Қазақ әліпбиінің латын графикасына кезең-кезеңмен көшуі Баспаға шығару нұсқасы
Cоңғы өзгеріс: 02.09.2021Пайдалы сілтемелер:
2017 жылы ҚР Президенті "Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы" Жарлыққа қол қойды.
ҚР Премьер-Министрінің өкімімен қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі Ұлттық комиссия құрылды.
Қазақ тілі әліпбиінің латын графикасына кезең-кезеңмен көшуінің іс-шаралар жоспары 2025 жылға дейін әзірленді, орфографиялық, әдістемелік, терминологиялық, техникалық және ақпараттық сүйемелдеу жөніндегі 4 жұмыс тобы құрылды.
Латын графикасына негізделген қазақ әліпбиінің орфографиялық ережесі Тұжырымдамасы әзірленді. Тұжырымдаманың негізінде А. Байтұрсынов ат. тіл білімі институтының ғалымдары "Қазақ тілінің орфографиясының жаңа ережелері" жобасын әзірледі. Сондай-ақ, «Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамын құру мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы қаулысы шықты.
Латын графикасында алғаш рет шығарылған "Til-Qazyna" ақпараттық-танымдық газеті ұсынылған. Газеттің электрондық нұсқасы оқырмандар үшін "Tilalemi.kz", "Tilqazyna.kz" сайттар арқылы ұсынылады.
Ақпараттық кеңістікке жаңа әліпби енгізу мақсатында
2018 жылы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі бірқатар ақпараттық-технологиялық жобаларды іске асырды. Атап айтқанда, латын графикасына көшу барысы туралы ақпарат пен барлық деректер қамтылған «Qazlatyn.kz» ұлттық порталы құрылды. Ұлттық порталда барлық әзірленген ақпараттық инновациялық жобалар орналастырылған:
- қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін бейнеблоктар;
- "Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру бойынша көрнекі ақпарат өнімдері (билбордтар, лайтбокстер, баннерлер және т. б.);
- мемлекеттік тілді оқыту бойынша веб-сервис "Tilqural.kz",
- "Sozdikqor.kz" порталы құрылды.
2019 жылы Қазақ әліпбиін балаларға үйрету мақсатында 3 D форматтағы «IQdos» мультфильмі әзірленіп, «Селтең сері» анимациялық фильміне латын әліпбиінде титр жасалды, мемлекеттік тілде дубляждалды.
«Тіл-Қазына» орталығында жаңа әліпбидің орфографиялық ережелерін зерделеу бойынша оқыту сыныптары ашылды. Оқыту сыныптары курстар өткізу үшін қажетті жабдықтармен және техникамен жабдықталған. Аудиторияларда ғалымдармен, әдіскерлермен байланыс орнату, республика бойынша, сондай-ақ шетелде онлайн-семинарлар өткізу мүмкіндігі бар.
Қазақстан Республикасы Президент Әкімшілігінің тапсырмасына сәйкес, 2020 жылғы 4-5 наурызда еліміздің барлық өңірлерінде ЖОО-ның, колледждердің және мектептердің филолог ғалымдары, қазақ тілі пәнінің мұғалімдері мен әдіскерлері қатыстырылған республикалық ашық талқылау өткізіліп, оған 630 маман қатысты. Талқылаудың нысаны – Орфографиялық жұмыс тобы мүшелері дайындаған жетілдірілген әліпби жобасының құрамына С, W, X таңбаларын енгізу және и, і, ж, ң дыбыстарын таңбалау, ц, ч, дыбыстарына таңба арнау. Еліміздегі 9 өңір Орфографиялық жұмыс тобы мүшелері дайындаған жетілдірілген әліпби жобасын еш өзгеріссіз сол қалпында қалуды қолдады. 16 өңір С, W, X таңбаларын әліпбиге енгізбей, тек пернетақтада ғана сақтауды жақтаса, 15 өңір Ц және Ч дыбыстарын әліпбиге енгізуге қарсы болған.
Төтенше жағдай кезінде әліпбиді жетілдіру жұмыстары онлайн форматта жалғасты.
2020 жылғы 15 сәуірде Орфографиялық жұмыс тобы мүшелерінің және А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ғалымдарының қатысуымен онлайн отырыс ұйымдастырылды. Отырыстың күн тәртібінде /у / ı / і / таңбаларының дыбыстық мәні қарастырылды.
Жалпы әліпби түзу практикасы мен теориясына байланысты фонетика, орфография және түркі халықтарындағы әліпби жасау тәжірибелері бойынша 20 сәуір және 6 мамыр аралығында Орфографиялық жұмыс тобының ғалымдары онлайн 18 дәрістер жүргізді. Дәріске еліміздің барлық өңіріндегі аталған салалардың ғалымдары және өңірлік оқыту орталықтарының оқытушылары мен әдіскерлері қатысты. Бұл дәрістер Youtube каналдарда және Facеbook әлеуметтік желісінде онлайн режимде көрсетілді.
Президент тапсырма бергеннен бастап 3 медиа-план жасалып, әліпби түзу, оның принциптері және жекеленген таңбалар мәселелері бойынша 582 ғылыми мақала жарияланды.
Қазіргі таңда жетілдірілген әліпбидің жекелеген кейбір таңбаларына қатысты талқылау жұмыстары жүргізілуде.
Назарларыңызға латын графикасында негізделген қазақ тілінің жаңа әліпбиі ұсынылады.