда мыналар қамтылады:
      1) күнтізбелік бес күннен аспайтын қысқа мерзімді курстарды қоспағанда, шетелдегі оқыту бағдарламасын аяқтағаннан кейін мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары жүйесінде екі жылдық үздіксіз қызметті жүзеге асыру;
      2) егер тыңдаушы оқыту бағдарламасынан дәлелсіз себеппен шығып қалса немесе бағдарлама аяқталғаннан кейін мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары жүйесінде екі жылдан аз жұмыс істеген болса, шақырушы тараптың есебінен ұйымдастырылатын курстарды қоспағанда, өзінің біліктілігін арттыруға жұмсалған қаражатты толық көлемінде қайтаруды қамтамасыз ету.
      30. Осы Қағидалардың 29-тармағында көзделген оқыту үшін қаражатты өтеу бойынша талап Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 23 қарашадағы Еңбек кодексінің 54-бабының 1-тармағының 1), 2) тармақшаларында және «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 23 қарашадағы Заңының 61-бабы 1-тармағының 3), 5), 6) тармақшаларында, 2-тармағында көзделген негіздер бойынша мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарынан мемлекеттік қызметтен босатылған тыңдаушыларға қолданылмайды.
      31. Шетелдің оқыту ұйымдарында біліктілікті арттыруға мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарында кемінде екі жыл жұмыс тәжірибесі бар қызметкерлер жіберіледі.
      32. Уәкілетті органдар шетелде біліктілікті арттыруға қызметкерлерді іріктеуді ашық конкурс негізінде жүзеге асырады.
      33. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының қызметкері конкурсқа қатысу үшін:
      1) өтініш (еркін нысанда);
      2) мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органының бірінші басшысы немесе оны алмастыратын адам қол қойған ұсыным;
      3) қызметтік тізім;
      4) шетелдік ұйымдардың шарттары бойынша құжаттарды (олар қажет болғанда) жібереді.
      34. Қызметкерлерді іріктеуді құрамын уәкілетті органдар бекітетін конкурстық комиссия жүзеге асырады.
      35. Конкурстық комиссияның өткізетін іріктеуіне ықпал ететін өлшемшарттар:
      1) қызметкер қызметінің функционалдық бағыттарының шетелдегі оқыту бағдарламасына сәйкес болуы;
      2) тілді кемінде орта деңгейде білуі (егер бағдарламада көзделсе);
      3) алдыңғы курстардан өту нәтижелері;
      4) қызметкердің шетелде біліктілікті арттырудан өту үшін бұрын жасалған шарт (ол болған жағдайда) талаптарын сақтауы болып табылады.
      36. Конкурстық комиссия конкурсқа қатысуға құжаттарды қабылдау аяқталған күннен кейін бес жұмыс күні ішінде тыңдаушылардың қорытынды тізіміне енгізу үшін қызметкерлердің кандидатураларын қарайды.
      37. Конкурстық комиссия іріктеу нәтижелері бойынша кандидатураларды қарағаннан кейін бес жұмыс күні ішінде тыңдаушылардың қорытынды тізіміне енгізілген қызметкерлерді хабардар етеді. Конкурстан өткен тыңдаушылардың қорытынды тізімін конкурстық комиссияның хаттамалық шешімі негізінде тиісті уәкілетті органның біліктілікті арттыруға жауапты құрылымдық бөлімшесі қалыптастырады.
      38. Тыңдаушы шетелде біліктілікті арттыру курстарын аяқтағаннан кейін бір айдың ішінде тиісті уәкілетті органға және тиісті мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органының басшысына осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша шетелде біліктілікті арттыру курстарын аяқтаудың қорытындысы бойынша есеп ұсынады.
      39. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарында шетелде біліктілікті арттырудан өткен қызметкерлерден алынған есептер мен материалдардың ақпараттық базалары, соның ішінде электрондық түрде құрылады.

