Жер салығын төлеу: қайда, қалай және қанша Баспаға шығару нұсқасы
Cоңғы өзгеріс: 20.09.2022Пайдалы сілтемелер:
Сондай-ақ қараңыздар:
Жер салығын кім төлейді?
1. Жер салығын төлеушiлері ретінде жеке және заңды тұлғалар болып табылады:
1) меншік құқығындағы;
2) тұрақты жер пайдалану құқығындағы;
3) бастапқы өтеусiз уақытша жер пайдалану құқығындағы.
Жер салығының және салық базасының объектісі
Жер учаскесі салық салу объектісі болып табылады (жер учаскесіне ортақ үлестік меншік кезінде – жер үлесі).
Салық базасы – жер учаскесінің және (немесе) жер үлесінің ауданы.
Жер салығын есептеу және төлеу
Салықты есептеу әрбiр жер учаскесi бойынша жеке салық базасына тиiстi салық ставкасын қолдану арқылы жүргiзіледi.
Шағын бизнес субъектілері үшін арнаулы салық режимін қолданатын дара кәсіпкерлерді қоспағанда, заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлер салық кезеңі ішінде жер салығы бойынша ағымдағы төлемдерді есептеуге және төлеуге міндетті. Төлемақы сомаларын бюджетке ағымдағы жылдың 25-ақпанынан, 25-мамырынан, 25-тамызынан және 25-қарашасынан кешiктiрмей тең үлестермен төлеуі тиіс. Түпкілікті есеп айыру және жер салығын төлеу салық кезеңіне декларация ұсыну мерзімінен он күннен кешіктірмей жасалады.
Салық есептілігін тапсыру мерзімі
Жер учаскесі бойынша декларация салық салу объектісінің орналасқан жері бойынша салық органына есеп беру кезеңінен кейінгі жылдың 31- наурызынан кешіктірілмей ұсынылады.
Жер салығы бойынша ағымдағы төлемдерді есептеу ағымдағы салық кезеңінің 15-ақпанынан кешіктірілмей ұсынылады.
Салық төлеуші ағымдағы төлемдерді төлеудің кезекті (салық кезеңі ішінде) мерзімі басталғанға дейін күнтізбелік он күннен кешіктірмей ұсынады:
- ағымдағы төлемдердің есебі - ағымдағы төлемдерді төлеудің соңғы мерзімінен кейін туындаған жағдайларды қоспағанда, салық кезеңі ішінде салық міндеттемелері туындаған кезде;
- мұндай төлемдердің мөлшерін тиісті түзете отырып және оларды алдағы төлеу мерзіміне тең үлестермен бөле отырып, ағымдағы төлемдердің қосымша есебі - салық кезеңі ішінде жер салығы бойынша салық міндеттемелері өзгерген кезде.
Ағымдағы төлемдерді төлеудің соңғы мерзімінен кейін салық міндеттемелері туындаған кезде салық төлеушілер ағымдағы төлемдердің есебін тапсырмайды.
Жеке тұлғалар төлеуге жататын жер салығын есептеудi салық органдары тиiстi салық ставкалары мен салық базасын негiзге ала отырып, ағымдағы жылдың 1-шілдесінен кешіктірмей жүргiзедi.
Азаматтар жер салығын есепті жылдан кейінгі жылдың 1 қазанынан кешіктірмей төлеуі тиіс. (мысалы - 2017 жылғы салық, 2018 жылдың 1 қазанына дейін кешіктірілмей төленуі керек).