Жалақыны қорғау туралы конвенцияны (95-конвенция) ратификациялау туралы

Актінің түрі
Заң
Конвенция
Қабылдау күні
07.04.2014
Өзгерту күні
07.04.2014
Актіні қабылдаған орган
Қазақстан Республикасының Парламенті

      1949 жылғы 1 шілдеде Женевада Халықаралық еңбек ұйымы Бас конференциясының 32-сессиясында қабылданған Жалақыны қорғау туралы конвенция (95-конвенция) ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                            Н.Назарбаев

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЕҢБЕК КОНФЕРЕНЦИЯСЫ 95-КОНВЕНЦИЯ
Жалақыны қорғау туралы конвенция,
Женева, 1949 жылғы 1 шілде

теңтүпнұсқалы мәтін

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЕҢБЕК КОНФЕРЕНЦИЯСЫ

95-конвенция

Жалақыны қорғау туралы конвенция

      Халықаралық Еңбек Бюросының Әкімшілік Кеңесі Женевада шақырған және 1949 жылғы 8 маусымда өзінің отыз екінші сессиясына жиналған Халықаралық Еңбек Ұйымының Бас Конференциясы,
      сессия күн тәртібінің жетінші тармағы болып табылатын жалақыны қорғау туралы бірқатар ұсыныстарды қабылдауға қаулы ете отырып, осы ұсыныстарға халықаралық конвенция нысанын беруді ұйғара отырып,
      бір мың тоғыз жүз қырық тоғызыншы жылғы шілде айының бірінші күні Жалақыны қорғау туралы 1949 жылғы конвенция деп аталатын төмендегі Конвенцияны қабылдайды.

1-бап

      Осы Конвенцияның мақсатында «жалақы» термині атауы мен есептеу әдісіне қарамастан, ақшамен есептелетін және келісімде немесе ұлттық заңнамада белгіленетін, жалдау туралы жазбаша немесе ауызша шартқа сәйкес кәсіпкердің еңбекшіге орындалған не орындалуға тиіс еңбегі үшін немесе көрсеткен не көрсетілуге тиіс қызметі үшін төлейтін кез келген сыйақыны немесе кез келген табысты білдіреді.

2-бап

      1. Осы Конвенция жалақы төленетін немесе тиесілі адамдардың барлығына қолданылады.
      2. Құзыретті билік органы кәсіпкерлер мен еңбекшілердің тиісті ұйымдары бар болғанда және олар осыған тікелей мүдделі болғанда осындай ұйымдармен консультациядан кейін, осы Конвенцияның тұтастай немесе оның кейбір ережелерінің қолданылу аясынан өздеріне жоғарыда аталған ережелердің барлығын немесе кейбіреуін оларға қолдану орынсыз болатын осындай жағдайларда және осындай шарттарда жұмыс істейтін және дене еңбегімен айналыспайтын немесе үй шаруашылығындағы немесе осыған ұқсас жұмыспен айналысатын адамдар санатын алып тастай алады.
      3. Ұйымның әрбір Мүшесі Халықаралық Еңбек Ұйымы Жарғысының
22-бабына сәйкес ұсынылатын, осы Конвенцияның қолданылуы туралы өзінің жыл сайынғы бірінші баяндамасында алдыңғы тармақтың қаулыларына сәйкес Конвенцияның барлық немесе қандай да бір ережелерінің қолданысынан өзі алып тастауға ниеттенген адамдардың барлық санаттарын көрсетеді. Кейіннен Ұйым Мүшесінің бірде-біреуі аталған тәсілмен көрсетілген адамдар санатына қатысты алып тастаудан басқа, мұндай алып тастауларды жасай алмайды.
      4. Осы Конвенцияның барлық немесе қандай да бір ережелерінің қолданысынан өзі алып тастауға ниеттенген адамдардың санатын өзінің жыл сайынғы бірінші баяндамасында көрсеткен Ұйымның әрбір Мүшесі өзінің келесі баяндамаларында оларға қатысты ол осы баптың 2-тармағының ережелерін пайдалану құқығынан бас тартатын адамдардың санатын көрсетеді және Конвенцияны адамдардың осы санатына қолдану мақсатында өзі қабылдаған кез келген шаралар туралы хабарлайды.

