1986 жылғы 26 қыркүйекте Венада қабылданған Ядролық авария туралы жедел хабарлау жөнiндегi конвенция ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының
Президентi Н.Назарбаев
Ядролық авария туралы жедел хабарлау жөнiндегi
Конвенция
Осы Конвенцияға қатысушы мемлекеттер,
ядролық қызметтiң бiрқатар мемлекеттерде жүзеге асырылып жатқанын сезiне отырып,
ядролық қызметтi жүзеге асырған кезде қауiпсiздiктiң жоғары деңгейiн қамтамасыз ету үшiн ядролық аварияларды болдырмауға және егер ол орын алса, кез келген осындай авариялардың зардаптарын мейлiнше азайтуға бағытталған жан-жақты шаралардың қабылданып келгенiн және қабылданатынын атап көрсете отырып,
ядролық энергияны дамыту және пайдалану қауiпсiздiгi саласында халықаралық ынтымақтастықты одан әрi нығайту ниетiн бiлдiре отырып,
трансшекаралық радиациялық зардаптарды барынша азайту мақсатында мемлекеттердiң ядролық авария туралы тиiстi ақпаратты неғұрлым жедел беруi қажеттiгiне көз жеткiзе отырып,
осы салада ақпарат алысу туралы екi жақты және көп жақты уағдаластықтардың пайдалылығын атап көрсете отырып,
төмендегiлер туралы келiстi:
1-бап
Қолдану аясы
1. Осы Конвенция салдарынан радиоактивтiк заттар шығарылатын немесе шығарылуы мүмкiн және ол халықаралық трансшекаралық шығарындыға әкелетiн немесе әкелуi мүмкiн болып, басқа мемлекет үшiн төмендегi 2-тармақта көрсетiлген қатысушы мемлекеттердiң немесе тұлғалардың немесе солардың заңды құзырындағы немесе бақылауындағы заңды субъектiлердiң қондырғыларына немесе қызметiне байланысты радиациялық қауiпсiздiк тұрғысынан мәнге ие болуы мүмкiн кез келген авария жағдайында қолданылады.
2. 1-тармақта көрсетiлген қондырғылар мен қызметтер:
а) орналасқан жерiне қарамастан кез келген ядролық реактор;
b) ядролық отын циклiның кез келген қондырғысы;
с) радиоактивтiк қалдықтармен жұмыс iстеу жөнiндегi кез келген қондырғы;
d) ядролық отынды немесе радиоактивтiк қалдықтарды тасымалдау және сақтау;
е) ауыл шаруашылығы, өнеркәсiптiк, медициналық мақсаттар үшiн және осы салаларда ғылыми зерттеулер жүргiзу үшiн радиоизотоптарды дайындау, пайдалану, сақтау, жою және тасымалдау; және
f) ғарыштық объектiлерде энергия алу үшiн радиоизотоптарды пайдалану болып табылады.
2-бап
Хабарлау және ақпарат
1-бапта көрсетiлген авария жағдайында (бұдан әрi «ядролық авария» деп аталатын), өзi сол бапта айтылатын қатысушы мемлекет:
а) тiкелей немесе Атом энергиясы жөнiндегi халықаралық агенттiк арқылы (бұдан әрi «Агенттiк» деп аталатын) 1-бапта аталғандай, әсерi тиген немесе әсерi тиюi мүмкiн мемлекеттердi, сондай-ақ Агенттiктi ядролық авария, оның сипаты, уақыты, қашан болғаны және қажет болған кезде оның дәл орыны туралы хабардар етедi;
b) тiкелей немесе Агенттiк арқылы, сондай-ақ Агенттiкке, 5-бапта көрсетiлгендей, осы мемлекеттерде радиацияның зардаптарын мейлiнше азайтуға қатысты қолда бар осындай ақпаратты өздерi туралы (а) тармақшада айтылған мемлекеттерге кешiктiрмей ұсынады.
3-бап
Басқа да ядролық авариялар
Қатысушы мемлекеттер радиацияның зардаптарын мейлiнше азайту мақсатында, 1-бапта көрсетiлгеннен өзгеше, ядролық авариялар туралы хабарлауды жүзеге асыруы мүмкiн.
4-бап
Агенттiктiң функциялары
Агенттiк:
а) 1-бапта көрсетiлгендей, әсерi тиетiн қатысушы мемлекеттерге, мүше мемлекеттерге, сондай-ақ басқа да мемлекеттерге және тиiстi халықаралық үкiметаралық ұйымдарға (бұдан әрi «халықаралық ұйымдар» деп аталады) 2-баптың (а) тармақшасына сәйкес алынған хабардар ету туралы дереу хабарлайды; және
b) 2-баптың (b) тармақшасына сәйкес алынған ақпаратты кез келген қатысушы мемлекетке, мүше мемлекетке немесе тиiстi халықаралық ұйымға сұратуы бойынша кешiктiрмей бередi.
