
Әрбір жүргізуші рөлге отырған кезде өз өмірі және жолаушылар мен жаяу жүргіншілердің өмірі үшін жауапты болады. Және олардың әрқайсысы ЖКО кезінде істеуге қажетті және істеуге болмайтын іс-әрекеттер туралы біле аласыз, өйткені, әдетте, мұндай жағдайларда ойластырылмаған шешім жасау адамдарға тән. Бұл мақаладан сіз жол-көлік оқиғасы кезінде жасалатын қадамдық іс-әрекет пен жүріс-тұрыс ережелері туралы біле аласыз.
Жол-көлiк оқиғасы – көлiк құралының жолда жүруі процесiнде және оның қатысуымен туындаған, адамның денсаулығына зиян келтіруге, өліміне, көлік құралдарының, құрылыстардың, жүктердің бүлінуіне не өзге де материалдық залалға әкеп соққан оқиға.
ЖКО түрлері:
• Қақтығыс
• Аударылу
• Кедергіні соғу
• Жүргіншіні басып немесе соғып кету
• Велосипедшіні соғып кету
• Тұрған көлік құралын соғу
• Ат-арба көлігін соғу
• Жануарлар басып немесе соғып кету
• Жолаушылардың құлауы
• Өзге оқиғалар
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 13 қарашадағы № 1196 қаулысымен бекітілген Жол жүрісі қағидаларына (бұдан әрі – ЖЖҚ) сәйкес жол-көлік оқиғасы кезінде оған қатысы бар жүргізуші:
- ЖЖҚ-ң 7-бөлімі 2-тармағының талаптарына сәйкес көлік құралын дереу тоқтатуға (орнынан қозғамауға), авариялық жарық сигнал беруін қосуға және авариялық тоқтау белгісін (жанып-сөнетін қызыл фонарь) қоюға, оқиғаға қатысы бар заттарды қозғамауға;
- зардап шеккендерге дәрігерге дейінгі медициналық көмек көрсету үшін ықтимал шараларды қолдануға, жедел медициналық жәрдем шақыруға, ал шұғыл жағдайларда зардап шеккендерді жол-жөнекей көлікпен жөнелтуге, егер бұл мүмкін болмаса, өзінің көлік құралымен жақын жердегі емдеу мекемесіне жеткізуге, өзінің тегін, көлік құралының мемлекеттік тіркеу нөмірі белгісін хабарлауға (жеке басын куәландыратын құжатты немесе жүргізуші куәлігін және көлік құралына берілген тіркеу құжатын көрсете отырып) және оқиға болған жерге қайтып келуге;
- ЖЖҚ-ң 1-бөлімі 8-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, болған оқиға туралы жақын жердегі ішкі істер органына дереу хабарлауға, оны көргендердің тектері мен мекенжайларын жазып алуға және ішкі істер органдары қызметкерлерінің келуін күтуге;
- егер басқа көлік құралдарының жүруі мүмкін болмаса, жолдың жүру бөлігін босатуға;
- жолдың жүру бөлігін босату қажет болған кезде оқиғаға қатысы бар көлік құралының орналасуын, іздер мен заттарды куәлардың қатысуымен алдын ала белгілеп, оларды сақтауға барлық ықтимал шараларды қолдануға және оқиға болған жерді өзгелердің айналып өтуін қамтамасыз етуге міндетті.
Жол-көлік оқиғасы болған жағдайда, егер зардап шеккендер болмаса, болған оқиғаның мән-жайларын бағалауда жүргізушілер өзара келіскен кезде оқиғаның схемасын алдын ала жасап және оған қол қойып, оқиғаны ресімдеу үшін ішкі істер органдарының жақын бөлімшесіне келеді.
Басқа сөзбен айтатын болсақ, ЖКО кезінде:
- зардап шеккендердің бар-жоқтығын тексеру, егер бар болатын болса жедел жәрдем шақыру;
- "апаттық сигналды" қосу және апаттық аялдау белгісін орнату;
- егер оқиға куәгерлері болса, олардың байланыс деректерін жазып алу керек. Бұл ерекше жағдайларда пайдалы болуы мүмкін;
- әкімшілік полиция қызметкерлері (егер зардап шеккендер болмаса – 102/ бар болса – 112 (қоңырау шалу тегін)) мен сақтандыру агенттерін шақыру (тел.: сақтандыру куәлігінен қараңыз).
