
Көптеген шетелдік азаматтарға Қазақстан Республикасының шекарасынан өту үшін виза талап етеді, ал қазақстандық визаны алуда шетелдік консулдыққа ұсынылуы тиіс маңызды құжаттардың бірі – Қазақстан Республикасына келу үшін қазақстандық азаматтан немесе ұйымнан шақыру. Аталмыш мақалада біз шақыруды қалай рәсімдеу керектігін және қандай құжаттар талап етілетінін айтамыз.
Шетелдіктерге арналған шақыруды қазақстандық азамат ішкі істер органдарында немесе Сыртқы істер министрлігінде кімнің қандай мақсатта шақыратынына қарай рәсімдейді. Ресми мақсаттармен, жеке істермен немесе турист ретінде қазақстандық жеке тұлғалар немесе мемлекеттік емес ұйымдар тұрғылықты жері бойынша немесе ұйымның орналасу орны бойынша ішкі істер органдарына жүгінеді.
Шетелдіктерді шақыруды рәсімдеу үшін ішкі істер органдарына қандай құжаттар ұсыну қажет?
Шақыруды ресімдеу үшін шақырушы тарап тіркелген орны бойынша келесі құжаттарды ҚР Ішкі Істер Министрлігіне ұсынады:
1) Қазақстан Республикасына жеке сапар бойынша келуге шақыру ресімдеу үшін:
- жеке басты куәландыратын құжат (салыстыру үшін).
- осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша екі данада толтырылған кесте.
- мемлекеттік баждың төленгенін растайтын құжат (Мемлекеттік корпорацияға жүгінген және "электрондық үкіметтің" төлем шлюзі (бұдан әрі - ЭҮТШ) арқылы мемлекеттік баж төленген жағдайда осы құжатты ұсыну талап етілмейді).
2) Заңды тұлғаның немесе жеке кәсіпкердің қолдаухатын келісу үшін:
- 2 осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша екі данада толтырылған кесте.
- мемлекеттік баждың төленгенін растайтын құжат (Мемлекеттік корпорацияға жүгінген және ЭҮТШ арқылы мемлекеттік бажды төлеген кезде осы құжатты ұсыну талап етілмейді).
- өкілдің өкілеттігін растайтын құжат
3) Шақыруды ресімдеуге ағымдағы жылы алғашқы рет өтініш білдірген заңды тұлғалар немесе жеке кәсіпкерлер келесі құжаттарды ұсынады:
- заңды тұлғаны немесе дара кәсіпкерді мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің (анықтаманың) көшірмесі;
- қолданыстағы АХҚО құқығына сәйкес заңды тұлғаның тіркелгенін/аккредиттеуден өткенін растайтын сертификаттың көшірмесі;
- өкілдің өкілеттігін растайтын құжат;
- шетел туристерін шақыру туралы өтініш етіп жатқан шақырушы тарап – Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 13 маусымдағы "Қазақстан Республикасындағы туристік қызмет туралы" Заңына сәйкес облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары берген туристік операторлық қызметке лицензияның көшірмесі не туристік агенттердің Мемлекеттік тізілімінен үзінді көшірмесі;
- білім алу мақсатында виза алушыны шақыру туралы өтініш етіп жатқан шақырушы тарап - 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасының "Білім туралы" Заңына сәйкес білім беру саласындағы Қазақстан Республикасының уәкілетті органы берген білім беру қызметімен айналысуға лицензияның көшірмесі және (немесе) лицензияға қосымша;
- емделу, медициналық тексерілу немесе консультациялар үшін виза алушыны шақыру туралы өтініш етіп жатқан шақырушы тарап - Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шiлдедегi "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Кодексіне сәйкес денсаулық сақтау саласындағы Қазақстан Республикасының уәкілетті органы берген медициналық қызметпен айналысуға лицензияның көшірмесі.
Қазақстан Республикасына жеке істер бойынша келуге шақыру болжамды келу күніне бір жылдан ерте емес және бес күнен кешіктірілмей беріледі.
Қолдаухат немесе вербалды нота виза алушының Қазақстан Республикасына болжамды келу күніне күнтізбелік 90 күннен ерте емес және бес күнен кешіктірілмей беріледі.
Қазақстан Республикасы азаматтарының шетелдік туыстарын немесе таныстарын және шақырушы мекемелердің шақырту өтініштерін қарастыру мерзімі, өтініш білдірген күннен бастап 5 жұмыс күн ішінде қарастырылады.
Жеке істер бойынша шақырту өтінішін қарау дұрыс нәтиже берген жағдайда, талап білдірушілерге белгіленген түрде шақырту беріледі.
Шақырудың тұпнүсқасы Қазақстан Республикасының шетелдегі дипломатиялық немесе консулдық өкілдіктеріне кіру визасын ресімдеу үшін жолданады.
