Қазақстанда айырбастау пункттерін екінші деңгейдегі банктер, Қазпошта, сондай-ақ олардың айрықша қызмет түрі қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыру болып табылатын заңды тұлғалар, банктік емес айырбастау пункттері ашуға құқылы. Бұл ретте банктік емес айырбастау пунктін ашу рәсімі оңай және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылдың 4 сәуіріндегі №49 қаулысымен бекітілген Қолма –қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыру қағидаларымен реттеледі.
Бірінші қадам «Заңды тұлғаны құру»
Алдымен ұйымдық-құқықтық нысанда жауапкершілігі шектеулі серіктестікті құру керек.
Уәкілетті ұйымның жарғылық капиталы қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыруға лицензияны және лицензияға қосымшаны алу үшін заңды тұлғаның өтініш жасауына дейін толық көлемде ақшалай нысанда қалыптастырылады.
Уәкілетті ұйымның жарғылық капиталының ең төменгі мөлшері:
- Нұр-Сұлтан қаласында, сондай-ақ Республикалық маңызы бар қалаларда орналасқан әрбір айырбастау пункті үшін 30 000 000 (отыз миллион) қазақстандық теңге;
- облыстардың әкімшілік орталықтарында орналасқан әрбір айырбастау пункті үшін 20 000 000 (жиырма миллион) қазақстандық теңге;
- басқа жерлерде орналасқан әрбір айырбастау пункті үшін 10 000 000 (он миллион) қазақстандық теңге.
Уәкілетті ұйым қосымша айырбастау пунктін ашқан кезде оның ақшалай нысанда қалыптастырылатын жарғылық капиталы талаптарға сәйкес ұлғайтылуы тиіс.
Егер сізде облыстық маңызы бар қалада айырбастау пункті бар болса және қала республикалық маңызы бар қалаға ауыстырылса, алты ай ішінде жарғылық капиталды республикалық маңызы бар қаланың талаптарына сәйкес келтіру қажет.
Біліктілік талаптарына сәйкестігін растау ретінде уәкілетті ұйым "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы мынадай құжаттарды жібереді:
- Ереженің 1-қосымшасына сәйкес нысан бойынша қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыруға лицензияны және оған қосымшаны алуға өтініш (Ереженің 12-тармағында көзделген жағдайда), Ереженің 2-қосымшасына сәйкес нысан бойынша қосымша ашылатын айырбастау пункті үшін қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыруға арналған қолданыстағы лицензияға қосымшаны алуға өтініш (Ереженің 17-тармағында көзделген жағдайда);
- Лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны алуға өтініш берген күнге дейін күнтізбелік 30 (отыз) күннен ерте емес берілген Ереженің 8-тармағының талаптарына сәйкес жарғылық капиталға жарна ретінде ақшаны уәкілетті ұйымның банктік шотына есепке жатқызуды растайтын екінші деңгейдегі банктің құжаты (оның ішінде клиенттің банк шоттары бойынша ақша қозғалысы туралы үзінді көшірме), не Ереженің 2-қосымшасына сәйкес нысан бойынша қосымша ашылатын айырбастау пункті үшін қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыруға арналған қолданыстағы лицензияға қосымшаны алу үшін өтініш беру айының бірінші күнгі жағдай бойынша қаржылық есептілік, ол уәкілетті ұйымның жарғылық капиталы мөлшерінің қосымша айырбастау пунктін ескере отырып, белгіленген талаптарға сәйкестігін растайды (Ереженің 17-тармағында көзделген жағдайда);
- Кассирдің қолма-қол шетел валютасымен жұмыс істеуге дайындықтан өткенін растайтын құжаттың көшірмесі немесе Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен көзделген және қызметкердің қолма-қол шетел валютасымен кассир ретінде кемінде алты ай жұмыс жасаған еңбек қызметін растайтын құжаттың (нотариалды куәландырылған) көшірмесі.