Жол-патрульдік полиция қызметкерлері келген кезде істің барлық материалдарын ресімдеуі тиіс:
- ЖКО сызбасын құрастыру,
- ЖКО жерін қарау хаттамасы,
- әкімшілік хаттама,
- түсініктемелер іріктеу,
- жүргізушілерді медициналық куәландыруға жіберу.
Сонымен қатар жол-патрульдік полиция қызметкерлері сіздің барлық құжаттарыңызды тексереді, сызбаны салады, сондай-ақ, кейбір жағдайларда, егер көлік құралы ЖКО орнында басқа аватомобильдердің қозғалысын қиындататын болса көлік құралдарын сүйреп әкетуді сұрайды.
Бұдан әрі жол-патрульдік полициясының қызметкері сізге жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының атына түсініктеме бланкісін береді.
Сіз бланкіні толтырасыз, онда міндетті түрде ЖКО-ның шамамен алынған уақытын, көшелерінің қиылысы (қай жерге қарама-қарсы болды), автокөліктің мем. нөмірін, қозғалыс бағытын және оқиғаның егжей-тегжейлі сипаттамасын, МАҚЖ полисі нөмірін көрсету қажет.
ЖКО-ға қатысты сызбалар, хаттамалар жасау
Әкімшілік құқық бұзушылықтың іздерін, өзге де материалдық объектілерді, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманы жасау үшін маңызы бар мән-жайларды анықтау мақсатында уәкілетті лауазымды тұлға өз өкілеттігі шегінде сол жерді, заттарды, құжаттарды, тірі адамдарды қарап тексеруге құқылы.
Бұдан әрі жол-патрульдік полициясының қызметкері сызбаға міндетті түрде автомобильдердің сыртқы зақымдануларының сипаттамасын енгізеді. Барлық зақымданулардың ескерілгенін тексеріңіз. Бұдан кейін сізді сараптамаға куәландыру жүргізу үшін жібереді.
Көрсетілген құжаттарды тікелей ЖКО орнына келіп жеткен жол-патрульдік полиция қызметкерлері толтырады. Құжаттарға қол қоймас бұрын олармен мұқият танысыңыз, және де өзінің заңды құқықтарыңызды қорғаңыз.
Айып тұрағы
ЖКО жасаған кезде зардап шеккендер болса және/немесе сол кезде жүргізуші мас күйінде КҚ жүргізу, қажетті құжаттардың болмауы сияқты басқа да заң бұзушылықтар жасаса жол-патрульдік полиция қызметкерлері көлік құралын айып тұрағына жеткізуі мүмкін. Басқа жағдайларда жол-патрульдік полиция қызметкерлерінің автомобилді айып тұрағына қоюға құқығы жоқ.
Медициналық куәландыру
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 4 маусымдағы N 528 қаулысымен бекітілген Мас күйiн куәландыруға жiберу, мас күйiн куәландыру және оның нәтижелерiн ресiмдеу ережесiнің (бұдан әрі - Ереже) 2-тармағына сәйкес жүргiзушiлердiң мас күйiн куәландырумас күйi Кодексте көзделген құқық бұзушылықтың құрамы болып табылғанда әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша iс жүргiзудi қамтамасыз ету шаралары ретiнде уәкiлеттi лауазымды адамдар жүргiзедi.
Ереженің 3-тармағына сәйкес жүргiзушiлердiң мас күйiн куәландыруды ішкі істер органдарының қызметкерлері мас күйiн белгiлейтiн арнайы аспаптар мен құралдарды қолдану арқылы тiкелей әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасалған жерде жүргiзе алады.
