Курчатов қалалық мәслихатының 2018 жылғы 20 маусымдағы № 21/169-VI "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" шешіміне өзгеріс енгізу туралы

Актінің түрі
Шешім
Қағида
Өзгерту
Қабылдау күні
24.06.2019
Өзгерту күні
18.06.2019
Актіні қабылдаған орган
Курчатов қаласының мәслихаты

      РҚАО-ның ескертпесі.
      Құжаттың мәтінінде түпнұсқаның пунктуациясы мен орфографиясы сақталған.

      Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін – өзі басқару туралы" Заңының 6 - бабының 2-3 тармағына, Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 29 желтоқсандағы "Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы" Заңының 6 - бабының 1- тармағына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" қаулысына сәйкес Курчатов қалалық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Курчатов қалалық мәслихатының 2018 жылғы 20 маусымдағы № 21/169-VI "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде № 5-3-126 нөмірімен тіркелген, 2018 жылғы 18 шілдеде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің электрондық түрдегі Эталондық бақылау банкінде жарияланған) шешіміне келесі өзгеріс енгізілсін:

      осы шешімнің қосымшасына сәйкес Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Сессия төрайымы,
      Курчатов қалалық мәслихатының
      хатшысы Г. Қарымбаева

  Курчатов
қалалық мәслихатының
2019 жылғы 18 маусымдағы
№ 33/000-VI шешіміне қосымша
  Курчатов
қалалық мәслихатының
2018 жылғы 20 маусымдағы
№ 21/169-VI шешімімен
бекітілген

Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Әлеуметтiк көмек көрсетудiң, оның мөлшерлерiн белгiлеудiң және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тiзбесiн айқындаудың қағидаларында (бұдан әрі – Қағидалар) пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:

      1) уәкілетті ұйым – "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсету, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштер қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, сондай-ақ электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;

      2) атаулы күндер – жалпы халықтық тарихи, рухани, мәдени маңызы бар және Қазақстан Республикасы тарихының барысына ықпал еткен оқиғалар;

      3) арнайы комиссия – өмірлік қиын жағдайдың туындауына байланысты әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша қала әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;

      4) ең төменгі күнкөріс деңгейі – Шығыс Қазақстан облысының статистикалық органдары есептейтін мөлшері бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға қажетті ең төмен ақшалай кіріс;

      5) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;

      6) отбасының (азаматтың) жан басына шаққандағы орташа табысы – отбасының жиынтық табысының айына отбасының әрбір мүшесіне келетін үлесі;

      7) уәкілетті орган – "Шығыс Қазақстан облысы Курчатов қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі;

      8) өмірлік қиын жағдай – азаматтың тыныс-тіршілігін объективті түрде бұзатын, ол оны өз бетінше еңсере алмайтын ахуал;

      9) учаскелік комиссия – әлеуметтік көмек алуға өтініш білдірген адамдардың (отбасылардың) материалдық жағдайына тексеру жүргізу және қорытындылар дайындау үшін қала әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;

      10) шекті шама – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері.

      2. Осы Қағидалардың мақсаттары үшін әлеуметтік көмек ретінде Курчатов қаласының жергілікті атқарушы органы мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі – алушылар) өмірлік қиын жағдай туындаған жағдайда, сондай-ақ атаулы күндер мен мереке күндеріне ақшалай нысанда көрсететін көмек түсініледі.

      3. Осы Қағидалар Курчатов қаласының аумағында тіркелген тұлғаларға таралады.

      4. Әлеуметтік көмек қаржылық жылға бір рет және (немесе) мерзімді көрсетіледі.

      5. Учаскелік және арнайы комиссиялар өз қызметін Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі бекітетін ережелердің негізінде жүзеге асырады.

2. Әлеуметтік көмек алушылар санаттарының тізбесін айқындау, әлеуметтік көмектің мөлшерлерін және жан басына шаққандағы орташа табыстың шегін белгілеу тәртібі

      6. Алушылар санатының тізбесі, әлеуметтік көмектің шекті мөлшерлері, табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмекке өтініш білдіру мерзімдері Курчатов қалалық әкімдігімен белгіленеді және Курчатов қалалық мәслихатының шешімімен бекітіледі.

      Бұл ретте азаматтарды өмірлік қиын жағдай туындаған кезде мұқтаждар санатына жатқызу үшін мыналар:

      1) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген негіздемелер;

      2) табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келтіру;

      3) жан басына шаққандағы орташа табысы белгіленген шектен аспайтын өтініш жасалған тоқсанның алдындағы тоқсандағы адамдар (отбасылар) табысы;

      4) көпбалалық және/немесе отбасында қаланың мектепке дейінгі ұйымдарына баратын ерекше білімді қажет ететін балалардың болуы негіздеме болып табылады.