3-бап

      1. Ақшалай жалақы аталған елде заңды айналымдағы валютамен ғана төленеді, ал борыштық міндеттемелер, қолхаттар, купондар нысанында немесе заңды валютаға сәйкес келетін сияқты қандай да бір өзге нысанда төлеуге тыйым салынады.
      2. Егер төлемнің мұндай нысаны ерекше мән-жайларға байланысты кәдімгі немесе қажетті болып табылса немесе, егер ұжымдық шарт немесе төрелік органның шешімі осыны көздейтін болса немесе, мұндай қаулылар болмағанда, егер мүдделі еңбекші осыған келіскен болса, құзыретті билік органы жалақыны банктік чектермен немесе пошта аударымдарымен төлеуге рұқсат етуі немесе ұйғарым беруі мүмкін.

4-бап

      1. Елдің заңнамасы, ұжымдық шарттар мен төрелік шешімдер жалақының ішінара заттай төлемі кәдімгі немесе оған ынталы болып табылатын өнеркәсіп салаларында немесе кәсіптерде мұндай төлемге рұқсат бере алады; жалақыны құрамында алкоголь мөлшері жоғары спирт ішімдіктері, сондай-ақ организмге зиянды есірткі түрінде төлеуге қандай жағдайда болсын рұқсат етілмейді.
      2. Жалақыны заттай жәрдемақы түрінде ішінара төлеуге рұқсат етілетін жағдайларда:
      а) жәрдемақының осындай түрі еңбекшінің және оның отбасының жеке тұтынуы үшін лайықты болып табылуын немесе оған белгілі бір пайда әкелуін;
      b) мұндай беру әділетті және ақылға қонымды құнының болуын қамтамасыз ету үшін тиісті шаралар қолданылады.

5-бап

      Жалақыны төлеудің өзгеше тәсілі осы елдің заңнамасында, ұжымдық шарттарда немесе төрелік шешімдерде көзделген жағдайларды, немесе осыған еңбекшінің өзінің жеке келісімі болған жағдайларды қоспағанда, жалақы мүдделі еңбекшіге тікелей төленеді.

6-бап

      Еңбекшілердің өз жалақысына еркін билік етуіне кәсіпкерлердің қандай деңгейде болсын қысым жасауына тыйым салынады.

7-бап

      1. Кәсіпорындарда еңбекшілерге ең қажетті заттарды сатуға арналған дүкендер болғанда немесе кәсіпорынға байланысты басқа да қызмет көрсету түрлері ұсынылғанда осы кәсіпорынның еңбекшілері мұндай дүкендерді немесе басқа да қызмет көрсету түрлерін пайдалануға мәжбүрленбейтін болады.
      2. Басқа дүкендерге немесе қызмет көрсету түрлеріне қол жеткізу мүмкін болмағанда құзыретті билік органы еңбекшілерге әділетті және өздеріне қолжетімді бағамен тауарлар сатып алу немесе қызмет көрсетуді пайдалану мүмкіндігін беру немесе кәсіпорын ашқан дүкендер немесе оларға қызмет көрсету орындары өздерінің функцияларын кәсіпорынның пайда табуы мақсатында емес, онда жұмыс істейтін еңбекшілердің мүддесіне орай жүзеге асырылуы үшін тиісті шараларды қабылдайды.

8-бап

      1. Жалақыдан шегерімдер жүргізуге осы елдің заңнамасында
айқындалатын немесе ұжымдық шарттарда немесе төрелік шешімдерде
белгіленетін талаптар сақталған кезде және мөлшерде ғана рұқсат етіледі.
      2. Еңбекшілер құзыретті билік органдарының қалауы бойынша мұндай шегерімдердің қандай жағдайларда және қандай мөлшерде жүргізіле алатыны туралы неғұрлым қолайлы түрде хабардар етіледі.

