Адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензияның қолданысын тоқтата тұру тәртібі Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленеді.
Адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензияның қолданысы, Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жалпы негіздерден басқа, мынадай:
1) адвокат мемлекеттік қызметте болған;
2) ол Қазақстан Республикасының Парламенті депутатының, өз қызметін бюджет қаражаты есебінен ақы төленетін, тұрақты немесе жұмыстан босатылған негізде жүзеге асыратын мәслихат депутатының өкілеттіктерін атқарған;
3) адвокат мерзімді әскери қызметті өткерген;
4) адвокат өз қызметін адвокаттар алқасына берілген өзінің өтініші негізінде тоқтата тұрған кезеңде тоқтатыла тұрады.
Адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензияның қолданысы мынадай жағдайларда көрсетілген мерзімге:
1) адвокаттық қызметпен айналысу құқығына арналған лицензиядан айыру туралы іс бойынша іс жүргізу қозғалғанда – шешім қабылданғанға дейін;
2) адвокатты қылмыстық-процестік заңға сәйкес қылмыс жасауда айыпталушы деп танығанда – үкім заңды күшіне енгенге дейін;
3) біліктілікті арттырудан өту мерзімін күнтізбелік отыз күннен астам уақыт дәлелсіз себеппен бұзғанда не оны өтуден бас тартқанда – бұзушылық жойылғанға дейін, бірақ үш айдан аспайтын мерзімге;
4) адвокат мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету сапасының өлшемшарттарына сәйкес келмейтін, мемлекет кепілдік берген заң көмегін жүйелі түрде (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде үш және одан да көп рет) көрсеткенде – алты айға;
5) "Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген талаптарды жүйелі түрде (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде үш және одан да көп рет) бұзғанда – алты айға;
6) коммерциялық ұйымның байқаушы кеңесінің құрамына кіру, дауды шешу үшін тиісті төреліктің төрешісі болып сайлану немесе тағайындалу, сондай-ақ оқытушылық, ғылыми немесе өзге де шығармашылық қызметпен айналысу жағдайларын қоспағанда, адвокат кәсіптік қызметпен қатар кәсiпкерлiк немесе өзге де ақы төленетін қызметпен де айналысқанда – алты айға тоқтатыла тұрады.
Адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензияның қолданысын тоқтата тұру облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың аумақтық әділет органдарының ұсынуы, Республикалық және аумақтық адвокаттар алқаларының өтінішхаты негізінде лицензиардың шешімімен жүзеге асырылады.
Нотариус лицензиясының қолданысын тоқтата тұру аумақтық әдiлет органдарының, нотариаттық палаталардың, прокуратура органдарының ұсынулары негiзiнде Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнiң шешiмiмен жүргізіледі.
Нотариус лицензиясының қолданысы мынадай:
1) нотариаттық қызметпен айналысу құқығына арналған лицензиядан айыру жөнiнде талап қою іс жүргізуі қозғалған;
2) прокурор қылмыстық іс бойынша нотариусқа қатысты айыптау актісін жасаған;
Ескерту. 2) тармақшамен жаңа редакцияда – ҚР 27.12.2021 № 88-VII Заңымен (мынадай:
- ішкі істер органдарының, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің және экономикалық тергеу қызметінің тергеушілері тергеп-тексеретін, оның ішінде басқа да қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы істермен біріктірілген аса ауыр қылмыстар туралы істерге қатысты 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап;
- Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 3-бабының 29) тармағында көзделген, оның ішінде басқа да қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы істермен біріктірілген сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы істерге қатысты 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін;
- алдын ала тергеу нысанында аяқталған өзге де қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы істерге қатысты 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның сотқа дейінгі тергеп-тексерудің аяқталғаны туралы есепті жасауы, прокурордың айыптау актісін жасауы және прокурор айыптау актісін жасаған кезден бастап адамды айыпталушы деп тану бөлігінде).
2-1) прокурор айыптау хаттамасын, сотқа дейінгі жеделдетілген тергеп-тексеру хаттамасын, қылмыстық теріс қылық туралы хаттаманы бекіткен және қылмыстық істі қылмыстық заңның тиісті бабы (баптары) бойынша сотқа жіберу туралы шешім қабылданған, сотқа дейінгі тергеп-тексеру Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 617-бабының төртінші бөлігінде көзделген тәртіппен процестік келісім жасаумен аяқталған;
3) нотариус өзiнiң тегiн, атын, әкесiнiң атын (ол бар болған жағдайда) өзгерткенi туралы мәлiметтердi аумақтық әдiлет органына бiр ай iшiнде хабарламаған;
4) нотариус осы Заңға сәйкес өзiне айқындап берілген қызмет ету аумағын бұзған;
5) нотариус мемлекеттің, жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзуға алып келген, нотариаттық әрекеттер жасаған кезде Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзған;
6) нотариустың нотариаттық қызметті жүзеге асырудың басталғаны туралы хабарламасында көрсетілген мекенжайда нотариустың үй-жайы іс жүзінде болмаған;
7) нотариус осы Заңның 15-бабы
4-тармағының талаптарын сақтамаған;
8) осы Заңның 19 және 46-баптарында көзделген шектеулер сақталмаған;
9) егер нотариус нотариаттық қызметті жүзеге асырудың басталғаны туралы хабардар еткен күннен бастап үш ай өткен соң іс жүзінде нотариаттық қызметке кіріспеген;
10) нотариус осы Заңның 18-бабының 1-тармағы 11) тармақшасының талаптарын сақтамаған жағдайларда, алты айға дейінгі мерзімге тоқтатыла тұрады.
Нотариус лицензиясының қолданысы Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жалпы негіздерден басқа:
1) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, кәсiпкерлiк немесе ақы төленетін өзге қызметпен айналысқан;
2) мерзімді әскери қызметті өткерген;
3) нотариус өзінің тоқтата тұру мерзімі көрсетілген өтініші негізінде өкілеттіктерін орындамаған кезеңде тоқтатыла тұрады.
Нотариус лицензиясының күшiн тоқтата тұру тоқтатылған кезеңде нотариаттық iс-әрекеттер жасалуына тыйым салуға және нотариустың мөрiн аумақтық әдiлет органына тапсыруына әкеп соғады.