- Уәкілетті ұйымның жарғылық капиталына салымның шығу көзін ашатын құжаттың электрондық көшірмесі (қарыз шарты, мүлікті сатып алу-сату шарты, кірістер туралы анықтама). Уәкілетті ұйымның жарғылық капиталына салымның шығу көзін ашатын басқа да құжаттардың электрондық көшірмелерін ұсынуға жол беріледі.Автоматтандырылған айырбастау пунктін ашу кезінде уәкілетті ұйым біліктілік талаптарына сәйкестігін растау ретінде Ереженің 13-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген электрондық құжатты, Ереженің 13-тармағының 2) және 4) тармақшаларында көрсетілген құжаттардың электрондық көшірмелерін, сондай-ақ автоматтандырылған айырбастау пунктінің Ережеде белгіленген талаптарға сәйкестігін және техникалық сипаттамаларын растайтын құжаттың электрондық көшірмесін "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы жібереді.
екінші қадам "Айырбастау пунктін жайластыру"
Айырбастау пункттері қолма-қол валютаны сатып алып немесе сатып халыққа қызмет көрсетеді, сондықтан қаржылық қызмет тұтынушыларының құқықтарын қорғау мақсатында олар белгілі бір талаптарға сәйкес келуі тиіс.
Айырбастау пункті бөлмесін күзетуді ұйымдастыру және жайластыру Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8080 нөмірімен тіркелген 2012 жылғы 24 тамызда Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының № 250 қаулысымен бекітілген банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын банктер мен ұйымдардың бөлмелерін күзетуді ұйымдастыру және жайластыру Қағидаларында белгіленген талаптарға сәйкес жүзеге асырылады.
Сондай-ақ, айырбастау пунктінің операциялық кассасы ұйымдастыру Қағидаларына сәйкес ақпаратты отыз күнтізбелік күн ішінде жазу және сақтауды қамтамасыз ететін бейнебақылау жүйесімен жабдықталады, бұл ретте, бейнебақылаумен көру аймағында кассирдің жұмыс аймағы және клиент болуы тиіс, ал тиісті құрылғылар бейнебақылау үшін кедергілердің болмауын қамтамасыз ететін жерлерде орнатылады.
Қолма-қол шетел валютасын айырбастау операцияларын ұйымдастыруға құқығы бар заңды тұлға айырбастау пунктінің жұмыс істеуін жүзеге асыру процесінде айырбастау пунктінің бөлмесінде орнатылған жабдықтардың жұмыс істеуін, сондай-ақ талаптарға сәйкес бейнебақылау жүйесінің ақпаратты жазу және сақтауын қамтамасыз етеді.
Айырбастау операциясын жасау кезінде автоматтандырылған айырбастау пункті банкноттардың түпнұсқалығын анықтау функциясын мынадай тәсілдермен қамтамасыз етуі тиіс:
- Қазақстан Республикасы Ұлттық валютасы банкнотасының екі жағындағы көрінетін бейненің ресми сипаттамаға сәйкестігін тексеру;
- арнайы бояумен басылған серия мен нөмірде ферромагнитті компоненттердің болуын тексеру;
- банкнотты ультракүлгін жарықта тексеру (қағаздың люминесценциясын бақылау және басқалары).
Үшінші қадам «Лицензияны және оған қосымшаны алу»
Лицензияны және оған қосымшаны алу үшін уәкілетті ұйым "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы мынадай құжаттарды жібереді:
- Өтініш берушінің Қағидалардың 8-тармағында көзделген біліктілік талаптарына сәйкестігін растайтын құжаттар;
- Жарғының нотариалды куәландырылған көшірмесі;
- "Электрондық үкіметтің" төлем шлюзі арқылы төленген жағдайларды қоспағанда, жекелеген қызмет түрлерімен айналысу құқығы үшін лицензиялық алымның төленгенін растайтын құжаттың көшірмесі;
- Шетел валютасындағы банктік шоттың болуы туралы банктің анықтамасы.
Құжаттардың толық пакеті ұсынылған күннен бастап лицензия және оған қосымша "Электрондық үкіметтің" веб-порталы арқылы отыз жұмыс күні ішінде беріледі.
