Айдар парағына өту

Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты Баспаға шығару нұсқасы

Cоңғы өзгеріс: 03.04.2023

ойын бөлмесі

Мектепке дейінгі ұйымдарда меншік түрі мен нысанына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан тәрбиелеу-білім беру процесі:

- Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына (Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 3 тамыздағы № 348 бұйрығы) (бұдан әрі – Стандарт);

- Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу жоспарларына (Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 12 желтоқсандағы № 557 бұйрығы);

- Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасына (Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің міндетін атқарушының 2016 жылғы 12 тамыздағы № 499 бұйрығы) сәйкес жүзеге асырылады.

Сондай-ақ, мектепке дейінгі ұйымдар Мектепке дейінгі ұйымдар қызметінің үлгілік қағидаларын басшылыққа алады (Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 31 тамыздағы № 385 бұйрығы).

Стандарт:

1) тәрбие мен оқыту нәтижелеріне бағдарланған мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мазмұнына;

2) тәрбиеленушілердің оқу жүктемесінің ең жоғары көлеміне;

3) тәрбие мен оқыту мерзіміне қойылатын талаптарды анықтайды. 

Әр баланың қызығушылықтарын, ерекшеліктері мен қажеттіліктерін ескере отырып, жалпы адами және ұлттық құндылықтар негізінде оларды толыққанды дамыту мен әлеуетін ашу: 

  • физикалық дамыту;

  • коммуникативтік дағдыларды дамыту;

  • танымдық және зияткерлік дағдыларды дамыту;

  • балалардың шығармашылық дағдыларын, зерттеу іс-әрекетін дамыту;

  • әлеуметтік-эмоционалды дағдыларды қалыптастыру арқылы жүзеге асырылады.

Физикалық дамыту.

Физикалық дамыту физикалық дені сау баланы тәрбиелеуді, өз денсаулығына саналы түрде қарауды, салауатты өмір салты негіздерін, қауіпсіз өмір сүру дағдыларын қалыптастыруды қарастырады.

Физикалық дамыту балалардың жеке және жас ерекшеліктерін ескере отырып, күн сайын ойын түрінде және дене шынықтыру (ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған бейімделген дене шынықтыру), жүзу (жүзу бассейні болған кезде) ұйымдастырылған іс-әрекеттерінде жүзеге асырылады.

Физикалық дамытудың міндеттері: ата-аналардың балаларға ерте жастан күтім жасауы мен оларды дамыту дағдыларына ие болуына жәрдемдесуі; тәрбиеленушілердің негізгі қимыл түрлерін меңгеруі арқылы мәдени-гигиеналық дағдылар, қимыл-қозғалыс тәжірибесін қалыптастыру; дене сапаларын және қимыл белсенділігіне қажеттілікті дамыту; түрлі ойындарды өткізу; шығармашылық қабілеттер мен командамен бірге әрекет ету дағдыларын дамыту.

Коммуникативтік дағдыларды дамыту. 

Коммуникативтік дағдыларды дамыту балалардың жеке ерекшеліктері мен қажеттіліктерін ескере отырып, ауызекі сөйлеуді, сөздік қорды қалыптастыруды, өмірде түрлі жағдайлардағы қарым-қатынас дағдыларын меңгертуді, қолдың ұсақ моторикасын және командада жұмыс істеу дағдыларын дамытуды қарастырады.

Коммуникативтік дағдыларды дамыту балалардың жас және жеке ерекшеліктерін ескере отырып, күн сайын ойын түрінде және сөйлеуді дамыту, көркем әдебиет, сауат ашу негіздері, қазақ тілі ұйымдастырылған іс-әрекеттерінде жүзеге асырылады.

Коммуникативтік дағдыларды дамыту міндеттері: Қазақстан халқының мәдениетімен, салт-дәстүрлерімен, балалар көркем әдебиетімен таныстыру арқылы тәрбиеленушілердің түрлі іс-әрекетінде ауызекі байланыстырып сөйлеуді дамыту, шығарманы бірге оқу, мазмұндау, талдау, сөйлеудің дыбыстық мәдениетін қалыптастыру, белсенді сөздік қорын байыту, тілдік нормаларды, қарым-қатынас мәдениетін меңгерту. 

Танымдық және зияткерлік дағдыларды дамыту.

Танымдық және зияткерлік дағдыларды дамыту тәрбиеленушілердің қоршаған әлеммен өзара қарым-қатынас жасауына қажетті танымдық және зерттеушілік әрекеттің қарапайым дағдыларын меңгертуді қарастырады.

Танымдық және зияткерлік дағдыларды дамыту балалардың жас және жеке ерекшеліктерін ескере отырып, күн сайын ойын түрінде және сенсорика, математика негіздері ұйымдастырылған іс-әрекеттерінде жүзеге асырылады.

Танымдық және зияткерлік дағдыларды дамыту міндеттері: сенсорлық эталондар туралы түсініктерді, қарапайым математикалық ұғымдарды қалыптастыру; құрастыру іс-әрекеті тәсілдерін меңгерту; креативті және сыни ойлауды дамыту; азаматтыққа және патриотизмге баулу, ұлттық мәдениетті құрметтеу. 

Балалардың шығармашылық дағдыларын, зерттеу іс-әрекетін дамыту. 

