АҚПАРАТТЫҚ ХАБАРЛАМА Баспаға шығару нұсқасы
2026 жылғы 25 маусым2026 жылы техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарына құжат қабылдау мемлекеттік қызметі OQU білім беру платформасына (oqu.edu.kz) көшірілді. Платформада пайдаланушы өтініш беріп, білім беру ұйымын таңдай алады және өтініштің қаралу мәртебесін қадағалай алады.
Өтінішті eGov Mobile мобильді қосымшасының «Қызметтер» бөлімі немесе eGov.kz порталы арқылы беруге болады. Екі жағдайда да пайдаланушы алдымен eGov арқылы авторизациядан өтеді. Осыдан кейін өтініш беруші OQU платформасына автоматты түрде бағытталып, өтінімді рәсімдейді. Авторизация электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ), eGov QR немесе логин мен құпиясөз арқылы жүзеге асырылады.
Өтінішті беру үшін мынадай қадамдарды орындау қажет:
- eGov.kz порталында авторизациядан өтіңіз;
- «Білім» бөліміне өтіп, «Колледждер» бөлімінен «Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарына құжаттар қабылдау» қызметін таңдаңыз;
- дербес деректерді жинауға және өңдеуге келісім беріңіз. Осыдан кейін жүйе сізді oqu.edu.kz платформасына бағыттайды;
- өтініш беруші туралы мәліметтерді толтырыңыз (қосымша телефон нөмірі, өтініш берушінің санаты және т.б.);
- алған біліміңіз туралы мәліметтерді енгізіңіз;
- білім беру ұйымын, мамандықты және оқу тілін таңдаңыз;
- өтінімге қол қоюдың қолжетімді тәсілдерінің бірі арқылы қол қойыңыз.
Өтінім беру тәртібі көрсетілген бейненұсқаулық сілтеме бойынша қолжетімді: https://www.youtube.com.
Өтініш қабылдау 25 маусым күні сағат 09:00-де басталады. Құжат қабылдау мерзімі дайындық бағытына қарай белгіленген. Жұмысшы біліктіліктері бойынша құжаттар 27 тамызға дейін қабылданады. 9 және 11-сынып негізінде орта буын мамандықтарына құжат қабылдау 22 тамызға дейін, шығармашылық мамандықтарға 20 шілдеге дейін жалғасады. 9 және 11-сынып негізіндегі педагогикалық мамандықтарға, сондай-ақ техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім негізінде оқуға түсушілерден құжаттар 10 тамызға дейін қабылданады.
Медициналық мамандықтар бойынша қабылдау мерзімі білім деңгейіне байланысты белгіленген. 9-сынып негізінде түсетін талапкерлер үшін құжат қабылдау 10 тамызға дейін, 11-сынып және техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім негізінде түсетіндер үшін 15 тамызға дейін жүргізіледі. Кешкі оқу нысаны бойынша өтініштер 20 қыркүйекке дейін қабылданады.
Бұған дейін бірінші сыныпқа қабылдау қызметі де OQU платформасына көшірілген болатын. Жоба жоғары жүктеме кезінде жүйенің тұрақты жұмысын көрсетті. Алғашқы екі аптада 100 мыңға жуық өтініш қабылданды.
Колледждерге құжат қабылдау қызметін көшіру кезінде де осы сәулет пен іске қосу тәсілі қолданылды. Қызметтің технологиялық негізін Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-ның қатысуымен әзірленген QazTech платформасы қамтамасыз етеді. Соның нәтижесінде жаппай өтініш қабылдау кезеңінде сервистің тұрақты жұмысы қамтамасыз етілді.