5-бап
Берiлетiн ақпарат
1. 2-баптың (b) тармақшасына сәйкес берiлген ақпаратқа сол сәтте хабардар етушi қатысушы мемлекеттiң қолындағы мынадай деректер кiредi:
а) уақыты, дәл орыны және ретiне қарай ядролық аварияның сипаты;
b) тиiстi қондырғы немесе қызмет түрi;
с) радиоактивтiк заттардың трансшекаралық шығарындысына қатысты ядролық аварияның болжамды немесе анықталған себебi және дамуы мүмкiндiгi;
d) iс жүзiнде қаншалықты мүмкiн және орындылығын қоса алғанда, радиоактивтiк шығарындының сипаты, ықтимал физикалық және химиялық нысаны, сондай-ақ саны, құрамы және тиiмдi биiктiгi;
е) радиоактивтiк заттардың трансшекаралық шығарындысын болжау үшiн қажеттi iс жүзiндегi және болжалды метеорологиялық және гидрологиялық жағдайлар туралы мәлiметтер;
f) радиоактивтiк заттардың трансшекаралық шығарындысына қатысты қоршаған орта мониторингiнiң нәтижелерi;
g) алаңнан тыс қабылданған немесе жоспарланған қорғау шаралары;
h) радиоактивтiк шығарындының уақыты бойынша болжамды беталысы.
2. Оның болжамды немесе шын мәнiнде тоқтауын қоса алғанда, мұндай ақпарат қажеттi уақыт аралығынан кейiн авариялық жай-күйi туралы одан әрi тиiстi ақпаратпен толықтырылады.
3. Мұндай ақпаратты хабардар етушi қатысушы мемлекет беретiн жағдайларды қоспағанда, 2-баптың (b) тармақшасына сәйкес алынған ақпарат шектеусiз пайдаланылуы мүмкiн.
6-бап
Консультациялар
Сұратқан мемлекетте радиация зардаптарын мейлiнше азайту мақсатында 2-баптың (b) тармақшасына сәйкес ақпарат беретiн қатысушы мемлекет iс жүзiнде жүзеге асырылу шамасына қарай, әсерi тиетiн қатысушы мемлекет сұрататын бұдан әрi ақпаратқа немесе консультацияларға қатысты сұрау салуға кешiктiрмей жауап қайтарады.
7-бап
Құзыреттi органдар және байланыс пункттерi
1. Әрбiр қатысушы мемлекет Агенттiктi және тiкелей немесе Агенттiк арқылы басқа қатысушы мемлекеттердi 2-бапта көрсетiлген хабардар ету мен ақпаратты жiберуге және алуға жауапты құзыреттi органдар және байланыс пункттерi туралы хабардар етедi. Осындай байланыс пункттерiне және Агенттiктегi орталық пунктке тұрақты негiзде қол жеткiзiлуге тиiс.
2. Әрбiр қатысушы мемлекет 1-тармақта көрсетiлген ақпаратта болуы мүмкiн кез келген өзгерiстер туралы Агенттiктi кешiктiрмей хабардар етедi.
3. Агенттiк мұндай ұлттық органдардың және байланыс пункттерiнiң, сондай-ақ тиiстi халықаралық ұйымдардың байланыс пункттерiнiң жаңартылған тiзiмiн жүргiзедi және оны қатысушы мемлекеттер мен мүше мемлекеттерге және тиiстi халықаралық ұйымдарға бередi.
8-бап
Қатысушы мемлекеттерге көмек
Осы Конвенцияның мақсаттарына кол жеткiзу үшiн Агенттiк өзiнiң Жарғысына сәйкес және өзi ядролық қызметтi жүзеге асырмайтын және белсендi бағдарламаны жүзеге асыратын мемлекетпен шектесетiн, бiрақ қатысушы болып табылмайтын қатысушы мемлекеттiң сұрауы бойынша радиациялық бақылаудың тиiстi жүйесiн құру мүмкiндiгiне және орындылығына зерттеу жүргiзедi.
9-бап
Екi жақты және көп жақты уағдаластықтар
Өзара тиiмдi мүдделерiн жүзеге асыру мақсатында қатысушы мемлекеттер бұл орынды деп табылған жағдайларда осы Конвенцияның мәнiсiне қатысты екi жақты немесе көп жақты уағдаластықтар жасасу туралы мәселенi қарауы мүмкiн.
