Қазақстан Республикасынан тыс жерге уақытша жұмыстармен шыққан және онда тұрақты тұру үшін қалуға тілек білдірген Қазақстан Республикасы азаматтарының құжаттарын қабылдау және жолдау
Қызметті мемлекеттік органнан қалай алуға болады (қажетті құжаттар):
- Өтiнiш-сауалнама.
- Жеке басын куәландыратын құжат немесе цифрлық құжаттар сервисінен электрондық құжат (тұлғаны сәйкестендіру үшін).
Қазақстан Республикасы азаматының паспортын және/немесе баланың туу туралы куәлігін немесе анықтамасын қабылдаған кезде көрсетілетін қызметті беруші олардың көшірмелерін жасайды, содан кейін көрсетілетін қызметті алушыға түпнұсқаларын қайтарып береді. Қазақстан Республикасының жеке куәлігінің түпнұсқасы алынып қояды.
Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі немесе паспорты болмаған, жоғалған немесе қолданылу мерзімі өтіп кеткен жағдайда, көрсетілетін қызметті алушы еркін нысанда жазбаша түсініктеме береді.
Қазақстан Республикасы азаматының паспорты болмаған, жоғалған немесе қолданылу мерзімі өтіп кеткен жағдайда, көрсетілетін қызметті алушы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 26 тамыздағы № 852 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы азаматының паспортын, Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін, шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруына ықтиярхатты, азаматтығы жоқ адамның куәлігін, босқын куәлігін және жол жүру құжатын ресімдеу, беру, ауыстыру, тапсыру, алып қою және жою қағидаларына сәйкес Қазақстан Республикасының шет елде жүрген азаматына паспорт дайындауға арналған құжаттарды жазбаша түсініктемемен бір уақытта береді.
- Алимент алушы отбасы мүшелерінің алдында міндеттемелері болған жағдайда, шығатын адамның заң бойынша асырауындағы отбасы мүшелері Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұрса, "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 22-тарауында көзделген тәртіппен жасалған алименттерді төлеу туралы келісім ұсынылады. Келісімге қол жеткізілмеген жағдайда шығатын адам алименттің мөлшерін тұрақты ақша сомасында белгілеу немесе алиментті біржолғы төлеу не белгілі бір мүлікті алимент есебіне беру немесе алиментті өзге де тәсілмен төлеу не шығатын адамның шығып кетуі үшін заңда көзделген кедергілердің болмауы фактісі анықталғаны туралы соттың шешімін береді.
- Сот бекіткен, өндіріп алушымен жасалған бітімгершілік келісім; өндіріп алушымен арадағы дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісім; өндіріп алудың немесе атқарушылық құжаттың өзге талабының орындалғанын растайтын құжаттар; егер Қазақстан Республикасының азаматы атқарушылық іс жүргізу бойынша борышкер болып табылса, тиісті органның атқарушылық құжатты беруге негіз болған шешімінің күші жойылғанын растайтын құжаттар.
- Қазақстан Республикасының қорғаншылық және қамқоршылық органдарының он жасқа толған баланың ата-анасымен не өзге де заңды өкiлдерімен бірге шығу туралы шешiм қабылданған кездегі пiкiрiн есепке алу туралы қорытындысы.
- Он сегіз жасқа толмаған Қазақстан Республикасының азаматтары тұрақты тұруға ата-анасының (қамқоршысының, қорғаншысының) бiрiмен бiрге шығатын кезде Қазақстан Республикасының аумағында тұратын екiншi ата-анасының нотариалды түрде расталған келiсiмi болуы қажет. Келiсiм болмаған жағдайда, кәмелетке толмаған баланың шығуы сот тәртiбiмен шешiлуі мүмкін.
- Консулдық алым төленгенiн растайтын құжаттың көшiрмесi.
Қызмет көрсету нәтижесі
Қазақстан Республикасынан тыс жерге тұрақты тұру үшін шығуға рұқсаттың ресімделгені туралы хабарлама немесе дәлелді бас тарту.