      7. Әлеуметтік көмек алушылар санатының тізбесі:

      1) жетім балалар және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар;

      2) қадағалаусыз қалған, оның ішінде девианттық мінез-құлықты кәмелетке толмағандар;

      3) кәмелетке толмағандардың ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымдарында болуы

      4) туғаннан үш жасқа дейінгі бастапқы психофизикалық дамуы мүмкіндіктері шектелген балалар;

      5) дене және (немесе) ақыл-ой мүмкіндіктерімен байланысты организм функцияларының тұрақты бұзылуы бар адамдар;

      6) әлеуметтік мәні бар аурулары және айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулары бар адамдар;

      7) жасының егде тартуына байланысты, ауруы және (немесе) мүгедектігі салдарынан өзіне-өзі күтім жасай алмайтын адамдар;

      8) әлеуметтік бейімсіздікке және әлеуметтік депривацияға әкеп соқтырған қатыгездікке ұшыраған адамдар;

      9) баспанасыздар (белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдар);

      10) бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққан адамдар;

      11) пробация қызметінің есебінде тұрған адамдар;

      12) табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан зиян шеккен адамдар (отбасылар);

      13) белгіленген шектен аспайтын өтініш жасалған тоқсанның алдындағы тоқсанда жан басына шаққандағы орташа табысы бар адамдар (отбасылар);

      14) мектепке дейінгі ұйымдарға баратын көп балалы отбасы балаларының және ерекше білімді қажет ететін балалардың болуы.

      8. Адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысының шегі ең төмен күнкөріс деңгейінің бір еселік мөлшерінде белгіленсін.

      Осы қағидалардың 7-тармағының 14) тармақшасында көрсетілген алушылар санатының тізбесі үшін жан басына шаққандағы орташа табыстың шегі ең төмен күнкөріс деңгейінің алты еселік мөлшерінде белгіленсін.

      9. Әлеуметтік көмек, амбулаторлық емделудегі, әлеуметтік мәні бар аурулары және айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулары бар адамдарға кірісін есепке алмай, ай сайын - 6 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (бұдан әрі – АЕК) көрсетіледі.

      10. Әрбір жекелеген жағдайда көрсетілетін әлеуметтік көмек мөлшерін арнайы комиссия айқындайды және оны әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытындыда көрсетеді.

      Табиғи зілзала немесе өрттің салдарынан зиян шеккен тұлғаларға әлеуметтік көмек көрсету мөлшері, алушыларға 70 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын мөлшерде белгіленеді.

      Әлеуметтік көмектің шекті мөлшері 215 айлық есептік көрсеткішті құрайды.

      11. Атаулы күндер мен мерекелік күндерге берілетін бір реттік әлеуметтік көмек азаматтардың келесі санаттарына анықталады:

      1) Ауғанстан аумағынан әскерлерді шығару күні, интернационалист-жауынгерлерді еске алу күні – 15 ақпан;

      жаттығу жиындарына шақырылып, ұрыс қимылдары жүріп жатқан кезде Ауғанстанға жіберілген әскери міндеттілер; ұрыс қимылдары жүріп жатқан осы елге жүк жеткізу үшін Ауғанстанға жіберілген автомобиль батальондарының әскери қызметшілері;

      бұрынғы КСР Одағының аумағынан Ауғанстанға жауынгерлік тапсырмаларды орындау үшін ұшулар жасаған ұшу құрамының әскери қызметшілері; Ауғанстандағы кеңес әскери құрамына қызмет көрсеткен жараланған, контузия алған немесе зақымданған, яки ұрыс қимылдарын қамтамасыз етуге қатысқаны үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдерімен наградталған жұмысшылар мен қызметшілеріне – 35 айлық есептік көрсеткіш;

      2) Халықаралық әйелдер күні – 8 наурыз;

      "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқасымен марапатталған, немесе бұрын "Батыр Ана" атағын алған, сонымен қатар I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен марапатталған көп балалы аналар – 5 айлық есептік көрсеткіш;

      бірге тұратын төрт және одан көп кәмелетке толмаған балалары, оның ішінде орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беретін ұйымдарда, жоғары оқу орындарында күндізгі оқу нысанында оқитын балалары бар көп балалы отбасылар, балалары кәмелеттік жасқа толғаннан кейін олар оқу орнын бітіретін уақытқа дейін (бірақ әрі дегенде жиырма үш жасқа толғанға дейін) – 5 айлық есептік көрсеткіш;

