Айдар парағына өту

Жағымсыз салдарсыз банктен қалай несие алуға болады Баспаға шығару нұсқасы

Cоңғы өзгеріс: 02.05.2023

кредит

Азаматтар өз қаражаты жетпеген кезде қаржы ұйымдарының көмегіне жүгінеді. Нәтижесінде елдегі кредиттеу жылдан жылға өсуде. Мұның жақсы немесе жаман екенін, қашан кредитке жүгіну керектігін, ал онсыз күн көруге боларын, болмасын әркім өзі шешері анық.  

Алайда, бәріне ортақ ұсынымдар бар, оларды басшылыққа ала отырып одан әрі жағымсыз салдарларды болдырмауға болады. Тіпті шағын кредит болса да - бұл қаржылық міндеттеме, ол өмір сүру сапасына әсер етпей қоймайды.

Кредит мақсатын айқындау

Кредиттердің мақсатсыз түрі болады, бұл ретте кредитор қарыз алушының әртүрлі қажеттілігіне белгілі бір сома береді. Мақсатты кредит -жылжымайтын мүлік, жер учаскесін сатып алуға, білім алуға, емделуге және т.б. беріледі. Кредиттер қарыздың ең жоғары сомасымен, сыйақы мөлшерлемесімен, мерзімімен, кепілдің болуымен немесе кепілсіз болуымен ерекшеленеді.

Сізге кредит не үшін керек екенін анықтап алыңыз. Кредит алмай-ақ мәселені шешуге бола ма? Есіңізде болсын, кредит – бұл ең алдымен міндеттеме, оны Сіз қарыз алушы ретінде ұзақ мерзім бойы орындауға тиіс боласыз.

Егер сіз кредит алуды шешсеңіз, оны банктік қарыз шартында көрсетілген мерзімде қайтара алатыныңызға сенімді болуыңыз керек

Қолданыстағы кредит талаптарын талдау

Нарықты зерттеп алмай және алдамшы жарнамаға сеніп банктік кредит ресімдеуге асықпаңыз. Өзіңіз кредит ресімдегіңіз келетін екінші деңгейдегі банктің сайттарына мониторинг жасау және олардың кредиттік өнімдерін талдау қажет. Оңтайлы нұсқаны таңдап, менеджерден кредиттеудің барлық талабын: қарыз сомасын, төлемдердің мерзімдері мен мөлшерін, кредит алған немесе мерзімінен бұрын өтеген кезде комиссиялардың бар не жоғын, барлық пайызымен және төлемдерімен бірге кредиттің толық сомасының қандай болатынын, артық төлеу қанша болатынын және басқа да маңызды мәселелерді нақтылаңыз.

Әлеуетті қарыз алушы шарт жасасқанға дейін банк тарапынан клиентке қатысты туындаған барлық мәселе бойынша толық консультация беруге, сондай-ақ банктік қарыз беру мерзімі және тіркелген, өзгермелі сыйақы мөлшерлемесі туралы ақпарат беруге міндетті екенін білуі керек. Сондай-ақ, банк менеджері клиенттің жүгінген күніне жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің мөлшерін айтуы керек. Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі (әдетте ЖТСМ аббревиатурасын пайдаланады) – бұл кредиттік шарт бойынша қарыз алушы төлейтін барлық төлемнің жалпы сомасы.

Кредитті өтеу әдістері - сараланған және аннуитеттік

  • Біріншісі (сараланған) – кредиттеу мерзімі  ішінде теңбе-тең азаятын  теңдей  емес  ай сайынғы  төлемдерді білдіреді. Ай сайынғы төлем ай сайын азаяды, өйткені негізгі қарыз тең үлестермен өтеледі, ал пайыздар қарыздың қалдығына есептеледі.
  • Екінші жағдайда (аннуитеттік) әңгіме бүкіл кредиттеу мерзіміне созылған тең мөлшердегі ай сайынғы төлемдер жөнінде болып отыр. Берешекті өтеу кредиттеудің бүкіл мерзімі ішінде тең төлемдермен жүзеге асырылады. Негізгі қарыз бойынша төлемдер көбейеді, ал сыйақы бойынша төлемдер азаяды.

Ашықтықты арттыру мақсатында 2020 жылдан бастап жадынаманың жаңа нысаны жұмыс істейді, онымен банк менеджерлері клиентті банктік қарыз шартын жасасқанға дейін таныстыруы тиіс.

