Қарқаралы ауданы бойынша жергілікті қоғамдастық жиналысының регламентін бекіту туралы

Актінің түрі
Регламент
Шешім
Қабылдау күні
05.01.2020
Өзгерту күні
25.12.2019
Актіні қабылдаған орган
Қарқаралы ауданының мәслихаты

      Ескерту. 01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі – осы шешімнің 3-тармағымен.

      Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңына, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2017 жылғы 7 тамыздағы № 295 "Жергілікті қоғамдастық жиналысының үлгі регламентін бекіту туралы" (нормативтiк құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде № 15630 болып тіркелген) бұйрығына сәйкес Қарқаралы аудандық мәслихаты ШЕШІМ ЕТТІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қарқаралы ауданы бойынша жергілікті қоғамдастық жиналысының регламенті осы шешімнің 1 қосымшасына сәйкес бекітілсін.

      2. Осы шешімнің 2 қосымшасына сәйкес Қарқаралы аудандық мәслихатының кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы шешім 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялауға жатады.

      Сессия төрағасы М. Кәрім
      Аудандық мәслихат хатшысы С. Нуркенов

  Қарқаралы аудандық
мәслихатының
2019 жылғы 25 желтоқсандағы
№ VI-51/429
шешіміне 1 қосымша

Қарқаралы ауданы бойынша жергілікті қоғамдастық жиналысының регламенті

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қарқаралы ауданы бойынша жергілікті қоғамдастық жиналысының регламенті (бұдан әрі – Регламент) "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 39-3 бабының 3-1 тармағына, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2017 жылғы 7 тамыздағы № 295 "Жергілікті қоғамдастық жиналысының үлгі регламентін бекіту туралы" (Нормативтiк құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде № 15630 болып тіркелген) бұйрығына сәйкес әзірленді.

      2. Осы Регламентте қолданылатын негізгі ұғымдар:

      1) жергілікті қоғамдастық – шекараларында жергілікті өзін - өзі басқару жүзеге асырылатын, оның органдары құрылатын және жұмыс істейтін тиісті әкімшілік - аумақтық бөлініс аумағында тұратын тұрғындардың (жергілікті қоғамдастық мүшелерінің) жиынтығы;

      2) жергілікті қоғамдастық жиналысы (бұдан әрі – жиналыс) – жергілікті қоғамдастық жиыны жіберген жергілікті қоғамдастық өкілдерінің Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шекте және тәртіппен жергілікті маңызы бар ағымдағы мәселелерді шешуге қатысуы;

      3) жергілікті маңызы бар мәселелер - реттелуі Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілеріне сәйкес тиісті әкімшілік-аумақтық бөлініс тұрғындарының басым бөлігінің құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз етуге байланысты облыс, аудан, қала, қаладағы аудан, ауылдық округ, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кент пен ауыл қызметінің мәселелері;

      4) жергілікті өзін-өзі басқару - халық тікелей жүзеге асыратын, сондай-ақ мәслихаттар және басқа да жергілікті өзін-өзі басқару органдары арқылы жүзеге асырылатын Заңда, өзге де нормативтік құқықтық актілерде айқындалған тәртіппен жергілікті маңызы бар мәселелерді өзінің жауапкершілігімен дербес шешуге бағытталған қызмет;

      5) жергілікті қоғамдастық жиналысының мүшесі - Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шекте және тәртіппен жергілікті маңызы бар ағымдағы мәселелерді шешуге жергілікті қоғамдастық жиыны жіберген жергілікті қоғамдастық өкілі.

      3. Жиналыс регламентін Қарқаралы аудандық мәслихатымен бекітіледі.