      3) Халықаралық радиациялық авариялар мен апаттар құрбандарын еске алу күні – 26 сәуір;

      1986-1987 жылдары Чернобыль АЭС-iндегi апаттың, сондай-ақ азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың зардаптарын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтар мен жаттығуларға тiкелей қатысқан адамдар – 35 айлық есептік көрсеткіш;

      4) Жеңіс Күні – 9 Мамыр;

      Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне – 215 айлық есептік көрсеткіш;

      бұрынғы КСР Одағын қорғау кезiнде, әскери қызметтiң өзге де мiндеттерiн басқа уақытта орындау кезiнде жаралануы, контузия алуы, зақымдануы салдарынан немесе майданда болуына байланысты, сондай-ақ Ауғанстанда немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген басқа мемлекеттерде әскери мiндетiн өтеу кезiнде ауруға шалдығуы салдарынан мүгедек болған әскери қызметшiлер– 35 айлық есептік көрсеткіш;

      Ұлы Отан соғысында қаза тапқан, хабар-ошарсыз кеткен жауынгерлердің екінші рет некеге отырмаған жесірлеріне – 35 айлық есептік көрсеткіш;

      қайтыс болған соғыс мүгедектерінің әйелдеріне – 25 айлық есептік көрсеткіш;

      екiншi дүние жүзiлiк соғыс кезеңінде фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагерлердің, геттолардың және басқа да еріксіз ұстау орындарының жасы кәмелетке толмаған бұрынғы тұтқындарына– 35 айлық есептік көрсеткіш;

      қоршаудағы кезеңінде Ленинград қаласының кәсiпорындарда, мекемелері мен ұйымдарында жұмыс iстеген және "Ленинградты қорғағаны үшiн" медалiмен әрі "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгiсiмен наградталған азаматтарға – 35 айлық есептік көрсеткіш;

      Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi және мiнсiз әскери қызметi үшiн бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталған адамдарға – 25 айлық есептік көрсеткіш;

      Ұлы Отан соғысы жылдарында 1941 жылғы 22 маусымнан бастап, 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген (әскери қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы жанқиярлық еңбегi және мiнсiз әскери қызметi үшiн бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдарға – 4,5 айлық есептік көрсеткіш;

      Чернобыль АЭС-iндегi апаттың, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың, ядролық қаруды сынаудың салдарынан мүгедек болған адамдар, сондай-ақ ата-анасының бірінің радиациялық сәуле алуы себебінен генетикалық жағынан мүгедек болып қалған олардың балалары – 25 айлық есептік көрсеткіш;

      5) Саяси қуғын - сүргін құрбандарын еске алу күні - 31 мамыр;

      саяси қуғын - сүргіннен зардап шеккен адамдарға – 5 айлық есептік көрсеткіш.

3. Әлеуметтiк көмек көрсету тәртiбi

      12. Атаулы күндер мен мереке күндерiне әлеуметтiк көмек алушылардан өтiнiштері талап етiлмей уәкiлеттi ұйымның не өзгеде ұйымдардың ұсынымы бойынша Курчатов қаласының әкімдігі бекітетін тізімдер бойынша көрсетіледі.

      13. Өмiрлiк қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтiк көмек алу үшiн өтiнiш берушi өзiнiң немесе отбасының атынан уәкiлеттi органға өтiнiшке қоса мынадай құжаттарды ұсынады:

      1) жеке басын куәландыратын құжат;

      2) тұрақты тұрғылықты жерi бойынша тiркелгенiн растайтын құжат;

      3) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 қаулысымен бекітілген "Әлеуметтік көмек көрсетудің, мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларына" 1- қосымшаға сәйкес адамның (отбасының) құрамы туралы мәліметтер;

      4) адамның (отбасы мүшелерiнiң) табыстары туралы мәлiметтер;

      5) өмiрлiк қиын жағдайдың туындағанын растайтын актiнi және/немесе құжатты ұсынады.

      Табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан залал келтірілген адамдарға бір жолғы әлеуметтік көмек адамның (отбасы мүшелерінің) табысы есептелмей көрсетіледі.

      14. Салыстыру үшін құжаттардың түпнұсқасы және көшірмелері ұсынылады, салыстырып тексеру өткеннен кейін құжаттардың түпнұсқалары өтініш берушіге қайтарылады.

      15. Өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмек көрсетуге өтініш келіп түскен кезде уәкілетті орган бір жұмыс күн ішінде өтініш берушінің құжаттарын адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізу үшін учаскелік комиссияға жібереді.