9-бап

      Тікелей немесе жанама сыйақы арқылы өзіне жұмыс табуын немесе оның сақталуын қамтамасыз ету мақсатында кәсіпкердің немесе оның өкілінің немесе қандай да бір делдалдың (мысалы, мердігердің немесе жұмысқа тартушының) пайдасына жалақыдан еңбекші жүргізетін кез келген аударымдарға тыйым салынады.

10-бап

      1. Жалақы ұлттық заңнамада белгіленген нысанда және шекте ғана
тыйым салу немесе цессия объектісі бола алады.
      2. Жалақы тыйым салудан және цессиядан, еңбекшіні және оның отбасын күтіп-бағуды қамтамасыз етуге қажетті деп есептелетін мөлшерде қорғалады.

11-бап

      1. Кәсіпорын банкрот болған немесе оны сот тәртібімен таратқан
жағдайда, осы кәсіпорында жұмыс істейтін еңбекшілер банкроттық немесе
тарату алдында ұлттық заңнамада айқындалатын кезеңде көрсетілген
қызметтері үшін өздеріне тиесілі жалақыға қатысты не ұлттық заңнамада
айқындалған сомадан аспайтын сомадағы жалақыға қатысты артықшылықты
кредиторлар жағдайын пайдаланады.
      2. Осы артықшылықты кредитті құрайтын жалақы қатардағы кредиторлар өз үлесін талап ете алғанға дейін толық төленуге тиіс.
      3. Артықшылықты кредиттің басқа түрлеріне қарағанда, жалақыны
құрайтын артықшылықты кредитті өтеу кезектілігі ұлттық заңнамада
айқындалады.

12-бап

      1. Жалақы тұрақты түрде төленеді. Оны белгілі бір тұрақты мерзімдерде төлеуді қамтамасыз ететін өзге де тиісті тәсілдер болған жағдайларды қоспағанда, жалақыны төлеу мерзімдері осы елдің заңнамасында белгіленеді немесе ұжымдық шарттарда немесе төрелік шешімдерде айқындалады.
      2. Еңбек шартының қолданысы тоқтатылған кезде, барлық тиесілі
жалақымен байланысты түпкілікті есеп айырысу осы елдің заңнамасына,
ұжымдық шартқа немесе төрелік шешімге сәйкес немесе мұндай заңнама, шарт немесе шешім болмағандықтан, шарт талаптарына қарай ақылға қонымды кезең ішінде жүргізіледі.

13-бап

      1. Жалақыны ақшамен төлеу жүргізілген кезде, егер ұлттық заңнамада, ұжымдық шартта немесе төрелік органның шешімінде өзгеше көзделмесе немесе егер еңбекшілерге белгілі басқа да тәсілдер неғұрлым мақсатқа сай деп танылмаса, тек қана жұмыс күндері және жұмыс орнының өзінде немесе оған жақын жерде жүргізілуге тиіс.
      2. Таверналарда немесе осыған ұқсас орындарда, сондай-ақ, егер теріс пайдалануды болғызбау қажет болса, бөлшек сауда дүкендері мен көңіл көтеру орындарында, мұндай мекемелерде жұмыс істейтін адамдарға жалақы төленетін жағдайларды қоспағанда, жалақы төлемін жүргізуге тыйым салынады.

14-бап

      Қажет болған жерде еңбекшілердің:
      а) жұмысқа кіргенге дейін, сондай-ақ қандай да бір өзгерістер болған жағдайларда, өздері жұмысқа жалданған жалақыға қатысты шарттар туралы;
      b) әрбір жалақы беру кезінде, олардың өзгеруі мүмкін болғандықтан, осы кезеңдегі жалақының түрлі құрамдас бөліктері туралы тиісті және оларға оңай қолжетімді нысанда хабардар етілуін қамтамасыз ету үшін тиімді шаралар қолданылады.