Сұратылған визаның санатына қарай қосымша ұсынылады
- инвесторлар үшін – Қазақстан Республикасының инвестициялар жөніндегі уәкілетті органының қолдаухаты;
- іскерлік сапарға арналған көп мәртелі визаны ресімдеу үшін – шарттың немесе келісімшарттың көшірмесі (этникалық қазақтар, бұрынғы отандастар, визаларды ресімдеу кезінде шақыруды міндетті түрде көрсетуден босатылатын экономикасы дамыған, саяси және көші-қоны тұрақты мемлекеттердің (бұдан әрі – мемлекеттер тізімі) азаматтарынан басқа);
- діни іс-шараларға қатысу немесе миссионерлік қызметті жүзеге асыру үшін – діни қызмет саласын жүзеге асыратын уәкілетті органдағы мекеменің жазбаша келісімі;
- Қазақстан Республикасының аумағындағы түзету мекемелерінде жазасын өтеп жатқан адамдарға бару үшін – ҚР ІІМ қылмыстық-атқару жүйесінің жазбаша келісімі;
- Қазақстан Республикасының азаматтарын асырап алу үшін – Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органының жазбаша келісімі;
- еңбек қызметін жүзеге асыру үшін, соның ішінде маусымдық шетелдік жұмыскерлер үшін – шақырушы тарапқа шетелдік жұмыс күшін тартуға берген анықтамасы, не шетелдікке берген жұмыс күшін тарту анықтамасы, не болмаса Қазақстан Республикасының заңнамасына немесе халықаралық шарттарға сәйкес виза алушыға мұндай рұқсат талап етілмейтіндігі туралы құжаттар;
- оқу практикасынан немесе тағылымдамадан өту үшін – Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органдарының немесе немесе "Астана Хаб" бағдарламалары бойынша оқудан өту үшін "Астана Хабтың" қолдаухаты;
- гуманитарлық уәждер бойынша – Қазақстан Республикасында аккредитациядан өткенін растайтын халықаралық ұйымның немесе оның өкілдігінің құжаты, немесе гуманитарлық көмек көрсету туралы Қазақстан Республикасында ратификацияланған халықаралық шарты бар болғанда, болу елінің заңнамасына сәйкес ресми түрде тіркелген шетелдік үкіметтік емес қоғамдық ұйымның (қор) құжаттары;
- білім алу үшін – Қазақстан Республикасының оқу мекемесінің немесе Қазақстан Республикасының білім беру мәселелері жөніндегі уәкілетті органының қолдаухаты;
- жақын туыстарын күтіп-бағу үшін – медициналық мекемелерде емделіп жатқан Қазақстан Республикасының азаматтары, немесе Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын виза алушылар үшін – Қазақстан Республикасында орналасқан медициналық мекеме берген тұрақты күтіп-бағу қажеттілігі туралы құжаттары, сондай-ақ туыстық дәрежесін растайтын құжаттар.
Шетелдіктің Қазақстан Республикасына келесі жағдайда келуіне тыйым салынады
- ұлттық қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіп пен халықтың денсаулығын қорғауды қамтамасыз ету мүддесі үшін;
- егер оның iс-әрекетi конституциялық құрылысты күштеп өзгертуге бағытталса;
- егер ол Қазақстан Республикасының егемендiгi мен тәуелсіздігіне қарсы шықса, оның аумағының бiрлiгi мен тұтастығын бұзуға шақырса;
- егер ол ұлтаралық, конфессияаралық және дiни араздықты қоздырса;
- егер бұл Қазақстан Республикасы азаматтарының және басқа да адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау үшiн қажет болса;егер ұлттық қауіпсіздік органдарында оның экстремизмге немесе террористік іс-әрекетке қатыстылығы туралы мәліметтер болса, сондай-ақ оның әрекеттерінде сот қауіпті түрде қайталанған қылмыс бар деп таныса;
- егер ол Қазақстан Республикасында алдыңғы болған кезеңде қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін өзіне қолданылған жазаны өтемеген болса;
- егер жеке табыс салығы бойынша декларацияны табыс ету Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайда, Қазақстан Республикасында алдыңғы болған кезеңде ол мұндай декларацияны табыс етпесе;
- егер ол, этникалық қазақтарды, Қазақстан Республикасында немесе Қазақ Кеңестiк Социалистiк Республикасында туған немесе бұрын оның азаматтығында болған адамдарды және олардың отбасы мүшелерiн қоспағанда, Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын тәртiппен Қазақстан Республикасында болу және одан кету үшiн қажеттi қаражатының бар екендiгi туралы растауды ұсынбаса;
- егер ол келу туралы өтiнiшхат жолдаған кезде өзi жөнiнде жалған мәлiметтер хабарлаған болса немесе қажеттi құжаттарды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген мерзiмде табыс етпесе;
- онда Қазақстан Республикасына келу үшін қарсы айғақтар болып табылатын аурулары болған кезде;
- егер ол бұрын "Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы" 1991 жылғы 20 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 21-бабы бірінші бөлігінің 8) тармақшасында көзделген негіздер бойынша Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтса;
- егер ол бұрын "Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы" 1991 жылғы 20 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 20-1-бабында көзделген негіздер бойынша Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылса.
Бұрын Қазақстан Республикасынан шығарып жiберiлген шетелдiктерге шығарып жiберу туралы шешiм шығарылған күннен бастап бес жыл бойы Қазақстан Республикасына келуге тыйым салынады.