Қарыз алушыға арналған жадынамада мыналар:

  • қарыз сомасы және валютасы;
  • қарыз мерзімі; төлемдер саны;
  • сыйақы мөлшерлемесінің түрлері (белгіленген немесе өзгермелі), жылдық пайызбен немесе белгіленген сомадағы сыйақы мөлшерлемесінің мөлшері;
  • шынайы, жылдық, тиімді, салыстырмалы есептеумен сыйақы мөлшерлемесінің мөлшері;
  • қарыз беруге және қызмет көрсетуге байланысты комиссиялардың, өзге де төлемдердің атауы мен мөлшері;
  • өтелетін жалпы сома;
  • сыйақының жинақ сомасы;
  • негізгі борышты және сыйақыны уақтылы өтемегені үшін айыпақының (айыппұлдың, өсімпұлдың) мөлшері;
  • банктік қарыз шартының талаптарына сәйкес айыппұлдардың, өсімпұлдардың өзге де түрлері (оның ішінде қарызды мақсатсыз пайдаланғаны, сақтандыру шарттарын уақтылы ресімдемегені және т.б.);
  • сақтандыру шарттарын жасасу қажеттілігі және оны ұзарту мерзімдері; банктің байланыс деректері (телефон нөмірлері, электрондық пошта мекенжайы, банк сайтының мекенжайы) туралы ақпарат бар.

Жадынамада көрсетілген қарыз беру талаптары банктік қарыз шарттарын басқа банктердің қарыз шарттарымен танысу және салыстыру мақсатында болжамды болып табылатынын білуіңіз керек. Соңғы талаптар шартта көрсетіледі. Сондықтан, шартқа қол қоймас бұрын оны бірнеше рет қайталап оқып шығу керек. Тәжірибе көрсеткендей, қаржылық қызметтерді тұтынушылардың өтініштерінің көпшілігі азаматтардың банктік қарыз шартының барлық тармақтарымен толық таныспай қол қоюына байланысты.

Банктік қарыз шартына, жадынамадан басқа, титул парағы қоса беріледі, оның форматы банктер үшін бірдей.

Титул парағы:

  • қарыз сомасы және мерзімдері;
  • сыйақы мөлшерлемесінің мөлшері;
  • жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің мөлшері;
  • өтеу әдістері мен тәсілдері;
  • банкке тиісті өтінішпен реттелетін негізгі борышты ішінара немесе толық мерзімінен бұрын өтеуге қарыз алушының құқығы;
  • шарт бойынша міндеттемелерді бұзғаны үшін айыпақының (айыппұл, өсімпұл) мөлшері туралы ақпаратты қамтуға тиіс.

Қаржылық мүмкіндіктеріңізді бағалау

Мысалы, сіз қандай мақсатқа кредит алатыныңызды анықтап алдыңыз делік, және сіздің ойыңызша, ол негізделген. Сіз банкті, белгілі бір кредиттік ұсынысты таңдадыңыз. Сіз үшін келесі қадам өзіңіздің жеке қаржылық жағдайыңыз бен төлем қабілеттілігіңізді бағалау болуға тиіс. Өзіңізге сұрақ қойыңыз: «Егер сіз кенеттен жұмыссыз қалсаңыз немесе кенеттен ауырып қалсаңыз, кредит төлей аласыз ба?». Сіз тек тұрақты табыс көзіне сүйеніп, ертеңіңізді ойлауыңыз керек. Сіздің кредиттік міндеттемелеріңіз бойынша ай сайынғы төлем сіздің кірісіңіздің жартысынан аспауға тиіс. Тек осы жағдайда ғана сіз кредиттің уақтылы өтелуіне азды-көпті сенімді боласыз.

Кредитті төлемеген жағдайда, банктің сіздің міндеттемелерді орындамағаныңыз туралы ақпаратты кредиттік бюроларға жіберуге құқылы екенін естен шығармаңыз. Бұл ақпарат сіздің кредиттік тарихыңызға әсер етері сөзсіз. Егер кредит кепіл қойылып алынған болса, онда борышкердің кепіл мүлкі соттан тыс немесе сот арқылы сатылуы мүмкін. Сондай-ақ, бұл шара шартта келісілген және борышкердің қосымша келісімінсіз белгілі бір сома борышкердің банктік шотынан есептен шығарылған жағдайда, кредитор төлем талаптарын бере алады. Сонымен қатар, борышкер сот орындаушысының қаулысы бойынша шетелге шығуға тыйым салынған азаматтар тізіміне енгізілуі мүмкін. Борышкердің Қазақстаннан шығуына уақытша шектеу туралы бұл құжат сот санкциясымен жүзеге асырылады.