Мемлекеттік аудит және қаржылық   
бақылау органдарының қызметкерлерін
қайта даярлау және олардың біліктілігін
арттыру қағидаларына       
қосымша                

нысан 

Уәклетті органның
басшысына
_____________________

көшірмесі:           
Мемлекеттік аудит және
қаржылық бақылау     
      органының басшысына  
_____________________ 

Шетелде біліктілікті арттыру курстарын
аяқтаудың қорытындысы бойынша
ЕСЕП

      Тегі, аты және әкесінің аты (ол болған жағдайда)
_______________________
Лауазымы __________________________________________________________
Мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылау органының атауы
___________________________________________________________________
Құрылымдық бөлімшенің атауы________________________________________
___________________________________________________________________

I. Кіріспе бөлік

1.1. Біліктілікті арттыру курсы туралы жалпы мәліметтер

Біліктілікті арттыру курсының нысаны:

(дәріс сабақтары, практикалық сабақтар семинар)

Іс-шараның атауы:

(тақырып)

Біліктілікті арттыру курсының өткізілетін орны:

(қала, ел)

Ұйымның атауы:

(базасында курстар өткізілген)

Біліктілікті арттыру курсының мақсаты:

(біліктілікті арттыруға арналған өтінімге сәйкес көрсетіледі)

Біліктілікті арттыру курсын өткізу мерзімі:

басталуы: _______________
аяқталуы: _______________
ұзақтығы: _____ күн

Қаржыландыру көзі:

II. Негізгі бөлік

_____________________________________________________________________
_____________________________________________________________________
_____________________________________________________________________
_____________________________________________________________________
(Біліктілікті арттыру бағдарламасы мазмұнының қысқаша сипаттамасы
(курстардың форматы, оқыту әдістемесі, сабақтардың ұзақтығы,
лекторлардың, тыңдаушылардың құрамы және біліктілікті арттыру
бағдарламасын қамтитын басқа да ақпарат)
_____________________________________________________________________
_____________________________________________________________________
_____________________________________________________________________
_____________________________________________________________________
(Біліктілікті арттыру курстары нәтижесінде алған негізгі білімдері
мен дағдыларын сипаттау, олардың мемлекеттік аудит және қаржылық
бақылау органының қызметінде қолданылуы)
_____________________________________________________________________
_____________________________________________________________________
_____________________________________________________________________
_____________________________________________________________________
(Қол жеткізілген уағдаластықтар, қабылданған келісімдер (егер олар
                            болса)

III. Қорытынды

____________________________________________________________________
_____________________________________________________________________
_____________________________________________________________________
_____________________________________________________________________
(Алған білімдері мен дағдыларын мемлекеттік аудит және қаржылық
бақылау органының қызметінде оның мақсаты мен міндеттеріне сәйкес
қолдану жөнінде сындарлы ұсыныстар (қысқаша, нақты, айқын)
_____________________________________________________________________
_____________________________________________________________________
_____________________________________________________________________
_____________________________________________________________________
         (Басқа да ұсыныстар (қысқаша, нақты, айқын)

Есепке мыналар қоса беріледі:
1. ________________________________________________________________
2. ________________________________________________________________
3. ________________________________________________________________
4. ________________________________________________________________
5. ________________________________________________________________
(есепке іс-шаралар бағдарламасы, жиналған материалдардың тізбесі,
біліктілікті арттырудың нәтижелері туралы және іс-шараға қатысуды
растайтын құжаттар (сертификаттың/дипломның/куәліктің көшірмесі,
сондай-ақ өзінің қалауына қарай алған білімдері мен дағдыларының
мазмұнын сипаттайтын, оқытудан өткені туралы құжаттар мен материалдар
көрсетіліп қоса беріледі).

Есепті ұсынған
______________________________________________ __________ _______
(тегі, әкесінің аты (ол болған жағдайда), аты) (лауазымы) (қолы)

20 ____ж. «____» __________________

Көмек
Көмек
Ай бойы келгендердің барлығы:
Кеше келгендердің барлығы:
Қазір порталда:
URL:
Қате:
Пікір:

Спасибо, информация об ошибке принята.

Извините, в данный момент информация об ошибке не может быть обработана.
Попробуйте позже.