Қазақстандағы медиаторлар Баспаға шығару нұсқасы
Cоңғы өзгеріс: 03.03.2026
Дауларды реттеу саласында адвокат, судья және прокурордан басқа медиатор термині бар. Аталмыш мақалада біз медиатор деген кім, кім медиатор бола алады, медиаторға деген талаптар қандай, медиатордың құқықтары мен міндеттері туралы айтатын боламыз.
Медиатор дегеніміз кім?
Медиатор – Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» Заңына талаптарына сәйкес кәсіби немесе қоғамдық негізде медиация жүргізу үшін тараптар тартатын тәуелсіз жеке тұлға.
Медиатор судьяны алмастырмайды. Ол жеке және заңды тұлғаларға дауларды шешудің анағұрлым үнемді баламалы тәсілін ұсынады. Медиатор – сот жүйесіне жатпайтын кәсіби делдал.
Тараптар медиаторға өз еркімен жүгінеді. Медиатор шешім шығармайды және дауда тараптарының бірінің тарабын қабылдамайды, керісінше келіссөздер процесін ұйымдастырып, қатысушылардың өзара келісімге келуіне жәрдемдеседі. Кәсіби медиатордың қызметі ақылы негізде көрсетіледі. Қызмет ақысының мөлшері тараптардың келісімімен айқындалады.
Медиатордың құқықтары мен міндеттері
1. Медиатор:
- медиация барысында бір мезгілде барлық тараптармен де, тараптардың әрқайсысымен жеке-жеке де кездесулер өткізуге және тараптардан медиация жүргізу үшін қажетті және жеткілікті көлемде даудың (жанжалдың) өзі туралы ақпарат алуға;
- құпиялылық қағидатын сақтай отырып, жұртшылықты өз қызметін жүзеге асыруы (саны, ұзақтығы, нәтижелілігі) туралы хабардар етуге;
- егер оның пікірінше, медиацияны жүргізу процесіндегі одан арғы күш-жігер тараптар арасындағы дауды (жанжалды) шешуге алып келмесе, оны жүргізуден бас тартуға не тараптардың жазбаша нысанда бекітілген келісуімен медиацияны тоқтатуға құқылы.
2. Медиатор:
- медиация жүргізу кезінде медиация тараптарының келісуімен ғана әрекет етуге;
- медиация басталғанға дейін медиация тараптарына оның мақсаттары мен қағидаттарын, оны жүргізу тәртібін, тараптар мен медиатордың құқықтары мен міндеттерін, дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісім жасасудың тәртібі мен құқықтық салдарын түсіндіруге;
- тараптарға талқыланатын мәселелер бойынша құжаттармен, мәліметтермен және хабарлармен дәйекті түрде алмасуда жәрдемдесуге;
- медиация тараптарын өзінің кәсіби тәжірибесі мен құзыреті туралы хабардар етуге;
- медиатордың жеке мүдделері мен оның медиация жүргізу кезіндегі міндеттері арасында бейтараптығына және тәуелсіздігіне әсер етуі мүмкін қайшылықтар болған жағдайда, сондай-ақ оның қатысуын болғызбайтын немесе оның медиацияға қатысуын тоқтатуды талап ететін басқа да мән-жайлар болған кезде медиацияны тоқтатуға;
- Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын қағидалар бойынша, медиаторларды даярлау бағдарламасы бойынша өзінің кәсіби деңгейін ұдайы арттырып отыруға міндетті.
Медиатор қандай да бір тарапқа заңдық, консультациялық немесе өзге де көмек көрсетуге құқылы емес.
Медиатордың Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген басқа да құқықтары мен міндеттері де бар, сондай-ақ жауапты болады.