Куәландыру ерікті түрде және тез арада өту ұсынылады.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 613-бабының 4-бөлігіне сәйкес ішкі істер (полиция) органдары қызметкерінің белгіленген тәртіпке сәйкес алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйін куәландырудан өту туралы заңды талабын орындамаған үшін көлік құралдарын басқару құқығынан үш жыл мерзімге айыру түріндегі әкімшілік жазаны көзделген.
Түсініктемені толтыру
Тікелей ЖКО орнына келген жол-патрульдік полиция қызметкері түсініктеме нысанын береді. Бұл құжат сот шешіміне тікелей әсер етеді, сондықтан оны мұқият толтыру қажет.
Түсініктемеде міндетті түрде ЖКО уақыты мен орны (қиылыс, қарама-қарсы не бар т. б.), көлік құралының қозғалыс бағытының тараптары (Оңтүстік, Солтүстік, Батыс, Шығыс), және оқиғаның егжей-тегжейлі сипаттамасы көрсетілуі тиіс. Сонымен қатар, өтініште МАҚЖ (сақтандыру полисі) туралы мәліметтер, тиісінше, сақтандыру компаниясының атауы және МАҚЖ нөмірі, және сіздің байланыс деректеріңіз көрсетіледі. Сондай-ақ, егер ЖКО-ға қатысушы медициналық куәландыруды өтуден бас тартпайтын болса, онда ол медициналық куәландырудан ерікті түрде өтетіні туралы жол-патрульдік полиция қызметкерлері ЖКО фактісін ресімдегеннен кейін бірден жазуға міндетті.
Сараптамадан кейін ЖКО орнына барып көлік құралын тасымалдау туралы мәселені шешу ұсынылады. Егер автомобильде маңызды зақымданулар жоқ және оны басқару қауіпсіз болса, онда сіз эвакуаторды немесе кез келген басқа сүйрейтін көлікті шақырмай ақ өзііздің көлігіңізді тиісті тұраққа жүргізіп бара аласыз.
Техникалық сараптама (бағалау)
Автосараптама – бұл иесіне материалдық құралдардың орнын толтыру мақсатында өткізетін зиянды бағалау.
ЖКО-дан кейін сақтандыру өтемін алу үшін, жәбірленуші сақтандыру компаниясына жүгінеді. Осы жерде енді келтірілген шығынды бағалауды өткізу туралы сұрақ туындайды. Әдетте, сақтандырушы бағалауды өзі, штаттық мамандар не шақырылған сарапшының көмегімен жүргізеді.
Сақтандыру компаниясы сақтандыру өтемақысы сомасын айтарлықтай төмендетіп сақтандыру бойынша төленентін сомма жетпейтін болса жәбірленуші нақты зиянды есептеу және тиісті өтемін алу үшін тәуелсіз сараптамадан өте алады. Тәуелсіз сараптама сізге төленген сома мен нақты жөндеу құнының айырмашылығын алуға көмектеседі.
Әрбір көлік иесіне көлік сапатамасынан өт материалдық шығынды алумен байланысты қиындықтарды болдырмауға көмектесетін бірқатар кеңестер бар.
Біріншіден, ЖКО орын алған жағдайда ешбір жағдайда апат орынан кетіп қалуға болмайды, жол-патрульдік полициясы қызметкерлерін күту керек. Бұдан кейін жол-патрульдік полициясы қызметкерлерімен бірге апат туралы анықтама жасау керек, онда болған оқиғаның егжей-тегжейін нақтылау қажет. Құжатты жасағаннан кейін сіз оқиға туралы өз сақтандыру агенттігіңізге хабарлауыңыз қажет, немесе көлік сараптамасын өткізетін мекемені өзіңіз таңдайтыныңыз туралы өтініш жазуыңыз қажет.
Егер апат болып ЖКО себепкері сақтандырылмаған болса, онда көлік сараптамасы жол-патрульдік полициясы келгеннен апат орнына кейін сол жерде жүргізіледі.
Егер себепкері сіз болсаңыз, онда ОСАГО бойынша сақтандырылған болсаңыз сіз қиындықтарды көрмей кетуіңіз мүмкін. Сақтандырушылар көлік сраптамасын өздері өткізеді.
