Айдар парағына өту

Жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың мүлкін қалай сақтау керек Баспаға шығару нұсқасы

Cоңғы өзгеріс: 26.01.2024

қол саусақтардың жанасуы

Бүгінгі таңда жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың тұрғын үйін сақтау көкейтесті мәселелердің бірі. Бала интернатты мекемеде тәрбиеленген кезде, баланың құқығы бар тұрғын үйдің  бөлігі  жайдан-жай  сатылып кетеді. Алайда оған тұрғын үйдің бөлігінің қандай да бір құны өтелмейді.

Осыған байланысты, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2023 жылғы «29» маусымдағы №185 бұйрығымен Жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың тұрғын үйін сақтау қағидалары бекітілді.

Аталған қаулыға сәйкес тұрғын үйінің сақталуын бақылауды жергiлiктi атқарушы органдар (бұдан әрі – органдар) қамтамасыз етедi.

Балаларды қорғаншылыққа немесе қамқоршылық, патронаттық тәрбиелеуге бергенге, білім беру ұйымдарына, медициналық және басқа да ұйымдарға орналастырғанға дейін олардың тұрғын үйін сақтауды органдар қамтамасыз етедi.

Балаларды қорғаншылыққа немесе қамқоршылыққа, патронаттық тәрбиелеуге беру, білім беру ұйымдарына, медициналық және басқа да ұйымдарға орналастыру кезінде олардың тұрғын үйін сақтауды балалардың заңды өкілдері қамтамасыз етедi.

Мемлекеттiк тұрғын үй қорынан берілген тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан орган жалдаған тұрғын үй балаларда олар білім беру ұйымдарында, медициналық және басқа да ұйымдарда, оның ішінде қоғамнан уақытша оқшаулауды қамтамасыз ететін ұйымдарда болған кезеңде, қорғаншылықта немесе қамқоршылықта, патронаттық тәрбиеде болғанда кәмелетке толғанға дейін сақталады.

Он төрт жасқа толмаған балалардың тұрғын үйін иеліктен шығаруға, оның ішінде айырбастау немесе сыйға тарту бойынша мәмілелер жасауға немесе олардың атынан кепілгерлік шартын, тұрғын үйді өтеусіз пайдалануға тапсыру немесе кепілге қою бойынша мәмілелер, заң жүзінде, өсиет бойынша оларға тиесілі мұрагерлік құқықтардан бас тартуына, олардың тұрғын үйін бөлуге немесе одан үлес бөліп алуға әкеп соқтыратын мәмілелер жасасуға жол берілмейді.

Балалардың тұрғын үйін кім есепке алады?

Органдар балалардың тұрғын үйінің бар-жоғын анықтайды және оларды жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес есепке алады.

Балаларда тұрғын үйінің бар екені анықталған жағдайда, органдар:

  • тексерілетін тұрғын үйде тіркелген адамдар, сондай-ақ нақты тұратын адамдарды көрсете отырып, тұрғын үйдің техникалық, санитариялық жай-күйі туралы актіні;
  • әрқайсысының ерекше белгілерін көрсете отырып, тұрғын үйдегі мүліктің тізімдемесін жасайды.

Тізімдеме мен акт 2 данада жасалады:

  • бір данасы тиісті тұрғын үй орналасқан аумақтағы органда;
  • екінші данасы баланың заңды өкілдерінде болады.

Балалардың тұрғын үйіне қорғаншылықты кім белгiлейді?

Органдар балаларды қорғаншылыққа немесе қамқоршылыққа, патронаттық тәрбиелеуге беру, білім беру ұйымдарына, медициналық және басқа да ұйымдарға орналастыру қажеттілігі туралы белгiлi болған сәттен бастап бiр ай iшiнде балалардың тұрғын үйіне қорғаншылық белгiлейдi.

Тұрғын үйге қорғаншылық органның тұрғын үйге қорғаншылық белгілеу туралы шешім шығаруы жолымен белгіленеді. Аталған шешім аумақтық әділет органдарына осы мәмілелер жасауға тыйым салу туралы қорғау хаттарын жолдау негізінде шығарылады.

Заңнама жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың тұрғын үйін жалға (жалдауға) беруге тиым салмайды. 

Баланың заңды өкілдері қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның келісімімен балалардың тұрғын үйін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін үлгі шарт негізінде жалға (жалдауға) бере алады.

Тұрғын үйді жалға (жалдауға) беруге келісім алу үшін баланың заңды өкілдері қорғаншылық немесе қамқоршылық функцияларын жүзеге асыратын органға мынадай құжаттарды береді:

  1. Еркін нысанда ресімделетін балалардың тұрғын үйін жалға (жалдауға) беру үшін рұқсат алуға өтініш;
  2. 10 жасқа толған, тұрғын үйге меншiк құқығы немесе тұрғын үйді пайдалану құқығы бар кәмелетке толмаған баланың келісім-анықтамасы;
  3. Заңды өкілдің және балалардың жеке басын куәландыратын; балаларды қорғаншылыққа немесе қамқоршылыққа, патронаттық тәрбиелеуге беру немесе білім беру ұйымдарына, медициналық және басқа да ұйымдарға орналастыру туралы құжаттардың көшірмесі;
  4. Тұрғын үйге құқық белгілейтін құжаттардың көшірмелері.

Балалардың тұрғын үйін жалға (жалдауға) беруге органдардың келісім беруі құжаттар келіп түскенін сәттен бастап бес жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.

Заңды өкілдер тұрғын үйді жалға алу (жалдау) шарты бойынша алынған ақшаны балалардың банктік шотына аударға тиіс.

Балалардың тұрғын үйін жалға (қосымша жалға) беру шартын жасау немесе оның қолданысын тоқтату (бұзу) кезінде тұрғын үй балалардың заңды өкілдерінің, қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган өкілінің, жалға алушының (қосымша жалдаушының) қатысуымен қабылдау-беру актісі бойынша беріледі.

Балалардың заңды өкілдерінің балалардың тұрғын үйін сақтау бойынша міндеттерін орындауын бақылауды Қазақстан Республикасының мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы заңнамасына сәйкес органдар жүзеге асырады.

Баланың заңды өкілдері тұрғын үй есепте тұрған органға алты айда кемінде бір рет осы тұрғын үйдің жай-күйі, тұрғын үйге қатысты жүзеге асырылатын іс-әрекеттер туралы мәліметтерді қамтитын қамқорлығындағы баланың тұрғын үйін басқару жөніндегі еркін нысандағы есепті береді.

Баланың заңды өкілдері тұрғын үйді сақтау бойынша міндеттерін тиісінше орындамаған жағдайда, қамқоршылық немесе қорғаншылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган заңды өкілдерді олардың міндеттерінен шеттетеді.

Көмек
Көмек
Ай бойы келгендердің барлығы:
Кеше келгендердің барлығы:
Қазір порталда:
URL:
Қате:
Пікір:

Спасибо, информация об ошибке принята.

Извините, в данный момент информация об ошибке не может быть обработана.
Попробуйте позже.