2-тарау. Жергілікті қоғамдастық жиналысына шақыруды жүргізу тәртібі

      4. Жиналыс жергілікті маңызы бар ағымдағы мына мәселелер:

      бағдарламалық құжаттардың, жергілікті қоғамдастықты дамыту бағдарламаларының жобаларын талқылау және қарау;

      аудандық маңызы бар қала, кент, ауылдық округтер бюджетінің жобасын және бюджеттің атқарылуы туралы есепті келісу;

      аудандық маңызы бар қала, кент, ауылдық округтер әкімі аппараттарының (бұдан әрі – әкім аппараты) жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық меншігін басқару жөніндегі шешімдерін келісу;

      бюджеттің атқарылуын мониторингтеу мақсатында жиналысқа қатысушылар қатарынан жергілікті қоғамдастық комиссиясын құру;

      аудандық маңызы бар қала, кент, ауылдық округтер бюджетінің атқарылуына жүргізілген мониторинг нәтижелері туралы есепті тыңдау және талқылау;

      аудандық маңызы бар қала, кент, ауылдық округтер коммуналдық мүлкін иеліктен шығаруды келісу;

      жергілікті қоғамдастықтың өзекті мәселелерін, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қозғайтын нормативтік - құқықтық актілердің жобаларын талқылау;

      аудандық маңызы бар қала, кент, ауылдық округтер әкімдерін сайлауды өткізуге Қарқаралы аудандық мәслихатына одан әрі ұсыну үшін қала, кент, ауылдық округтер әкімінің қызметіне Қарқаралы ауданының әкімі ұсынған кандидатураларды келісу;

      аудандық маңызы бар қала, кент, ауылдық округтер әкімдерін лауазымынан босату туралы мәселеге бастамашылық жасау;

      жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын және тиісті аумақтарда орналасқан мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың басшыларын тағайындау бойынша ұсыныстар енгізу;

      жергілікті қоғамдастықтың басқа да ағымдағы мәселелері бойынша өткізіледі.

      5. Жиналысты аудандық маңызы бар қала, кент, ауылдық округтер әкiмдері (бұдан әрі – әкім) дербес не ол жергілікті қоғамдастық жиыны (бұдан әрі - жиналыс мүшелері) өкілеттік берген, жиналыс мүшелерінің кемінде он пайызының бастамасы бойынша, бірақ тоқсанына кемінде бір рет шақырылуы мүмкін.

      Жиналыстың бастамашылары күн тәртібін көрсете отырып, әкімге ерікті нысанда жазбаша өтінішпен жүгінеді.

      Әкім үш жұмыс күні ішінде жазбаша өтінішті қарайды және шақырылымның орны мен уақытын көрсете отырып, жиналысты шақыру туралы шешім қабылдайды.

      6. Жиналысқа шақыру уақыты, шақырылым орны және талқыланатын мәселелер туралы жиналыстың мүшелері жиналыс өткізілгенге дейін күнтізбелік он күннен кешіктірмей бұқаралық ақпарат құралдары арқылы немесе өзге тәсілдермен хабардар етіледі.

      Әкім аппараты жиналыстың қарауына енгізілетін мәселелер бойынша қажетті материалдарды жазбаша түрде немесе электрондық құжат нысанында жиналыстың мүшелеріне және әкімге жиналысқа шақырғанға дейін күнтізбелік бес күннен кешіктірмей ұсынады.

      7. Жиналысты шақыру алдында әкім аппараты жиналысқа қатысушы мүшелерді тіркеуді өткізеді, оның нәтижесін әкім немесе жиналысты шақыру басталғаннан бұрын ол уәкілеттік берген адам жариялайды және жиналыстың хаттамасына шақыруды өткізу орны мен уақытын көрсете отырып енгізеді.

      Жиналысты шақыру оған жиналыс мүшелерінің кемiнде жартысы қатысқан кезде өтті деп есептеледі.

      8. Жиналысты шақыруды әкім немесе ол уәкілеттік берген адам ашады.

      Жиналысты шақыруды жүргізу үшін ашық дауыс беру арқылы жиналыстың төрағасы мен хатшысы сайланады.

      9. Жиналыстың күн тәртібін әкім аппараты жиналыс мүшелері, тиісті аумақтың әкімі енгізген ұсыныстар негізінде қалыптастырады.

      Күн тәртібіне өткен жиналыстарды шақыруда қабылданған шешімдер барысы және (немесе) орындалуы туралы мәселелер қосылады.

      Жиналысты шақырудың күн тәртібі оны талқылау кезінде толықтырылуы және өзгертілуі мүмкін.