Қосымша айырбастау пунктін ашқан кезде қолданыстағы лицензияға қосымшаны алу үшін мынадай құжаттарды ұсынады:
- Ереженің 2-қосымшасына сәйкес нысан бойынша қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыруға лицензияны және оған қосымшаны алуға өтініш (Ереженің 9-тармағында көзделген жағдайда), Ереженің 5-қосымшасына сәйкес нысан бойынша қосымша ашылатын айырбастау пункті үшін қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыруға арналған қолданыстағы лицензияға қосымшаны алуға өтініш (Ереженің 13-тармағында көзделген жағдайда);
- Лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны алуға өтініш берген күнге дейін күнтізбелік 30 (отыз) күннен ерте емес берілген Ереженің 6-тармағының талаптарына сәйкес жарғылық капиталға жарна ретінде ақшаны уәкілетті ұйымның банктік шотына есепке жатқызуды растайтын екінші деңгейдегі банктің құжаты (оның ішінде клиенттің банк шоттары бойынша ақша қозғалысы туралы үзінді көшірме), не Ереженің 5-қосымшасына сәйкес нысан бойынша қосымша ашылатын айырбастау пункті үшін қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыруға арналған қолданыстағы лицензияға қосымшаны алу үшін өтініш беру айының бірінші күнгі жағдай бойынша қаржылық есептілік, ол уәкілетті ұйымның жарғылық капиталы мөлшерінің қосымша айырбастау пунктін ескере отырып, белгіленген талаптарға сәйкестігін растайды (Ереженің 13-тармағында көзделген жағдайда);
- Кассирдің қолма-қол шетел валютасымен жұмыс істеуге дайындықтан өткенін растайтын құжаттың көшірмесі немесе Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен көзделген және қызметкердің қолма-қол шетел валютасымен кассир ретінде кемінде алты ай жұмыс жасаған еңбек қызметін растайтын құжаттың (нотариалды куәландырылған) көшірмесі.
Лицензия және оған қосымша құжаттардың толық топтамасы ұсынылған күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде беріледі.
Қосымша айырбастау пунктін ашу
Қосымша ашылатын айырбастау пункті үшін жарамды лицензияға қосымшаны алу үшін уәкілетті ұйым "электрондық үкіметтің" веб-порталы арқылы мынадай құжаттарды жібереді:
- Ереженің 2-қосымшасына сәйкес нысан бойынша қосымша ашылатын айырбастау пункті үшін қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыруға жарамды лицензияға қосымшаны алуға электрондық өтініш;
- Лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны алуға өтініш берген күнге дейін күнтізбелік 30 (отыз) күннен ерте емес берілген Ереженің 6-тармағының талаптарына сәйкес жарғылық капиталға жарна ретінде ақшаны уәкілетті ұйымның банктік шотына есепке жатқызуды растайтын екінші деңгейдегі банктің құжатының электрондық көшірмесі (оның ішінде клиенттің банк шоттары бойынша ақша қозғалысы туралы үзінді көшірме), не Ереженің 5-қосымшасына сәйкес нысан бойынша қосымша ашылатын айырбастау пункті үшін қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыруға арналған қолданыстағы лицензияға қосымшаны алу үшін өтініш беру айының бірінші күнгі жағдай бойынша қаржылық есептілікің электрондық көшірмесі, ол уәкілетті ұйымның жарғылық капиталы мөлшерінің қосымша айырбастау пунктін ескере отырып, белгіленген талаптарға сәйкестігін растайды;
- Кассирдің қолма-қол шетел валютасымен жұмыс бойынша дайындықтан өткенін растайтын екінші деңгейдегі банк анықтамасының электрондық көшірмесі не Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында көзделген және қолма-қол шетел валютасымен жұмыс бойынша кассир ретінде кемінде 6 (алты) ай қызметкердің еңбек қызметін растайтын құжаттың электрондық көшірмесі (автоматтандырылған айырбастау пунктін қоспағанда);
- Уәкілетті ұйымның жарғылық капиталына салымның шығу көзін ашатын құжаттың электрондық көшірмесі (қарыз шарты, мүлікті сатып алу-сату шарты, кірістер туралы анықтама). Уәкілетті ұйымның жарғылық капиталына салымның шығу көзін ашатын басқа да құжаттардың электрондық көшірмелерін ұсынуға жол беріледі.