15-бап

      Осы Конвенцияның ережелерін қолданысқа енгізетін заңнама:
      а) мүдделі адамдардың назарына жеткізіледі;
      b) оның сақталуына жауапты болып табылатын адамдарды айқындайды;
      с) ол бұзылған жағдайда, тиісінше жазаларды немесе өзге де тиісті шараларды белгілейді;
      d) барлық тиісті жағдайларда белгіленген нысан бойынша және лайықты түрде жасалған тиісінше жазбалардың жасалуын қамтамасыз етеді.

16-бап

      Халықаралық Еңбек Ұйымы Жарғысының 22-бабына сәйкес ұсынылатын жыл сайынғы баяндамаларда осы Конвенцияның ережелерін іс жүзіне асыру мақсатында қабылданған шаралар туралы толық мәліметтер келтіріледі.

17-бап

      1. Егер Ұйым Мүшесінің аумағында үлкен аудандар болып, онда құзыретті билік халықтың шашыраңқылығы немесе аудандардың даму деңгейі салдарынан осы Конвенцияның ережелерін қолдану іс жүзінде мүмкін емес деп есептесе, осы билік кәсіпкерлер мен еңбекшілердің тиісті ұйымдары бар болғанда, осындай ұйымдармен консультациядан кейін, мұндай аудандарды Конвенцияның қолданылу аясынан толығымен не жекелеген кәсіпорындарға немесе кәсіптерге қатысты өзі мақсатқа сай деп есептейтін осындай ерекшеліктерімен алып тастай алады.
      2. Ұйымның әрбір Мүшесі Халықаралық Еңбек Ұйымы Жарғысының 22-бабына сәйкес ұсынатын осы Конвенцияның қолданылуы туралы өзінің жыл сайынғы бірінші баяндамасында оларға қатысты өзі осы баптың ережелерін қолдануға ниет білдірген барлық аудандарды, сондай-ақ осы ережелерді қолдануға ниетті болу себептерін көрсетеді. Кейіннен Ұйымның бірде-бір Мүшесі осы баптың ережелерін өзі осылай етіп көрсеткен аудандардан өзгеше қолдана алмайды.
      3. Осы баптың ережелерін қолданатын Ұйымның әрбір Мүшесі
1-тармаққа сәйкес қолдану аясынан алып тасталған аудандарға осы
Конвенцияның қолданылу мүмкіндігі туралы мәселені кемінде әрбір үш жылда және кәсіпкерлер мен еңбекшілердің тиісті ұйымдары бар болғанда осындай ұйымдармен консультациялар жүргізу арқылы қайта қарайды.
      4. Осы баптың ережелерін қолданатын Ұйымның әрбір Мүшесі өзінің келесі жыл сайынғы баяндамаларында көрсетілген ережелерді оларға қатысты қолдану құқығынан бас тартатын аудандарды, сондай-ақ осы Конвенцияның қолданылу аясын мұндай аудандарға біртіндеп қолдану мақсатында өзі қабылдаған барлық шараларды көрсетеді.

18-бап

      Осы Конвенцияны ратификациялау туралы ресми құжаттар тіркеу үшін Халықаралық Еңбек Ұйымының Бас Директорына жіберіледі.

19-бап

      1. Осы Конвенция Халықаралық Еңбек Ұйымының ратификациялау
туралы құжаттарын Бас Директор тіркеген Мүшелерін ғана байланыстырады.
      2. Ол Ұйымның екі Мүшесінің ратификациялау туралы құжаттарын Бас Директор тіркегеннен кейін он екі ай өткен соң күшіне енеді.
      3. Кейіннен осы Конвенция Ұйымның әрбір Мүшесіне қатысты оның ратификациялау туралы құжаты тіркелген күннен кейін он екі ай өткен соң күшіне енеді.