      Жиналысты шақырудың күн тәртібін жиналыс бекітеді.

      Күн тәртібінің әрбір мәселесі бойынша дауыс беру жеке өткізіледі. Егер оған жиналыс мүшелерінің көпшілігі дауыс берсе, мәселе күн тәртібіне енгізілді деп есептеледі.

      10. Жиналысты шақыруға олардың мәселелері онда қаралатын Қарқаралы ауданының мәслихатының депутаттары, Қарқаралы ауданының әкімі аппаратының, мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардың, сондай-ақ заңды және жеке тұлғалардың өкілдері шақырылуы мүмкін. Сондай-ақ жиналысты шақыруға бұқаралық ақпарат құралдары мен қоғамдық бірлестіктер өкілдерінің қатыса алады.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген шақырылған адамдар жиналыстың мүшелері болып табылмайды және шешімдерді қабылдау кезінде дауыс беруге қатыспайды.

      11. Жиналысты шақыруларда баяндамалар, қосымша баяндамалар, жарыссөзде сөйлеу үшін және жиналысқа шақыруды өткізу тәртібі бойынша сөз сөйлеу регламентін төраға айқындайды. Баяндамашылар мен қосымша баяндамашыларға сұрақтарға жауап беру үшін уақыт бөлінеді. Егер сөз сөйлеуші бөлінген уақыттан асып кетсе, жиналыс төрағасы оның сөзін тоқтатады немесе шақырылымға қатысып отырған жиналыс мүшелерінің көпшілігінің келісімімен сөз сөйлеу уақытын ұзартады.

      Жиналыс мүшесі бір мәселе бойынша екі реттен артық сөйлей алмайды. Жарыссөздердегі жиналыс мүшелерінің сауалдары, түсіндіру және сұрақтарға жауап беру үшін сөйлеулері сөз сөйлеу деп есептелмейді. Баяндамашыларға сұрақтар жазбаша немесе ауызша түрде қойылады. Жазбаша сұрақтар жиналыс төрағасына беріледі және жиналыс шақырылымында жарияланады.

      Жиналыс төрағасы өз бастамасы бойынша немесе жиналыс мүшелерінің дәлелді ұсыныстары бойынша үзілістер жариялай алады.

      Жиналыстың соңында жиналыстың мүшелеріне қысқа мәлімдемелер немесе хабарламалар жасау үшін уақыт беріледі, олар бойынша жарыссөз болмайды.

3-тарау. Жергілікті қоғамдастық жиналысының шешімдер қабылдау тәртібі

      12. Жиналыс өзінің құзіреті шеңберінде шақырылымға қатысушы жиналыс мүшелерінің көпшілік дауысымен шешім қабылдайды.

      Дауыстар тең болған жағдайда, жиналыстың төрағасы шешуші дауыс беру құқығын пайдаланады.

      Жиналыстың шешімі хаттамамен ресімделеді, онда:

      1) жиналыстың өткізілген күні мен орны;

      2) жиналыс мүшелерінің саны және тізімі;

      3) өзге де қатысушылардың саны және олардың тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда) көрсетілген тізім;

      4) жиналыстың төрағасы мен хатшысының тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда);

      5) күн тәртібі, сөйленген сөздердің қысқаша мазмұны және қабылданған шешімдер көрсетіледі.

      Хаттамаға жиналыстың төрағасы мен хатшысы қол қояды және екі жұмыс күн ішінде әкімге беріледі.

      13. Жиналыста қабылданған шешімдерді әкім бес жұмыс күні мерзімінде қарайды.

      Әкім жергілікті қоғамдастық жиналысының шешіміне келіспеушілігін білдіруге құқылы, осындай келіспеушілік тудырған мәселелер регламентінің 2-тарауында көзделген тәртіпте қайта талқылау жолымен шешіледі.

      Әкімінің келіспеушілігін тудырған мәселелерді шешу мүмкін болмаған жағдайда, мәселені жоғары тұрған әкім тиісті Қарқаралы аудандық мәслихатының отырысында алдын ала талқылаудан соң шешеді.

