2026 жылғы 13 ақпанда «Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат беру» және «Қандас мәртебесін беру немесе ұзарту» мемлекеттік көрсетілетін қызметтері бойынша пилоттық жобаны іске қосу және іске асыру туралы» бірлескен бұйрық (2026 жылғы 30 қаңтардағы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің № 41, Ішкі істер министрлігінің № 60 және Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің № 47 бірлескен бұйрығы) заңды күшіне енді (Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде жарияланған) қандас мәртебесін беру үшін тәртібін белгілейді.
Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген қандастарды қабылдайтын өңірлердің жергілікті атқарушы органдары берген Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға көшіп келушілердің іріктеуден өткені туралы хабарлама болған жағдайда этникалық қазақтар қандас мәртебесін алу үшін өтінішті Мемлекеттік корпорацияға бере алады.
Өтініш беруші мынадай құжаттарды беруге тиіс:
- өтініш;
- өмірбаян (еркін нысанда);
- өтініш берушінің және оның отбасы мүшелерінің (бар болса) жеке басын куәландыратын құжаттардың көшірмелері, нотариат куәландырған қазақ немесе орыс тіліндегі аудармасымен (туу туралы куәлік, шетелдік паспорт, азаматтығы жоқ адамның куәлігі немесе этникалық қазақтардың шыққан елдерінің арнайы органдарының басқа да ресми құжаттары);
- өтініш берушінің қандас мәртебесін беру Қағидалары 2-тармағының 18) тармақшасында көзделген шарттарға сәйкестігін белгілейтін құжаттардың көшірмелері (қазақ ұлтынан шыққан шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам).
- Қазақстан Республикасында тұрақты тұру үшін көшіп келушілердің критерийлік бағалаудан өткендігі туралы хабарлама.
Қандас мәртебесін беру Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген қоныстану өңірлерінің жергілікті атқарушы органдары жүзеге асырады.
Жергілікті атқарушы орган этникалық қазақтарға және олардың отбасы мүшелеріне қандас мәртебесін беру туралы шешімді өтініш жергілікті атқарушы органда тіркелген күннен бастап 30 жұмыс күні ішінде қабылдайды, қандас куәлігін береді не қандас мәртебесін беруден дәлелді түрде бас тартады.
Шешкеннен кейін жергілікті атқарушы орган қандас мәртебесін беру туралы шешім жібереді.
Алдын ала шешімде белгіленген мерзімде өтініш беруші келмеген жағдайда, қандас мәртебесін беру туралы мақұлдау шешімі күшін жояды.
Жергілікті атқарушы орган келесі негіздер бойынша қандас мәртебесін беруден бас тартады:
1) үміткерлер «Халықтың көші-қоны туралы» Қзақстан Республикасының Заңы 20-бабының 1) тармақшасында белгіленген шарттарды орындамаған;
2) мемлекеттік қызметке үміткер ұсынған құжаттардың және/немесе олардағы деректердің (ақпараттың) дәлсіздігін анықтау;
3) Қазақстан Республикасының аумағында кандас мәртебесін алуға және/немесе кандидаттарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізуге өтініш берген этникалық қазақтар жасаған құқық бұзушылықтар туралы айыптайтын ақпараттың немесе олардың террористік немесе экстремистік ұйымдарға қатысын көрсететін басқа ақпараттың болуы;
4) «Жеке деректер және оларды қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабына сәйкес көзделген этникалық қазақтың шектеулі жеке деректерге қол жеткізуге келісімінің болмауы;
5) аумақтық-әкімшілік бірлікте кандастарды қабылдауға өңірлік квота болмауы немесе этникалық қазақтың қоныс аударуға ұсынылған аумақтық-әкімшілік бірліктен бас тартуы.
Сондай-ақ, «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 19-1-бабында көзделген негіздер мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тартуға негіз болып табылады. Бейімделу және интеграциялық қызметтерін көрсету үшін қандастардың бейімделу және интеграция орталықтары құрылып жатыр.
Орталықта уақытша негізде тұру үшін қандастар, сондай-ақ олардың отбасы мүшелері тегін орналастырылады. Орталықта жедел қандастардың қоғамға бейімделуі мен интеграциясына бағытталған жағдай жасалуда. қандастардың бейімделу және интеграция орталықтарында қандастар мен олардың отбасы мүшелерінің тұру тәртібі мен мерзімдерін, сондай-ақ оларға бейімделу және интеграциялық қызметтерін көрсету тәртібін халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.
Қызметтік немесе жеке тұрғын үй болмаған жағдайда, қандастар қандастардың бейімделу және интеграция орталықтарында, уақытша орналастыру орталықтарында бір жылдан артық емес мерзімге уақытша тіркеле алады.
Қандас мәртебесі ҚР азаматтығын алғаннан кейін тоқтатылады.