20-бап

      1. Халықаралық Еңбек Ұйымы Жарғысының 35-бабы 2-тармағының
ережелеріне сәйкес Халықаралық Еңбек Бюросының Бас Директорына
жіберілетін өтініштер мыналарға:
      а) Ұйымның мүдделі Мүшесі осы Конвенцияның ережелерін оларға қатысты өзгеріссіз қолдануға міндеттенетін аумақтарға;
      b) осы Конвенцияның ережелерін оларға қатысты өзгерістермен  және бұл өзгерістердің детальдарын қолдануға міндеттенетін аумақтарға;
      с) Конвенция қолданылмайтын аумақтарға және мұндай жағдайда - ол қолданылмайтын себептерге;
      d) бұдан былай ережелер одан әрі қаралғанға дейін ол өзінің шешімін резервте ұстайтын аумақтарға қатысты нұсқауларды қамтиды.
      2. Осы баптың 1-тармағының а) және b) тармақшаларында айтылған міндеттемелер ратификациялау туралы құжаттың ажырамас бөлігі болып есептеледі және онымен бірдей салдарға әкеп соғады.
      3. Ұйымның кез келген Мүшесі жаңа өтініш арқылы оның алдыңғы өтінішіндегі ескертпелерінің барлығынан немесе бір бөлігінен осы баптың 1-тармағының b), с) және d) тармақшаларына сәйкес бас тарта алады.
      4. Ұйымның кез келген Мүшесі 22-баптың ережелеріне сәйкес осы Конвенция денонсациялануы мүмкін кезеңдерде Бас Директорға кез келген алдыңғы өтініштің шарттарын кез келген басқа қатынаста өзгертетін және белгілі бір аумақтарда қазіргі бар ережелер туралы хабарлайтын жаңа өтінішті жібере алады.

21-бап

      1. Халықаралық Еңбек Ұйымы Жарғысының 35-бабы 4 және
5-тармақтарының ережелеріне сәйкес Халықаралық Еңбек Бюросының Бас
Директорына жіберілетін өтініштер осы Конвенция ережелерінің осы аумаққа қатысты өзгерістермен немесе өзгерістерсіз қолданылатын-қолданылмайтынын көрсетеді; егер өтініште Конвенцияның ережелері өзгерген жағдайда қолданылатыны көрсетілсе, бұл өзгерістердің қандай екені нақтыланады.
      2. Ұйымның мүдделі Мүшесі немесе Мүшелері немесе халықаралық билік жаңа өтініш арқылы қандай да бір алдыңғы өтініште айтылған өзгерістерді пайдалану құқығынан толық немесе ішінара бас тарта алады.
      3. Ұйымның мүдделі Мүшесі немесе Мүшелері немесе халықаралық билік осы Конвенцияның 22-бабының ережелеріне сәйкес Конвенция денонсациялануы мүмкін кезеңдерде Бас Директорға кез келген алдыңғы өтініштің шарттарын кез келген басқа қатынаста өзгертетін және осы Конвенцияның қолданылуына қатысты қолданыстағы ереже туралы хабарлайтын жаңа өтінішті жібере алады.

22-бап

      1. Осы Конвенцияны ратификациялаған Ұйымның кез келген Мүшесі оның алғашқы күшіне енген кезінен бастап он жылдық кезең өткеннен кейін, оны Халықаралық Еңбек Бюросының Бас Директорына жолданған және ол тіркеген денонсациялау туралы акт арқылы денонсациялай алады. Денонсациялау туралы акт тіркелгеннен кейін бір жылдан соң денонсация күшіне енеді.
      2. Осы Конвенцияны ратификациялаған Ұйымның әрбір Мүшесі алдыңғы тармақта айтылған он жылдық кезең өткеннен кейін бір жыл мерзімде осы бапта көзделген өзінің денонсациялау құқығын пайдаланбаған жағдайда келесі он жыл кезеңге онымен байланысты болады  және кейіннен осы бапта айқындалған тәртіппен осы Конвенцияны әр он жылдық кезең өткеннен кейін денонсациялай алады.

23-бап

      1. Халықаралық Еңбек Бюросының Бас Директоры Ұйым Мүшелерінен өзі алған ратификациялау туралы барлық құжаттардың, өтініштердің және денонсациялау туралы актілердің тіркелгені туралы Халықаралық Еңбек Ұйымының барлық Мүшелерін хабардар етеді.
      2. Бас Директор Ұйымның Мүшелерін өзі алған ратификациялау туралы екінші құжаттың тіркелгені туралы хабардар ете отырып, олардың назарын осы Конвенцияның күшіне енетін күніне аударады.