10-бап
Басқа да халықаралық келiсiмдермен байланыс
Осы Конвенция осы Конвенция қамтитын мәселелерге қатысты қазiргi халықаралық келiсiмдер бойынша немесе осы Конвенцияның мәнiсi мен мақсатына сәйкес жасалған болашақ халықаралық келiсiмдер бойынша қатысушы мемлекеттердiң өзара құқықтары мен мiндеттемелерiн қозғамайды.
11-бап
Дауларды реттеу
1. Қатысушы мемлекеттердiң арасында немесе қатысушы мемлекет пен Агенттiк арасында осы Конвенцияны түсiндiруге немесе қолдануға қатысты дау туындаған жағдайда тараптар дауды келiссөздер жолымен реттеуде мақсатында немесе дауларды реттеуде өздерiне қолайлы кез келген басқа бiтiмгерлiк тәсiлдер мен өзара консультациялар жүргiзедi.
2. Егер қатысушы мемлекеттер арасындағы осындай сипаттағы дау 1-тармаққа сәйкес консультациялар жүргiзу туралы өтiнiш келiп түскен сәттен бастап бiр жыл iшiнде реттелуi мүмкiн болмаса, онда ол мұндай дауға қатысушы кез келген тараптың өтiнiшi бойынша ол шешiм қабылдау үшiн төрелiк сотқа берiледi немесе Халықаралық Сотқа жiберiледi. Дау төрелiк сотқа берiлген жағдайда, егер өтiнiш келiп түскен сәттен бастап алты ай iшiнде дауласушы тараптар төрелiк iстi қарауды ұйымдастыруға қатысты келiсiмге келе алмаса, тараптардың бiрi Халықаралық Соттың Төрағасынан немесе Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысынан бiр немесе одан да көп төрешi тағайындауды сұрай алады. Дауға қатысушы тараптардың өтiнiштерiнде қарама-қайшылықтар болған жағдайда, Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына жүгiну басымдыққа ие болады.
3. Осы Конвенцияға қол қойған, ратификациялаған, қабылдаған, мақұлдаған немесе оған қосылған кезде мемлекет өзiн 2-тармақта көзделген дауларды реттеудiң бiр не екi рәсiмдерiмен байланысты емес деп есептейтiнiн мәлiмдей алады. Басқа қатысушы мемлекеттер осындай мәлiмдеме күшiнде болатын қатысушы мемлекетке қатысты 2-тармақта көзделген дауды реттеудiң қандай да бiр рәсiмiне байланысты болып табылмайды.
4. 3-тармаққа сәйкес мәлiмдеме жасаған қатысушы мемлекет, ол туралы депозитарийге хабарлама жасау жолымен мәлiмдеменi кез келген уақытта алып тастай алады.
12-бап
Күшiне ену
1. Осы Конвенция барлық мемлекеттердiң, сондай-ақ Намибия бойынша Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Кеңесi ұсынған Намибияның қол қоюы үшiн Атом энергиясы жөнiндегi халықаралық агенттiктiң Венадағы Орталық мекемелерiнде және Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Нью-Йорктағы Орталық мекемелерiнде тиiсiнше 1986 жылғы 26 қыркүйектен және 1986 жылғы 6 қазаннан бастап ол күшiне енгенге дейiн немесе қай мерзiмнiң неғұрлым ұзақ болуына қарай, он екi ай iшiнде ашық болады.
2. Мемлекет, сондай-ақ Намибия бойынша Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Кеңесi ұсынған Намибия қол қою жолымен немесе ратификациялаудың, қабылдаудың немесе мақұлдаудың талаптарына қол қойғаннан кейiн ратификациялау, қабылдау немесе мақұлдау туралы құжатты сақтауға өткiзу жолымен немесе қосылу туралы құжатты сақтауға өткiзу жолымен өзi үшiн осы Конвенцияның мiндеттiлiгiне келiсiм бiлдiре алады. Ратификациялау, қабылдау, мақұлдау немесе қосылу туралы құжаттар депозитарийге сақтауға өткiзiледi.
3. Осы Конвенция үш мемлекет өздерi үшiн осы Конвенцияның мiндеттiлiгiне келiсiмiн бiлдiргеннен кейiн отыз күннен соң күшiне енедi.
4. Осы Конвенция күшiне енгеннен кейiн өзi үшiн оның мiндеттiлiгiне келiсiм бiлдiрген әрбiр мемлекет үшiн, осы Конвенция ол мемлекет үшiн келiсiм бiлдiрген күннен кейiн отыз күннен соң күшiне енедi.