«Шетелге шығуға шектеу қойылған борышкерлер тізілімі және атқарушылық іс жүргізу бойынша борышкерлер тізілімі бойынша шетелге шығуға тыйымның бар-жоғын тексеру» Тапсырыс беру

«Егер қарыз алушы кредит бойынша өз міндеттемелерін орындай алмаса, онда бірінші кезекте ол мерзімі өткен күннен бастап 30 күн ішінде жазбаша өтінішпен немесе шартта жазылған өзге де тәсілмен кредитті қайта құрылымдау үшін өзіне қызмет көрсететін банкке немесе МҚҰ-ға жүгінуі қажет.

Өтініште қарыз алушы мыналарды көрсетуі керек:

  • өз міндеттемелерін орындамау себебі.
  • әрі қарай кредитті өтеу бойынша өз нұсқалары.

Өтінішке міндетті түрде сіздің қаржылық жағдайыңыздың нашарлағанын растайтын құжаттар қоса берілуі керек: бұл сіздің қаржылық және әлеуметтік жағдайыңыз, сіздің міндеттемелеріңізді толық көлемде орындауға мүмкіндік бермей отырған, кірістеріңіздің төмендеуі немесе болмауы туралы ақпарат және басқасы болуы мүмкін. Сұратылған құжаттарды ұсынбау қарыз алушының өтінішін қараусыз қалдыруға негіз болып табылады.

Қарыз алушы барлық қажетті құжаттарды ұсынғаннан кейін банк немесе МҚҰ қарыз алушының ағымдағы қаржылық және әлеуметтік жағдайы (төлем қабілеттілігі), кепілді тұрғын үйдің жалғыз болуы, мерзімі өткенге дейін қарыз бойынша міндеттемелерді адал орындауы сияқты факторларды ескере отырып, өтінішті қарау рәсімін бастайды.

Банк немесе МҚҰ күнтізбелік 15 күн ішінде Қарыз алушыға жауап беруге тиіс:

  • шарт талаптарына ұсынылған өзгерістерді қабылдай отырып, келісім беруге;
  • шарт талаптарын өзгерту бойынша өз ұсыныстарын беруге;
  • себептердің уәжді негіздемелерін көрсете отырып, бас тартуға

Заңнамаға сәйкес қарыз шартының талаптарына өзгерістер енгізу мыналарды көздейді:

  • қарыз шарты бойынша сыйақы мөлшерлемесін төмендету жағына қарай өзгерту;
  • негізгі борыш және (немесе) сыйақы бойынша төлемді кейінге қалдыру;
  • берешекті өтеу әдісін немесе берешекті өтеу кезектілігін, оның ішінде негізгі борышты басым тәртіппен өтей отырып өзгерту;
  • қарыз мерзімін өзгерту;
  • мерзімі өткен негізгі борышты және (немесе) сыйақыны, айыпақыны (айыппұл, өсімпұл) кешіру, комиссияларды және банктік қарызға қызмет көрсетуге байланысты өзге де төлемдерді жою;
  • кепіл берушінің ипотека нысанасы болып табылатын жылжымайтын мүлікті дербес сатуы;
  • банкке (банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға) кепіл мүлкін беру жолымен қарыз шарты бойынша міндеттемені орындаудың орнына кері қайтарып беру;
  • қарыз шарты бойынша міндеттемені сатып алушыға бере отырып, ипотека нысанасы болып табылатын жылжымайтын мүлікті сату.

Егер қарыз алушы қарызды қайта құрылымдау талаптары бойынша кредитормен келісімге келе алмаса немесе кредитор мерзімі өткен берешекті реттеу рәсімдерін жүргізбесе және дәлелді негіздемелер ұсынылмаса, қарыз алушы кредитордың шешімін алған күннен бастап күнтізбелік 15 күн ішінде ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жүгінуге құқылы.

Назар аударыңыз! Қарыз алушы өзінің өтінішіне міндетті түрде кредиттік ұйымға жүгінгені және онымен өзара қолайлы шешімге қол жеткізбегені туралы дәлелдемелерді қоса беруге тиіс. Қарыз алушының өтініші негізінде Агенттік банкке немесе МҚҰ-ға қатысты құжаттамалық тексеруге бастама жасайды.

Есіңізде болсын, кредит – бұл үлкен жауапкершілік және шарт талаптарын мұқият зерделемеу, кредиттік міндеттемелерді орындауға немқұрайды қарау және өз төлем қабілеттілігіңізді асыра бағалау әдеттегі өмір салтыңызға айтарлықтай әсер етуі, тіпті сіз және жақындарыңыз үшін стрестік жағдайдың туындауына дейін алып келуі мүмкін. 

Көмек
Көмек
Ай бойы келгендердің барлығы:
Кеше келгендердің барлығы:
Қазір порталда:
URL:
Қате:
Пікір:

Спасибо, информация об ошибке принята.

Извините, в данный момент информация об ошибке не может быть обработана.
Попробуйте позже.