Жобаларды іріктеу қағидалары мен өлшемшарттарын бекіту туралы

Актінің түрі
Бұйрық
Қағида
Өлшемдер
Қабылдау күні
02.08.2019
Өзгерту күні
31.07.2019
Актіні қабылдаған орган
Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі (ҚР Президентінің 26.12.2018 ж. N 806 Жарлығымен құрылды)

      "Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы" 2019 жылғы 3 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабы 17) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса берілген:

      1) Жобаларды іріктеу қағидалары осы бұйрықтың 1-қосымшаға сәйкес;

      2) Жобаларды іріктеудің өлшемшарттары бекітілсін осы бұйрықтың 2-қосымшаға сәйкес.

      2. Мыналардың:

      1) "Жобаларды іріктеу қағидалары мен өлшемшарттарын бекіту туралы" 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1293 Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімі № 12965 болып тіркелді, "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2016 жылғы 29 ақпанда жарияланған);

      2) "Жобаларды іріктеутеудің қағидалары мен өлшемшарттарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1293 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы" 2017 жылғы 19 сәуірдегі № 223 Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімі № 15133 болып тіркелді, Қазақстан Республикасы Нормативтік-құқықтық актілер электрондық түрдегі эталондық бақылау банкінде, 2017 жылғы 26 мамырда жарияланған) күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі
Р. Скляр

  Қазақстан Республикасы
Индустрия және
инфрақұрылымдық
даму министрінің
2019 жылғы 31 шілдедегі
№ 599 бұйрығының
1-қосымшасы

Жобаларды іріктеу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы жобаларды іріктеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы" 2019 жылғы 3 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңының (бұдан әрі – Заң) 11-бабының 17) тармақшасына сәйкес әзірленген және ол арнайы экономикалық немесе индустриялық аймақ қатысушысы ретінде қызметін жүзеге асыруға өтініш берушілердің жобаларын іріктеу тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда қолданылатын негізгі ұғымдар:

      1) арнайы экономикалық аймақ – Қазақстан Республикасы аумағының дәл белгіленген шекаралары бар, басым қызмет түрлерін жүзеге асыру үшін арнайы экономикалық аймақтың арнайы құқықтық режимі қолданылатын бір бөлігі;

      2) арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясы – арнайы экономикалық аймақтың жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін Заңға және "Инновациялық технологиялар паркі" инновациялық кластері туралы" 2014 жылғы 10 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес құрылатын немесе айқындалатын заңды тұлға;

      3) басым қызмет түрлері – уәкілетті орган айқындайтын, арнайы экономикалық аймақтың арнайы құқықтық режимі қолданылатын қызмет түрлері;

      4) Бірыңғай үйлестіру орталығы – арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың қызметін үйлестіруді жүзеге асыратын заңды тұлға;

      5) жоба – арнайы экономикалық аймақтың әлеуетті қатысушысының, өтініш берушісінің немесе қатысушысының басым қызмет түрлерін жүзеге асыруы үшін, сондай-ақ индустриялық аймақтың әлеуетті қатысушының, өтініш берушісінің немесе қатысушысының кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруы үшін өнімділігі жоғары, бәсекеге қабілетті заманауи өндірістер мен көрсетілетін қызметтер құруды көздейтін іс-шаралар кешені;

      6) индустриялық аймақ – жеке кәсіпкерлік субъектілеріне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен кәсіпкерлік қызмет, оның ішінде өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен, туристік индустрия, көлік логистикасы, қалдықтарды басқару саласындағы қызмет объектілерін орналастыру және пайдалану үшін берілетін, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген аумақ;

      7) индустриялық аймақтың басқарушы компаниясы – индустриялық аймақтың жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін Заңға сәйкес құрылатын немесе айқындалатын заңды тұлға;

      8) қызметті жүзеге асыру туралы шарт – арнайы экономикалық немесе индустриялық аймақтың қатысушысы немесе бірнеше қатысушысы мен арнайы экономикалық немесе индустриялық аймақтың басқарушы компаниясы арасында жасалатын, арнайы экономикалық немесе индустриялық аймақтың аумағында және (немесе) олардың құқықтық режимінде қызметті жүзеге асыру талаптарын, тараптардың құқықтарын, міндеттері мен жауапкершілігін белгілейтін шарт;

      9) өтініш беруші – арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясына басым немесе қосалқы қызмет түрлерін жүзеге асыруға арналған өтінішті не индустриялық аймақтың басқарушы компаниясына индустриялық аймақтың қатысушысы ретінде кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға арналған өтінішті беретін тұлға;

      10) уәкілетті орган – арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың құрылуы, жұмыс істеуі және таратылуы саласында мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган.