Егер де сіз мәселенің екі жақты шешімін таба алмасаңыз, қаражатты қайтару сот талқылауы арқылы жүргізілетін болады. Сот өткізілген көлік сараптамасына әрдайым жүгіне бермейді және де ыңғайласпа көлік сараптамасын өткізуді дұрыс көреді. Бұл екі жақты да рұқсат етілмеген іс-әрекеттерден қауіпсіздендіру мақсатында жасалады.
Мамандандырылған аудандық және/немесе оларға теңестірілген әкімшілік соты
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама әкімшілік құқық бұзушылық жасау фактісі анықталғаннан кейін дереу жасалады.
Сараптама, маманның зерттеуі жүргізу талап етілетін жағдайда әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама сараптама және (немесе) маман қорытындысы алынған сәттен бастап екі тәулік ішінде жасалады.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасалған сәттен бастап үш тәулік ішінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарауға уәкілетті сотқа қарау үшін жіберіледі.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі істі қарауға құқығы бар сот, алған күннен бастап он бес тәулік ішінде қарайды. Тыңдау күні, уақыты және өткізу орны туралы сізге белгіленген тәртіппен хабардар етеді.
Сотқа келген кезде сізді өзіңізбен бірге мынадай құжаттар болуы қажет.
егер сіз жәбірленуші болсаңыз - жеке куәлік және психикалық белсенді затты пайдалану және мас болу фактісін анықтау үшін медициналық куәландыру қорытындысы.
егер сіз себепкер болсаңыз - жеке куәлік, уақытша жүргізуші куәлігі және қорытынды.
ЖКО жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілік
Көлiк құралдарын, жүктердi, жолдарды, жолдағы және басқа да құрылысжайлардың немесе өзге де мүлiктiң бүлінуіне алып келген, материалдық залал келтiрген көлiк құралдары жүргiзушiлерінiң жол жүрісі қағидаларын бұзуы 20 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға немесе алты айға дейінгі мерзiмге көлiк құралын басқару құқығынан айыруға әкеп соғады.
Жәбiрленушiнiң денсаулығына жеңiл зиян келтiруге әкеп соққан дәл сол әрекет 40 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға немесе тоғыз айға дейінгі мерзiмге көлiк құралын басқару құқығынан айыруға әкеп соғады.
Егер жоғарыда аталған әрекеттерді көлiк құралдарын басқару құқығы жоқ не басқару құқығынан айырылған адам жасаса 60 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
Жүргізушінің жол жүрісі қағидаларын бұза отырып, өзі қатысушысы болып табылатын жол-көлік оқиғасы болған жерден кетіп қалуы 50 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде айыппұл салуға не бір жыл мерзімге көлік құралдарын жүргізу құқығынан айыруға әкеп соғады.
Егер жоғарыда аталған әрекеттерді көлiк құралдарын басқару құқығы жоқ не басқару құқығынан айырылған адам жасаса 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не отыз тәулікке әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады.
Ескертпе. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 611-бабына сәйкес зардап шегушiге медициналық көмек көрсетуге байланысты жол-көлiк оқиғасы болған жерден кетiп қалған адам осы бап бойынша жауаптылықтан босатылады.
ЖКО жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілік
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiнің 345-бабына сәйкес көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы мынадай жауаптылыққа әкеп соғады:
1. Автомобильдi, троллейбусты, трамвайды не басқа да механикалық көлiк құралын басқаратын адамның жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын абайсызда адамның денсаулығына ауырлығы орташа зиян келтiруге әкеп соққан бұзуы белгілi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан екі жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып, үш жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екі жүз қырық сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не жетпіс бес тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
2. Абайсызда адамның денсаулығына ауыр зиян келтiруге әкеп соққан дәл сол іс-әрекет белгілi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып, екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, абайсызда адам өліміне әкеп соққан іс-әрекет белгілi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан бес жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып, бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Бірінші бөлiкте көзделген, абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан іс-әрекет белгілi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан жеті жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып, бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.