24-бап

      Халықаралық Еңбек Бюросының Бас Директоры алдыңғы баптардың ережелеріне сәйкес өзі тіркеген ратификациялау туралы барлық құжаттарға, өтініштерге және денонсациялау туралы актілерге қатысты толық мәліметтерді Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының 102-бабына сәйкес тіркеу үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Хатшысына жібереді.

25-бап

      Халықаралық Еңбек Бюросының Әкімшілік Кеңесі қажет деп есептеген әрбір жағдайда, ол осы Конвенцияның қолданылуы туралы баяндаманы Бас Конференцияға ұсынады және Конференцияның күн тәртібіне оны толық немесе ішінара қайта қарау туралы мәселені енгізу қажеттігін шешеді.

26-бап

      1. Конференция осы Конвенцияны толық немесе ішінара қайта қарайтын жаңа конвенцияны қабылдаған жағдайда және егер жаңа конвенцияда керісінше көзделмесе, онда:
      а) Ұйымның қандай да бір Мүшесінің қайта қаралған жаңа конвенцияны ратификациялауы, 22-баптың ережелеріне қарамастан, қайта қаралған жаңа конвенция күшіне енген жағдайда, осы Конвенцияны автоматты түрде дереу денонсациялауға әкеп соғады;
      b) қайта қаралған жаңа конвенция күшіне енген күннен бастап осы Конвенция Ұйым Мүшелерінің оны ратификациялауы үшін жабық болады.
      2. Осы Конвенция оны ратификациялаған, бірақ қайта қаралған жаңа конвенцияны ратификацияламаған Ұйым Мүшелеріне қатысты кез келген жағдайда нысаны мен мазмұны бойынша күшінде қалады.

27-бап

      Осы Конвенцияның ағылшын және француз тілдеріндегі мәтіндерінің күші бірдей.

      Жоғарыда баяндалған мәтін Женевада өткен және 1949 жылғы екінші шілдеде жабық деп жарияланған, Халықаралық Еңбек Ұйымы Бас Конференциясының отыз екінші сессиясында тиісті түрде қабылданған Конвенцияның теңтүпнүсқалы мәтіні болып табылады.
      Осыны куәландыру үшін біз 1949 жылғы он сегізінші тамызда қол қойдық.

Конференция төрағасы
ГИЛДХАЙМ МИРДДИН-ЭВАНС

Халықаралық Еңбек Бюросының
Бас директоры
ДЭВИД МОРС

      Конвенцияның ұсынылған мәтіні Халықаралық Еңбек Конференциясының Төрағасы мен Халықаралық Еңбек Бюросының Бас Директорының қолтаңбаларымен куәландырған мәтіннің дұрыс көшірмесі болып табылады.

      Көшірменің дұрыстығы мен толықтығы куәландырылады.

Халықаралық Еңбек Бюросының Бас Директоры үшін:

Гвидо Раймонди
Халықаралық Еңбек Ұйымының
Заң кеңесшісі

      1949 жылғы 1 шілдеде Женевада Халықаралық Еңбек Ұйымы Бас Конференциясының отыз екінші сессиясында қабылданған «Жалақыны қорғау туралы конвенцияның» (95-Конвенция) көшірмесін куәландырамын.

      Қазақстан Республикасы
      Еңбек және халықты әлеуметтік
      қорғау министрлігі
      Құқықтық қамтамасыз ету
      департаментінің директоры             Ә. Қуан

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Бұдан әрі Конвенцияның ағылшын тіліндегі мәтіні берілген.

Көмек
Көмек
Ай бойы келгендердің барлығы:
Кеше келгендердің барлығы:
Қазір порталда:
URL:
Қате:
Пікір:

Спасибо, информация об ошибке принята.

Извините, в данный момент информация об ошибке не может быть обработана.
Попробуйте позже.