Лицензияға қосымша құжаттардың толық пакеті ұсынылған күннен бастап он жұмыс күні ішінде "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы беріледі.
Тазартылған құйма алтынмен операциялар жүргізу
Уәкілетті ұйымдар өз айырбастау пункттері арқылы тазартылған құйма алтынды сатып алу және сату жөніндегі операцияларды жүзеге асыруға құқылы. Айырбастау пунктінің кассаларын жеке тұлғалардан тазартылған құйма алтынды сатып алу есебінен және Ұлттық банктен сатып алу арқылы толықтыруға болады.
Тазартылған құйма алтынды сатып алу немесе сату кезінде Уәкілетті ұйым ультракүлгін жарықта люминесценцияны бақылауды қамтамасыз ететін техникалық құралды қолдана отырып, сондай-ақ оптикалық аспапты қолдана отырып, тазартылған құйма алтынды арнайы ораудың бүтіндігін және құйма алтынның қорғаныш элементтерін тексереді. Аспап кемінде 10 (он) есе ұлғайтуды қамтамасыз етуі тиіс.
Айырбастау пунктінің кассасында тазартылған құйма алтын болмаған жағдайда, оларды сату құны туралы ақпарат уәкілетті ұйымның ақпараттық стендінде орналастырылмайды. Айырбастау пунктінің кассасында қолма-қол Ұлттық валюта болмаған жағдайда тазартылған құйма алтынды сатып алу құны туралы ақпарат уәкілетті ұйымның ақпараттық стендінде орналастырылмайды.
Уәкілетті ұйым тұтас арнайы қаптамада тазартылған құйма алтынды сатып алуды және сатуды жүзеге асыратынын білу керек. Тазартылған алтынды арнайы орамасы ашылған, сондай-ақ арнайы орамасы жоқ құймаларда сатуға жол берілмейді.
Тазартылған құйма алтынды сатып алу немесе сату бойынша жүргізілетін әрбір операция операцияларды есепке алудың электрондық журналында ескерілуі тиіс. Бағдарлама тазартылған құйма алтынмен операцияларды есепке алу журналы айырбастау пунктінің әрбір операциялық кассасында жеке жүргізіледі. Осы бағдарлама жасалған операциялар бойынша ақпаратты олар жасалған күннен бастап бес жыл ішінде түзетілмейтін күн сайынғы тіркеуді және энергияға тәуелсіз сақтауды қамтамасыз етеді. Егер екі миллион теңгеден асатын сомаға тазартылған құйма алтынмен операция жүргізілсе, онда операцияларды есепке алу журналында тіркеу қажет:
- клиенттің жеке басын куәландыратын құжаттың деректері (тегі, аты және әкесінің аты (бар болса) (аты, әкесінің аты (бар болса) толық көрсетіледі), құжаттың түрі, берілген күні, құжаттың нөмірі, қолданылу мерзімі;
- клиенттің жеке сәйкестендіру нөмірі (бар болса);
- клиенттің заңды мекенжайы.
Банктік емес айырбастау пункттерін ашу мәселелерін реттейтін ережелер Ұлттық Банктің ресми интернет-ресурсында қолжетімді: www.nationalbank.kz => "Нормативтік құқықтық база" => "ҚР Заңдары және ҚҰБ НҚА" => "Валюталық реттеу және валюталық бақылау. "Уәкілетті ұйымдарға қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыру жөніндегі қызметті жүзеге асыруға лицензия беру" мемлекеттік қызмет көрсету стандарты туралы ақпарат Ұлттық Банктің ресми интернет-ресурсында келесі мекенжай бойынша қолжетімді: www.nationalbank.kz => "Мемлекеттік қызметтер" => "Мемлекеттік қызметтер" => "Микроқаржы ұйымдарын валюталық реттеу және тіркеу".
Аумақтық филиалдардың орналасқан жері және байланыс деректері туралы ақпарат Ұлттық Банктің ресми интернет-ресурсында мына мекенжай бойынша қолжетімді болады: www.nationalbank.kz → "Мемлекеттік қызметтер" бөлімі → "Қызмет берушілердің байланыс телефондары".