Шығармашылық дағдыларды, зерттеушілік қабілеттерді дамыту үшін шығармашылық қиялды, эмоционалды-сезімдік саланы, дүниетанымды, ойлауды, көркем-эстетикалық талғамды дамыту, тәрбиеленушілердің жеке ерекшеліктері мен қажеттіліктерін ескере отырып, ұлттық мәдениетке баулу арқылы патриотизмді тәрбиелеу үшін жағдай жасалады.

Балалардың шығармашылық дағдыларын, зерттеу іс-әрекетін дамыту міндеттері: өнер туындыларын қабылдау мен түсіну дағдыларын қалыптастыру, қоршаған әлемді эмоционалды тану, өнер түрлері туралы түсініктерді қалыптастыру. 

Балалардың шығармашылық дағдыларын, зерттеу іс-әрекетін дамыту балалардың жас және жеке ерекшеліктерін ескере отырып, күн сайын ойын түрінде және сурет салу, мүсіндеу, жапсыру, құрастыру, музыка ұйымдастырылған іс-әрекеттерінде жүзеге асырылады.

Әлеуметтік-эмоционалды дағдыларды қалыптастыру. 

Әлеуметтік-эмоционалды дағдыларды қалыптастырудың мақсаты тәрбиеленушілерді, оның ішінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды әлеуметтендіру, оларды әлеуметтік-мәдени нормаларға, қоғам және мемлекет, отбасы дәстүрлеріне тарту, рухани-адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру болып табылады.

Әлеуметтік-эмоционалды дағдыларды қалыптастыру балалардың жас және жеке ерекшеліктерін ескере отырып, күн сайын ойын түрінде және қоршаған ортамен таныстыру ұйымдастырылған іс-әрекетінде жүзеге асырылады. 

Әлеуметтік-эмоционалды дағдыларды қалыптастыру міндеттері: қоғамның әлеуметтік және этикалық нормалары мен дәстүрлеріне, жалпы адами құндылықтарға баулу; дербестікке тәрбиелеу; өмірдегі жағдайларды шешу, айналадағы адамдарға құрметпен қарау, өз отбасының мүшесі екенін сезіну, эмоционалды елгезектікті, жанашырлықты қалыптастыру; тәрбиеленушінің адамгершілік қасиеттерін көрсетуге қабілеттілігі мен дайындығын дамыту, моральдық нормалардың талаптарына жауап беретін іс-әрекеттерге дайындау; Отанның тарихы мен мәдениетін білу және оған құрметпен қарауды қалыптастыру, туған жер туралы түсініктерін кеңейту; еңбек түрлеріне және түрлі мамандық иелеріне құрметпен қарауды қалыптастыру, заттар, жанды және жансыз табиғат құбылыстары жөнінде білімдерді кеңейту, креативтік ойлауды дамыту.

Мектепке дейінгі ұйымдарда тәрбиелеу-білім беру процесін жоспарлау кезінде вариативтілік және балалар іс-әрекетін ұйымдастырудың түрлі формаларын, әдістері мен тәсілдерін қолдану, тәрбиеленушілердің қызығушылықтары, қажеттіліктері, жас және жеке ерекшеліктері ескеріледі.

Ерекше білім беруді қажет ететін балаларды тәрбиелеуде және оқытуда баланың білім алу қажеттіліктеріне сәйкес үлгілік оқу, арнайы, жеке/бейімделген білім беру бағдарламалары қолданылады.

Стандартта: 

жас кезеңі:

1) бөбек жасы – 0 (жаңа туған балалар ) – 2 жастағы балалар;

2) мектепке дейінгі жас – 3-5 жастағы балалар;

жас топтары:

ерте жас тобы – 1 жастағы балалар;

кіші топ – 2 жастағы балалар;

ортаңғы топ – 3 жастағы балалар;

ересек топ – 4 жастағы балалар;

мектепалды топ, мектептегі (лицейдегі, гимназиядағы) мектепалды сынып –5 жастағы балалар екендігі айқындалған.

Үлгілік оқу бағдарламасының мазмұнын меңгеру мерзімі – 5 жыл, бір жас тобында – 1 жыл.

Балаларды тәрбиелеу және оқыту деңгейін бақылау баланың жасына сәйкес баланың жетістіктеріне мониторинг жүргізу негізінде жүзеге асырылады. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік бағдарламасының мазмұнын меңгеру бойынша мониторинг жүргізу үшін индикаторлар жүйесі әзірленді.

Стандартта мектепке дейінгі ұйымның түлегіне қойылатын талаптар айқындалған – «мектепке дейінгі ұйымның түлегі - физикалық дамыған, ізденімпаз, бастамашыл, табанды, бейімделуге қабілетті, көпшіл, өзіне сенімді, командада жұмыс істей біледі, эмоционалды жауапты, өзі, отбасы, қоғам (жақын қоғам), мемлекет (ел), әлем және табиғат туралы алғашқы түсініктерге ие».

Көмек
Көмек
Ай бойы келгендердің барлығы:
Кеше келгендердің барлығы:
Қазір порталда:
URL:
Қате:
Пікір:

Спасибо, информация об ошибке принята.

Извините, в данный момент информация об ошибке не может быть обработана.
Попробуйте позже.