      14. Әкім аппараты әкімнің жиналыс шешімдерін қарау нәтижелерін бес жұмыс күн ішінде жиналыстың мүшелеріне жеткізеді.

      15. Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін - өзі басқару органдары, лауазымды адамдар өкілеттіктері шегінде жиналысты шақыруда қабылданған және әкім мақұлдаған шешімдердің орындалуын қамтамасыз етеді.

      16. Жиналысты шақыруда қабылданған шешімдерді әкім аппараты бұқаралық ақпарат құралдары арқылы немесе өзге де тәсілдермен таратады.

4-тарау. Жергілікті қоғамдыстық жиналысы шешімдерінің орындалуын бақылау

      17. Жиналыста жүйелі түрде жиналыстың шешімдерін орындауға жауапты адамдардың ақпараттары тыңдалады.

      18. Шешімдерді орындамаған немесе сапасыз орындаған жағдайда, тиісті ақпарат хаттамаға енгізіледі, оны жиналыстың төрағасы Қарқаралы ауданының әкіміне немесе жиналыстың шешімін орындауға жауапты лауазымды адамның жоғары тұрған басшыларына жолдайды.

      Қабылданған шешімдер қайта орындалмаған немесе сапасыз орындалған жағдайда, жиналыс Қарқаралы ауданының әкімі немесе тиісті лауазымды адамдардың жоғары тұрған басшылары алдында лауазымды адамдардың жауаптылығы туралы мәселеге бастамашылық жасайды.

  Қарқаралы аудандық
мәслихатының
2019 жылғы 25 желтоқсандағы
№ VI-51/429
шешіміне 2 қосымша

Қарқаралы аудандық мәслихатының кейбір күші жойылды деп танылған шешімдерінің тізбесі

      1. Қарқаралы аудандық мәслихатының 2018 жылғы 27 сәуірдегі XXVII сессиясының № VI-27/237 "Қарқаралы ауданы Қарқаралы қаласының жергілікті қоғамдастық жиналысының регламентін бекіту туралы" шешімі (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеудің Тізілімінде № 4758 болып тіркелген, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде электрондық түрде 2018 жылдың 28 мамырда, 2018 жылғы 09 маусымда № 23 (11667) "Қарқаралы" аудандық газетінде жарияланған).

      2. Қарқаралы аудандық мәслихатының 2018 жылғы 27 сәуірдегі XXVII сессиясының № VI-27/238 "Қарқаралы ауданы Қарағайлы кентінің жергілікті қоғамдастық жиналысының регламентін бекіту туралы" шешімі (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеудің Тізілімінде № 4759 болып тіркелген, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде электрондық түрде 2018 жылдың 28 мамырда, 2018 жылғы 16 маусымда № 24 (11668) "Қарқаралы" аудандық газетінде жарияланған).

      3. Қарқаралы аудандық мәслихатының 2018 жылғы 27 сәуірдегі XXVII сессиясының № VI-27/239 "Қарқаралы ауданы Қырғыз ауылдық округінің жергілікті қоғамдастық жиналысының регламентін бекіту туралы" шешімі (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеудің Тізілімінде № 4757 болып тіркелген, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде электрондық түрде 2018 жылдың 28 мамырда, 2018 жылғы 06 маусымда № 20 (64) "Отан-Заман" аудандық газетінде жарияланған).

      4. Қарқаралы аудандық мәслихатының 2018 жылғы 27 сәуірдегі XXVII сессиясының № VI-27/240 "Қарқаралы ауданы Егіндібұлақ ауылдық округінің жергілікті қоғамдастық жиналысының регламентін бекіту туралы" шешімі (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеудің Тізілімінде № 4760 болып тіркелген, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде электрондық түрде 2018 жылдың 28 мамырда, 2018 жылғы 06 маусымда № 20 (64) "Отан-Заман" аудандық газетінде жарияланған).

Көмек
Көмек
Ай бойы келгендердің барлығы:
Кеше келгендердің барлығы:
Қазір порталда:
URL:
Қате:
Пікір:

Спасибо, информация об ошибке принята.

Извините, в данный момент информация об ошибке не может быть обработана.
Попробуйте позже.