2-тарау. Арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы ретінде қызметті жүзеге асыруға өтінім берушілердің жобаларын іріктеу тәртібі

      2. Өтініш берушілердің арнайы экономикалық аймаққа қатысушы ретінде қызметті жүзеге асыруға жобаларды іріктеу үшін өтініш беруші арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы ретінде қызметті жүзеге асыруға өтінімді арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы ретінде қызметті жүзеге асыруға сауалнаманы, сондай-ақ Заңның 18-бабының 3, 4-тармақтарында көзделген құжаттарды берген кезде, арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясына ұсынады.

      Егер заңды тұлға құжаттарды берген кезде Қазақстан Республикасының резиденті болып табылмаса және Қазақстан Республикасының салық төлеушісі ретінде тіркелмеген жағдайда, Қазақстан Республикасының мемлекеттік кіріс органдарында салық төлеуші ретінде мемлекеттік тіркеуде жоқ екендігі туралы анықтаманың көшірмесі ұсынылады.

      Шетелдік заңды тұлғалар Заңның 18-бабы 3-тармағының 2), 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген заңдастырылған құжаттарды, сауда реестрінен шығу туралы заңдастырылған құжат немесе қазақ немесе орыс тілдеріндегі аудармасымен нотариалды тіркелген, шетелдік заңды тұлған шетел мемлекетінің заңнамасы бойынша заңды тұлған болып табылаитынын растайтын құжатты ұсынады.

      3. Өтінім беруші арнайы экономикалық немесе индустриялық аймақ қатысушысы ретінде қызметті жүзеге асыруға өтінім берген жағдайда, арнайы экономикалық немесе индустриялық аймақтың басқарушы компаниясы өтінімдерді тіркеу журналында, өтінім берілген күні өтінімді тіркеуді жүзеге асырады.

      4. Арнайы экономикалық немесе индустриялық аймақтың басқарушы компаниясы Заңның 18-бабының 3 және 4-тармақтарында көрсетілген ұсынылған құжаттар жиынтығының толықтығын тексеруді жүзеге асырады.

      5. Қызметті жүзеге асыру туралы шарт жасасуға артықшылықты арнайы экономикалық немесе индустриялық аймақтың қатысушылары ретінде қызметті жүзеге асыруға өтініш берушілердің жобаларын іріктеген кезде 1-тармақпен көзделген негізгі өлшемшарттарға, және кем дегенде, Жобаларды іріктеу өлшемшарттарының 2-тармағында көзделген қосымша өлшемшарттардың біреуіне сәйкес келетін өтініш берушілер ие болады.

      Екі немесе одан көп өтініш берушілердің негізгі және қосымша өлшемшарттарға сәйкес келуі жағдайында, қызметті жүзеге асыру туралы шарт жасасу басымдығына қосымша өлшемшарттардың көп санына сәйкес келген өтініш берушілер ие болады.

      6. Негізгі өлшемшарттарға сәйкестік қызметті жүзеге асыру туралы шарт жасасудың қажетті шарты болып табылады.

      7. Мәлімделген қызмет түрлері, оның ішінде бірыңғай технологиялық процесс шеңберіндегі қызмет түрлері арнайы экономикалық аймақты құру мақсаттарына, басым қызмет түрлеріне, өтініш берушілердің жобаларын іріктеу өлшемшарттарына және ұсынылған құжаттар Заңның 18-бабының 3 немесе 4-тармақтарында белгіленген талаптарға сәйкес келген кезде, арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясы арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы ретінде қызметті жүзеге асыруға арналған өтініш берілген күннен бастап он жұмыс күні ішінде қызметті жүзеге асыру туралы шартқа қол қояды.

      8. Арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясы мәлімделген қызмет түрі қызметтің басым түрлеріне, өтініш берушілердің жобаларын іріктеу өлшемшарттарына және (немесе) ұсынылған құжаттар Заңның 18-бабының 3 және 4-тармақтарында белгіленген талаптарға сәйкес келмеген жағдайларда, өтініш берушіге қызметті жүзеге асыру туралы шарт жасасудан бас тартады.

      Арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясы қызметті жүзеге асыру туралы шарт жасасудан бас тарту туралы шешімді оны қабылдау негіздемесімен бірге арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы ретінде қызметті жүзеге асыруға арналған өтініш берілген күннен бастап он жұмыс күні ішінде өтініш берушіге жазбаша түрде жіберуге және бірыңғай үйлестіру орталығының интернет-ресурсында орналастыруға міндетті.

