"Жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асырып жатқан Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдарының әскери, арнаулы оқу орындарына оқуға қабылдау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының 2016 жылғы 13 қаңтардағы № 2 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Актінің түрі
Бұйрық
Өзгерту
Қабылдау күні
03.06.2019
Өзгерту күні
31.05.2019
Актіні қабылдаған орган
Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асырып жатқан Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдарының әскери, арнаулы оқу орындарына оқуға қабылдау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының 2016 жылғы 13 қаңтардағы № 2 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13104 болып тіркелген, "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2016 жылғы 29 ақпанда жарияланған) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:

      "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы 5-1-бабының 9) тармақшасына және "Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы" 2012 жылғы 13 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңы 10-бабының 3-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:";

      аталған бұйрықпен бекітілген Жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асырып жатқан Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдарының әскери, арнаулы оқу орындарына оқуға қабылдау қағидаларында:

      1-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1-тарау. Жалпы ережелер";

      4-тармақтың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) оқуға кандидаттарды олардың тұрғылықты, оқу немесе жұмыс (қызмет) ету орны бойынша кәсіби бағыттау, іріктеу және арнайы тексеру жөніндегі жұмыстар жүргізіледі.";

      5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "5. Оқуға кандидаттар қызметке жарамдылығын анықтау үшін олардың тұрғылықты жері, оқу немесе жұмыс (қызмет) орны әскери-дәрігерлік комиссияларда психофизиологиялық және медициналық куәландырудан, сондай-ақ полиграфологиялық зерттеуден өтеді.";

      8-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "8. Кандидатты ҰҚО ЖОО-ға оқуға қабылдау қызметкерлерді дайындау курстары бойынша ҰҚК ЖОО-ның басшылары бөлек жүргізеді.";

      2-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2-тарау. ҰҚО ЖОО-ға оқуға қабылдау тәртібі";

      12-тармақтың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) жоғары білімнің білім беру бағдарламалары бойынша тұрғылықты, оқу немесе жұмыс (қызмет) орны бойынша ҰҚК органдарына тестілеуді қай тілде тапсыратындығын және қай тілде білім алатынын көрсете отырып:

      әскерге шақырылушылар және запастағы әскери міндеттілер – еркін нысанда өтініш;

      әскери қызметшілер (қызметкерлер) – әскери бөлімнің (ҰҚК органдарының) басшылығымен келісілген баянат береді.

      Өтінішке (баянатқа) қосымша мыналар ұсынылады:

      жалпы орта білімі туралы қосымшасымен бірге аттестат көшірмесі немесе техникалық және кәсіби білімі туралы не болмаса орта білімнен кейінгі білім туралы қосымшасымен бірге диплом көшірмесі;

      "Білім алуды аяқтамаған адамдарға берілетін анықтама нысанын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылыми министрінің 2009 жылғы 12 маусымдағы № 289 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5717 болып тіркелген) бекітілген анықтама нысанына сәйкес жалпы орта, техникалық және кәсіби білім алуды, сондай-ақ орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарын аяқтамаған адамдарға берілетін анықтама (түпнұсқа);

      жеке басын куәландыратын құжат (көшірме);

      туу туралы куәлік (көшірме);

      алты фотосурет (бас киімсіз, көлемі 4,5 х 6 см);

      өмірбаян және сауалнама (түпнұсқа);";

      13-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "13. Соңғы кәсіби іріктеуге қатысу үшін келген кезде кандидат ҰҚО ЖОО-ның қабылдау комиссиясына салыстырып тексеру өткізу үшін мынадай құжаттардың түпнұсқаларын ұсынады:

      1) жоғары білімнің білім беру бағдарламалары бойынша – жеке басын куәландыратын құжат, жалпы орта білімі туралы аттестат қосымшасымен бірге немесе техникалық және кәсіби білімі туралы не орта білімнен кейінгі білімі туралы диплом қосымшасымен бірге, тестілеу нәтижесі 50 балдан төмен болмайтын келесі пәндер бойынша: Қазақстан тарихы, математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы (білім алған тілінде) бойынша 5 балдан төмен емес, әр бейіндік пән бойынша 5 балдан төмен емес Ұлттық бірыңғай тестілеудің (бұдан әрі – ҰБТ) нәтижелері бойынша сертификат. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Академиясына оқуға түсу үшін кандидат жалпы орта білімнің жалпы білім беру, техникалық және кәсіптік (бастауыш және орта кәсіптік), орта білім беруден кейінгі білім беру бағдарламаларының кез келген екі пәнін таңдауға құқылы. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің академиясына оқуға түсушілер үшін бейіндік пәндер: математика – география;

