"Авторлық және сабақтас құқықтар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабына сәйкес ғылым, әдебиет және өнер туындысына авторлық құқық оны жасау фактісіне байланысты туындайды. Авторлық құқықтың пайда болуы мен жүзеге асырылуы үшін туындыны тіркеу, туындыны өзге де арнайы ресімдеу немесе қандай да бір формальдылықты сақтау талап етілмейді.
Осыған байланысты авторлық құқықпен қорғалатын объектілерге құқықтардың Мемлекеттік тізіліміне мәліметтерді енгізу рәсімі міндетті сипатта болмайды.
"Ұлттық зияткерлік меншік институты" республикалық мемлекеттік кәсіпорны (бұдан әрі – "ҰЗМИ" РМК) "Авторлық құқықпен қорғалатын объектілерге құқықтардың мемлекеттік тізіліміне мәліметтерді және олардың өзгерістерін енгізу" қызметін көрсетеді.
Мұндай туындыларға келесілер жатады:
- әдеби, ғылыми, драмалық, сценарийлік шығармалар;
- мәтіні бар немесе мәтінсіз музыкалық туындылар және музыкалық-драмалық туындылар;
- хореография, пантомима туындылары, аудиовизуалды шығармалар;
- сәулет, қала құрылысы, бақ-саябақ өнері туындылары;
- кескіндеме, мүсін, графика, бейнелеу және қолданбалы өнер туындылары;
- фотографиялық туындылар және фотосуретке ұқсас тәсілдермен алынған туындылар, сондай-ақ карталарға, жоспарларға, эскиздерге, иллюстрацияларға және географияға, топографияға және басқа ғылымдарға қатысты үш өлшемді туындылар;
- электрондық есептеу машинасына (бұдан әрі - ЭЕМ) немесе деректер қорына арналған бағдарламалар.
Туындының авторы немесе оның сенімхат бойынша өкілі ЭЦҚ арқылы веб-порталда авторланады, онда міндетті алаңдарды (ЖСН, туындының атауы, шығарылған күні және объектінің түрі) толтырады, өтінішті қалыптастырады және туындының данасын тіркейді.
Туындының данасы ретінде өтінішке – эскиздер, сызбалар, суреттер немесе фотосуреттер, ал ЭЕМ-ге немесе дерекқорға арналған бағдарламаларға қатысты бағдарламаның немесе дерекқордың атауын, автордың тегін, атын, әкесінің атын (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), жасалған күнін, қолдану саласын, мақсатын, функционалдық мүмкіндіктерін, бастапқы кодын (бастапқы мәтінді), негізгі техникалық сипаттамаларын, бағдарламалау тілін, іске асырушы ЭЕМ-нің типін қамтитын реферат қоса берілуі мүмкін.
Көрсетілетін қызметті алушы діни мазмұндағы туындыларға қатысты дінтану сараптамасының оң қорытындысының электрондық көшірмесін қосымша ұсынады.
Құрамдас немесе туынды шығармаға қатысты көрсетілетін қызметті алушы түпнұсқалық туындының авторымен(дарымен) немесе құқық иеленушімен жасалған авторлық шарттың көшірмесін қосымша ұсынады.
Егер құрамдас туындыда қорғау мерзімі өтініш беруші өтініш берген күні аяқталған басқа авторлардың туындылары пайдаланылған жағдайда, авторлық шарт талап етілмейді.
Туынды шығарма жасалған туындыны қорғау мерзімі аяқталған жағдайда, негізгі туындының авторымен авторлық шарт ұсыну талап етілмейді.
«Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Ұлттық зияткерлік меншік институты» республикалық мемлекеттік кәсіпорны іске асыратын жұмыстарға және қызметтерге бағаларды бекіту туралы» РМК директорының 2019 жылғы 03 қаңтардағы №02 нқ бұйрығына бұйрығына сәйкес, авторлық құқықпен қорғалатын объектілерге құқықтардың Мемлекеттік тізіліміне амәлімет енгізу үшін белгіленген мөлшерде төлем алынады (2019 жылғы 29 шілдедегі жағдай бойынша 6932,80 теңге).
Заңда мынадай тұлғаларға тиесілілігі туралы растайтын құжаттарды ұсынған жағдайда қызмет үшін ақы (Тізілімге мәліметтерді енгізу үшін белгіленген бағадан 346,64 мөлшерінде) төлеу кезінде жеңілдіктер көзделген:
- Ұлы Отан соғысына қатысушыларға және оларға теңестірілген адамдарға;
- Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы жанқиярлық еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен марапатталған адамдарға;
- 1941 жылғы 22 маусым - 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемінде алты ай жұмыс істеген (әскери қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы жанқиярлық еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен марапатталмаған адамдарға;;
- Мүгедектерге, сондай-ақ бала жасынан мүгедектің ата-анасының біреуіне;
- Оралмандарға;
- Кәмелетке толмағандарға.
Тізілімге бір жеке немесе заңды тұлғалардың тауарларын (қызметтерін) басқа жеке немесе заңды тұлғалардың біртектес тауарларынан (қызметтерінен) ажыратуға арналған туындыларға құқықтар туралы мәліметтер енгізілмейді.
Тізілімге енгізілген мәліметтер негізінде мәліметтерді енгізу туралы куәлік беріледі, ол электрондық түрде көрсетілетін қызметті алушының жеке кабинетіне жіберіледі.
Тізілімнен мәліметтерді жою және өзгерістер енгізу автордың өтініші бойынша, сондай-ақ заңды күшіне енген сот шешімі негізінде жүргізіледі.