      16. Учаскелік комиссия құжаттарды алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде өтініш берушіге тексеру жүргізеді, оның нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 қаулысымен бекітілген "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларына" 2, 3 қосымшаларға сәйкес нысандар бойынша адамның (отбасының) материалдық жағдайы туралы акті жасайды, адамның (отбасының) әлеуметтік көмекке мұқтаждығы туралы қорытынды дайындайды және оларды уәкiлеттi органға жібереді.

      17. Әлеуметтiк көмек көрсету үшiн құжаттар жетiспеген жағдайда уәкiлеттi орган әлеуметтiк көмек көрсетуге ұсынылған құжаттарды қарау үшiн қажеттi мәлiметтердi тиiстi органдардан сұратады.

      18. Өтiнiш берушiнiң қажеттi құжаттарды олардың бүлiнуiне, жоғалуына байланысты ұсынуға мүмкiндiгi болмаған жағдайда уәкiлеттi орган тиiстi мәлiметтердi қамтитын өзге уәкiлеттi органдар мен ұйымдардың деректерi негiзiнде әлеуметтiк көмек тағайындау туралы шешiм қабылдайды.

      19. Уәкілетті орган учаскелік комиссиядан құжаттар келіп түскен күннен бастап бір жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысын есептеуді жүргізеді және құжаттардың толық пакетін арнайы комиссияның қарауына ұсынады.

      20. Арнайы комиссия құжаттар келiп түскен күннен бастап екi жұмыс күнi iшiнде әлеуметтiк көмек көрсетудің қажеттiлiгi туралы қорытынды шығарады, оң қорытынды болған кезде әлеуметтiк көмектiң мөлшерiн көрсетедi.

      21. Уәкiлеттi орган әлеуметтік көмек көрсетуге өтiнiш берушiнiң құжаттарын тiркеген күннен бастап сегiз жұмыс күнi iшiнде қабылданған құжаттар мен арнайы комиссияның әлеуметтiк көмек көрсетудің қажеттiлiгi туралы қорытындысының негiзiнде әлеуметтiк көмек көрсету не көмек көрсетуден бас тарту туралы шешiм қабылдайды.

      Осы Қағидалардың 17 және 18 тармақтарында көрсетiлген жағдайларда уәкiлеттi орган өтiнiш берушiден құжаттарды қабылдаған күннен бастап жиырма жұмыс күнi iшiнде әлеуметтiк көмек көрсету не көмек көрсетуден бас тарту туралы шешiм қабылдайды.

      22. Уәкiлеттi орган шешiм қабылдаған күннен бастап үш жұмыс күнi iшiнде қабылданған шешiм туралы (бас тартқан жағдайда – негiздемесiн көрсете отырып) өтiнiш берушiнi жазбаша хабардар етедi.

      23. Әлеуметтiк көмек көрсетуден бас тарту жағдайлары:

      1) өтiнiш берушiмен анық емес мәлiметтер бергені анықталғанда;

      2) өтiнiш берушi адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргiзуден бас тартқан, жалтарғанда;

      3) әлеуметтiк көмек көрсету үшiн, адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысы белгiленген шектен артқанда.

      24. Әлеуметтiк көмек көрсетудегі шығыстарды қаржыландыру, қаланың жергілікті бюджетінде ағымдағы жылғы қаржысынан қарастырылған, қаржы шегінде жүзеге асырылады.

4. Көрсетiлетiн әлеуметтiк көмектi тоқтату және қайтару үшiн негiздемелер

      25. Әлеуметтік көмек мына жағдайларда тоқтатылады:

      1) алушы қайтыс болғанда;

      2) алушы Курчатов қаласы шегінен тыс басқа жаққа тұрақты тұруға кеткенде;

      3) алушыны мемлекеттiк медициналық-әлеуметтiк мекемелерге тұруға жiбергенде;

      4) өтініш берушімен, анық емес мәлiметтер бергені анықталған.

      Әлеуметтік көмекті төлеу көрсетілген жағдайлар туындаған айдан бастап тоқтатылады.

      26. Артық төленген сомалар ерікті немесе басқа да Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте қайтарып беруге жатады.

5. Қорытынды ереже

      27. Әлеуметтік көмек көрсету мониторинг және есепке алуды уәкілетті орган "Е-Собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің дерек қорын пайдалана отырып жүргізеді.

Көмек
Көмек
Ай бойы келгендердің барлығы:
Кеше келгендердің барлығы:
Қазір порталда:
URL:
Қате:
Пікір:

Спасибо, информация об ошибке принята.

Извините, в данный момент информация об ошибке не может быть обработана.
Попробуйте позже.