      2) жоғары білімнің оқыту мерзімі қысқартылған білім беру бағдарламалары бойынша – жеке басын куәландыратын құжат, жоғары білімі туралы диплом, дипломға қосымша (транскрипт), әскери билет немесе тіркеу куәлігі.";

      14-тармақ алып тасталсын;

      21-тармақтың 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3) ҰҚО ЖОО-ға оқуға кандидаттарды оқуға қабылдау мәселелеріне байланысты апелляциялар бойынша шешім қабылдайды;";

      26, 27, 28, 29, 30 және 31-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "26. Кандидаттың оқуға кәсіби жарамдылығын бағалау қызметтік іс-қимылдың жоспарланып отырған учаскесінің (бағытының) талаптарына сәйкес келу дәрежесін анықтауға бағытталған және арнайы (сараптамалық) комиссия жүзеге асырады.

      27. Кандидаттардың дене шынықтыру дайындығын тексеруді осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес кандидаттардың дене шынықтыру дайындығын бағалау өлшемшарттарына сәйкес арнайы (пәндік) комиссия жүзеге асырады.

      28. Саясаттану бойынша білім емтихан түрінде тексеріледі және арнайы (пәндік) комиссия бағалайды.

      29. Ауызша-жазбаша дағдылар жазба жұмысты (эссе) орындау түрінде тексеріледі және арнайы (пәндік) комиссия бағалайды.

      30. Оқуға қабылдау тәртібі туралы ақпарат, ҰҚО ЖОО қабылдау комиссиясының оқуға қабылдау мәселелері және соңғы кәсіби іріктеу нәтижелері бойынша шешімі ақпараттық стендінде орналастырылады немесе қабылдау комиссиясының мүшелері ҰҚО ЖОО-ға оқуға кандидаттардың алдында ауызша жариялайды.

      31. ҰҚО ЖОО-ға қабылдау конкурстық негізде мандаттық комиссияның шешімімен жүргізіледі:

      соңғы кәсіби іріктеу деректерін ескере отырып, ҰБТ балдарына сәйкес жоғары білімнің білім беру бағдарламалары бойынша;

      соңғы кәсіби іріктеу нәтижелері бойынша жоғары білімнің оқыту мерзімі қысқартылған білім беру бағдарламалары бойынша.";

      33-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "33. Конкурс өткізу кезінде бірдей көрсеткіштер болған жағдайда:

      1) жоғары білімнің білім беру бағдарламалары бойынша:

      жетім балалар және ата-анасының асырауынсыз қалған балалар;

      соғысқа қатысушыларға берілетін жеңілдіктер мен кепілдіктерге теңестірілген адамдар;

      "Алтын белгі" белгісімен марапатталған адамдар;

      үздік білімі туралы құжаты (куәліктер, аттестаттар, дипломдар) бар адамдар;

      тізбесін білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарының (ғылыми жарыстардың) жеңімпаздары (бірінші, екінші және үшінші дәрежелі дипломдармен марапатталған), республикалық және халықаралық орындаушылар конкурстарының және спорттық жарыстардың (бірінші, екінші және үшінші дәрежелі дипломдармен марапатталған) соңғы үш жылдағы жеңімпаздарының, сондай-ақ өздері таңдаған мамандықтары олимпиаданың, конкурстың немесе спорттық жарыстың пәніне сәйкес келген жағдайда, жалпы білім беретін пәндер бойынша ағымдағы жылғы Президенттік, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарының (бірінші, екінші және үшінші дәрежелі дипломдармен марапатталған) жеңімпаздары;

      "Жас ұлан" республикалық мектебінің түлектері (ШҚ академиясына түсушілер үшін);

      әскери дайындық бойынша қосымша бағдарламалары бар білім беру ұйымдарының тәрбиеленушілері (ШҚ академиясына түсушілер үшін);

      2) жоғары білімнің оқыту мерзімі қысқартылған білім беру бағдарламалары бойынша:

      үздік білімі туралы құжаттары (дипломы) бар адамдар;

      диплом қосымшасында (транскриптте) анағұрлым жоғары орташа балы бар адамдар басымдыққа ие болады.";

      ескертпе алып тасталсын.

      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Кадрлар департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде оны қазақ және орыс тілдерінде ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жолдауды;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің интернет-ресурсына орналастыруды;

      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықпен Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлері мен әскери қызметшілері таныстырылсын.

      4. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің
Төрағасы ұлттық қауіпсіздік генерал-майоры
К. Мәсімов

Көмек
Көмек
Ай бойы келгендердің барлығы:
Кеше келгендердің барлығы:
Қазір порталда:
URL:
Қате:
Пікір:

Спасибо, информация об ошибке принята.

Извините, в данный момент информация об ошибке не может быть обработана.
Попробуйте позже.