Айдар парағына өту

Қазақстан Республикасының бюджет саясаты Баспаға шығару нұсқасы

Cоңғы өзгеріс: 16.03.2023

Тәуелсiздiк алған кезден бастап Қазақстан бюджет процесін қалыптастыру мен жетілдірудің ұзақ жолынан өтті, 1991-1993 жылдарды бюджет жүйесінің пайда болу кезеңі ретінде сипаттауға болады.

1991 жылғы 17 желтоқсанда «Бюджет жүйесі туралы» бірінші Заң қабылданды, онда республикалық және жергілікті бюджеттерді қалыптастыру тәртібі, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың салық төлемдерін төлеу бюджетінің өзара іс-қимылының тәртібі айқындалды.

1993-1997 жылдар кезеңі халықаралық стандарттарға сәйкес жаңа бюджеттік сыныптаманы әзірлеуді және енгізуді сипаттайтын Қазақстанның бюджет жүйесінің қалыптасу кезеңі.

Осы жылдары елде салық заңнамасына, атқарушы билікті құрылымдауға, сондай-ақ 1996 жылғы 24 желтоқсанда «Бюджет жүйесі туралы» екінші Заңның қабылдануына байланысты үлкен экономикалық реформалар жүргізілді.

1998-2003 жылдар кезеңінде бюджет жүйесін реформалау жалғастырылды, мемлекеттік секторға талдау жүргізілді, оның негізінде бюджеттен қаржыландырылатын ұйымдар оңтайландырылды.

1999 жылғы 1 сәуірде «Бюджет жүйесі туралы» үшінші Заң қабылданғаннан кейін республикалық және жергілікті бюджеттердің арасында түсімдер мен шығыстарды бөлу заңнамалы түрде бекітілді, бұдан әрі 2004 жылғы 24 сәуірде бірінші Бюджет кодексінің қабылдануына байланысты  бюджет жүйесін жаңғырту процесі басталды.

Оған барлық бюджет процесін регламенттеген, бұрын қолданыста болған заңдар («Бюджет жүйесі туралы», «Мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген қарыз алу мен борыш туралы», «Республикалық және жергілікті бюджеттердің атқарылуын бақылау туралы») біріктірілді.

Алғашқы рет 2004 жылғы Бюджет кодексінде бюджетаралық қатынастардың мәселелері жүйелендіріліп, орта мерзімді кезеңге арналған тұрақты бюджетаралық қатынастар туралы норма қабылданды.

Осы уақыттан бастап, мынадай орта мерзімді кезеңдерге: 2005-2007 жылдарға, 2008-2010 жылдарға, 2011-2013 жылдарға, 2014-2016 жылдарға, 2017-2019 жылдарға, 2020-2022 жылдарға және 2023-2025 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттер көлемдері туралы жеті заң әзірленді.

2007 жылы корпоративтік басқару, нәтижелілік, транспаренттілік және қоғамға есеп беру қағидаттарында мемлекеттік басқарудың сапалы жаңа моделін құру бойынша жұмыс басталды. Стратегиялық мақсаттарға қол жеткізуге және елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының басым міндеттерін іске асыруға бағдарланған тұтас және тиімді мемлекеттік жоспарлау жүйесін қалыптастыру мақсатында 2007 жылғы желтоқсанда нәтижелерге бағдарланған Мемлекеттік жоспарлау жүйесін енгізу жөніндегі тұжырымдама бекітілді.

Бұл мемлекет қаржысын барынша тиімді басқару үшін жағдайлар мен алғышарттар жасауға, атап айтқанда, бюджет процесін бюджет ресурстарын басқарудан нәтижелерді басқаруға ығыстыруға бағытталған 2008 жылғы 4 желтоқсандағы жаңа Бюджет кодексінде көрініс тапты. Сондай-ақ мемлекеттік жоспарлаудың жаңа моделінің негізіне айналған бір жылға бюджеттік жоспарлаудан үш жылдық бюджетке көшу жүзеге асырылды.

Қазақстан тәуелсіздік алған кезден бастап, мемлекет қаржысын басқарудың заманауи жүйесінің негізі қалыптастырылды.

