Әрбір екінші қазақстандық некені тіркеуге онлайн өтініш береді Баспаға шығару нұсқасы
2014 жылғы 25 қыркүйекБиыл некені тіркеуге 116 (116.495) мыңнан астам өтініш берілді. Оның ішінде 56 мың өтініш – egov арқылы берілген.
Ағымдағы жылдың 8 айында egov порталында некені тіркеуге берілген электронды өтініштердің саны 56 мыңнан асты. Былтыр мұндай кезеңмен салыстырғанда бұдан аз, 40 мың өтініш болған.
«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ egov сүйемелдеу жобасының жетекшісі Дияс Крамшеевтің айтуынша, өтініш берушілердің екеуі де бір өтінішті екі электрондық цифрлық қолтаңбамен растайды. «Өтініш беруші бір қалада бола тұра, тіркеуді жоспарлаған қаланың АХАТ бөліміне өтінішті жолдай алады» - деп толықтырды ол.
Egov порталында некені тіркеуге өтініш беру қызметі 2010 жылы іске қосылғанын еске салып өтеміз. Электронды өтініш беру үшін екі өтініш беруші де алғаш рет некеге тұрушылар болуы тиіс және балалары болмауы қажет. Екінші рет және одан артық некені тіркеуге портал арқылы өтініш беру мүмкін емес.
«Қазақстандық жастардың үйден шықпай-ақ қызметті тұтынуға басымдық беретіні байқалады. Бүгінде электронды үкімет порталында 570-тен астам қызмет көрсетулер мен сервиcтер бар. Соның ішінде некені тіркеудің ең көп сұранысқа ие болуы таңқаларлық жайт емес, өйткені жастар – халықтың ең белсенді бөлігі. Олар онлайн қызмет көрсетулерді пайдалана отырып, өз уақыттарын үнемдей біледі» - деп атап өтті Әділет министрлігінің қызметкері Ризагүл Жұмаділова.
Мәлімет үшін, 2011 жылы порталда іске қосылған некеге тұруға электронды өтініш беру қызметі ағымдағы жылғы 1048 есе сұранысқа ие болды. 2013 жылы некені бұзуға 629 адам онлайн түрінде өтініш берді.