"Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Актінің түрі
Заң
Қабылдау күні
24.10.2007
Өзгерту күні
24.10.2007
Актіні қабылдаған орган
Қазақстан Республикасының Парламенті

      1-бап . "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" 1996 жылғы 27 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1996 ж., N 2, 182-құжат; 1999 ж., N 11, 357-құжат; N 21, 787-құжат; 2003 ж., N 11, 56-құжат; 2004 ж., N 22, 131-құжат; N 23, 142-құжат; 2005 ж., N 16, 70-құжат; 2006 ж., N 3, 22-құжат; N 16, 99-құжат; N 24, 148-құжат; 2007 ж., N 1, 4-құжат; N 3, 22-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      1) 7-бап мынадай мазмұндағы 3-1) тармақшамен толықтырылсын:
      "3-1) стратегиялық маңызы бар жер қойнауы учаскелерінің (кен орындарының) тізбесін бекітеді;";

      2) 8-баптың 1-тармағының 7) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
      "7) келісімшартты заңнамада көзделген тәртіппен және негіздер бойынша орындауды және бұзуды қамтамасыз ету, сондай-ақ келісімшартты орындаудан осы Заңға сәйкес біржақты бас тартуды қамтамасыз ету;";

      3) 45-2-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "45-2-бап. Келісімшартты өзгерту және тоқтату

      1. Егер стратегиялық маңызы бар жер қойнауы учаскелеріне (кен орындарына) қатысты жер қойнауын пайдалану операцияларын жүргізу кезінде жер қойнауын пайдаланушының іс-әрекеттері Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделерін ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретіндей елеулі түрде өзгертуге әкеп соқса, құзыретті орган Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделерін қалпына келтіру мақсатында келісімшарттардың талаптарын өзгертуді және (немесе) толықтыруды талап етуге құқылы.
      2. Құзыретті орган келісімшартты мынадай жағдайларда:
      1) мердігер барлау, өндіру, бірлескен барлау мен өндіру не барлаумен және (немесе) өндірумен байланысты емес жерасты құрылыстарын салуды және (немесе) пайдалануды жүргізуді тоқтата тұру туралы шешім қабылдауға әкеп соққан себептерді жоюдан бас тартқан кезде, не осы себептер оларды жою үшін жеткілікті мерзімде жойылмаған кезде;
      2) жер қойнауын пайдаланушылар осы Заңның 70-бабында көзделген шараларды қолданбаған кезде;
      3) жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды тоқтата тұруға әкеп соққан себептерді жою мүмкін болмаған кезде;
      4) мердігер келісімшартта не жұмыс бағдарламасында белгіленген міндеттемелерін елеулі түрде бұзған кезде;
      5) жер қойнауын пайдалану құқығы осы Заңға сәйкес кепіл нысанасы болып табылатын жағдайды қоспағанда, мердігер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес банкрот деп танылған кезде;
      6) осы Заңның 71-бабының мемлекеттің басым құқығына қатысты үшінші бөлігі орындалмаған кезде;
      7) егер жер қойнауын пайдаланушы осы баптың 1-тармағына сәйкес құзыретті органнан келісімшарт талаптарын өзгерту және (немесе) толықтыру туралы хабарлама алған күннен бастап екі айға дейінгі мерзімде мұндай келіссөздер жүргізуге келісімін не оларды жүргізуден бас тартатынын жазбаша түрде табыс етпесе;
      8) егер жер қойнауын пайдаланушының келісімшарт талаптарын өзгерту және (немесе) толықтыру жөнінде келіссөздер жүргізуге келісімі алынған күннен бастап төрт айға дейінгі мерзімде тараптар осы баптың 1-тармағына сәйкес келісімшарт талаптарын өзгерту және (немесе) толықтыру жөнінде келісімге қол жеткізбесе;
      9) егер Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделерін қалпына келтіру жөнінде келісілген шешімге қол жеткізілген күннен бастап алты айға дейінгі мерзімде тараптар осы баптың 1-тармағына сәйкес келісімшарт талаптарын өзгертуге және (немесе) толықтыруға қол қоймаса, біржақты тәртіппен бұзуға құқылы.
      3. Құзыретті орган келісімшартты бұзу туралы тиісті шешім қабылдағанға дейін мердігерге хабарлама жіберу арқылы жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізуді дереу тоқтатуды талап етуге құқылы, ал мердігер мұндай талапты дереу орындауға міндетті.
      4. Тараптар Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде және келісімшартта көзделген негіздер бойынша және тәртіппен ғана келісімшарттың қолданысын тоқтатуы немесе талаптарын өзгертуі мүмкін.
      5. Тараптар келісімшарттың қолданысы тоқтатылған немесе талаптары өзгертілген кезде орындалмай қалған ағымдағы міндеттемелерді орындаудан босатылмайды.
      6. Келісімшарттың қолданысын тоқтату жер қойнауын пайдаланушыны Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бекітілген тарату жобасына сәйкес келісімшарт аумағын халықтың денсаулығы мен өміріне және қоршаған орта үшін қауіпсіз болатын жағдайға дейін қалпына келтіру жөніндегі міндеттемелерді орындаудан босатпайды.";

      4) мынадай мазмұндағы 45-3-баппен толықтырылсын:

      "45-3-бап. Келісімшартты орындаудан біржақты бас тарту

      1. Егер стратегиялық маңызы бар жер қойнауы учаскелеріне (кен орындарына) қатысты жер қойнауын пайдалану операцияларын жүргізу кезінде жер қойнауын пайдаланушының іс-әрекеттері Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделерін ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретіндей елеулі түрде өзгертуге әкеп соқса, құзыретті орган Үкіметтің бастамасы бойынша келісімшартты орындаудан біржақты бас тартуға құқылы.
      2. Келісімшартты орындаудан біржақты бас тартқан жағдайда құзыретті орган бұл туралы жер қойнауын пайдаланушыға кемінде екі ай бұрын ескертуге тиіс.".

      2-бап . Осы Заң ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және өндіруді немесе бірлескен барлау мен өндіруді жүргізуге арналып бұрын жасалған келісімшарттарға да қолданылады.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Көмек
Көмек
Ай бойы келгендердің барлығы:
Кеше келгендердің барлығы:
Қазір порталда:
URL:
Қате:
Пікір:

Спасибо, информация об ошибке принята.

Извините, в данный момент информация об ошибке не может быть обработана.
Попробуйте позже.