      9. Арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясы қызметті жүзеге асыру туралы шарт жасалған кезден бастап келесі жұмыс күнінен кешіктірмей бірыңғай үйлестіру орталығына және мемлекеттік кіріс органдарына қызметті жүзеге асыру туралы шарттың көшірмесін жібереді және қызметті жүзеге асыру туралы шартты жасасу туралы ақпаратты бірыңғай үйлестіру орталығының интернет-ресурсында орналастырады.

      10. Қызметті жүзеге асыру туралы жасасқан шарт негізінде арнайы экономикалық аймақ қатысушысы арнайы экономикалық аймақта қызметтің басым түрлерін жүзеге асыруға қажетті инфрақұрылым және объектілер болған кезде, өкілдіктерді қоспағанда, өзінің арнайы экономикалық аймақ сыртындағы құрылымдық бөлімшелерінің қызметін тоқтатады.

      Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және инновациялық технологиялар саласындағы арнайы экономикалық аймақ қатысушылары үшін арнайы экономикалық аймақ сыртында қызмет етуге рұқсат беріледі, егер осы Заңмен басқалары көзделмесе.

3-тарау. Республикалық немесе өңірлік маңызы бар индустриялық аймақтың қатысушысы ретінде қызметті жүзеге асыруға өтінім берушілердің жобаларын іріктеу қағидалары

      11. Өтініш берушілердің республикалық немесе өңірлік маңызы бар индустриялық аймаққа қатысушы ретінде қызметті жүзеге асыруға жобаларды іріктеу үшін өтініш беруші республикалық немесе өңірлік маңызы бар индустриялық аймақтың қатысушысы ретінде қызметті жүзеге асыруға өтінімді республикалық немесе өңірлік маңызы бар индустриялық аймақтың қатысушысы ретінде қызметті жүзеге асыруға сауалнаманы келесі құжаттарды қоса беріп ұсынады:

      1) уәкілетті орган бекітетін нысан бойынша өтініш берушінің сауалнамасы;

      2) заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтама;

      3) өтініш берушінің бірінші басшысының жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;

      4) заңды тұлға жарғысының көшірмесі;

      5) өтініш берушінің бірінші басшысы немесе оны алмастыратын адам, сондай-ақ бас бухгалтер (бухгалтер) қол қойған, соңғы есептік күнге қаржылық есептіліктің көшірмесі;

      6) жобаның уәкілетті орган белгілеген талаптарға сай келетін техникалық-экономикалық негіздемесі қоса беріледі;

      7) қызмет көрсететін банктің өтініш берушінің банктік шоттары бойынша ақша қозғалысы туралы үзінді көшірмесі және кредиттік бюродан алынатын кредиттік есеп;

      8) тіркеу есебіне қойылған жері бойынша мемлекеттік кіріс органының салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша берешектің бар немесе жоқ екені туралы анықтамасы қоса беріледі.

      Егер заңды тұлға құжаттарды беру кезінде Қазақстан Республикасының резиденті болып табылмаған және Қазақстан Республикасының салық төлеушісі ретінде тіркелмеген жағдайда, онда мемлекеттік кіріс органдарында салық төлеуші ретінде мемлекеттік тіркеуде жоқ екендігі туралы анықтаманың көшірмесі ұсынылады.

      Шетелдік заңды тұлғалар келесі заңдастырылған құжаттарды ұсынады:

      1) заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтама;

      2) заңды тұлға жарғысының көшірмесі;

      3) сауда тізілімінен заңдастырылған үзінді көшірмені немесе шетелдік заңды тұлғаның шет мемлекеттің заңнамасы бойынша заңды тұлға болып табылатынын куәландыратын, заңдастырылған басқа құжатты қазақ және орыс тілдеріне нотариат куәландырған аудармасы.

      12. Өтінім беруші республикалық немесе өңірлік маңызы бар индустриялық аймақ қатысушысы ретінде қызметті жүзеге асыруға өтінім берген жағдайда, республикалық немесе өңірлік маңызы бар индустриялық аймақтың басқарушы компаниясы өтінімдерді тіркеу журналында, өтінім берілген күні өтінімді тіркеуді жүзеге асырады.

      13. Республикалық немесе өңірлік маңызы бар индустриялық аймақтың басқарушы компаниясы осы Қағидалардың 11-тармақта көрсетілген ұсынылған құжаттар жиынтығының толықтығын тексеруді жүзеге асырады.

      14. Қызметті жүзеге асыру туралы шарт жасасуға артықшылықты республикалық немесе өңірлік маңызы бар индустриялық аймақтың қатысушылары ретінде қызметті жүзеге асыруға өтініш берушілердің жобаларын іріктеген кезде 1-тармақпен көзделген негізгі өлшемшарттарға, және кем дегенде, Жобаларды іріктеу өлшемшарттарының 2-тармағында көзделген қосымша өлшемшарттардың біреуіне сәйкес келетін өтініш берушілер ие болады.