Мұнайдан түсетін кірістерді жинақтау, сондай-ақ республикалық бюджеттің әлемдік шикізат нарықтарындағы ахуалға тәуелділігін азайту арқылы болашақ ұрпақ үшін қаржы ресурстарын жинау мақсатында 2000 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын (бұдан әрі – ҚРҰҚ) құру Қазақстанның бюджет жүйесінің маңызды реформасы болды. ҚРҰҚ елдегі макроэкономикалық тұрақтылықты ұстап тұрудың маңызды құралына айналды.

ҚРҰҚ-ны кұру шикізат нарықтарындағы бағалар деңгейінің «шарықтауы» кезеңінде дағдарысқа қарсы ауқымды бағдарламаларды іске асыруға қаражат бөлу арқылы 2000-шы жылдардағы дағдарыстардың сыртқы күйзелістерін жеңілдетуге мүмкіндік берді.

Мұнайдан түсетін кірістердің негізгі көлемін бюджетке тіркелген трансфертпен үйлестіре отырып, ҚРҰҚ-ға жіберудің мақсаты мұнай кірістері құбылмалылығының бюджетке ықпалын шектеу және бюджеттік тәртіпті арттыру болып табылады.

Мемлекеттік басқарудың барлық деңгейлеріндегі бюджет процесі 2008 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының Бюджет кодексімен (бұдан әрі – Бюджет кодексі) реттеледі.

ҚРҰҚ-ның қаражатын қалыптастыруды және пайдалануды қоса алғанда, бюджет саясатының бағыттары Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 26 маусымдағы № 590 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының жаңа бюджет саясатының тұжырымдамасында (бұдан әрі – Бюджет саясатының тұжырымдамасы) және Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 8 желтоқсандағы № 385 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатын қалыптастыру және пайдалану тұжырымдамасында (бұдан әрі – ҚРҰҚ тұжырымдамасы) айқындалған.

Бюджет саясатының тұжырымдамасы 2020 жылға дейінгі фискалдық саясатты қалыптастырудың пайымын, негізгі тәсілдерін және мемлекеттік қаржы саласындағы кешенді реформаларды қамтамасыз етуге бағытталған шараларды айқындайды, онда мемлекеттік бюджет тапшылығы мен борышына қатысты қағидалар да белгіленген.

Бұл фискалдық негіз ҚРҰҚ тұжырымдамасында жетілдірілді, онда бюджеттің мұнайға қатысты емес тапшылығына, үкіметтік борышқа және ҚРҰҚ активтерінің ең аз көлеміне қатысты қосымша қағидалар белгіленді, сондай-ақ ҚРҰҚ-дан республикалық бюджетке берілетін трансферттер жүйесі өзгертілді.

2017 жылдан бастап Бюджет кодексіне енгізілген толықтырулар ескеріле отырып, мұнайға қатысты емес тапшылық деңгейі үш жылдық республикалық бюджет туралы заңда бекітіледі.

Үкіметтік борыш пен мемлекет кепілдік берген борыштың лимиттерін айқындау мақсатында көлемін Үкіметпен келісу арқылы квазимемлекеттік сектордың сыртқы қарыз алуына шектеу белгіленетін болады. Бұл шектеу 2017 жылы Бюджет кодексінде бекітілген.

2018 – 2020 жылдары ҚРҰҚ-дан республикалық бюджетке берілетін кепілдендірілген трансферт, мұнайға қатысты емес тапшылық және борышты тұрақтандыру бойынша қағидаларға қатысты ҚРҰҚ тұжырымдамасына өзгерістер енгізілді.

2020 жылы Бюджет кодексінде ҚРҰҚ-дан кепілдендірілген трансферттің мөлшерін регламенттейтін бюджеттік қағида бекітілді. Қағидаға сәйкес кепілдік берілген трансферттің мөлшері мұнайдың белгіленген «кесімді бағасы» кезінде мұнай секторынан ҚРҰҚ-ға түсетін болжамды түсімдерден аспауға тиіс.

2022 жылы ҚР Президентінің 2022 жылғы 10 қыркүйектегі № 1005 Жарлығымен негізгі мақсаты қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету, экономиканың сапалы және тұрақты өсуіне жәрдемдесу болып табылатын Қазақстан Республикасының мемлекеттік қаржысын басқарудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы (бұдан әрі – МҚБТ) бекітілді.

