Құрметті Қазақстан Республикасының азаматтары!
Қазақстан Республикасында коронавирустық инфекцияның таралуын болдырмау үшін, қағаз түрінде қызмет көрсету карантин уақытында ХҚКО-на онлайн брондау арқылы көрсетілетін болады.
Мемлекеттік қызметтерді онлайн алуға болады, сонымен қатар кейбір қызметтер мен сервистер ЕgovМоbile мобильді қосымшасында, eGovKzBot2.0 Telegram-ботында және Facebook пен VK әлеуметтік жүйелерінде қолжетімді.
Қызметті онлайн алу
- Порталда авторизациядан өтіп "Онлайн сұратым" батырмасын басыңыз.
- Өтінімді толтырып оған ЭЦҚ (электрондық цифрлық қолтаңба) қол қойыңыз.
Өтінімге құжаттарды қоса тіркеу:
- фотосуретті (фотосуретке қойылатын талаптар)
- қол қою үлгісін қоса беру (сканерленген қол қою сүретіне арналған талаптары).
- Қажет болған кезде қызметтерді көрсету үшін мемлекеттік баж алымын төлеу
- «Электрондық үкімет» төлем шлюзінің бетіндегі «Төлем» түймесін басу арқылы төлем жасаңыз.
- Жеке кабинетте («Қызметтерді алу тарихы» бөлімінде) көрсетілген уақыт ішінде келіп түсетін сіздің өтініміңізді өңдеу туралы хабарламамен танысыңыз.
Жеке басын куәландыратын құжатты (яғни, жеке куәліктің берілген күні 01.01.2015 жылға дейін болуы тиіс) және паспортты (яғни паспорттың берілген күні 01.01.2010 жылға дейін болуы тиіс) жаңа үлгідегі құжатқа ауыстырған жағдайда ғана Көрсетілетін қызметті Портал арқылы алуға болады. Қалған жағдайларда (оның ішінде құжаттың мерзімі аяқталғанда, тегін, атын және әкесінің атын ауыстырған кезде, ұрланған және жоғалған кезде, жеке куәлік берілген күні – 01.01.2015 және паспорт – 01.01.2010ж.болғанда тездеткені үшін төлем) Көрсетілетін қызмет тек «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-да немесе уәкілетті органда көрсетіледі.
Қызметті «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ арқылы алу (қажетті құжаттар):
Көрсетілетін қызметті алушы жеке өзі (сот әрекетке қабілетсіз деп таныған балалар мен азаматтар, өкілдік етуге құзыреттілігін растайтын құжаттар ұсына отырып, олардың заңды өкілдері үшін (ата-аналары, қорғаншылары, қамқоршылары) мемлекеттік қызмет көрсету үшін қажетті құжаттар тізбесі:
- Құжат үшін мемлекеттік баждың төленгені туралы түбіртек (мемлекеттік баж төлеуден босатылған адамдар Салық кодексінің 622-бабына сәйкес растайтын құжаттарын ұсынады);
- Құжатты ресімдеген сәтте көрсетілетін қызметті алушының жасына сәйкес келетін өлшемі 3,5 х 4,5 сантиметр екі фотосурет;
Фотосурет бiр негативтен қалың фотоқағазға фото басып шығару әдiсiмен орындалады, қатаң түрде жарық жерде алдынан түсiрiлген, бейтарап бет көрінісімен және аузы жабық түскен, бетi фотосуреттiң жалпы ауданының 75% жуығын алатындай болып жасалады. Компьютерлiк сканерлеу, модельдеу немесе ксерокөшiрме әдiсiмен дайындалған суреттердi пайдалануға жол берiлмейдi. Суретке түсіру кезінде діни не медициналық себептер бойынша басты жабуды қоспағанда, ешқандай бас киім киіп түсуге жол берілмейді, бұл жағдайда беті иегтің төменгі жағынан маңдайына дейін ашық күйде қалады, бас киім көлеңкесінің бетке түсуіне жол берілмейді. Көзі ашық және анық көрінуі тиіс, шашпен жабылмауы қажет. Көзілдіріктің құрсауы көзді жаппайды, шағылыстырғыш және күннен қорғайтын көзілдіріктерге жол берілмейді. Сонымен қатар, құжатталатын адамның бірегей нысанды киімде түскен суретіне жол берілмейді.
"Халықты құжаттандыру және тіркеу" Тіркеу пункті" ақпараттық жүйесі (бұдан әрі – ХҚТ ТП АЖ) арқылы мемлекеттік қызметті көрсету кезінде көрсетілетін қызметті алушыны фотосуретке түсіру ХҚТ ТП АЖ-да халықаралық стандарттардың талаптарына сәйкес және ақысыз жүргізіледі.
Көрсетілетін қызметті алушының фотобейнесі электрондық формулярға фотосуретке түсіру, қолтаңба сканері арқылы көрсетілетін қызметті алушының қолтаңбасы енгізіледі.
- Төмендегі құжаттардың бірі:
- туу туралы куәлік (16 жасқа толған соң жеке куәлік алу кезінде, 16 жасқа дейін паспорт алу кезінде) және ата-анасының бірінің жеке куәлігі (баланың азаматтығын растау үшін). Шетелдік ата-анасының баланың Қазақстан Республикасы азаматының жеке басын куәландыратын құжатын алуға (бала Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге туған және ата-анасының азаматтығы әртүрлі болған кезде, олардың бірі бала туған кезде Қазақстан Республикасының азаматтығында болған және ата-анасының екеуі бірдей осы кезде Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде тұрақты тұрған кезде) нотариалды түрде куәландырылған келісім-өтінішін ұсыну қажет;
- Қазақстан Республикасы азаматының паспорты (паспорт ауыстырған, Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін жоғалтқан кезде);
- Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі (Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін ауыстырған, Қазақстан Республикасы азаматының паспортын жоғалтқан не оны бірінші рет алған кезде);
- ішкі істер органдары беретін белгіленген нысандағы Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылданғаны туралы анықтама (Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдануға байланысты құжаттарды алған кезде);
- Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелері берген қайтып оралуға арналған куәлігі (Қазақстан Республикасы азаматының паспортын шет елде уақытша жүргенде жоғалтқан кезде);
- еркін нысандағы жазбаша өтініш (азаматтың хал актісіне туу туралы, туған жері, ұлты туралы өзгерістерді енгізе отырып айқындамалық деректерді өзгерткен, жоғалған жеке куәлік және (немесе) паспортты қалпына келтіру мәселесі бойынша жүгінген кезде) немесе қылмыстық құқық бұзушылық ретінде жеке куәлікті және (немесе) паспортты ұрланған туралы арызды қабылдаған қылмысты құдалау органнан талон-хабарлама (Қазақстан Республикасы Бас прокурорының 2014 жылғы 19 қыркүйектегі № 89 бұйрығымен бекітілген Қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы арызды, хабарды немесе баянатты қабылдау және тіркеу, сондай-ақ Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімін жүргізу қағидаларына 4-қосымшаға сәйкес нысаны бойынша (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9744 болып тіркелген).
Қызмет көрсету нәтижесі
Қазақстан Республикасының азаматтарына паспорттарды, жеке куәліктерді беру.