eGov Business қосымшасында заңды тұлғаның үлесін сенімгерлік басқаруға беру қызметі енді қолжетімді Баспаға шығару нұсқасы
2026 жылғы 30 шілдеeGov Business мобильді қосымшасында кәсіпкерлерге арналған «Жарғылық капиталдың үлесін сенімгерлік басқаруға беру» атты жаңа мемлекеттік қызмет іске қосылды.
Сенімгерлік басқару қызметі меншік иесі өз үлесіне құқығын сақтай отыра, уақытша басқа тұлғаның басқаруына берген жағдайда қолданылады. Барлық өзгерістер ресми түрде рәсімделіп, мемлекеттік ақпараттық жүйелерінде тіркеледі.
eGov Business қосымшасы арқылы қызметті алу үшін:
- eGov Business мобильді қосымшасына авторизациядан өту;
- «Қызметтер санаттары» – «Құқықтық қатынастар» бөліміне өту;
- «Жарғылық капиталдың үлесін сенімгерлік басқаруға беру» қызметін таңдап, өтініш түрін таңдау;
- заңды тұлғаның БСН-ын, құрылтайшы-сенім білдірушінің ЖСН/БСН-ын және сенімгерлік басқарушының ЖСН/БСН-ын енгізу;
- үлес мөлшерін пайызбен және теңгемен, беру мерзімін (оның ішінде мерзімсіз), сондай-ақ сенімгерлік басқаруға беру туралы құжаттың нөмірі мен күнін көрсету;
- құжаттың PDF форматындағы сканерленген көшірмесін тіркеу;
- өтінішке қолжетімді тәсілдердің бірімен қол қою;
- өтініштің қаралу мәртебесін «Хабарламалар» – «Қызметтер тарихы» бөлімінен қадағалау қажет.
««Біз eGov Business қосымшасының мүмкіндіктерін үнемі кеңейтіп келеміз. Бұл кәсіпкерлерге артық бюрократиялық рәсімдерсіз көптеген қызметті онлайн алуға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда қосымша кәсіпкерлер арасында кеңінен қолданылып келеді. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында 107 мыңнан астам шағын және орта бизнес өкілі тіркеліп, 1,4 млн-нан астам қызмет көрсетілді. Енді қосымшада жарғылық капиталдағы үлесті сенімгерлік басқаруға беру бойынша тағы бір маңызды корпоративтік қызмет қолжетімді болды. Бұрын бұл рәсім көп уақыт пен жеке қатысуды талап етсе, енді оны смартфон арқылы бірнеше қадаммен рәсімдеуге болады. Бұл кәсіпкерлердің уақытын үнемдеп, бизнесті жүргізу үдерісін одан әрі жеңіл әрі ыңғайлы етеді», – деп «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Басқарма Төрағасының Орынбасары Шыңғыс Оразалимов атап өтті.
Қызмет көрсету мерзімі 3 жұмыс күніне дейін. Қызмет нәтижесін өтінімнің мәртебесі парақшасынан және eGov Business қосымшасының «Хабарламалар» – «Қызметтер тарихы» бөлімінен көруге болады. Қызмет тегін көрсетіледі.
Аталған қызмет ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер комитеті, ҚР Әділет министрлігі және «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-ның бірлескен жұмысының нәтижесінде іске асырылды.