5. а) Осы Конвенция осы бапта көрсетiлгендей, егемен мемлекеттерден тұратын және осы Конвенция қамтитын мәселелер бойынша келiссөздер жүргiзу, халықаралық келiсiмдер жасасу және қолдану саласында құзыретке ие халықаралық ұйымдардың және өңiрлiк ықпалдас ұйымдардың қосылуы үшiн ашық.
b) Өздерiнiң құзыретiне кiретiн мәселелерде мұндай ұйымдар өздерiнiң атынан құқықтарды жүзеге асырады және осы Конвенция қатысушы мемлекеттерге беретiн мiндеттемелердi орындайды.
с) Өзiнiң қосылу туралы құжатын сақтауға өткiзген кезде мұндай ұйым депозитарийге осы Конвенция қамтитын мәселелерге қатысты өз құзыретiнiң шегi көрсетiлген мәлiмдеме жiбередi.
d) Мұндай ұйым мүше мемлекеттердiң дауысына қосымша қандай да бiр дауысқа ие болмайды.
13-бап
Уақытша қолдану
Мемлекет қол қоюы бойынша немесе осы Конвенция өзi үшiн күшiне енгенге дейiн кейiннен, кез-келген уақытта осы Конвенцияны уақытша негiзде қолданатынын жариялауы мүмкiн.
14-бап
Түзетулер
1. Қатысушы мемлекет осы Конвенцияға түзетулер енгiзе алады. Ұсынылған түзету депозитарийге жiберiледi, ол оны барлық басқа қатысушы мемлекеттерге дереу жiбередi.
2. Егер қатысушы мемлекеттердiң көпшiлiгi депозитарийден ұсынылған түзетулердi қарау үшiн конференция шақыруды талап етсе, онда депозитарий барлық қатысушы мемлекеттердi осындай конференцияға шақырады, ол шақырулар жiберiлгеннен кейiн отыз күн өткен соң ашылады. Конференцияда барлық қатысушы мемлекеттердiң үштен екi көпшiлiк даусымен қабылданған кез келген түзету барлық қатысушы мемлекеттердiң Вена мен Нью-Йоркте қол қою үшiн ашық хаттама түрiнде ресiмделедi.
3. Хаттама өздерi үшiн оның мiндеттiлiгiне үш мемлекет келiсiм бiлдiргеннен кейiн отыз күннен соң күшiне енедi. Хаттама күшiне енгеннен кейiн оның мiндеттiлiгiне келiсiм бiлдiрген әрбiр мемлекет үшiн хаттама келiсiм бiлдiрген күннен кейiн отыз күн өткен соң осы мемлекет үшiн күшiне енедi.
15-бап
Күшiн жою
1. Қатысушы мемлекет депозитарийге жазбаша хабарлау арқылы осы Конвенцияның күшiн жоя алады.
2. Күшiн жою депозитарий хабарламаны алған күннен кейiн бiр жылдан соң күшiне енедi.
16-бап
Депозитарий
1. Агенттiктiң Бас директоры осы Конвенцияның депозитарийi болып табылады.
2. Агенттiктiң Бас директоры қатысушы мемлекеттерге және барлық басқа да мемлекеттерге:
а) осы Конвенцияға әрбiр қол қойылуы немесе оны түзету туралы кез келген хаттама туралы;
b) осы Конвенцияға немесе түзету туралы кез келген хаттамаға қатысты ратификациялау, қабылдау, мақұлдау немесе қосылу туралы құжаттың сақтауға әрбiр берiлуi туралы;
с) 11-бапқа сәйкес кез келген мәлiмдеме немесе мұндай мәлiмдеменi алып тастау туралы;
d) 13-бапқа сәйкес осы Конвенцияны уақытша негiзде қолдану туралы кез келген мәлiмдеме туралы;
е) осы Конвенцияның және оған кез келген түзетулердiң күшiне енуi туралы; және
f) 15-бапқа сәйкес жарияланған кез келген күшiн жою туралы дереу хабарлайды.
17-бап
Түпнұсқалық мәтiндер және куәландырылған көшiрмелер
Осы Конвенцияның тең түпнұсқалы болып табылатын ағылшын, араб, испан, қытай, орыс және француз тiлдерiндегi мәтiндерi Атом энергиясы жөнiндегi халықаралық агенттiктiң Бас директорына сақтауға өткiзiледi, ол куәландырылған көшiрмелердi қатысушы мемлекеттерге және барлық басқа да мемлекеттерге жiбередi.
Тиiстi дәрежедегi уәкiлеттi төменде қол қоюшылар осыны растай отырып, 12-баптың 1-тармағында көрсетiлгендей, қол қою үшiн ашық осы Конвенцияға қол қойды.
Бiр мың тоғыз жүз сексен алтыншы жылғы қыркүйек айының жиырма алтыншы күнi Венадағы арнаулы сессияда Атом энергиясы жөнiндегi халықаралық агенттiктiң Бас конференциясы қабылдады.