      Екі немесе одан көп өтініш берушілердің негізгі және қосымша өлшемшарттарға сәйкес келуі жағдайында, қызметті жүзеге асыру туралы шарт жасасу басымдығына қосымша өлшемшарттардың көп санына сәйкес келген өтініш берушілер ие болады.

      15. Негізгі өлшемшарттарға сәйкестік қызметті жүзеге асыру туралы шарт жасасудың қажетті шарты болып табылады.

      Республикалық немесе өңірлік маңызы бар индустриялық аймақтың басқарушы компаниясы тиісті өңірлік үйлестіру кеңесінің индустриялық аймаққа әлеуетті қатысушыларды жіберу жөнінде оң шешімі болған жағдайда, осындай тұлғалармен қызметті жүзеге асыруға арналған шарттар жасасады.

      16. Өтініш берушінің жобасы өтініш берушілердің жобаларын және ұсынылған құжаттарды іріктеу критерийлеріне осы Қағидалардың 11-тармағында белгіленген талаптарға сәйкес келген жағдайда, сондай-ақ өтініш берушіні индустриялық аймаққа жіберу жөніндегі тиісті өңірлік үйлестіру кеңесінің оң шешімі болған жағдайда, республикалық немесе өңірлік маңызы бар индустриялық аймақтың басқарушы компаниясы республикалық немесе өңірлік маңызы бар индустриялық аймақтың қатысушысы ретінде қызметті жүзеге асыруға өтініш берілген күннен бастап он жұмыс күні ішінде қызметті жүзеге асыру туралы шартқа қол қояды.

      17. Республикалық немесе өңірлік маңызы бар индустриялық аймақтың басқарушы компаниясы жоба өтініш берушілердің жобаларын және (немесе) ұсынылған құжаттарды іріктеу критерийлеріне осы Қағидалардың 11-тармағында белгіленген талаптарға сәйкес келмеген жағдайларда, сондай-ақ өтініш берушіні индустриялық аймаққа жіберу жөніндегі тиісті өңірлік үйлестіру кеңесінің теріс шешімі болған жағдайда, өтініш берушіге қызметті жүзеге асыру туралы шарт жасасудан бас тартады.

      Республикалық немесе өңірлік маңызы бар индустриялық аймақтың басқарушы компаниясы оны қабылдауды негіздей отырып, қызметті жүзеге асыру туралы шарт жасасудан бас тарту туралы шешімді республикалық немесе өңірлік маңызы бар индустриялық аймақтың қатысушысы ретінде қызметті жүзеге асыруға өтініш берілген күннен бастап он жұмыс күні ішінде өтініш берушіге жазбаша түрде жіберуге міндетті.

  Қазақстан Республикасы
Индустрия және
инфрақұрылымдық
даму министрінің
2019 жылғы 31 шілдедегі
№ 599 бұйрығының
2-қосымшасы

Жобаларды іріктеу өлшемшарттары

      1. Арнайы экономикалық немесе индустриялық аймақтың қатысушысы ретінде қызметті жүзеге асыруға өтініш берушілердің жобаларын іріктеу мынадай негізгі өлшемшарттардың негізінде жүзеге асырылады:

      1) өтініш берушінің банк есепшотындағы (картотеканың болмауы туралы) және кредит тарихында болатын толық немесе ішінара ақпарат туралы мәліметтерді қамтитын кредит бюросынан алынған кредиттік есеп бойынша ақша қозғалысы туралы қызмет көрсететін банктің үзінді жазбасымен расталған банк кредиттері бойынша мерзімі өтіп кеткен берешектің болмауы;

      2) тіркеу есебіне қою орны бойынша мемлекеттік кіріс органынан салық және бюджетке төленетін басқа да төлемдер бойынша берешектің болуы немесе болмауы туралы ақпаратпен расталған салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша берешегінің болмауы.

      2. Арнайы экономикалық немесе индустриялық аймақтың қатысушысы ретінде қызметті жүзеге асыруға өтініш берушілердің жобаларын іріктеу мынадай қосымша өлшемшарттар негізінде жүзеге асырылады:

      1) жобаны жүзеге асыру өңірлері болып табылмайтын өңірлерде ұқсас жобаларды алға жылжыту;

      2) жобаның импортты алмастыратын немесе экспортқа бағытталған бағыты;

      3) индустриялық-инновациялық жобаны іске асыру.

Көмек
Көмек
Ай бойы келгендердің барлығы:
Кеше келгендердің барлығы:
Қазір порталда:
URL:
Қате:
Пікір:

Спасибо, информация об ошибке принята.

Извините, в данный момент информация об ошибке не может быть обработана.
Попробуйте позже.