МҚБТ мынадай негізгі міндеттер бойынша жаңа тәсілдерді қамтиды:

  • Негізгі және қосалқы бюджеттік қағидалар жиынтығын айқындау есебінен мемлекеттік қаржының теңгерімділігін қамтамасыз ету. Негізгі бюджеттік қағидаларға Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт туралы қағида және республикалық бюджеттің шығыстары туралы қағида кіреді. Бюджеттік қағидалардың қосалқы түрлері ретінде бюджеттің мұнайлық емес тапшылығы туралы қағида, мемлекеттің таза активтері туралы қағида, борыш туралы қағида және басқалар енгізілетін болады. Бұл қағидалар Ұлттық қорда қаржы ресурстарының жинақталуын және шектеулі пайдаланылуын қамтамасыз етуге бағытталған.
  • Тиімсіз салық жеңілдіктерін жою, салық базасын кеңейту, әкімшілендіруді күшейту есебінен бюджеттің кіріс бөлігін нығайту.
  • «Блоктық» бюджеттің жекелеген элементтерін енгізу, шығыстарды шолу, бюджеттік инвестициялар мен субсидияларға арналған шығыстардың экономикалық әсерін бағалау тетігін пайдалану, бағалау қорытындылары бойынша қорытындыларды қалыптастыру мерзімдерін бюджетті қалыптастыру процестерімен үндестіру, бюджетаралық қатынастар жүйесін, мемлекеттік инвестициялық саясатты жетілдіру, бюджеттер шығыстарының есептілігі мен бақылануын қамтамасыз ету, квазимемлекеттік секторды реформалау есебінен бөлінетін бюджет қаражатының тиімділігі мен экономикалық қайтарымдылығын арттыру.
  • Борыштық орнықтылықты қамтамасыз ету ұлттық операторлардың, мемлекеттік кәсіпорындар мен коммуналдық меншіктегі кәсіпорындардың ішкі және сыртқы борышының мониторингін күшейту, борыштық орнықтылықты бағалауға және болжауға арналған құралдарды әзірлеу, сыртқы борыштың шекті лимиті айқындалатын квазимемлекеттік сектор субъектілерінің тізбесін кеңейту, мемлекеттік бағалы қағаздардың ішкі нарығын дамыту жөніндегі шараларды көздейді.
  • Транспаренттілік құралдарының тиімділігін арттыру есебінен бюджет процесінің ашықтығы мен айқындығын арттыру.
  • Ақпараттық жүйелерді жетілдіру және интеграциялау арқылы бюджет процесін автоматтандыру және цифрландыру.

МҚБТ тұжырымдамасын іске асыру мынадай нәтижелерге әкеледі деп күтілуде:

  • мұнайға қатысты емес тапшылықты 2021 жылғы 9,8 %-дан 2030 жылы ЖІӨ-ге қатысты 5,0 %-дан аспайтын деңгейге дейін темендету;
  • бюжет тапшылығын 2021 жылғы 3,1%-дан 2030 жылы ЖІӨ-ге қатысты 2.0 %-дан аспайтын деңгейге дейін төмендету;
  • мемлекеттік борышты 2021 жылы 27,4%-дан 2030 жылы ЖІӨ-ге қатысты 32.0 %-дан, оның ішінде Үкімет борышын – 2021 жылы 23,0%-дан 2030 жылы ЖІӨ-ге қатысты 27,5 %-дан аспайтын деңгейде сақтау;
  • ҚРҰҚ-ның валюталық активтерін 2030 жылы 100 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайту;
  • таза сыртқы активтер (Үкіметтің сыртқы борышының, кепілдік берілген борыштың және квазимемлекеттік сектордың сыртқы борышының ҚРҰҚ-ның валюталық активтеріне қатынасы) – 0,75;
  • республикалық бюджеттен үкіметтік борышқа – 10 %-нан аспайтын бюджет шығыстары деңгейінде қызмет көрсету;
  • трансферттерді есептемегенде мемлекеттік бюджет кірістерін 2030 жылы ЖІӨ-ге қатысты 18 %-ға дейін ұлғайту.
Көмек
Көмек
Ай бойы келгендердің барлығы:
Кеше келгендердің барлығы:
Қазір порталда:
URL:
Қате:
Пікір:

Спасибо, информация об ошибке принята.

Извините, в данный момент информация об ошибке не может быть обработана.
Попробуйте позже.